Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай аймағы қазақтарының ХХ ғасырдың басына дейінгі шаруашылықтық, өнеркәсіптік тұрғыдағы дамуының жекелеген тарихы В.Д.Коцовскийдің деректері негізінде

29261

Алтай өңіріндегі түсті металдар өндірудің негізі ХVІІІ ғасырдың 20-жылда­рынан бастау алғандығы белгілі. Ал, алтын іздестіру ісі осы мерзімнен қолға алынып, ХІХ ғасыр басына дейін алтын өндіру кең қарқын ала алмады. Алайда ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан алтын іздестіру мен оны өндіру Алтай өңірінің оңтүстік аймақ­тарына қарай жылжып, осы мерзімнен Семей облысының барша аудандарынан жеке кәсіпкерлер негіздеген алтын іздестіру орындары ашылып, жұмыс істей  бастады.

Қазақстанның шығысы, Алтай аймағынан  алтын іздестіру мен өндірудің барысы, оның көлемі, тарихы, бұл істі өркенде­ту­дің қажеттігі ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы көп­т­еген жазбаша шығармаларда айқындалды, оның маңызы сара­ланды. Осындай жазба деректердің қатарына тау инженері В.Д.Коцовскийдің “Отчет по статистико-экономическому и тех­ническому исследованию золотопромышленности Семипала­тин­ской и Семиреченской областей. Часть1-я., Районы  правых притоков р. Иртыша” [1] атты жазбасы жатады.

Аталған еңбекте тау инженері жоғарыдағы көрсетілген аймақтағы алтын іздестіру ісінің басталу кезеңдеріне талдау жасаған, ашылған кен орындарына сипаттама берген. Белгілі кезеңдегі өндірілген алтын көлемін айқындаған.

В.Д.Коцовский осы шығармасында алтын өндіру мәселе­сімен қатар қазақ халқының қалыптасу, ру, тайпаларға бірігіп, қоғам, мемлекет ретінде өркендеу тарихына талдау жасап, “қазақ” атауының біздің ұлтымызға берілуіне өзіндік зерттеу жүргізген. Оған тарихи қорытынды берген. Атап айтқанда, оның көрсетуінше: “Семей облысы орналасқан жер өткен мерзімдерде қуатты Жоңғар патшалығының бір бөлігі болған. Негізінен қалмақтар деген атаумен белгілі жоңғарлар мұнда ХІІІ ғасырда келіп, ХVІІ және ХVІІІ ғасырдың басында Жоңғар патшалығы өзінің ең өркендеген кезеңіне жетті. Аталған патшалықтың сол мерзімдегі иеліктері Арал теңізі және қазіргі Түркістанның батыс шекарасынан Қобдо өзенінің төменгі ағысы, одан ары Улапомға, Кэм және Кэмчик арқылы солтүстігінде Алтай мен Ертіске дейін жетті.

Жоңғарлардың батысы және солтүстік-батысында қыр­ғыз-қазақ ордасы мекен етті. “Қазақтар” деп аталған ордалар немесе халықтың пайда болуы және алғашқы қалыптасуы туралы мәсе­ле барынша түсініксіз. “Қазақтар” деген атаумен Орта Азиялық халықтарда ертеден-ақ күйсіз қашқындар ретінде танылып, өздерінің көшпелі өмір салттарына сай саяси одақтар­ға немесе халыққа бірігуі,  және де мұндай одаққа жеке адамдар ретінде емес, бүкіл рулары, кіші рулары немесе аз дегенде ауылдары­мен, отарларымен, үйлері және табындарымен қосыл­ған, соны­мен бірге әр халықтардан, атап айтқанда монғол, кав­каздық­тармен қосылып, Жоңғарияның батысы және солтүстік батысын мекен еткен  халықты атаған. 

Сібірдің оңтүстік-батыс бөлігін жаулап алған орыстар өздерін “қазақ” деп атаған осы халықпенқақтығысқа түсіп, оларға “қырғыз” деген есім берді, осы арқылы оған қазіргі күні “қара қырғыз” деп аталатын басқа халықтың атауы тағылды.

Қазақ Ордасының орыстар тарапынан басқа халықтың ата­уын алуын Левшин көрсетеді. Оның айқындап жазуынша: “көне немесе нақты қырғыздардың Сібір қалалары мен қоныс­тарына шабуылдары мен тонаулары олардың есімдерін барынша қорқы­нышты және жеккөрінішті етіп, орыстар қырғыздардан кейін Сібірдің оңтүстік облыстарына үнемі бүлікшілік әкелген жеке­ле­ген шабуылдар немесе көптеген шапқыншылықтар жасаған Қазақ Ордасына да осындай айқындама берді.

Келесі жағынаналғанда орыстардың аталған халықтың есімінің өзгеруіне Сібірді жаулаушылардың өздерін “казак” деп атаулары да себеп болды.

