Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Олжабайдай бабасын Олжас неге ұмытты?

2394
Олжабайдай бабасын Олжас неге ұмытты? - e-history.kz
Әлемдік деңгейдегі қайраткер Олжас Сүлейменовтің өз бабасының атындағы ауылға, ата мүрдесі жатқан ескі қорымға назарының түспеуі қалай?

Қазақ жері жайындағы ойлар бүгінгі күнгі ұрпақтарын да бей-жай қалдырмауы тиіс. Осынау ұлан-ғайыр ұлы даланы көз қарашығындай сақтаған бабалар ерлігі – айтып тауысқысыз дастан. «Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» бұл өлкенің әр тасы мен шөбі, бір уыс топырағы үшін жанын қиған ерлер аз емес тарихта. Сол ұлы бабаларымызды біз – бейбіт заманның бүгінгі тұрғындары қалай құрметтеп жатырмыз, бұл тұрғыдан қарымта сый көрсету деңгейіміз қандай деген мәселе көлденең тартылады. Нақтырақ айтсақ, азаттық үшін, қарыс сүйем жер үшін атқа қонған Олжабайдай батыр бабасын жетінші ұрпағы атақты ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов неге ұмытты деген алаңдаулы көңіл осындай сауалдарды алдымызға еріктен тыс қойып отыр.

Олжабай батыр туралы тарихи аңыздар көп болғанымен, нақты жазба деректер аз. Жер атаулары (Олжабай асуы, «Олжабай сөресi», «Шүршiтқырған», қазіргі Олжабай ауылы...), ресми архив құжаттары, ғалымдар жазбалары (Н.Я. Коншин, Ф.А. Щербина, Н.С. Смирнова, Д.Примак), мұражайлық экспонаттар (Омбы музейiнде сақталулы Жаяу Мұса тапсырған Олжабайдың қылышы, белдiгi, дулығасы, шарайнасы), зерттеушiлердiң еңбектерi (Ә.Х. Марғұлан, Б. Адамбаев, М. Хақанов), қолжазба күйiнде жеткен халық ауыз әдебиетi нұсқалары бар.

Толыбай баласы Олжабай – Абылай хан заманының батыры. 1709 жылы дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болған. Абылайды жоңғар тұтқынынан құтқаруға атсалысқан Олжабай Түркістан медресесінде оқып, арабша, қалмақша жетік білген. Тарихи деректерде хан Абылай оны «Ер Олжабай, Қу жарғақ (атқан оқ Олжабайға тимегендіктен) деп атаса, Әбілммәмбет хан оған алтын сапты қылыш сыйлағаны жазылады. Олжабай Абылай ханның мемлекет билігін орталықтандырып, нығайту бағытындағы әрекеттеріне елеулі үлес қосқан. 1741 жылдың шамасында Баянауыл маңында жоңғар әскерлерімен болған шайқаста («Қалмаққырған») ерлікпен көзге түсті. 1758 жылы Манчжур-Қытай әскерінен ығысып, Абылай ордасын паналаған жоңғар тағының мұрагері Әмірсананы қуып келген қолды талқандауға қатысқан. Академик Ә. Марғұланның естеліктерінде Олжабайдың немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы Екатерина ІІ-ге хат жазғаны атап көрсетілген. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айтылады. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері жиі аталады. Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әйгілі ғалымдар академик Әлкей Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын Олжас Сүлейменов жетінші ұрпағы.

Негізгі әңгімеміздің өзегіне енді түстік. Мәжһүр Жүсіптің әңгімелеуі бойынша, бір аңызда Олжабай батыр ұрыстардың бірінде өлімші болып жараланып, жан тапсырар алдында қаумалаған сарбаздарына «Мені жетінші ұрпағымнан күтіңдер. Ол үлкен ақын, білгір ғалым болады» деген өсиет қалдырады. Ұзын Сүлеймен атанған Сүлеймен баласы Омар тұңғышын Олжар деп атайды, екіншісіне Олжас деп ат қояды. Жас Олжас өзінің ата-бабасы туралы «Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күйшілер, батырлар көп болған. Солардың бірі – Жаяу Мұса. Менің жетінші атам – атақты Олжабай батыр» деген ақиқат деректерді елге танылған шағында ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан мен белгілі жазушы, «Жаяу Мұса» атты романның авторы Зейтін Ақышевтан естіп біледі. Десе де, Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Әлкей Хақанұлының өзі болатын.

Өз ажалынан қайтыс болған Олжабай батырдың денесі жатқан жер – қазіргі Ерейментау ауданының Олжабай батыр ауылы. Ресейден қоныс аударған шаруалардың Благодатное ауылын, бір қызығы, жергілікті халық ауызша Олжабай батыр ауылы атап келген. Бұл ауылда бір заманда түгелдей дерлік немістер мекендеген. Жергілікті қазақтардың үлесі аз болды. Кейіннен шетелден қазақтар көшіп келе бастады. Қазіргі күні ауылда 300-ден астам отбасы тұрады. Мұның 100-ге жуығы Қытайдан, 40-қа жуығы Монғолиядан келіп қоныстанған қазақтар. Өзге ұлт өкілдері әлі де бар.

Ауылдан жарты шақырым қашықтағы зиратта батырдың басын көтеріп, кейінгі жылдары ауылдың Темірхан есімді агрономы зираттың маңайын қоршап, қаңылтырдан жазу жаздыртады. Зират ақ кірпіштен алты құлақты етіп тұрғызылған. Қара темірден алты бұрышынан күмбез шығарылып, оның басына ай орнатылыпты.

