Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ХІХ ғасырдағы Қазақстандағы діни миссионерлер

6069
ХІХ ғасырдағы Қазақстандағы діни миссионерлер  - e-history.kz
Діни ағымдар мен оларды таратушылардың бір ғана айқын мақсаты болды

Дін қашанда, қай ұлттың да ұлттық құндылығы, осы тұрғыда Қазақстанның Ресей империясы құрамына қосылғаннан кейінгі, негізгі қолға алынған, дін мәселесі болды, толығырақ тоқталсақ.

1797 жылы келешек миссионер кадрларды дайындауға айрықша мəн беріліп, Қазан діни академиясының ашылуы, арнайы түрдегі «Орыстандыру палатасы» мен «Переселенческая контора», 1869 жылы Мəскеуде «Миссионерлік қоғам» құрылды. Дәл осы жылы «консистория» өз мақсаттарына тез жету үшін мынадай қаулы қабылдады:

− Қазақтар үшін христиан дінінің миссияларын тарататын кітапшаларды тез арада көбейту;

− Епархия басшыларының христиан дінін таратуда баяу жұмыс жүргізіп отырғандығын, сон-дықтан, жұмысты жақсарту шараларын қарастыру;

− Осы жылы православие дінінің өкілдері тілмаштар арқылы қазақтармен 2-3 рет əңгімелесуден артық кездесудің болмағандығын соған орай, кездесудің санын көбейтудің шараларын қарастырудың қажеттілігі;

− Елдерді аралау үшін көлікпен қамтамасыз ету үшін облыстық губернияларға тапсырма беру;

− Христиан дінін қабылдауды алдымен ру басшыларынан, билерден бастау керек екендігі, содан кейін барып қалған қазақтар солардың артынан еретіндігі айтылады.

Отаршылдық саясат əртүрлі амалдармен жүзеге асырылды. Ашық күш көрсету, айдап-қамау сияқты дөрекі тəсілдермен қатар екіжүзділік, алдап-арбау да болды.

ХІХ ғасырдың соңынан бастап қазақ халқы жаппай отырықшылана бастады. Отырықшылыққа, қала мəдениетіне көшкен халық үлкен қоғамдық өзгерісті бастан кешіреді, оның əлеуметтік, мəдени, психологиялық сипаттары белгілі мөлшерде өзгеріп, ұлттық болмысына əсер етеді. Осындай бетбұрыс кезді пайдаланып, өкімет қазақ халқының тарихи дамуын орыстандыру арнасына бұрып жіберуге барынша ұмтылды. "Орыстандырудың ең басты, ең күшті құралы – мектеп болды. Іс жүзінде əр ауылдағы мешіт жанында мұсылман мектептері болғаны рас. Онда əліппе, əдебиет оқытылып, дұға жаттады, Құран мен басқа да діни шығармаларды үйренді. Діни оқу орындары мен орыс мектептеріне мемлекет тарапынан бар жағдай жасалынады. 1881 жылы қазақ даласынан мұсылмандарға қарсы «Киргизская духовная миссия» деп аталатын мекеме ашылып, осы мекеменің басқаруымен қазақ даласынан 1883 жылдан бастап 14 миссионерлік ұйым құрылып, осы ұйымдардың жанынан 17 миссионерлік мектептер ашылады. Мысалы, 1867 жылы Макаровскіден поселкаға арналған миссионерлік мектеп салынды. Миссионерлік мектептің тек қазақ балаларына арналған интернаты болды. Бұл мектепті салуға миссионерлік комитет 2022 сом қаржы бөлді. Мектептің қабырғалары ағашпен салынды да, ауласын адам көрінбейтіндей етіп кірпішпен қалады.

