Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Даңқ орденін алған даңқтылар

2993
Даңқ орденін алған даңқтылар - e-history.kz
Даңқ ордені Жеңіс орденімен бір күнде өмірге келген және ол Ұлы Отан соғысының соңғы ордені болған

Даңқ орденін жасауға Сталиннің өзі бастамашы болып, орден Жеңіс орденімен бірге 1943 жылғы 8 қарашада бекітілген. Даңқ орденінің бұрынғы шығарылған ордендерден бірнеше ерекшеліктері болған. Орден үш дәрежелі болған.

Бұл орденмен бірде-бір әскери бөлім, кәсіпорын немесе ұйым марапатталмаған. Орденнің үш дәрежесін де алған кавалерлер шені жоғарылауына үміттене алатын, ал бұл ССРО-ның марапаттау жүйесіне қарама-қарсы болды. Сыртқы түріне келер болсақ, орден лентасының түсі революцияға дейінгі Ресейде қатардағы сарбаздарды марапаттаған ресейлік империялық Әулие Георгий орденіне ұқсас болды.

Советтік құрылыстың империализмге деген көзқарасын ескерсек, бұл жәйт түсініксіз боп көрінеді. Орден эскизін жасауға тоғыз суретші жұмысқа кіріседі, нәтижесінде орденнің 26 жобасы жасалады. Біршама пікірсайыстан кейін Сталиннің алдына төрт нұсқа ұсынылады.

Солардың ішінде көсем суретші Н.И.Москалевтің жұмысын жоғары бағалап, таңдап алады. Бастапқы жоба бойынша орден төрт дәрежелі және «Багратион ордені» деп аталуы керек болған. Алайда, орден дәрежелерінің максималды саны туралы қабылданған нормаларына сәйкес орден дәрежесі азайтылып, Сталиннің «Даңқсыз Жеңіс болмайды» деген сөзінен кейін аты да өзгереді.

Орден жарғысына сәйкес, ІІІ дәрежелі орден бригада командирлерінен бастап жоғары дәрежедегі құрамалар командирлеріне берілген, ІІ дәрежесі – армия қолбасшысынан бастап жоғары, ал І дәрежесі – тек ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімі бойынша ғана берілген. 1947 жылғы 26 ақпаннан бастап ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы орденнің кез-келген дәрежесін беру құқығына ие болған.

1943 жылғы 13 қарашада орденнің алғашқы марапаттауы өткен. Жау пулеметінің көзін жойған сапер аға сержант В.С. Малышев ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің тұңғыш иегері атанады. Бір айдан кейін, 1943 жылғы 13 қарашада, ІІ дәрежелі Даңқ орденімен қатардағы жауынгерлер С.И. Баранов пен А.Г. Власов марапатталады. І дәрежелі Даңқ ордені өз иесін тек 1944 жылдың шілдесінде ғана табады. Оны иеленгендер: аға сержант К.К. Шевченко мен ефрейтор М.Т. Питенин.

Даңқ ордені бес бұрышты жұлдыз пішіндес. Жұлдыздың ортасында Кремль мен Спасск мұнарасының суреті салынған шеңбер-медальон орналастырылғна. Бұл медальонның диаметрі 2,3-2,4 см. Медальонның төменгі бөлігінде «СЛАВА» сөзі жазылған қызыл эмаль лента.

І, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордені

Әр түрлі дәрежелі Даңқ ордені түрлі металдан жасалды және бәрінің салмағы әртүрлі болды. І дәрежелі орден 950-ші сынамалы алтыннан жасалған, салмағы 30,4 грамм, соның ішінде алтын үлесі 28,6 гр құрайды. ІІ дәрежелі орден күмістен жасалып, Кремль мен Спасск мұнарасы алтыннан жалатылған. Орден салмағы 22,2 гр, күмістің салмағы 20,3 гр. ІІІ дәрежелі орден алтынсыз толығымен күмістен жасалған. Оның да салмағы 22,2 гр, күмістің салмағы 20,5 гр. ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен 997815 адам, ІІ дәрежелі Даңқ орденімен 46473 адам, ал І дәрежелі орденмен 2620 адам марапатталған.

Ұлы Отан соғысы кезінде Даңқ орденінің толық кавалерлері атанған қазақ сарбаздары да баршылық. Артиллерист сержант Кәкім Әбдікәдіров, аға сержант Әлімбай Аманбаев, гвардия старшинасы Бейкүтбай Дембаев және гвардия старшинасы Байырбек Садықов осы орденмен марапатталған. І дәрежелі Даңқ орденін А. Аманбаев қарсыластың он шақты адамы мен үш пулеметін жойғаны үшін, Б. Дембаев – Берлин көшелеріндегі ұрыс кезінде жаудың тірек пункті орналасқан ғимаратты қиратқаны үшін, Б. Садықов – Шпрее өзенінен өту кезінде қарсыластың қарсы шабуылын тойтарғаны үшін алған.

Солдан оңға қарай: Кәкім Әбдікәдіров, Бейкүтбай Дембаев, Байырбек Садықов, Фазыл Әділбаев, Таир Тастандиев және Әмреш Дәрменов  

Пулеметші Фазыл Әділбаев, Таир Тастандиев пен Бақтыбай Шушаев, барлаушылар Әмреш Дәрменов, Шүкір Еркінов, Жақсыбек Үншібаев (Унчибаев), Темірғали Исабаев, сапер Сәрсенғали Ешбаев жәнекөптеген басқа қазақтардың да кеуделерінде осы орден жарқыраған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?