Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш идеясының «оян» мотиві және Байбатыр Ержанұлының шығармашылығы

1136
Алаш идеясының «оян» мотиві және Байбатыр Ержанұлының шығармашылығы - e-history.kz

Алаштану ғылымы ұлттық ғылым саласының ең бір өзекті тақырыбына айналып келеді. Бұл салада жыл сайын тың деректер табылып, ғылыми айналымға жаңа мәліметтер, архивтік материалдар қосылып, оның көкжиегі кеңейіп келеді. Қазақстан президенті Қ.К. Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында Алаш кезеңіне айрықша тоқталып, өткен ғасыр басындағы резонанстық құбылысты терең сезініп, олардың идеясын дәріптеуге жол ашуды ұсынды. 

ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдерінің ішінде ғұмырбаяны толық анықталмаған, шығармашылығы жайлы да іргелі зерттеулер жүргізілмеген тұлғаларды анықтау, олардың саяси қуғын-сүргінге ұшырау себептерін талдау – маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. 

Өткен ғасыр басындағы ояну дәуірінің идеясын жақтаған, сол бір оқыған, білімі озық, тәжірибесі кемел, ұлт үшін «жүрек майын шам қылған» (Сұлтанмахмұт) Алаш қайраткерлерінің арасында ақын әрі журналист, дарынды драматург, білікті мұғалім Байбатыр Ержанұлы да бар еді. 

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихында оның туған-өлген жылдары анықталып, бір ізге түспеген, қызмет еткен кезеңдері мен болған қала, өңірлері жайында біршама тың деректерді қолымызға түсірдік. Кейбір мәліметтердің қателігін түзетіп, архив құжаттары мен туған немересінің ұсынған ақпараттары негізінде Байбатыр Ержанұлының 1897 жылы Қарағанды облысында емес, 1892 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туғанын, Семейдегі геологиялық барлау техникумында дайындық курсының меңгерушісі қызметін атқарған 1935 жылдары облыстық әскери комитеттің пәрменімен ұсталып, айлар бойы тергеу жүргізілгені анықталып отыр.

Ақынның жеке өміріне, отбасына, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасына байланысты архив материалдары және қолжазбалар, естеліктер де жинақталып, алғаш рет толықтырып жұртшылық назарына ұсынуды жөн көреміз. 

«Қазағым, халың жаздым бұ кітапқа,

Алыңыз оқуменен ілтипатқа.

Жер кетіп, халің нашар болып қалды

Аярып, мәз болмаңыз құр атаққа» деп жырлаған ақын, журналист, педагог, қайраткер Байбатыр Ержанұлы 1892 жылы сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Тау-Ағаш өңірінде дүниеге келген. Оның туған жылын біз балаларының туу туралы куәліктеріндегі деректер арқылы біле алдық. Алайда ол «Тұтқын анкетасында» туған жерін Қарағанды облысының №4 ауылы, кедей-шаруа отбасында туған деп көрсетеді. 

Байбатырдың арғы тегі Арғын руынан тарайды, өз атасы Құлақбайдың үш ұлы болған, олар: Исмайыл, Ержан және Ербатыр. Бізге жеткен естеліктерге сүйенсек, ақынның аталары жай адамдар емес еді, Исмайыл ерге жаны ашыған, халық қамын ойлаған кең пейілді кісі болыпты. Байбатыр Исмайылдан туғанымен, Ержанның асырап жеткізгені ұрпақтар естеліктерінде жиі айтылатыды. Сол себепті ол шығармаларының авторлығын сол уақыттың тәртібімен бірде «Құлақбаев», біресе «Ержанов», біресе «Ержанұлы» деп береді.

Ол Міржақып Дулатұлының әйгілі «Оян, қазақ!» кітабының екпініменен өзінің «Тұр, қазақ!» атты кітабын 1910 жылы 8 қыркүйекте Қызылжар қаласында аяқтайды. Бір жылдан соң Уфа қаласында басылып шығады. Ал 1912 жылы «Оқуға махаббат» атты екінші кітабы жарияланады.

