Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ресей зерттеушілері Қазақстан туралы

10287
Ресей зерттеушілері Қазақстан туралы  - e-history.kz
Қазақ жерін отарлап, империяның құрамына енгізілуі нәтижесінде, Қазақстанның мәдени, рухани өмірінде өзгерістер болып, өлкені орыс және шетел ғалымдары зерттей бастады

Орыс зерттеушілерінен алғаш рет Батыс Қазақстан жеріндегі халықтың тұрмыс-тіршілігі, материалдық мәдениетімен, тарихымен танысқан князь А.Б.Черкасскийдің ірі экспедициясы.

Қазақстандағы ғылыми зерттеулер. Қазақстанның Ресей империясына құрамына кіруі оның мәдениетін ғылыми тұрғыдан зерттеу талабын тудырды. Осы ниет Далалық өлкені оқып-үйрену мен зерттеуге жол салды. Осындай мақсатпен қазақ еліне экспедициялар аттандырылды. Олардың мақсаттары мен міндеттері қарапайым ғылыми зерттеулер шегіннен асып кетіп жатты. Орыс зерттеушілері қазақ фольклоры, генеалогиялық (шежірелік) және этнографиялық материалдар негізінде біршама зерттеулерін жазды.

XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басынан бастап Ресейдiң және Батыс Еуропаның бiрқатар елдерiнiң ғалымдары Қазақстан аумағы мен халқын, оның тарихын, мәдениетiн, тұрмысы мен салтын зерттей бастады. Осы өлкенi алғашқы зерттеушiлердiң бiрi орыс картографы С.У. Ремезов болды, ол “Сiбiр халықтары және олардың шекаралары туралы сипаттама” деген еңбек жазып қалдырды.

А.Б. Черкасский ►

XVIII ғасырдың алғашқы ширегiнде Қазақстанда И.Д. Бухгольцтың, С. Лихаревтың, И. Унковскийдiң және басқа ғалымдардың экспедициясы жұмыс iстедi. Олар Ертiс өзенінiң алабын Зайсан көліне дейiн, Тарбағатай тауының және Жетiсу Алатауының сiлемдерiн зерттедi. А. Бекович-Черкасскийдiң ғылыми экспедициясы Арал теңізін және Каспий теңізінiң аумағын картаға түсiрдi, сондай-ақ қазақ халқы туралы кейбiр этнографиялық мәлiметтер жинады. Хиуа ханының шабуыл жасауы салдарынан Бекович-Черкасскийдiң экспедициясы құрамындағылар қаза тапса да, Ресей зерттеушiлерiнiң Орта Азия мен Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне бойлап енуге деген ұмтылысын тоқтата алған жоқ.

XVIII ғасырда Қазақстанды зерттеуде айрықша із қалдырған екі академиялық экспедиция (30-40 жж. және 60-70 жж.) ұйымдастырылды. Оған қатысушылардың ішінде 1759 жылы белгілі тарихшы Г. Миллер (1705-1783 жж.) «Сібір патшалығының тарихы» атты еңбегі жарық көрді. Онда Сібір мен Қазақстан халықтарының тарихы мен этнографиясының сипаттамасын берді. И. Фальк, академик П. Паллас (1741-1811 жж.) табиғат зерттеуші ғалым И.Г. Георги Қазақстан да дербес экспедиция ұйымдастырды. П. Паллас қазақтардың шаруашылығы туралы мынадай қорытынды жасайды: «Қазақтардың байлығы шынына келгенде мал шаруашылығынан тұрады, ал оларда жылқы мен қой айрықша көп. Оларда түйе әлдеқайда аз, ал сиыр одан да аз, себебі, оларды дағдылы жем-шөпсіз далада жақсы ұстау мүмкін емес». И.Фальк өз жазбаларында «... қазақтарда мал шаруашылығы кең таралған, шын мәнінде, бірден-бір дерлік кәсіпшілік. Оларда аса тамаша малдың табындары бар». Тағы да оның дерегі бойынша Орынбор қаласындағы айырбас айналымда қазақ малы елеулі орын алады.

Сонымен қатар ХVІІІ ғасырдағы кешенді зерттеулер М.В. Ломоносовтың есімімен байланысты. Ол Қазақстанның географиялық картасын жасаудың бастамашысы болды. П.И. Рычковтың қызметінің соңғы жылдары 1768-1774 жылдары жасалған әйгілі экспедицияның ұйымдастырылуымен сәйкес келді, бұл экспедициядан соң «академия бүкіл әлемге Ресейдің жаңа бөлігін ашты деп айта беруге болады» деген пікір қалыптасты. П.И. Рычковтың «Орынбор өлкесінің географиялық суреттемесі» атты еңбегі (Орынбор, 1887) қазақ жүздерінің көшіп-қону орналасулары, көш жолдары, сауда және жер иелену формалары туралы мәліметтер берумен құнды.