Қырғыз-қайсақтар қазіргі уақытқа дейін көшпенділер жә­не көпшілігі түркілерден тараған. Олар үлкен үш бөлікке немесе ордаға бөлінеді. Қырғыздардың өздері “жүз” деп атап, “Үлкен Орда”, “Ұлы жүз” (Үлкен жүздік) негізінен батыс далада, ал “Орта жүз” (Орта жүздік) Семей және Ақмола облыстарында көшіп жүреді.

Қырғыз-қайсақтар немесе қазақтар тарих сахнасына кейін, атап айтқанда кейбір шығыс тарихшыларының тұжырымдары бойынша ХҮ ғасырдың екінші жартысынан, ал орыс жазбалары мен жекелеген батыс жазушыларының, солардың ішінде Гербер­штейн және Дженкинсонның  дәлелдеуінше ХҮІ ғасырда пайда болған.

Қазақ немесе қырғыз-қайсақ халқының  қалыптасу кезеңін Вениаминов-Зернов ХV ғасырдың екінші жартысы, мөлшермен 1465 жылдан айқындайды. Бұл халық басқаларға риза болмай, өз елдерін тастай отыра Моғолстанның батысына қашып, осын­дағы әр түрлі жартылай тағы адамдардың қосындысын құраған. Аталған тайпалардың барлығының жиынтығынан бір бүтін тұр­ғындар қалыптасқаннан кейін бұл құрама халықты көршілері “қазақтар” деп атай бастады. Қазақтардың одағын хандар басқа­рып, олардың арасынан кейде елеулі тұрғыда айырықша қабі­леттілері пайда болды, атап айтқанда бұл халықты шеберлікпен басқарған Тәуекел, Тәуке, т.б. Әр түрлі халықтардан құралған Қырғыз-қайсақ ордасы үнемі тонаумен, өзара қақтығыспен,т.б. айналысып, қазіргі жауларына  мықты қарсылық көрсете алма­ды, сондықтан да қуатты көршілерінің ықпалына және билігіне түсіп отырды. Қырғыз-қайсақтар арасындағы бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтірген сұлтан Тәуке еді, алайда ол қайтыс болғаннан кейін Ордада тағы да бүлік басталып, оны көршілері, соның ішінде жоңғарлар пайдаланды”[1.1-2].

Зерттеуші ХVІІІ ғасырдың басынан орын алған қазақ-орыс қатынастарының мақсатына, барысына талдау берген.

“Қырғыз-қайсақ Ордасына,-деп жазады В.Д.Коцовский аталған тұрғыда- азиялық мемлекеттерге қақпа ретінде қараған император Ұлы Петр сол кездің өзінде-ақ қырғыз даласындағы жағдайларға назар аударып, аталған мерзімдегі Сібір губернато­ры князь Гагаринге Ордамен байланыс жасап қана қоймай күшейе түскен жоңғар шапқыншылығын тоқтату мақсатында оған көмектесуге бұйырық берді.

Императордың бұйырығын орындау барысында 1717 жы­лы қырғыз-қайсақ хандары Тәуке, Қайып және Әбілқайыр князь Гагаринге орыс патшасына бағынатындары туралы мәлімдеді, алайда келесі жылы Тәуке қайтыс болғаннан кейін бұл келісім­дер нәтижесіз күйінде қалды. Қайып, сонымен бірге Әбілхайыр да келісімнің жалғастырылуына мүдделі болмады, олар Тәуке қайтыс болғаннан кейін-ақ төніп келе жатқан қауіпті ойламай, өзара келісімге келе алмады, нәтижесінде олардың арасында өзара бітіспес күрес жүргізілді”[1.3].

Автор нақты мәліметтер негізінде Ресей империясының Қазақстанның шығысы, Алтай өңірін әскери мақсаттағы отарла­уының басталуына, мақсатына талдау жасаған. Оның жазуын­ша: “Жоңғарлар, сонымен бірге далалықтардың өзара жауласу­шы­лықтары орыс шекаралық тұрғындарын ХVІІ ғасырдан-ақ алаң­датты. Сол дәуірдегі орыс үкіметі мен Сібір әскери басшы­лары Батыс Сібірдің біздің отарлаған жерлеріміздің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге екпінді тұрғыда кірісуге мәжбүр болды. Біздің шекарамызды қырғыз-қайсақ даласы және Жоңғариядан қорғау мақсатында ХVІІ ғасырдың екінші жартысынан қорғаныс жүйелерін салу бастау алады: атап айтқанда 1663 жылы Царево-городище слободасы (1782 жылы Курган қаласы деп аталған), 1670 жылы Чернолуцкая слободасы (Оканың Ертіске құяр жерінен 50 шақырымға жуық төменгі ағысында) және осы жыл көлемінде Ишимнің (Есілдің,-Ғ.Қ.) сол жағалауында Коркина деревнясы пайда болды (ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінде Ишим қаласына айналды.), 1680 жылы Абацк острогы негіздел­ді (қазіргі Ишим округіндегі слобода). 

ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында жергілікті халық, со­ның ішінде қырғыздар тарапынан  тонаулар мен шабуылдар тоқ­тамады, орыстарды тұтқынға алу ол мерзімде қалыптасқан іске айналған болатын. Өздерінің бостандықтары, өмірлері және азық-түліктерін қорғай отыра Орал, Сібір казактары өз кезегінде көшпенділерден барынша кек алды, алайда бұл жағдай орыстар­дың даладағы биліктері әзірге әлсіз болғандықтан соңғылары­ның шабуыл жасауларын тоқтата алмады.

... Біздің шекарамыздың Ертіс өзенінің жоғары аңғарының бойымен оңтүстікке қарай жылжуына себеп жоңғар қаласы Ер­кетінің (Яркенд) маңайынан табылған аса мол құмды алтын ту­ралы хабар еді. Бірінші Сібір губернаторы князь Матвей Петро­вич Гагарин бұхаралық саудагерлерден аталған қалада алтынды құм бар екендігі және бұл қалаға жол Тарыдан Ертіс арқылы 2,5 айлық мерзімнен артық емес екендігін естіп, осы туралы 1713 жылы император Ұлы Петрді хабардар етті, сонымен қатар Яркенд құмды алтынының бір уысын жеткізіп, Яркенд қаласына Чернолуцкая қамалынан Ертіс өзені арқылы қамалдар жүйесін сала отыра экспедиция жіберуді ұсынды. Нәтижесінде импера­тор Петр 1 1714 жылдың 22 мамырында өз қолымен Ямышево көлі жағалауында қала салу және одан ары Еркеті қаласына дей­ін барып, оны иелену туралы бұйырық шығарды; патша соны­мен қатар экспедиция бастығына подполковник Бухгольцты тағайындады. 

... 1715 жылдың маусымында Бухгольц Тоболскіден бір бөлігі инженерлік, артиллериялық және тау ісін білетін швед офицерлерінен тұратын 3000 адамдық отряд, 32 жалпақ қайық және 27 қайықпен Ертістің жоғары ағысына қарай шықты. 

1 қазан күні Бухгольц Ямышево көліне жетті және де ар­тил­лерия поручигі Каландердің көмегімен көлге жақын Ертіс өзенінің жағалауында Ямышево қамалын салып, қыстап шық­қан­нан кейін келесі жылы сапарын жалғастырмақ болды. Алай­да бұл жоспар Бухгольцтің 1716 жылғы жоңғарлар қоршауында қалып, екі айлық қоршау кезінде жаппай аурудан әскердің төрт­тен үшінен айырылғандығынан, көктемде қамалды жойып, аман қалған 18 жалпақ қайықпен кері қайтуға мәжбүр болғандықтан орындалмады. Қайтар жолында Бухгольц Оми өзенінің жағала­уына тоқтап, оның сол жағалауында 1716 жылы Омбы қаласын негіздеді.

Осы жылы князь Гагариннің шешімімен Тобольскіден жі­бе­рілген полковник Матигоров келесі 1717 жылы Ямышеводан жоғары Ертіс бойында қамалдар салу мақсатында олардың біріншісі Железинск, ал екіншісі Колбасинск қамалын (қазір жоқ, бүгінгі Семейден 165 шақырым төмен орналасқан) салған бояр ұлы Павел Свиярский және дворян Василий Чередовтар­дың алға жылжуларына арналған қимылдарын қамтамасыз еткен Ямышево қамалын қалпына келтірді.

Колбасинск қамалын салған Чередов 1718 жылы қалмақ­тар арасында “Зардшинкип” деген атаумен белгілі болған қазіргі Будда-лама монастры орналасқан жеті кірпіш құрылысынан 16 шақырым төмен жерде Семипалатинск қамалына арналған жерді анықтады.

... Чередов Семей қамалын негіздеген кезде полковник Ступниннің басқаруымен Ертіс арқылы Тобольскіден жаңа экс­пе­диция аттандырылып, 1718 жылдың күзінде жаңадан негіз­дел­ген қамалға келіп, оны толық қаруландырды және барлық жағы­нан төрт бұрышты қорғанмен қоршады. Осы мерзімде қамалда Антония және Феодосия Печерский атындағы шіркеу салынды.

... Семипалатное қамалы негізделгеннен бастап  орыстар­дың  оңтүстікке қарай одан ары жылжуы  (Батыс СІбірді жаулау мақсатындағы,-Ғ.Қ.) Ұлы Петрдің 1719 жылдың 28 қаңтарын­да­ғы үш тапсырмасымен: Сібірдің бірінші губернаторы князь Га­га­ринның Сібірдегі асыра сілтеулерін тексеру; Бухгольцтің нә­тижесіз жорықтарының себептерін анықтау; Яркендте құмды ал­тынның  барлығын айқындау, егер де бар болса Нор-Зайсан көліне қамал салу туралы тапсырмамен генерал-майор Лихарев­ті жіберуінен бастау алды.

