Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аспан әлемін болжаудың қазақтардың дәстүрлі алатын орны

29691

Шыныбеков Болат Шамкенович

Аспан әлемін болжаудың қазақтардың дәстүрлі алатын орны

  Мал шаруашылығы қазақтардың сүйікті кәсібі мен байлық көзі болды. Малын айдап үнемі көшіп жүру, қыстан аман алып шығу оңай іс емес еді.  Мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар төрт түлік мал, яғни түйе, сиыр, қой, жылқы өсірді. Мал жылдың төрт маусымында төрт қоныста жайылды. Бұларда жазда – жайлау, қыста – қыстау, көктемде – көктеу, күзде күзеу деп аталды. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан аймақтарда егін шаруашылығы мал шаруашылығымен ұштастырылды, қатар жүргізілді [1;183-184]. Қазақ этносының шаруашылық экономикалық өмір ерекшеліктерін баяндай келе Х.Кустанаев былай деп жазған: «Қырғыздардың тағдыры барлық мал бағушы халықтар сияқты тікелей малға байланысты болды. Мал тұратын үй, киім, тамақпен қамтамасыз етіп отырды, сонымен қатар сауда қатынастарының негізін құрады. Осыдан қырғыздың міндетті түрде мал жайын ойлауы заңды болды. Осы қажеттіліктен барып, қырғыздар жиі қоныс аударып, көшіп-қонуға мәжбүр болған» [2;147].

  Осы қағидалардың дұрыстығын дәлелдейтін тамаша мысалдар ертеден мал өсіруді кәсіп еткен қазақ халқының өмірінен мол табылады. Мал қамы үшін ғасырлар бойы халқымыз жұлдыздардың туып, батуын, қозғалысын қаяусыз бақылап «есептеп», пайымдағанын поэзиялық формада тұжырымдап, халықтық астрономия жасады.

  Малшылар қысы-жазы, күні-түні мал соңында жүріп, алдындағы малмен бірге аспанға да көзін сала жүрді. Шаруаның жайы үшін қазақ арасында көп жағдайларда жұлдыз бақылау керек болды. 

  Таңертегі және түнгі салқында көшіп-қону, сапар шегу көлікке де, айдаған малға да, адамға да жайлы. Кешкі салқында шөлде қой саулап жүріп отырады, ал күндізгі ыстықта ұйғылып жүрмей қояды.

  Сарыарқадай шексіз жазирада, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты шөлдерде малды жайлауға, сулы құдыққа қарай түнде өргізгенде малшылар Темірқазықты, Үркерді, Үшақар-Таразыны, Құсжолын белгілеп, адаспай жол табады [3].

  Тегінде түнде көшу тіпті Алатау ішінде де қазақтар үшін қиындық келтірмеген. Қыс болса қала шығу, жаз болса жәрмеңкелерге, қалаларға сататын малын айдап жеткізу сияқты түнгі жүрістер бұрын көп болған. Жер алыс болғандықтан, малды түн салқынында айдайды. Сонда жұлдыз белгілеп жүреді.

  Халықтың шаруашылық жағдайы осылай түнде көп жүруді керек етті. Түннің қаншасы өткенін, таңның қашан атуын білу үшін, жер тараптарын айыру үшін малшылар жұлдыз бақылады.

  Жайлауға, қыстауға көшу, күйек алу, мал төлдету, күзем алу, шөп шабу, егін салу сияқты маусымды жұмыстар жыл мезгілдерін білуді қажет етті. Осындай тығыз жұмыстарды дер кезінен қалдырмай істеу үшін жазбай жұлдыз бақылау шарт еді.

  Жұлдыздардың тууы, көтерілуі, төбеге келуі, еңкеюі, батуы қашан да болса аумастан жыл сайын ылғи жылдың бір белгілі мерзіміне тура келеді де отырады. Ендеше уақыт есебін жұлдыз бойынша жүргізу өте ыңғайлы екен[4].

   Табиғат құбылысын, оның құпия сырларын болжап білуде қазақ халқынан асқан ұлт жоқ. Мысалы, ертең күн қандай болмақ? Ашық бола ма, немесе жаңбыр, қар жауа ма – кез келген қазақ дәл болжай алады. Ал, мұның сыры неде? Мұның сыры – халқымыз сан ғасыр бойы көшпелі өмір сүрген, табиғатпен етене жақын болған. Барлық күн көрісі мал болған қазақ жыл он екі ай табиғат аясында тірлік кешкен. Олардың арасынан не бір керемет жұлдызшылар да шыққан. Мысалы, ертедегі жұлдызшылар аспан денесінің қозғалысы мен табиғат құбылыстарын бақылап қана қоймай, малға жайлы өріс пен құтты, қоныс таңдау сияқты маңызды істерді де атқарған. Күнді бақылаушылар алаулап атқан күнге, жаңа туған айға, жыпырлап шыққан жұлдыздарға қыста түскен қар мен күз-көктемнің жаңбырына және жер асты суларының қорын есептей келіп төрт түлікке жайлы өріс таңдаған. Олар жаз есебін күн мен түн теңелген наурыз айынан бастайды. Өйткені, Ай мен Үркерді тұспа-тұс келуін, Айдың Үркерді басып өтуін тоғыс деп атайды [5;3]. 

Ай мен Үркердің белгілі бір мерзімде тоғысып отыратын заңдылығы көшпелі қазаққа қолдағы сағат немесе қабырғадағы күнпарақ сияқты болды. Мұның өзі тек қана уақыт есебін білу үшін емес, кеңестік аясындағы табиғат құбылыстарының жай-жайсарын біліп отыру үшін де қажет еді.

  Қазақта «малшы малынан бұрын ауа райының қас-қабағын бағады» дейтін мәтел бар. Өйткені көшпелілер өмір кешкен қазақта жыл маусымдарының уақыт пен кеңістікке қатысты барша қасиет-құбылыстарын егжей-тегжей білмей тұрып ойдағыдай тіршілік құру мүмкін болмаған.

Пайдаланған әдепбиеттер:

1.  Аманжолов К.Р. Түркі халықтарының тарихы, 2-кітап. Алматы:Білім, 2002.-320 б.

2.  Қосанбаев С.К История становления и развития Казахстана (18-20в.в.) А:Дайк-Пресс, -2005, 270 с.

3.  Әбдірахман Ш. Ауыз әдебиеті және астрономия //Егемен Қазақстан 2003, 22-наурыз

4.  Серікбай Ж. Халық ауа райын қалай болжаған? //Президент және халық 2009, 5-маусым

5.  Жүністегі К. Қазақ күнтізбесі  //Егемен Қазақстан 2006, 22-наурыз 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?