«Бір-ақ өкінішім – сендерді көре алмағаным»
22.05.2015 2307
Порталымызға майдангер Дүйсен Әлжановтың ұрпақтарынан хат келіп түсті

Хаттардың дені аталарының соғыс кезіндегі ауылға, елге, туыс-туғанға деген ыстық сағынышы, анасына деген бала махаббатпен жазылған жыр жолдары, майдан даласынан хал-жай сұрасқан, амандық біліскен жазбалары екен. Хаттарды оқу барысында туған жерден алыста, алдағы өмірінен мүлдем хабарсыз солдаттың жан дүниесін түсінгендей боламыз. Әскер өмірі қатаң екені белгілі. Сондықтан болашақта сені не күтіп тұр, алда нені көресің – мұны тағдыр иесінің өзі де білер емес. Майдан даласы – өмір мен өлім алаңы. «Кебін киген өліп, кебенек киген келеді» деген қазақтың даналығы жүзеге асырылатын, тағдыры жазылатын жер. Хаттардың иесі туралы деректер сараң сөйлейді. «Дүйсен Әлжанов 1922 жылы Петропавл қаласында туған. Майдан даласына 1941 жылы аттанып, 397-атқыштар дивизиясының полк командирі қызметіне дейін көтеріледі. Майдангер 1945 жылы Германияның Померания жерінде қаза тауып, сол жақта жерленеді» деген аз-маз мәлімет бар екен. Тағы бір деректе оның майдан даласынан туған еліне 100-ден астам хат жазғаны айтылады. Сондықтан біздің мойындағы аманатымыз: жіберілген хаттардың бәрін болмаса да, сұрыптап, 7 хатын ұсынып отырмыз. Хаттағы солдат тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмай, санасына сәуле, біліміне нұр құйылса, біздегі мақсаттың орындалғаны. 

Анаға арнау

Апажан, амансыз ба, туған анам! 

Сағынып көп ойлайды сізді балаң. 

Мен жүрмін аман-есен, апажаным, 

Сағынып көп ойлаймын сізді ғана. 


Және де сәлем жаздым, Гүлсім бауырым, 

Қалайша ұмытайын, сені жаным. 

Көретін қызығыңды, еркініңді 

Апырм-ай, айырған әке-ағаңнан бір құдайым. 


Және де сәлем жаздым Пәузия, Еслям, 

Ес білмей қалғаныңды көп толғанамын. 

Қайтейін толғанғанмен, дәрменім жоқ. 

Осымен өтеді ғой дүние – боқ. 


Және де сәлем жаздым, елім-жұртым, 

Тілектес болшы маған менің халқым. 

Осымен қош, есен бол бәріңіз-де, 

Жазушы бұл өлеңді Дүйсен атым. 


Амандық хат 

Апа, Күлсім, Көләй, Фаузия, Еслям мен Дүйсеннен көптен-көп сағынышты сансыз сәлем. Қалай, аман-сау жүріп жатырсыз ба? Менен амандық білмек болсаңыз, аман-сау Калинин қаласынан 120 шақырым жерде жүріп жатырмын. Өзіммен үш қазақ баласы бар, Қызылжар маңынан, өзгесі орыс. Біздің жүрген жеріміз өте нашар, ағаш, болото. Әзір аманбыз. Тамағымыз тоқ бұл жақта. Ақшаға түк табылмайды. Сондықтан 500 сом қайтарамын почтамен. Ақша керек болса, айлық та жетеді, 200 сом. Әкеме хат салдым. Қош. Дүйсен. 

15|05–1942. 

Амандық хат 

Апа, Күлсім, Көләй, Фаузия, Есләм мен Дүйсеннен көптен-көп сәлем. Бізден амандық білмек болсаңыз, аман-сау Мәскеуге қарай кетіп барамыз. Осы хатты Шадрин станциясынан салдым. Үйдегі кісіге сәлем деңіз. Сәкенге, Нүрсипаға, Ризапқа көптен-көп сәлем. Біләл үйіне тегіс сәлем. Сәкендікіне сәлем. Осекең үйіне дұғай сәлем. Хамзанікіне дұғай сәлем. Ендігі хатты Свердловтан күтіңдер. Қош қош. Дүйсен. 

17/5–1942. 