... Осы соңғы тапсырманы орындау үшін Лихарев 1720 жылдың 8 мамырында Ертіс арқылы 31 қайыққа отырған 440 адамдық отряд 13 зеңбірек және 6 мортирмен Тоболскіден шық­ты, Зайсан көліне жетіп, оның жағасын қарастырды, қамал са­лу­ға қолайлы жер таба алмай, Қара Ертіске қарай жылжып, жо­рықтың 12-күнінде орыс отряды 20 мың адамдық жоңғар әскер­леріне жолықты, екі күнгі өзара атыстан кейін таяз өзен арқылы одан ары жүзудің мүмкін еместігіне көзі жеткен Лихарев жаула­рының көсемі жоңғар ханы Галдан Церенмен келісім жасап, кері қайтты.

Өзінің осы кері қайтуында Ертіс өзенінің Алтай таулары жоталарынан шығып, оған Үлбі өзені құяр далаға жайылған жерінде 1720 жылы Лихарев Усть-Каменное қамалын негіздеді.

1732 жылы Орданың (қазақ жүздері,-Ғ.Қ.) орыс билігіне өтуі  бастау алып, сол мерзімнен бастап баяу болса да одан ары жалғастырылып келді. 1821 жылы соңғы қырғыз ханы Уәли қай­тыс болды, бұл жағдай пайдаланылып, оның ізбасары та­ғайындалмады және аталған дәреже жойылып, 1822 жылы Сібір қырғыздары туралы ереже  қабылданды” [1.3-4,5,6].

Тау инженері одан ары Алтай өлкесінен алтын өндіру мақсатындағы жұмыстың бастамасына сипаттама берген. “Қыр­ғыз-қайсақ ордасы ертеден-ақ өзінің табиғи байлықтарымен, - деп жазады зерттеуші,- белгілі болатын, алайда бұл байлықты зерттеу және оны пайдалану ол мерзімде даланы жыртқыш және жаугерші адамдардың мекендеуінен мүмкін болмады. Үлкен Бұхара, Хиуа, Ташкент, т.б. жерлерде болған жиһангерлер бұл даланы әр бағыттарымен қиып өтіп, олардың жазбалары негізі­нен алғанда аймақтың табиғат байлықтарынан мәлімет бермей, жеке сапар суреттеулерінен ғана тұрды.

1714 жылы Петр-1 патшаға Кіші Бұхара арқылы өтетін Аму­дария және тағы да басқа өзендерден құмды алтын табыл­ғандығы туралы хабар, сонымен қатар Тобольскіге аталған жер­лерден дворян Трушников алып шыққан 200 қытайлық лань, не­месе  орыстық 18,5 фунт мөлшеріндегі алтын жіберілді. Труш­ни­ковтың мәліметі бойынша бұл алтынды ол қытайлар және қалмақтардан әр ланын 7 рубльден сатып алған. Алтын іздеу мақсатында 1716 жылы Хиуа мен Бұхараға төтенше елші дәре­же­сіндегі князь Бекович жіберіліп, сонымен қатар оған Аму өзе­ні және ондағы алтын өндіру ісі туралы мәліметтер жинау тап­сы­рылды. Бековичтің тапсырманы орындауға мүмкіндігі болма­ды, себебі ол Хиуа ханының бұйырығымен өлтірілді. Осы мер­зімде Ұлы Петр Тобольскіден осындай тапсырмамен подполков­ник Бухгольцты жіберді, алайда соңғысы жоғарыда аталып кет­кендей, Ямышево қамалына ғана жетіп (Ертіске), осы жерде қор­шауға алынып, қайтадан қайтуға мәжбүр болды. Одан кейін 1717 жылы подполковник Ступнин және 1719 жылы генерал-майор Лихарев аттандырылды, алайда екеуі де жоғарыдағылар­дай мақсаттарына жете алмады.

1751 жылы бұл жерлерге аталған әңгімелердің шындығын анықтау мақсатында бергмейстер Генденрейх жіберілді, алайда оның сапарының қорытындысы белгісіз күйінде қалды. Колыва­но-Воскресенск зауыттарынан 1790 жылы алтын кен орын­дарын анықтау мақсатында қырғыз даласына жіберілген шебер Снеги­рев Тарбағатай тауларында болып, Шәуешектен 30 шақырым жердегі Қара үңгір өзені жағалауындағы қытайлық­тардың жұмысын көрді.