Қазақтардың шаруашылығы мен тұрмысы туралы көптеген мәліметтерді Ғылым академиясының 1768-1774 жылдары ұйымдастырған экспедициясына қатысқан ғалымдардың еңбектерінен табуға болады. Ол экспедицияның жетекшісі академик П. Паллас еді. Ол Қазақстанның батыс, солтүстік және солтүстік-батыс бөлігі (Орал, Гурьев, Троицк және Семипалатинск) жүріп өтті.

И. Георги неміс тілінде «Ресей мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тұрмыс салттарының, тұрғын жайларының, киімдерінің және басқа да есте қаларлық дүниелерінің суреттемесі» деген еңбекті дайындап жарыққа шығарды. Оның бұл кітабы орыс әдебиетіндегі Ресей халықтарының суреттеген жерлердің бәрінің басын біріктірген еңбек болды. И. Георги Орталық Азия мен Қазақстанды зерттеушілердің жекелеген еңбектерінде бытырап шашылып жүрген көптеген материалдардың басын біріктірді. И. Георги еңбегінің екінші бөлігі тұтастай түркі халықтарына, оның ішінде қазақтарға арналған. Автор өз кітабында суреттеп отырған халқының тұрмысына сыртқы келбеті жағынан да жақын болуын қалағанын атап өткен жөн. Кітаптың мұқабасында киіз үй және қазақтардың көшпелі өмірінің суреті берілген. ХVІІІ ғасырдың аяқ кезінде орыс офицері И.Г. Андреевтің «Қырғыз-қайсақтардың Орта жүзінің сипаттамасы» (1795) еңбегі жарық көрді. Сібір шекара шебінде ұзақ уақыт қызмет етіп, Орта жүз қазақтарының тарихы мен шекарасы туралы көптеген мәліметтер жазып қалдырған.

Экспедицияны басқа да қатысушылары секілді И. Фальк те өзінің этнографиялық бақылауларын Ғылым академиясы белгіленген ұйғарымына сәйкес жүргізді. Қазақтардың этнографиясы жөнінде оның жаздырғандары барынша толық және дәл болып саналады. И.П. Фальк орыстың тарихи – этнографиясы жөнінде ғылымға жаңа материалдарды беруді немесе басқа авторлардың толық емес және жалған мәліметтерін анықтауды саналы түрде өз алдына міндет етіп қойды.

Кіші жүз аймағының табиғи байлықтарын зерттеуде капитан Ресей Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі П.И. Рычковтың (1712-1777 жж.) «Қырғыз-қайсақ даласына жасаған саяхатының күнделікті жазбалары» деген атпен өз еңбегін жариялады. Өскемен бекінісінен шыққан генерал-майор А.Д.Скалон алғашқы орыс-қазақ сөздіктерінің бірінің авторы болды.

Көптеген сауда-саттық жасау және саяси мақсаттарды көздеп келген ағылшын және неміс зерттеушілері де болды. Олар: ағылшын теңіз қызметінің капитаны Джон Эльтон (1735 ж.), суретші Джон Кэстль (1736 ж.), саудагер Реональд Гок (1741-1742 жж.) т.б. болған. Бұлар да жергілікті халықтардың тұрмыс тіршілігі жөнінде құнды мағлұматтар қалдырды.

П.И.Рычков 

ХVІІІ ғасырдың соңында ІІ Екатерина тұсында зайырлы мектептер ашылды. Бұл мектептер империяның отаршыл аппараты үшін шенеуніктер, мұғалімдер, аудармашылар, дәрігерлер даярлады. Мектептер шекара шебіндегі бекіністерде ашылды. 1765 жылы Омбыда, Петропавлда және Жәмішевте Сібір шекара шебінің генералы Шпрингер ашты. Қазақтар балаларын шоқынып кетеді деген оймен мектепке беруге ынталы болмады. 1786 жылы Омбыда азиялықтарға арналған мектеп ашылды. 1789 жылы Орынбордағы айырбас сарайы жанынан үкіметтік мектеп ашылды. Сонымен қатар мұнда сауат ашу, арифметикамен қатар татар, түрік, араб пәндері қосылды. Кейін өлшем, топография сияқты пәндер оқытылды.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?