 

Амандық хат 

Аса құрметті Апа! Мен балаң Дүйсеннен көптен көп сағынышты сансыз сәлем. Бауырларым: Күлсім, Көләй, Фаузия, Еслям, көптен-көп сағынышты сәлем. Сіздердің хаттарыңды алып бүгін өте жаман қуанып қалдым. Ал менен амандық білмек болсаңыздар, аман-сау орынша жүріп жатырмын. Тұрмыс қалым өте жақсы. Әзір хат салмай тұра тұрыңдар. Бар қуанышым –  апамның кәртішкесін анда-санда бір қарап қоямын. Мен 250 және 150 сом почта арқылы ақша салдым. Алдыңдар ма? Менің кәртішкемді сұрап едіңдер, кәртішке жоқ. Жуырда мүмкін қалаға барсам, сонда кәртішкемді салам. Әкемнен жуырда хат алдым. Аман, менің салған ақшамды алыпты. Бірақ, 100 сомнан артық бермейді дейді. 1150 сом салдым. Басқа не жазайын. Қош-қош. Балаңыз Дүйсен. Көршілерге көптен көп сәлем. 

3|1–1943. 

Амандық хат 

Аса қымбатты апа, Күлсім, Көләй, Фаузия, Есләм, мен Дүйсеннен көптен-көп сағынышты сансыз сәлем. Мен аман-сау фронтта жүріп жатырмын. Тыныштық жоқ. Әкелер, жолдастар өліп жатыр. Жаралғаны жараланып қатты… Білмеймін, заманның не боларын. Тірі қалу өте қиын. Осы хатты кішкене тыныштықты пайдаланып жазып отырмын. Мені ойлап жүрмеңдер. Ертең күндеріңді көріңдер. Мен бір Алланың жазғанын көрермін. Неміс қоршағанда шығатын тесік жоқ. Осылардың көзін жойсақ, мейрамға дейін, онда тірі қалдым деуге болады. Неміс жерінде ғана соғысамын. 500 сом ақша салдым. Қош, бауырларым. Алла амандықпен жаздым. Апа, мені ойлап қиналма. 

28/10–1944. 

Амандық хат 

Қымбатты апа, Күлсім, Көләй, Фаузия, Есләм мен Дүйсеннен көптен-көп сағынышты сансыз сәлем. Мен аман-сау жүріп жатырмын. Оқуды жақындатып қойдық, тамыздың 15-інде бітіреміз. Дамыл жоқ. Күндіз-түні оқу экзамен беріп жатырмыз. Маған шамасы августтың бесінен бастап хат салмай-ақ қойыңдар. Хаттарың текке болар. Жөнелтерде телеграмма беремін. Қазір оқу біткесін өзімгі жаққа жіберсе екен. Алматыға жазып ем. Хабар жоқ. Не болса да бір Алланың жазғаны болар. Менің жаным кімнің жанынан артық. Бір-ақ өкінішім – сендерді көре алмағаным. Бауырларымды жеткізе алмадым. Бәрі де жас қалды. Бәрінен бастысы, апашыма еш рахат көрсете алмадым. Өмірі қайғыда өтті. Қайтейін, бір Аллаға тапсырдым, бір Алла көмек берсін. Қош. Менен көп-көп сәлем көршілерге. Жазушы балаңыз Дүйсен. 

15/07. 

Амандық хат 

Аса қымбатты Апа, Күлсім, Көләй, Фаузия, Еслям, мен Дүйсеннен көптен-көп сәлем. Менен амандық білмек болсаңдар, аман-сау Архангель қаласында госпитальде жатырмын. Госпитальге түскен себебім, белімде осколок қалған. Сол осколок жүргізбей ауыртқасын, госпитальге түстім. Екі-үш күннің ішінде операция жасап алады. Мен мында шамасы 15-20 күндей жатармын. Хаттарыңды ескі адреске сала беріңдер. Сендердің салған хаттарыңды алдым. Мында әлі қар еріген жоқ. Тамақ қымбат бұл жерде. Киім өте арзан. Келгелі бір қазақ көргем жоқ... Әзір қош-қош. Менен сәлем көршілерге. Балаңыз Дүйсен. 

Амандық хат 

Аса қымбатты Апа, Күлсім, Көләй, Фаузия, Есләм, мен Дүйсеннен көптен-көп сағынышты сансыз сәлем. Менен амандық білмек болсаңыздар, аман-сау фронтқа қарай жол жүріп бара жатырмын. Осы хатты Ярославль қаласынан жазып отырмын. Тірі қалсам, тірі қаламын. Егер қаруда осы жақта болсам, амал не. Қайтейін, бір Аллаға тапсырдым. Мен екі дүниеде ризамын.