... Ледебурдың сапарымен бірге болған ботаник Мейер оларда алтын жуу іске асырылған Тарбағатайдың маңайындағы көптеген өзендерде алтын барлығы туралы естігендерін айтады. Қырғыз даласында саудамен айналысқан коммерциялық кеңес­ші Степан Поповтың аталған өлкенің байлығы туралы жетерлік мәліметтері болды және Тарбағатайдағы алтынның молдығы туралы тараған сөздер оған осы өңірде алтын іздеу жұмысын бастау туралы ой тудырды. Осы мақсаттағы алғашқы зерттеу 30 жылдардың (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) басында Ертіс өзенінің Семи­палатинск қаласының жоғары жағындағы Шар-Гудон өзе­нінің оған құяр жерінде жүргізілді. Осы жердегі табиғи алтын­ның әлсіз белгілері оны таң қалдырып, қырғыз даласының оң­түстік-шығыс жағындағы барлық өзендер мен бастаулар маңын­да зерттеу жұмысын қолға алды. Осы аталған шағын өзендер, бастаулардан алтынның іздері ғана табылды, олардың кейбіреу­лерінің үміт күттіргендігі сондай, дереу іздестіру жұмыстары басталды. Поповтың ұсынысы бойынша 1833 жылдың 13 қара­шасында оған қырғыз даласында кен орындарын және алтынды жерлерді іздеу, барлау және өндіру жұмыстарын жүргізуге жоғары тұрғыдағы рұқсат берілді.

Поповтың бірнеше сұранысы бойынша жұмыстары бас­тал­ған, атап айтқанда 1834 жылдың 11 шілдесіндегі Бердібай жә­не Сартыбұлақ өзендері бойындағы Бірінші Бердібаев іздес­тіру орны, 1835 жылдың 20 шілдесіндегі Женам өзені бой­ын­дағы Ивановск іздестіру орны, Ағанақ оты жағалауындағы Нижнеберезовск іздестіру орны, Субботинск аңғарындағы Субботинск іздестіру орны, Березовск аңғарындағы Березовск іздестіру орындарының негізделулерін осы мерзімнен есептеуге болады.

Поповтың табысы одан кейінгі қалған өзендер мен бас­тау­ларға ие болу мақсатында көпшіліктің қырғыз даласының атал­ған бөлігіне ағылуына жағдай жасады. Алайда Попов далада көп жұмыс істемеді. Оның барлық алтын өндіру қызметі 1833-1843 жылдардағы 10 жылға ғана созылып, аталған мерзімде 1125889 пұд құм жуылып, ... 12 пұд, 15 бөлікті алтын алынды” [1.6-7,8].

Коцовскийдің шығармасында өңір қазақтарының ХІХ ға­сырдың соңындағы шаруашылық түрлері көрсетілген. Оның: “Өскемен, Зайсан және Қарқаралы (cоңғысында Шу өзені бой­ында) уездеріндегі қырғыздар арасында жасанды суландыруға негізделген егіншілік негізгі орын алады. Қырғыздар арықтық жүйені біледі және сонымен бірге қауымдық- рулық кезеңінен бастама алатын қолдан суарылатын егістікті пайдаланады.

Облыстың барлық аймақтарында байқалатын құбылыс орыс тұрғындарымен қатар отыратын қырғыздар арасында егін­шілік кеңінен өркендеген.

... Тек лажсыздық жағдай ғана қырғызды ғасырлар бойы қалыптасқан бақташылық өмір салтын тастауға мәжбүр етеді.... Ол егіншінің ауыр тұрмысына жеккөрінушілікпен қарайды. (Алайда,-Ғ.Қ.) қырғыздардың соқаны игерулеріне жеңілдік жа­салғанда олар бұл іспен айналысуға (ынталылықпен кірісетіндігі анық,-Ғ.Қ.).

… Кен өндіру орындары аумағындағы екі егіншілікті ау­данды атай кетуге болады: біріншісі-Күршім өзенінің сол жаға­лауындағы соңғысының Ертіске құяр жерінде және екіншісі – Нарым өзенінің сол жағалауында. Осылармен қатар іздестіру орындары орталықтарындағы негізінен қырғыздардың жайы­лым­дықтары маңайына орналасқан соңғыларының егіншілікпен айналысатын шағын жер бөліктері де бар.

Күршім маңайы егіншілік ауданы Күршімнің оңтүстік жағынан Ертіс өзеніне құятын жердегі мөлшермен 30 шақырым­дық аңғар. 

... Егіншілік дамыған келесі аудан Нарын өзені аңғарында орналасқан. Егістік Нарын өзенінің сол жағалауындағы осы өзен және Нарын жоталары арасында ұзындығы 10-12 шақырымдық Нарын өзенінен қыратқа қарай көтеріліп отыратын жерді алад­ы” [1.18,19,20,21], - деген мәліметтерден егіншіліктің жергілікті қазақтар арасында едәуір тұрғыда берік орын алғандығын білу­ге болады.

“Дала өлкесінің тұрғындары орыстардан және де негізінен алғанда қырғыздардан тұрады. Біріншісіне Ертіс өзенінің барша оң жағалауын мекендеген Сібір казактары және де Еуропалық Ресейдің әр жерлерінен осында келіп, бірнеше қоныстар негіз­деген шаруа-қоныстанушылар жатады. Өлкенің байырғы тұр­ғын­дарын өздерін қазақтар деп атайтын қырғыздар құрайды” [1.22] - деген мағлұматтар өлкені ресейлік қоныстандыру сая­са­тынан анықтамалар береді.