Байбатыр өзі құралпы қазақ жастарының сол кездегі арманы болған оқу-білім іздеп, 1914 жылы Троицк қаласына барады. Бірақ оқуға түсе алмай, «Депода» жұмыс істейді. Сосновскийдің баспаханасына (типография) қызметке тұрып, 1916 жылға дейін «Уәзипа» медресесінде қосымша білім алады. 

1916 жылы Дала өлкесіндегі патша жарлығына сәйкес қазақ жастарын тыл жұмыстарына алуға байланысты шақырылғанымен, бара алмаған. Бұл – Алаш көсемдерінің елді бүліншілік пен тонаудан сақтау мақсатында айтылған гуманистік жол болатын. Өмір мен уақыттың өзі көрсеткендей, қарсы шыққандардың барлығы да аяусыз жазаланып, басып жанышталды да, тыл жұмыстарына барған қазақ жастарының дені ел көріп, тіл үйреніп, үйлеріне аман-сау оралды.

Байбатыр Ержанұлы 1917 жылы «Жас Азамат» газетіне Қызылжар қаласынан мақалалар жазып тұрды. Кейін 1920-1930 жылдар аралығында Қызылжар қаласы төрт сыныптық қазақ мектебінде мұғалім, меңгеруші; Жұмысшы-шаруа инспекциясында, қазақ шаруаларының мектебінде, сондай-ақ Ақмола мұсылмандары педагогикалық курсында қызмет етті. С. Мұқановтың жазуына қарағанда, осы кездері әдебиеті үйірмелеріне пьесалар жазумен айналысқан. 1927 жылдан бастап ақын Совет Одағы коммунистік партиясының мүшесі ретінде қатарына кірді. Осы кезеңде «Колхоз үшін» атты шығармасын жазып бастады, оның бізге «Өлім құшты» деген бөлімі ғана белгілі. Кейін осы туындысы басыне бәле болып жабысты. 

1930-1931 жылдары Байбатыр Ержанұлы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының «тарих және қоғамтану» мамандығының аспирантурасында оқыды. 1931-1932 жылдары Қарағанды облысы Степняк қаласының зауыт фабрика мектебінде сабақ берді. 1933-1935 жылдары Семей шаһарындағы Қазақ геологиялық барлау институтында оқытушы, қазақ студенттеріне арналған дайындық курсының меңгерушісі қызметін атқарады. 

1935 жылғы 14 желтоқсанда ұсталып, қамауға алынған. Бұл кездегі мекенжайы: Семей қаласы, Советская № 99 үй деп көсретілген. Оны тергеу үшін №1524 қылмыстық ісі ашылған.  1936 жылы 21 ақпанда РСФСР Қылмыстық  кодексінің 169-бабы бойынша 5 жылға, ал 58-бабының 10-тармағы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен. 

  Солтүстік Қазақстан облыстық Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) жөніндегі бюроның 1960 жылғы 4 маусымдағы мәліметінше, Байбатыр Ержанұлы 1939 жылы түрмеде ауыр сырқаттан (паралич сердца) қайтыс болған.

  Туған елінің білім алуын, оқуға құштар болуын жан-тәнімен көксеген, осы қастерлі жолда аянбаған асыл ер, ақын-драматург, білікті мұғалім Байбатыр Ержанұлы 1961 жылы ССРО Жоғары Соты Қазақ бөлімшесінің коллегиясының шешімімен қылмыстық істің үкімі жойылып, іс тоқтатылып, толық ақталады. 

Алаш ағартушылығы кезеңінде Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағы, А. Байтұрсынұлының «Маса», М. Дулатовтың «Оян, қазағы!» қараңғыда түскен найзағай секілді әсер етті. Ұлттық ағартушылықтың басты ұраны – «Оян, қазақ!» болып, «Айқап» пен «Қазақ» газеті өмірге келіп, «қазақ ұлттық баспасөзі» деген ұғымды қалыптастырған.