Бұл мектептің ауласын биік етіп кірпішпен қалауының себебі, ішіндегі қазақ балаларын сырттағы мұсылман дініндегі қазақтарға көрсетпеу еді. Осы мектептің миссионерлеріне, оқытушыларына үй салу жəне оларға жалақы ретінде 380 сом қаржы бөлу Торғай облыстық əскери губернаторына тапсырылған. Осы салада үлкен қызмет істеген орыстың аса ірі миссионер ғалымы, профессор Н.П. Остроумов өзінің «Историческое и современное значение христианского миссионерства среди мусульман» (Казань, 1894), «Способные ли кочевые народы Азии к усвоению христианской веры и христианской культуры» (Ташкент, 1895), «Колебание во взглядах на образование туземцев в Туркестанском крае» (Ташкент, 1910) сияқты еңбектерін миссионерлік идеяға арнап, оны жүзеге асырудың жолдарын көрсетеді. Ол бұдан басқа қырық шақты еңбек жазған. Осылай қазақтарды орыстандырудын барлық айла-тəсілдерін қолданды.

Əсіресе, қазақтардың арасында исламның терең тамыр жаймауын қадағалап, көршілес мұсылман халықтарының ықпалынан ажыратып, орыс мектептеріне баулу қажет еді. Осылай əр жерде оқу орындары ашыла бастады. Мұндай оқу орындарын əр жылдары М.Миропиев, Н.П.Остроумов т.б. сияқты миссионерлер басқаратын. Миссионер ғалымдардың негізгі міндеті – қазақ халқының менталитетін, салт-санаға байланысты заңдылықтырын, мəдени жəне рухани болмысын жан-жақты зерттей отырып, отарлау саясатына қажетті əдіс-тəсіл, іс-əрекетін анықтау болды. Миссионер ғалымдар халықтың осал тұстарын дөп басып, соны өз пайдаларына шешуге тырысты. Солай болды да, халық жаппай шоқынбаса да, ең маңызды тұлғаларын шырмап әкетті.

Дін өкілдері дала генерал-губернаторларына барлық мəн-жайды айтып, өздерінің қаулыларының көшір- мелерін жіберіп отырған. Сондықтан, Ресейдің патша өкіметі өз қызметкерлері арқылы бұл миссионерлік саясатпен үнемі айналысып, қатаң бақылауға алып отырды. 1893 жылы Тобыл епархиясының епископы «Краткий очерк миссионерства Тобольской епархий» деген очерк жазған. Бұл очерктің бір данасын осы жылдың 9-шы сəуірінде даланың генерал-губернаторы барон Таубеге салып жібереді. Барон Таубенің бұларға қайтарған жауабында: «бұл очерктің өте маңызды, христиан дінін уағыздайтын миссионерлер үшін құнды еңбек екені жəне алдағы уақытта мұндай очерктерді көптеп жазып, қазақ даласына көптеп тарату керек», – дейді.

Ресей империясының қазақ елін орыстандырып, жерін отарлаудағы ең сенімді күші — орыс шаруалары болды. Отарлау ең алдымен осы орыс шаруаларын көптеп қоныстандырудан басталды. Отарланған қазақ даласын идеологиялык жағынан жаулап алу үшін шоқындыру мен орыстандыру саясаты мемлекеттік дəрежеде жүргізілетін іске айналды. Даланың генерал-губернаторы Колпаковский 1887-1888 жылдарға берген есебінде: «орыстар қазақ даласына өздерінің тілдерін, əдет-ғұрпын жəне православие дінін ала келді. Мен мұны қазақтаға əсер етпейді деп айта алмаймын. Қазақтардың арасына орыстардың келуі, руларды территорияға ауыстыруда жəне ру басшыларын қайта сайлау – қазақтардың рухани болмысына, психологиясына, салт-санасына өзгерістер əкеледі. Бұл өзгерістер дала облыстарын басқарудағы 1897 жылғы «уақытша ереженің» əсері деп білемін – деп, сол ереженің қазақтарды орыстандыруға қызмет еткенін көрсетеді. Бұл келтірілген дәлелдемелер мен түйіндер жүргізілген саясаттың бір бөлігі ғана. 

Ресей империясы рухани санамызды барынша жаулап алуға тырысқанымен ХХ ғасырдың 90 жылдарының оқиғалары көрсеткендей қазақ халқы өзінің өміршеңдігін дəлелдеді. 

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?