“Қырғыз-қазақтар және қара қырғыздар да олардағы ең не­гізгі қасиетке айналған қайырымдылығымен, адамгершілік, қо­нақ­жайлылықтарымен ерекшеленеді; олар мейірман, көп сөз­ді­лікті және әсіресе басқа ұлттармен қатынастағы көп сөйлеу­шілікті ұнатпайды. Салмақтылық және әр іске маңыздылықпен қарауды ақылдылық пен өмір тәжірибесінің молдығына баға­лайды. ... Қырғыздар ақ көңіл, адал” [1.22], - деген Коцовскийдің тұжырымынан біздің халқымызға оның игілікті тұрғыдағы бер­ген бағасын білуге болады. 

Автор нақты деректер негізінде ХІХ ғасыр соңындағы ал­тын іздестіру орындары жұмыстарын талдап, ондағы жалда­малы жұмыстар атқарған жергілікті қазақтардың жағдайларын сара­лаған. Яғни: “Алтын іздестіру орындары ... бір үзім нан тауып, ауыр қыстан аман қалудың көзіне айналып, осы жерден күн-кө­рістерін тапқан қырғыздарға баға жетпес қызмет көрсетті. Қыр­ғыз тұрғындары орналасқан жерлерде әр түрлі тау-кен және өнеркәсіп орындарының салынуы оларға ерекше әсер етті. Бір­неше ондаған жылдар бұрын қырғыздар арасындағы ұлттық қасиет­теріне сәйкес емес деп есептеген қара жұмыс олардың күнделік­ті табыс түрлеріне айналып, оған қарсылық білдірмейді.

Әрине қырғыздардан жұмысшы ретінде әлі де болса үлкен істер күтуге болады, алайда барлығы бірден келмейді, ақыр со­ңында табиғатынан қабілетті олардың еңбекке деген қабілетін сөзсіз көрсететіндігі анық.

... Қырғыз даласындағы алтын іздестіру орындарындағы жұмысшылар толыққа жуық жергілікті болыстықтар қырғызда­рынан тұрады, салыстырмалы тұрғыдағы сандары аз қырғыздар кәсіптік шеберлікті қажет ететін жерлерде, атап айтқанда: ұсталық, ағаш шебері, балташы, ... т.б. жұмыстарды атқарады. Соңғы кезде қырғыздар арасынан да қолөнерді меңгеруге ұм­тылушылық байқалады, алайда олардың саны кен орындарында өте аз, ал кездесетін болса екінші қатарлы, атап айтқанда темір соғушы, т.б. жұмыстарды атқарады.

... Үшінші топтағы жұмысшылар кен қазушылар, тасу­шы­лар, кенді ұсатушылар, торф тасушыларға ... бөлінеді. Іздестіру орындарына жұмысшылар Алтай, Нарын және Күршім болыс­тық­тарынан жалданады. Олардың көпшілігі кен іздестіру орны қожайынымен жасалған шарт бойынша жұмыс істейді.

... Әрбір жұмысшы қырғыздың өзінің киіз үйі болуы ке­рек, себебі алтын іздестіру басқармасы жұмысшыларға тұрғын орындарын салуға арналған барлық міндеттен босатылған. Кен іздеу орны иесімен келісім жасай отыра жұмыс басталарда бүкіл жанұясымен, дүние-мүлкімен, малы, киіз үйімен келіп, соңғы­сын өзіне қолайлы жерге тігіп, жұмысқа кіріседі.

... Қырғыз даласындағы алтын іздеу орындарының сани­тарлық жағдайы ... алтын және платина іздестіру орындарын­да­ғы жұмысшылар жалдаудың  ережесін қабылдаған 1895 жылға дейін қанағаттанғысыз болды.Кен іздестіру орындарында ауру­ханалар  мүлдемге болмады, фельдшерлер  әр кен орындарында бар деп есептелгенімен олардың көпшілігі медицинадан хабар­лары өте нашар полктарда фельдшерлік қызмет атқарды деген мәліметтермен әскери іс мерзімдері аяқталған солдаттар болды.

Негізінен алғанда іздестіру орындарындағы жұмысшы­лар­дың 90% дейінгісін құрайтын қырғыз жұмысшылары орыс меди­цинасына сенімсіздікпен қарайды, әрқашан өздерінің халық емшілеріне барады” [1.23,43,44,45-46].

В.Д.Коцовскийдің жазбасында ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың  басындағы барша Алтай аймағында  ашылып, жұмыс істеген алтын кен орындарының орналасуларына, ондағы өндіріліп келген алтын көлеміне айқындамалар жасалған. Осы тұрғыдағы оның сипаттауынша: “Өскемен уезі:

Нарын өзені аңғарындағы кен іздестіру орындары:

Нарын өзенінен батысқа қарай Нарын жотасымен қа­тар­ласа отыра Ертіске оң жағынан келіп құятын жерлерге орна­ласқан. Оның сол жағалауы Нарын жоталарымен, ал оң жағынан Алтай жоталарымен жалғасатын кең аңғары ... елеулі тұрғыда құнарлы, сондықтан да оның  өн бойына Сібір қазақтары және Томск губерниясының шаруалары қоныстанған. 

