Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кеңестік Қазақстаннан Тәуелсіз Қазақстанға

29528

Кеңестік Қазақстаннан Тәуелсіз Қазақстанға

Каппасова Г. М.

Әлеуметтану және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы

С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ.

Бүгінгі Егеменді Қазақстанды ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған өмірлерінде биік арман етіп өткізіп – ұрпағын бостандыққа шақырып, отансүйгіштікке тәрбиелеп, мыңдаған шайқастарға түсіп отырып, мұра етіп шаң-теңіз жер қалтырып кетті, оны ұрпақтан ұрпаққа тапсыруға аманат етті.

Кеңес үкіметі кезең-кезеңмен қазақ жерінде орнап, біртіндеп қазақ елі тәуелсіздігін, ұлттық тұтастығын жоғалта бастады. Әрбір құнды мекендеген жерлерде тұрғындардың 50 %-70% -ы өзге ұлттардың өкілдері болып шыға келді. Келімсектердің өркөкірек, басым психологиясы мен жергілікті қазақ дүниетанымдағы адамға деген кішіпейілдігі, қонақжайлығы, кешірімділігі бір тарихи уақыт пен кеңістікте кездесуге Кеңес үкіметі жағдай туғызды. Тарихи ақиқатқа үңілсек, қазақ елінің елдігі Қазан төңкерісінен кейін бірнеше сатымен жойыла бастады: «10 июля 1919 г. В. И. Ленин подписал декрет СНК РСФСР об образовании Революционного комитета по управлению Киргизским краем, на который до учредительного съезда советов Казахстана возлагалось высшее военно-гражданское управление. 30 апреля 1920 г. решением ЦК РКП(б) было создано Киргизское областное бюро. 26 августа ВЦИК и СНК РСФСР приняли декрет об образовании Киргизской АССР. 4-12 октября в Оренбурге состоялся Учредительный съезд советов Казахстана, провозгласивший образование Киргизской (первоначальное название Казахской республики) АССР в составе РСФСР» [1, 800 б.]. Осы мақалада әрі қарай былай деп жазылған: «Казахский народ впервые обрел свою национальную государственность» [1, 800 б.]. Бұл тарихи оқиғаға Н.Ә.Назарбаев «1 Дүние жүзі қазақтары құрылтайынын салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінде» (1992 ж.) мынадай баға берген: «... қазақ халқының 1917 жылдан бергі тарихын жоққа шығаруға да болмайды. Басқасын айтпағаннын өзінде, өткен ғасырда қайтадан үш тарапқа күштеп бөлініп, ұлттық, территориялық тұтастықтан айырылып қалған еліміз бен жеріміздің республика болып құрылуы, аумағы қалпына келтіріліп, шекарасының  ресми түрде бекітілуі Кеңес өкіметінің  алғашқы жылдарында жүзеге асқанын, мұның өзі бірден-бір негіз болып отырғанын қалай ескермей кете аламыз?!» [2, 1 б.]. Бірақ осы оң нәтижені қабылдасақ та, сыртқы материалдық негізімізді – жерді - нықтасақ та, осы тарихи кезеңнен «мемлекет» деген атауға ие бола тұра, өз елдігіміздің рухын жоғалуына қатер төнді деп айту – бүгінгі күні шындық. Оны да Президентіміз назардан тыс қалдырмай, былай деген: «Иә, кешегі насихат жетпіс жыл бойы Кеңес өкіметі қазаққа тек бақыт нұрын себелеп келді деп үйретті. Оның қаншалықты растығын тарихтың өзі дәлелдеп беріп отыр» [2, 1 б.].

Кеңес өкіметі кезінде қазақтардың жеке меншік шаруашылықтары жойылып, олардың жерлері жалпы қоғамдық шаруашылыққа айналып, социалистік (кейіннен – коммунистік) партия арқылы «ұлы» Ресейдің бақылауында болып отырды. Орталықта жасалған жоспармен барлық саясат дамып отырды. Барлық ұлттардың, соның ішінде қазақтардың да, КСРО құрамына кіріп, елдік, ұлттық болмысы көмескілене бастады. Кеңес қоғамы құндылықтары басым болып, ұлттық мүдделер ескерілмей, бұл мәселелерді көтерген тұлғаларға «ұлтшыл» деген айып тағылып, олар қуғынға ұшырап отырды. Қазақтың ойшыл тұлғаларының тағдырына пышақ салған өз еліміздің ішінен шыққан сатымсақ, шенқұмар ұсақ-түйек адамдар жоқ болды емес. Мұны айту – біз үшін болашақ алдында парыз деп санаймыз. Жеке басты ойлап, елді, елді алға сүйрейтін тұлғаларды ешқашан сатуға болмайды деген қағиданы әр қазақ ұстануы керек.