Бір ғана «Оян, қазақ!» кітабы ұлттық манифест ретінде танылып, атағы жалпақ жұртқа тарады. Даңқымен бірге дақпырты да ілесе жүрді. Жинақта сол кездегі қазақ өмірінің әлеуметтік, руханият мәселелері көтерілген. Автор «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі», «Қазақ халқының бұрынғы мәғижаты», «Қазақ халқына діни бір уағыз», «Жігіттер», «Насихат ғумумия» сияқты өлеңдерінде халық өмірінің алуан қырларын бейнелеп, дидактикалық бағытта азаттық дәуірінің идеяларын суреттейді.

Міржақып Дулатұлының даңқын қазақ арасы ғана емес, Ресейдегі түрік әлеміне тұтас жайған, қазақ арасына таралып кеткен кітаптың бірінші (1909, Уфа) және екінші (1911, Орынбор) басылымын патша жандермиясы қайта жинап алдырған, сөйтіп қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарма болған «Оян, қазақтың» ізін ала көп ұзамай «Тұр, қазақ» шығармасы өмірге келді.

Байбатыр Ержанұлы – репрессияға ұшырап, ерте кезеңде ақталғанына қарамастан, оқу-ағартудағы қызметі мен шығармашылық  еңбектері ескерусіз қалып, әдебиет тарихы лайықты орнын ала қоймаған талант иесі. Оның «Тұр, қазақ» кітабы, «Айқап» журналында жарияланған әр түрлі жанрдағы шағын еңбектері, публицистикалық мақалаларынан өзге шығармалары, атап айтқанда, «Ай, көңілім» өлеңі, «Қазақ мұғалімдері халінен», «Бозбалаларымыздың түрі», «Фронттың теңелуі шарасыз» мақалалары, «Есенбай», «Көр азабы», «Сағипа» сияқты пьесалары ғылыми айналымға енбеген.

Шығармашылық мұрасына қарай отырып, Байбатыр Ержанұлының жолы аз, шағын жанрлардан емес, бірден ірі, іргелі туындылардан басталғанын байқаймыз. Қолымызға түскен үш үлкен шығармасының ішінде соқталысы да, шоқтығы биігі де «Тұр, қазақ!» кітабы. Зертеуші ғалымдар бұл туындыны М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабының жалғасы іспетті көреді. 

Әсіресе «Тұр, қазақтың» құрылымы, көтерер тақырыбы мен ішкі мазмұнына қарап, «Оян, қазақтың» дәстүрлі жалғасындай көрінетіні бар. Оны кесте арқылы салыстырып байқауға да болады (1-кесте).

Расында да заманы бір, қоғамдық мәселелері ортақ, «өнерлі жұрттардан қалып бара жатқан қазақтың бейқамдығына, енжарлығына ашынған ақындардың арман-тілегі, мақсат-мұраты мен айтар ойы бір арнада тоғысып жатты. Бұған қарап алдыңғы шығармадан таза көшіріп алыпты деуден аулақ болуға керек, десек те, әр ақынның сөз саптауы, жазу мәнері мен ой орамдары өздігімен ерекшеленіп тұратыны анық.

1-кесте

М. Дулатұлы. «Оян, қазақ!»

Б. Ержанұлы. «Тұр, қазақ!»

1

Сөз басы

Сөз бастар 

2

Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгiнгi халiСахрауи қазақ халқының халі

3

Қазақ халқының бұрынғы мағишатыСахрауи қазақ халқына насихат

4

Өнерменен хасіл болған нәрселерБолыстық һәм сайлау

5

Сайлаулар хақындаБолысқа

6

Қазақ жерлерiҚайран қоныс

7

Мешіт, медресе хақындаМешіт пен медресе хақында

8

Қазақ халқына дiни бiр уағызҮлгі

9

Өнерiн халық пайдасына жұмсап

жүрген оқығандарымызға...

Тәсірлі мәктуб

10

Таршылық халiмiз хақында аз мiнажатМухтәрәм Нұржан ақынның сөзі

11

Мудәррис З... әфәндiге жазған бiр мәктубімМудәррис Зейн Әл-Әбидин әпенді хәзіретлеріне ойлаған бір мәктубім

12

Жесiр даулары хақында

Жақсы қыз

Жаман қыз

13

ЖігіттерЖігіттікте мінез һәм сипат

14

ЖұмбақЖігіттер, иттифақ!