Жері өнімді болғандықтан бүкіл бұл өңірлер толығымен орыстандырылған, байланыс жолдары қолайлы.

Алғашқы іздестіру орындары Нарын өзені арқылы жоғары жүре отыра Көктерек өзенінен басталады, ал одан кейін Балын, Нижняя, Средняя және Верхняя Теректі өзендері бойымен (жалғастырылған,-Ғ.Қ.).

... Нарын жүйесіндегі Көк терек өзені жағалауындағы алтын өндіру ісі 1898 жылдан бастау алады және осы мерзімнен Көк терек және Орта терек өзені аңғарындағы екі кен іздеу орны жұмыс істеуде.

Евдокиев алтын іздестіру орны Үлкен Нарын қонысынан 8-9 шақырым жердегі  Көк терек өзені бойына орналасқан. ... іздеу жұмыстары 1899 жылдан басталған, жұмыс толығымен ашық әдіспен жүргізіледі, кен іздестіру орны ашылғаннан бері ... 830000 пұд құм жуылып, 3 фунт,3 алтынды, 75 бөлік алтын алынды. Іздестіру орнында екі тұрғын үй ғана бар, оның өзі қызметкерлерге арналған, жұмысшы қырғыздар киіз үйлерде тұрады.

... Теректі өзендері бойындағы алтын іздестіру орындары 1895 жылы ашылған және  алғашқы негіздеуші 1896 жылы Орта теректі бойындағы Ахмедов кен іздестіру орнын ашып, 1898 жылы іздеу жұмысын бастаған Валитов болды.

Жұмыс басталғалы 8915 шаршы қадам алаң өңделіп, ... 1899 жылғы көрсеткіш бойынша алтынның орташа мөлшері әр 100 пұдтан 9 бөлік, ал 1900 жылы әр 100 пұдтан 6 бөлік немесе 1 шаршы қадамнан 60 бөлік алтын алынды.

Бұланды өзені аңғары

Бұланды өзені Жаман Қиынсу өзені бойы арқылы Күршім өзеніне құя отыра Күршім өзені аңғарындағы кен іздеу орнының батыс шекарасын құрайды.

... Мұндағы алтын өндіру ісін толығымен Касаткиндер жүргізіп келеді, атап айтқанда алдымен А.Касаткин бұл істі бастаса,  ол қайтыс болғаннан кейін  ізбасарлары жалғастырды.

Алтын 1890 жылы ашылып, өндіру 1893 жылдан бастау алады және осы мерзімнен Бұланды өзеніне  сол жағынан құятын  Ұтқұн қараның  бастауында негізделген Воскресенск кен іздеу орны үнемі жұмыс істеп келеді.

Воскресенск кен орны 1891 жылы белгілі болып, 1892 жылдан жұмыс істейді, жұмыс қолы жетіспеген 1899 жылды есептемегенде одан кейінгі мерзімде кен өндіру ісі жалғасты­рылуда.. Кен іздеу орнының көлемі  31 десятина.

(Осы мерзімде,-Ғ.Қ.) 12000000 пұд құм жуылып, 1900 жылдың 1 қыркүйегіне 3 пұд, 21 фунт, 80 алтынды, 12 бөлік алтын алынды.

Жаман Қиынсу өзені

Жаман Қиынсу өзені сол жағалау арқылы ... Күршім өзеніне құяды.

(Осы жерден,-Ғ.Қ.) алғашқы алтын іздеуші кәсіпкер Сте­па­нованың сенімді өкілі, Степанованың 1893 немесе 1894 жыл­дары Қыстау Күршім өзені аңғарындағы іздеу партиясы құра­мында алтын іздеумен айналысып, оны Жаман Қиынты өзені басынан тауып, Георгие–Владимирск алтын іздеу орнын негіз­деген, ал одан кейін өзі

алтын өндірушіге айналған Гинтовт болды. Кейін бұл жерлердегі іздеу жұмыстарын Брюханов, Гуд­ков, тағы да басқалары жүргізіп, соңында барлық іздеу орын­дары алтын өндіруші О.Ф.Поляковаға өтті.

Елейно-Винный іздеу орнының жұмысы 1895 жылдан бас­тау алып, 1897 жылдың 2 тамызынан Өскемен қаласы көпесінің әйелі А.А.Емелянцеваның мүддесіне сай ашылды, ал одан кейін 1990 жылдан өндірістік жолға қойған Поляковаға өтті. ... 1890 жылы 18 фунт, 82 алтынды, 3 бөлік алтын алынды. 

... Воскресенск  іздестіру орны Николаевск іздестіру орны­нан жоғары орналасқан, 1895 жылдан өтініш білдіріліп, 1898 жылдың 28 шілдесінен дворянин Л.Гунтовтың мүддесіне орай ашылды, кейін Полякованың иелігіне өтті. ... Орташа алтын құрамы 1899 жылы 100 пұд құмнан 11 бөлік, 1900 жылы 100 пұд құмнан 19 бөлік ... алтын алынды.