«Тіл – ұлттың жаны: тіл жоқ жерде халық жоқ» дегендей, нағыз ұлт құндылығы – тіл – қолданыстан шығарыла бастады, «ұлы халықтың» бір өкілінің қасында 10-20 қазақтың өз тілінде сөйлеуге құқықтары болмай қалды. КСРО заманында ұлттық тілде оқытатын орта, жоғары оқу орындар жылдан жылға қысқартылып отырды. Жоғары оқу орындарында қазақ тілінде мамандықтарға даярлау жағдайы жасалмай, қазақтар балаларының болашағын ойлап, орыс мектептеріне беруге мәжбүр болды. Сонымен, орысшалану саясаты мықты болып, қазіргі кездегі ата-аналар әлі де сол саясаттың құрбаны екені бәрімізге мәлім.

1941-1945 ж.ж. соғыстан кейін де, әр қазақтың қоғамдағы орны, қазақ елінің саясаты, экономикасы т.б. көптеген басты мәселелер «ұлы» халқысыз шешілмей, солардың қолында болды. Қазақ жерінде жүрсе де, келімсек орыстар мемлекеттік лауазымдарға ие болып, нағыз зиялы ел мүддесін қорғай алатын қазақтарға кадрлық (шендік) өсуге жол берілмеді. Осындай әділетсіздік жағдайларға қазақтардың қосылып, ауызбірлікте болып, өз ұлттық құқықтарын қорғауға мүмкіндігі болмады, Кеңестің «билік пирамидасы» жан-жақты кедергі («бесжылдықтар», капиталистік елдермен жарыс, партиялық бақылау т.с.с.) жасап отырды. Осының негізінде қазақ елі ұлттық мүддесін қорғауға мұршасы болмай, әрбіреуі жеке басының қамымен айналысып, партия – комсомол орындаушылары рөлін атқарып қалды. Ұлттық саяси ұран тастайтын тұлға қалмады. Қазақ елі және басқа ұлттар да, Кеңес үкіметі «машинасының» бір кішкене бөлшегіне айналды. Сонда да, қазақ елінің сана-сезімінде сыртқа шығарып айта алмайтын, бірақ көкірегін жаратын тәуелсіздікке, егемендікке жету идеясы туып дами бастады. Оның сыртқа шығуына түрткі болатын тарихи сәттің түсуі керек еді. Ол «қайта құру» кезеңі (1985) болды. Елдің ел болуы – өз перзентінің билік басында тұрғаны. Осы саяси қағиданы қазақтардың көкірегінде сақтағанын бүгін бәріміз мақтан тұтамыз, болашақта үлгі етеміз. «Қара бауыр қасқалдақтың» өз көлінен ұшырылғаны алдынғы қатардағы қазақ жастарының намысына қатты батты, жыраулардан өсиет болып қалған елдің ойы – «қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды» – Желтоқсан көтерілісінен (1986 ж) көрінісін тапты. Осы тарихи оқиға Кеңес дәуірі кезіндегі бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігіне деген жолдың бірінші қадамы болды.

Халықтың рухани сана, дүниетанымына ауадай қажет болып тұрған шоқтығы биік ұғымдар – қазақ халқының жазықсыз тәркіленген төл тарихы мен тарихи тұлғалардың әділ бағасы, олардың өз халқына көрсеткен қызметін еліне жеткізу, бүгінгі тіліміздің тағдыры – кешегісі мен бүгініне байланысты еді.

1991 жылдан бастап Қазақстан қазақ елі ғасырлар бойы ата-бабамыз, аңсаған, келешек ұрпағын сол мұратқа жетелеген егемендігін қолына алды. Егемендік, тәуелсіздік – саяси, әлеуметтік категория. Ол бір елдің ортақ мүддесін қорғайтын, оның ортақ мақсатын іске асыруға арналған объективтік шарт ретінде қабылданады.

Қазақ халқының ертеден арманына бөлеп, аялап алып келген қазыналы бірнеше асыл мұраты қай дәуір биігінен де жарқырап, жарығын шашып тұрады.