15

Насихат умумияЖол көріп оқығандарымыз – жиырмасыншы ғасыр жастарына

16

Гаспринский жанаплары жазадыҚаламға хитаб

17

Сөз ақыры

Оян, қазақ

 

Зерттеуші ғалым А. Зекенова: «Шындығына келгенде, Байбатыр Ержанұлының «Тұр, қазақ!» еңбегі М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» (1909) туындысындағы азаттық, тәуелсіздік идеяларымен ғана емес, сонымен қатар сол заманның тілдік қолданыстарының көрініс тапқандығымен де үндес келеді. Тарихи ерекшеліктерге байланысты татар, парсы, араб сөздері ХІХ-ХХ ғасырлардағы әдебиет пен тарихқа қатысты басылып шыққан кітаптардың барлығында кеңінен қолданғандығын ескерсек, Б. Ержанұлының да «Тұр, қазақ!» кітабында да осы үрдіс байқалады» дейді. 

Байбатыр Ержанұлының шығармашылық қадамы ерте басталған. Ол өндіре жазып, ерінбей еңбек етті. Алғашқы шығармасын 18 жасында бастап, келесі жылында жарық көргенін байыптасақ, таудай талантына қажырлы қайрат қоса септескенін байқаймыз. 

«Оң жақтан қара бұлт шықты қаптай,

Іркіліп тұр бұлттар төмен ақпай.

«Бір үлкен дауыл болып кетеді», – деп,

Ел-дағы қымтанады текке жатпай», – деп басталатын ақынның «Жаңбырлы дауыл» атты өлеңінде тура мағынасында дауылды сипаттағанымен, одан екі нәрсені көркенін аңғартады: оның бірі – ашу, екіншісі жоқтық. Сырттай ұқсас құбылыстарды салыстыру арқылы ақын шебер байланыстырған.

Ал «Нәзік көңіл» деген өлеңінде ол «көңіл қымбат» деген түсінікке жетелейді. Расында да адам көңілі бір атым насыбайдан қалады деп білген қазақ халқының даналық ойын жырмен әсемдеп, көрсемдеп жеткізеді. 

  «Үйір-ақ көңіл байғұс ірілікке,

Үйреніп жас басынан кірімдікке.

Нәзік демей, не дейміз енді мұны,

Төзбеді ауырлық пен жеңілдікке», – дегенінен көңілдің нәзік, жұқа, байқұс болмысына қарсы қайғыны қояды. Сөйтіп әдеби тәсілдің ішінде антитезалық құбылыспен ұтымды қиюластырады. 

 Ақын «Мұқтаждық» өлеңінде бірінің ретін бірі тауып отыратын әдемі үйлесімде таңырқап, құдай ұлық дегенге жеңдіреді. Ол үшін таңдап алған ұғымдар: бай мен кедей, жауын мен өсімдік, шөп пен жануар, ер мен әйел, өзен мен қайық, өмір мен өлім сияқты заңдылықтардың барлығы да бір арнаға – мұқтаждыққа барып тіреледі. 

Өлең: «Бірінсіз-бірі тұра алмауын байқадым, 

Амалсыздан басымды ұрып шайқадым.

Ебін тауып байластырған бір алла,

Сансыз мақтау, сансыз шүкір айтамын», – деп аяқталады.

  Ақын ойларының көркемдігіне, поэтикалық қуатына, әсіресе шендестіру табиғатына мысал бола алатын өлеңдерінің бірі – «Ана» деп аталады. Мұнда адам баласын дүниеге әкелетін ана мен бойынан қар кетіп, тіршілік нәрін беретін жер-ана астарлап жеткізеді. 