... Боғадай өзені ... Күршім өзенінің оң жағалауы ... Ал­тынның орташа көлемі 20 бөлік, алтынның сапасы - 93,3, алтын ұсақ, 55 золотников көлеміндегі тұтас алтын кездеседі.

Қыстау Күршім өзені

Қыстау Күршім өзені бойында Ертіс өзенінің оң жаға­ла­уын­дағы ең мол алтын іздестіру орындары орналасқан.. 

Қыстау Күршім өзені бойындағы алтынның ашылуы ал­ғаш­қы өтініш берілген 70 жылдардың (ХІХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) со­ңына жатады және 1880 жылдың 23 маусымында іздеу жұ­мыс­тары (осы істі алғашқы бастаған,-Ғ.Қ.) Семей мещаны Степановаға өтті. С.97

Миниатюрный алтын іздеу орны ... 10 десятина аңғарға орналасқан. Владимир-Георгиевский алтын іздеу орны көлемі 101 десятина. Соңғы үш жылда 3 пұд,24 фунт, 91 алтынды алтын алынды.

Владимир алтын іздестіру орны Қыстау Күршім өзенінің Ақ шоқы тау жоталарының неғұрлым жазық аңғарға шығар жеріне орналасқан. Кен іздеу орнының көлемі 111 десятина. ... Соңғы үш жылда 1 пұд 25 фунт35 алтынды  алтын алынды.

Александр алтын іздестіру орны Құрықты Құйған өзенінің Қыстау Күршім өзеніне құяр жеріндегі Владимир алтын іздеу орнының солтүстік жағына оорналасқан. 98 десятина жерді қам­ти­ды. ... Соңғы екі жылда 27 фунт 70 алтынды алтын алынды.

... Ильинск алтын іздеу орны Қыстау Күршім өзенінің тау­дан шығар жеріндегі Владимир алтын іздеу орнының солтүстігі және Вознесенск кен орнының оң жағалауына орналасқан. Соң­ғы 4 жылда ... 5 пұд, 35 фунт, 56 алтынды, 78 бөлік алтын алынды.

Вознесенск алтын іздестіру орны (Қыстау Күршімнің,-Ғ.Қ.) сол жағалауына келіп қосылатын Құрсай өзені жағасынан ашылған.

... Соңғы екі жылда 17 фунт, 8 алтынды алтын алынды. Алтын неғұрлым ірі.

Даулы алтын іздестіру орны қыстау Күршім өзені жағалауына орналасқан. 

... Мало-Владимирск алтын іздестіру орны Владимир іздес­тіру орнынан 5 шақырым жерде.

Алексеевск алтын іздестіру орны Қыстау Күршім өзені жағалауында. Курьезный алтын іздестіру орны Күлшілік  өзені жағалауында, 48 алтынды, 64 бөлікті алтын алынған.

Зайсан уезі

Қазан іздестіру орны Майқапшағай өзенінің оң жаға­лауында, 1886 жылы Москвинге берілген.

Қара ағаш  өзені

Владимир іздестіру орнына 1895 жылдың 25 қыркүйегінде Н.Г.Третьяков өтініш білдіріп, В.Н.Третяковтың қарамағына өтті.

1900 жылы (ондағы,-Ғ.Қ.) алтын құрамы 100 пұд құмда 24,9 бөлікті алтын, ... 1901 жылы орташа 25 бөліктен болды”. [1.61,62,64,67,68,70,71,75,76,78-79,100,102,112, 119,120]

Міне осындай нақты да бағалы деректерден ХІХ ғасыр­дың соңы –ХХ ғасырдың басы көлеміндегі Алтай өңірінен Ресей мемлекеті тарапынан жүргізілген алтын өндіру ісінің же­ке­леген тарихын, ондағы негізгі жұмыстарды атқарған жергілік­ті қазақ­тардың қанаушылыққаұшыраған теңсіз жағдайларын білуге болады.

Қорыта айтқанда, қазақ жерін отарлап, байлығын иелену, оны орыс шаруаларымен қоныстандырып, империяның ажыра­мас бөлігіне айналдыру ісінің барысын баяндаумен қатар хал­қымыздың қалыптасып, даму кезеңіне өзіндік талдау жасап, оған қызығушылық танытқан, ұлтымызға шыншылдық тұрғы­сын­да баға берген В.Д.Коцовскийдің сараланған шығармасын  Қазақстанның шығысы, Алтай өңірінің тарихын жасаудағы құнды еңбек деп есептеуге болады. 

Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Астана

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Отчет по статистико-экономическому и техническому  исследованию золотопромышленности Семипалатинской и Семи­реченской областей. Часть1-я., Районы правых притоков р. Иртыша В.Д.Коцовский, горный инженер.-Спб., 1904,С.122

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?