Егемендік елдің басты құндылығы – мемлекет болу, саяси билікке ие болу. Бүгінгі күнде нақты қазақ елінің қан-терін төгіп тәуелсіздік мұратына жеткендігі бәріне мәлім. Яғни, мемлекет – қазақ елінің мемлекеті.

Ел болу мәселесінің басты шартын академик Ғарифолла Есім былай деп белгілейді: «Тәуелсіздіктің басты ұғымы – Мемлекет. Себебі, тәуелсіздік дегеніміздің өзі этностың ұлттық мемлекет құру туралы қиялынан, арманынан, мақсатынан, мұрат биігінен туындайтын – дүниетаным» [3, 85 б.]. Тәуелсіздік – тарихи бір белес. Тәуелсіздік арқасында саяси және экономикалық жүйені түбегейлі өзгертіп, қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне қол жетті.

Қазақ елі мәңгі болу идеясы жер (территория) мәселесімен де тығыз байланысты. Елдің күші де, қуаты да, тәуелсіздікке әкелген алдыңғы факторлардың бірі де – жер. Бүгінгі күні басқа елдердің бізбен санасуға, бізді мықты мемлекет деп қабылдауында да қазақ жерінің саяси-экономикалық мәні зор.

Жер – әр мемлекеттің ұлттық алғышарты, сол себепті ата-бабаларымыз өздерінің барлық жан-тәнін салып, сыртқы жаулардан жерімізді қорғап, өз жандарын сол жолда аямады. Егемендігімізге көз салушы көрші елдер жоқ емес. Осы ащы шындықты аңғарамыз, оның ішінде Қытай мемлекеті халық саны жағынан дүние жүзінде көш бастап тұрған мемлекет, оларға әр адым жер қымбат. Осы жағынан жер саясатын мықты етіп мәңгіге анықтап алу – қазақ елінің басты мәселесі.

Ел болу ұлттық идеясы мемлекеттік статусы бар ұлттық тілдің барлық қоғам мүшелерінің қарым-қатынас аясында кеңінен орын алуын талап етеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызмет аясын кеңейту қазіргі күн тәртібіндегі маңызды іс. Қазақ тілі қоғамдағы барлық коммуникативтік салаларға қызмет етіп, оны қолданушы тілдік орта болған жағдайда ғана мемлекеттік тіл бола алады. Осындай ортада басқа халық өкілдері ешқандай күшсіз өздері де мемлекеттік тілді үйренуге бейімделеді.

Сонымен, қазақ тілі мәселесі қазақтың қолында. Екі қазақ бір-бірімен басқа тілде сөйлесіп тұрса, ол қазақ тілі мемлекеттік тіл болмасын деген ашты болса да шындықта кездесетін азаматтық сана-сезімі төмен адамның объективті ісі. Бұл туралы философ ғалымдар О.Нечипоренко мен Ә.Нысанбаев мынадай тұжырымдарға сүйенеді: «Геллнердің пікірінше, ұлттық мәдениеттердің соншалықты өткір сезіле бастауы көпұлтты мемлекеттерде тілі әкімшіліктің, мектептің, саясаттың тіліне айналған ұлттың өкілдері айқын басымдылыққа ие болуынан болып отыр. Ал кім тілдік айырмашылығы бойынша коммуникативті ортаға сіңіп кете алмаса, екінші сортты азаматтың төмендегі жағдайына түседі» [4, 285 б.]. ҚР Конституциясының І бөлімінде 7 бабында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілі мемлекеттік ұйымдарға және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қолданылуын, ал Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасалу керектігі бекітілген. Енді осы заң қазіргі уақытта толық орындалуда ма? Әрине, жоқ. Тіліміздің мәртебесіне көлеңке түсіріп жүргендер аз емес, оны біз (өкінішке орай!) бұқаралық ақпарат құралдарынан да, күнделікті өмірде де байқаймыз.

Қазақ тілі мәселесі Кеңес дәуірінде де көп зиялы қазақтарды ойландырған. Қазақ елім деп азаматтық сезімі ерте оянған, кеңес үкіметінің ұлттық сананы жоюға қарсы шыққан азаматтар қудаланып, оқуға да түсе алмай немесе шығартылып қалған ерлер аз емес. Орыс тілін білмей, өздерін қор, кем санаған жастар қаншама. Иә, ел болудың ең алғышарты – тіл екенін түсінетін уақыт жетті. Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде.

