Ұлт тағдырын шешкен ұлы шайқастар
25.05.2015 3082
Тамыры екі мыңжылдықтан да терең, әлденеше ғасырлар бойы әскери өнері бабасынан баласына беріліп келе жатқан көне халық қазақтай ел кемде-кем

Ұлы халық осыған дейін бірнеше рет бодандық тепкісін көрсе-де, олардың бойынан табылатын батырлық, әскери машық, соғыс тактикасы мен стратегиясына деген ұқыптылық әлі қайран қалдырып келеді. Қазақтың ұлттық тарихында ел тағдырын шешкен ұлы шайқастарды шамамыз келгенше тізбелеп көрейік. 


Бұланты-Білеуті шайқасы 

«Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» қасіретінен кейін қазақтың еңсесін көтеріп, беделін көтерген ұлы соғыс – осы Бұланты-Білеуті шайқасы. 

Шайқас 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендерінің ортасындағы тақтайдай тегіс кең жазықта өтті, соғысқа екі жақтан 100 мыңдай сарбаз қатысты. Кең әрі терең ойластырылған әскери тактика мен стратегияны шебер жүзеге асыра білген қазақ қолы кеудесі басылмай тұрған жоңғарларға күйрете соққы берді, оларды тас-талқан етіп жеңді. Сөйтіп, бұл соғыс «Бұланты-Білеуті шайқасы» деп аталып, ұлт тарихына алтын әріптермен жазылды. Бұл шешуші шайқас туралы тарихтың білгірі, халықтың сүйікті жазушысы Мұхтар Мағауин былай деп жазады: «Әлбетте, қазақты қазақтан басқа ешкім-де сақтап қала алмайтын. Егер Бұланты мен, Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ Ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып құрып біткен, Ноғай Ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді. Сарыарқадан айырылған соң қазақтың барар жері, басар тауы қалмас еді. Хандық садаға, халқының өзі құрып кетер еді» (М. Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы, 1995 жыл). 


Аңырақай шайқасы 

Бұланты-Білеуті шайқасынан кейін әскердің еңсесі көтеріліп, саяси және әскери бірлікке қол жеткізген қазақ қолы 1728 жылы Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иеленбекші еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. 

Аңырақай шайқасында алғашқыда позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым еді. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әртүрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері-де болды. Қазақтар бұл кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. 

Қырық күннен астам болған бұл шайқаста қазақ қолы ірі жеңіске жеткен. 


Шаған және Шорға шайқастары 

1752–1754 жылдары қазақ әскерлері жоңғарларды Тарбағатай жотасының оңтүстігі мен солтүстігінен тықсыра қуып, Балқаш, Іле және Қаратал өзені бойындағы жоңғарларды ығыстырды. Оңтүстік жасақтың қолбасшысы Қабанбай батыр, Қаракөл, Нарын, Ұржар, Қатынсу, Алакөл, Барлықты жоңғарлардан босатып, солтүстік жасақ Бөгенбай батыр әскерімен кездесті. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақтағы шайқастан кейін, Зайсан, Марқакөл, Күршім жерлері азат етілді. 1750 жылы сексен күндік Шорға соғысында қазақ-қалмақтан он мыңдаған жауынгер қатысқан жан алысқан ұрыс болады. 

Шығыс өңірде болған екі ірі шайқас тарихта қалды. 1735 жылы Шаған шайқасында Қабанбай ақбоз атымен жау әскеріне баса-көктеп кіріп, жеңіспен оралғанда Абылай хан: «Батыр! Сен – менің қайтуды білмейтін алмас қылышымсың. Сен бүгін өзіңді өшпес даңққа бөледің. Бүгіннен бастап сенің атың бүкіл қазақтың жауға қарсы күресіндегі ұранына айналады. Саған енді – Дарабоз (теңдесі жоқ, бірінші) деген жаңа есім беремін», – дейді. 

Шорға шайқасының нәтижесінде Жоңғарға қараған Тарбағатай өңірін қазақтар иемденді.