Бір жаманы, қыстың кезінде зират маңайы жалаңаш болғандықтан, жауған қар жиналып, басып қалады.

Олжабай батырдың жанында өзі өмір сүрген заманның белгілі-белгісіз 14 тұлғасы да жерленген. 1788-1837 жылдары ғұмыр кешкен Шорман би (Жұмабай), Олжастың арғы атасы Сүлеймен, тіпті Олжабай батырдың нағашысы үйсін Қаратай батырдың мүрдесі жатыр деген болжамдар бар. Қалай болғанда да бұл қасиетті жерде аяулы тұлғалардың денесі жатқаны анық. Ауылдың ескі қорымы тыңғылықты зерттеулерді күтіп жатыр.

Шорман би деп қалдық, бұл тұлғаның жатқан жері туралы 1984 жылы «Жұлдыз» журналына академик Әлкей Марғұлан көлемді мақала жазған. Бидің осында жатқанын қағазға қалдырған дерек осы. Ал «Ерейментау» тарихи-танымдық кітабының авторы Сайлау Байбосынның дерегі бойынша Шорман би Елтай ауылында жатыр. Бұл да тарихтың зерттелмеген тұсы. Алайда Әлкей Марғұланның дерегіне сүйенген Шорман би әулетіне жиен болып келетін София Кәмилақызы бабасын ардақтап, басына үлкен тас қойды. Ол кісінің мұндай қадамға баруын бізге тарихшы, шежіреші Мақсат Алпысбес мырза баяндап берген еді. София Кәмилақызы туыс-туғанның бір басқосуында Шорманның кіндігінен тарайтын ұрпақтарына «Аталарыңның басына неге тас қоймайсыңдар, сендерді күтіп жүр емес пе? Мен басқа атаның баласымын, сендерге жиеншармын» деп сөйлейді. Арада біраз күндер өткен соң, кездейсоқ түс көрген София ана түсінде сол заманға тап болғанын, дастархан басында отырған аруақты адамдардың ортасына түскенін, бір орын тауып отырайын десе, ана кісілердің «Сен біздің адам емессің, бөтен, жат пендесің» дегенінен оянып кетіпті. Бұл аян екен. Өткендегі жиында айтқан сөздері білместік болғанын түсінген ол баба басына тасты өзі қоюға бел шеше кірісіп, бұл істі соңына дейін тындырып шығады. Қазіргі күні Олжабай батыр зиратының дәл жанында Шорман биге орнатылған үлкен тас тұр, онда: «Бұл қорымда Қаржас ұрпағы Шорман (Жұмабай) би (1877-1837) жерленген. Белгі қоюшы Нұрмұхамед немересі София Кәмилақызы» жазылған.

Олжабай батыр ауылы Астанадан төтелей тартқанда небәрі 100 шақырым жерде. Ерейментаудан Еркіншілік станциясына дейін асфальт жол бар. Ал Еркіншілік пен Олжабай арасындағы 18 шақырым грейдер жолдың азабын сол бағыттағы жұрт жақсы біледі. Олжабай ауылы тұрғындарын жылда уайымдататын нәрсе – қыс бойы жауған қалың қар мен көктемгі қар суы. Жаздың жаңбырлы күндері де екі араға қатынау қиынға түседі. 2015 жылы ауылдағы біраз үйлерді су шайып кеткені жайлы ақпарат республикаға тарады. Үшінші жаңғыру қарсаңында өркениеттің орталығы саналатын Астанамыздың іргесіндегі ауылдың жай-күйі осындай болса, онда бұл біздің экономикалық дамуымыздың кепілі емес. Әлемдік деңгейдегі қайраткер Олжас Сүлейменовтің өз бабасының атындағы ауылға, ата мүрдесі жатқан ескі қорымға назарының түспеуі қалай? Былтырғы жылы елімізде дүркіретіп 80 жылдығын тойлаған ақын ағамызға ата жолын, аруақты қастерлеу жайлы ұғымдар жат па? Оның тәні де, жаны да қазақ деп жанында жүргендердің мұндай шетін мәселені қаперіне салмауына не түрткі?

Қалай болғанда да «Менің жетінші атам – Олжабай батыр» деп құр сөзбен қуырдақ қуыру Олжастай ерге жараспайды. Егер Әлкей Марғұланның ұрпақтарына дәл мұндай аста-төк байлық бұйырғанда Олжабайдың ауылын жайнатып қана қоймай, ғұлама Әлкейге арнап музей соғар ма еді! Ғалымның қызы Дәнел апайдың айта-айта шаршаған сөзі бұл. Ауылға 18 шақырым асфальт төсеп, ауылдан зиратқа дейін жолды жөндеп, батыр бабаға үлкен кесене салдыртса, қалған он төрт тұлғаның кім екенін анықтап зерттеп, тақтаға жазып қойса – осының бәріне жұмсалатын шығындарға Олжас Сүлейменовтің қазынасы ортайып қалмас. Керісінше «аруақ разы болмай, тірі байымайдының» кебімен ата алғысын алар еді.  «Батаменен ер көгерер» дегендей, көптің батасына қалар еді. Алаштан озып, әлемді таң қалдырған ақындығына мін жоқ, азаматтығы да сонымен қатар астассын деген ой біздікі.

Ескі қорым түгілі, бүкіл ауылды жарылқайын десе, қазақ тарихы ғана емес, арғы дәуірлерден – шумерлер мен арийлерден тартса да талмайтын Олжас Сүлейменовтің білімі де, жағдайы да, мүмкіндігі де жетерлік. Тек ізгі ниеттің оңғарылғаны керек.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?