Мемлекеттің ұлттық белгісі – оның рәміздері. Елдің Ата Заңы мен рәміздерінің халық үшін мәні зор. «Туым – теңдігім, Елтаңбам – елдігім, Әнұраным – айбыным!» – демекші, Қазақстан Республиканың рәміздерінің мағынасына қазақ елінің тарихы, бүгіні мен болашағы енгізілген. Қазақстанда елдіктің қалыптасуы мемлекеттік рәміздермен ажырамас байланыста. Бұл егемен мемлекеттің даусыз дәлелі болып табылады. Және жасөсіпірім ұрпақты тәрбиелеудің маңызды сәттерінін бірі-Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Ол туған елді сүю мен құрметтеуге, демек, оның басты белгілері-мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтуға негізделеді. Сөйтіп, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бұл күндері елдегі жетекші ұлттық рухани мұрасын бейнелейді.

Тарихқа алтын әріппен жазылатын үлкен тарихи оқиға – Ел ордасының ауысуы. Астана – жаңа табыстардың бастауы болды. Елбасының бастамасымен еліміздің алтын қазығы, бесігі – Астана бой түзеді. Ел Ордасының Қазақстанның кіндігіне көшуі – саяси-әлеуметтік, экономикалық, маңызы аса зор, Елбасының көрегендігінің арқасында іске асырылған шара. Астананың тарихы мен бүгінгі жағдайы әлемдік өркениеттік бір көрінісі бола алады. Тарихына үңілсек, археолог ғалымдардың зерттеу барысында алынған нәтижесі мынадай: «Бозоқ қаласы қыпшақ хандарының әскери ордасы немесе тіпті резиденциясы болған тәрізді. ... Бозоқ қаласы болса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың шежіресі сонау көне дәуір тарихымен сабақтасатындығын айғақтайды. Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғастырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Астана бүгінгі Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпіріне айналды [5, 2 б.].

Көне далада қыпшақтар тек мал бағумен ғана емес, егіншілікпен де айналысқанын дәлелдейді. Бозоқ қаласының маңындағы көне суару құрылыстары соның айғағы. «Сөйтіп ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» [6, 77-78 б.]бұл Х-ХІІ ғасырлардағы бүгінгі елорданың сипаттамасы.

Бүгінгі Астана адам танымастай өзгерген. Күн санап көркейіп, рухани орталығымыз ретінде қарыштап өсіп келе жатқан Астана – елдігіміздің айқын көрінісі.

Астана қаласында «Қазақ елі» монументі көтерілді. Оның мазмұнын, маңыздылығын ғалым Қойшығара Салғараұлы жақсы сипаттаған: «Қаланың бас алаңының төріне орналасқан, төрт қыры төрт түрлі барельефпен айшықталған алып іргетасын шырқау көкке шаншыла тік көтерілген биік мұнараның ұшар басында қанатын жая қолдап, аспан әлеміне самғауға ұмтылған құс патшасы қыран қонақтаған бұл алып монумент қаланың қай тұсынан да асқақ та айбарлы көрінеді» [7, 2 б.].

Мұнараның басындағы алып қыран – ғасырлар бойы Күлтегін батыр, Ақтамберді жырау, Махамбет, желтоқсаншы жастар армандап ұмтылған Тәуелсіздігіміздің символы, Елдің еркіндігінің символы.

Қ.Салғараұлы түп атамыз Ер түрік алғаш жеке мемлекет құрғандағы айтқан сөздерін келтірген: «Бүгініңнің қамын жасай жүріп, ертеңіңді ойландар. Бүгінгі атқарған ісің ертеңіне қызмет етсін. Сонда елдің өмірі ұзарып, мәңгілікке кетеді деп ұрпағына өсиет қалдырған екен», – дейді [7, 2 б.].

«Мәңгі ел» – VI ғасырда шаңырақ көтерген Түрік қағанатының төл атауы екен «1995 жылы ешбір елде болмаған жаңа институт өз қызметін бастады, ол – Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» [8, 3 б.] - деп академик Ғарифолла Есім жазған.

Елбасы Н.Назарбаевтың авторлығымен Астанада егеменді қазақ елінің құндылығы Бәйтерек бой көтерді. « ... в столице Казахстана сооружено вознесшееся на 97 метров ввысь, завораживающее скульптурное строение, которое называется «Байтерек»... ... «Байтерек» призван играть интегративную функцию, и он ее действительно выполняет, что осознается при попытке раскрытия и трактовок его как символа» [9, 195 б.].

Ал Бәйтеректің мазмұнына келсек, ол Даланың көркем дәстүрлерін, байырғы Қазақстан мәдениетін және ағаш жемісі өмірдің өзі болып табылатын идеяны мегзейтін еді [6, 157-158 б.].

Егеменді Қазақстан халықтарының Ассамблеясынхалықтар бірлігі мен ынтымағының шынайы ұйтқысы деп саналады. Елбасы бұл ұйымның жұмыс аясын кеңейтуге зор мүмкіндіктер ұсынды. Ұлтаралық келісім мен бірлік, ынтымақ арқылы жарқын болашаққа нық қадам басуға болатынын Елбасы айтудан жалыққан емес. «Қазақстан халқы Ассамблеясы таза қазақстандық саяси жаңашылдықтың нәтижесінде қалыптасқан өзіндік бірегей институт. Ол этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді», - деп Президент баға берген [10,1 б.].

Сонымен қатар, Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайы ашылды. 77 метрлік пирамиданың мағынасын Нестеренко С. былай деп ашқан: «Особый смысл имеет сама форма здания. Этот образ, отметил Нурсултан Абишевич, для многих этносов имеет сокральной значение, отражающее человеческие представления о соприкосновении с высшими силами природы и духа, ассоциирующимся со стремлением к совершенству, гармонии души. В пирамиде заключено представление и о единении различных религий, этносов и культур. Она – основа диалога цивилизаций, инициированного нашей республикой .... Мы видим в этом сооружении символы возвышенного добра, взаимопонимания, чистоты наших устремлений, подчеркнул Глава государства» [11, 1 б.]. Біз әрине, бұл сөздерді қолдаймыз да келісеміз де. Әрине, Астананың ғимараттары әлі талай-талай бізді қуантады.

Сонымен, Қазақ елі осы тәуелсіздігінен айырылмай, тыныш өмірге бөленуі үшін әлем тыныштығы қажет. Қазақ жерінде тұрып жатқан этностардың мүдделерін ескеріп, бірақ өз Отанымызда Кеңес дәуіріндегідей теңдікте негізделмеген бағыныңқы жағдайға түсіп қалмай, елдер бірлігін қазақ елінің мәңгілік болуына әсер ететін күш екенін түсінуіміз керек. Қазақстан халықтары Ассамблеясының шешетін басты мәселесі – ел бірлігіне жетелеу. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматын тең құқықпен қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы мемлекет. Ондағы ең басты құндылық адамның өмірі, бостандығы, тәуелсіздігі мен құқығы. Сондықтан елімізді, жерімізді Отанымызды қадірлейік, Қазақстандықтар.

Әдебиеттер

1. Жуков Е. М. Советская историческая энциклопедия. М.: «Сов. энциклопедия», 1965 (Энциклопедии. Словари. Справочники) Т. 6 Индра-Каракас. Общ.кол.стр.1022 – С.800.

2. Назарбаев Н. Құшағымыз бауырларға айқара ашық. // Егемен Қазақстан 2 қазан 1992.

3. Ғарифолла Есім. Саяси философия. Ойлар, тұжырымдар. А.: «Ел-шежіре», 2006 – 256 б. – 85 б.

4. Нечипоренко О., Нысанбаев Ә. Жаһандану және әлемдік даму үрдістері. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Тәуелсіз Қазақстан философиясы. Жиырма томдық. Т. 20. Астана: Аударма, 2006. – 544 б. – 285 б.

5. ЖағыпарұлыЖ.К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинамен әңгімелесу // Егемен Қазақстан 16 маусым, 2012, 2 б.

6. Назарбаев Н. Еуразия жүрегінде. А.: Атамұра, 2005. 77-78 б.б.

7. Салғараұлы Қ. Қазақ елі // Егемен Қазақстан, 2009 ж. 20 қазан. 3 б.

8. Ғарифолла Есім. Ұлттық идея – ел санасы // Егемен Қазақстан , 24 қазан 2009 ж. 3 б.

9.Мукашев З. А. Архетипы человечности в казахских мифах и фольклоре. Адам бол! Что это значит? А.: 2006. – 292с. С.195.

10. Назарбаев Н. Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз // Егемен Қазақстан 27 қазан 2009.

11. Нестеренко С. Несущая мир Пирамида // Казахстанская правда 2 сентября 2006.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?