Байбатыр – қазақ қыздарының тағдырына алаңдаған тұлға. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтарының ой-пікірлеріне ден қойып, өзі де сол идеяға үлес қосқан азамат. Алаш арыстары қазақ қызының теңдігін ойлап, олардың білім алып, ел-жұрт қатарлы еңбек етуіне ықпал жасады. Әдебиетте қалам ұстағандар Шәкерім бастап Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, «Нартайлақ-Айсұлу», «Бақытсыз Жамал», «Ақбілек», «Қамарсұлу», «Қаралы сұлу» сынды шығармалар жазып, қыз тағдырына араша түсті. Б. Ержанұлы қыз баласына «тұзаққа түскен қаршығадай бір жаман қара құлға басын тең етіп, қызыл гүлдей болып, ұзатылып кете барады» деп жанашырлық танытады. 

Фельетон жанрындағы бұл туындыда автор сөзін көпшілікке арнайды: «Ау, жұрт! Осы бейшара қызыл алмадай қызыл бетті, қолаң шашты, қара көзді, хош сөзді, қиғаш қасты, нәзік белді, мол ғақылды, бақшада сайрап жүрген тоты құсты таз, соқыр, саңырау, сақау, ақсақ, мәжнүн кісілермен қалайша тең қылып басып береміз? Осынымыз ғақылменен ойласақ, дұрыстыққа келе ме?» деген сауал тастайды. Жанр ерекшелігіне сай, ел ішінде болған бір оқиға өлең өзегіне айналады. «Жабайдың Меңсұлу деген қызын Әлмин деген бай айттырады. Тілі сақау, өзі шолжың, оқымаған адамға оқыған қыздың барғысы келмейді. Меңсұлу оңашада өлең жаза бастайды» дейді де, Меңсұлудың көз жасы шыланған жыр жолдары тарам-тарам болып ағады. 

«Жоқ еді, өлең жазу хабарымда,

Шипа жоқ, қасіреттің табарында.

Атамыз бір жаманға бере салып,

Қалдырды біз баласын қараңғыда» деген қыз баласы басына түскен тағдырға, бір жаманға қосып берген амалға қарсы қылар шамасы жоқтығына налиды. Ажары сынып, ғазиз басы теңіне қосақталмай арманда өтіп жатқан жастық жасына қамығады, екі ортада қалған ардақты басы, ішкен асы уменен тең болғанын жасырмай айтады. 

«Бір күнде тоты құс ем қонған баққа,

Құрулы торға түстім осы шақта.

Миындай жарым әйелдің дәрмен кетті,

Құдая, біз күңіңді өзің жақта» деп өз басының халін тоты құспен салыстырған ғазиз мұңлық құдайдан дәрмен сұрайды, алдағы күнінен үміт күтеді. Қара құл жаманнан құтылып, ғылым жолына қарқ болам ба деп те дәмеленеді. Алайда, тағдыр шіркін, қыз баласын аяған ба, ақыры Меңсұлу малдың шылауына байланып кетті. Артында жалғыз ауыз сөз қалды, онда:

«Осыны ойлаңызшы, ағаларым,

Ғақылмен жұрт билеген, даналарым.

Жігітке қарамай, малына қарасаңыз,

Түспей ме көп қорлыққа балаларың» деп түйінделеді. 

Байбатыр Ержанұлы өз дәуірінің хал-ахуалынан, саясат бағытынан, әлеуметтік жайттар, қоғамдық мәселелер мен оқу-білімге қатысты ойларын да ашық жазып көрсеткен журналист ретінде де танылған. Оның публицистикалық еңбектеріне татардың «Уақыт», өзіміздің «Айқап» журналы, «Жас азамат», «Бостандық туы» газеттерінде жарияланған «Қазақ мұғалімдері халінен», «Қазақ халқынан бір-екі сөз», «Бозбалаларымыздың түрі», «Біздің жайлар», «Земствоның қысқаша жайы», т.б. мақалалары дәлел бола алады.

«Уақыт» газетінде ертеректе жарияланған «Қазақ мұғалімдері халінен» деген мақалада өткен ғасырдың басындағы мұғалімдік қызмет мәселелері көтерілген: «Бізде месжід, мектеб медресе киби йерлер бик аз. Бағзы йерлер де бүтүнләй йоқ. Балалар асла тағлим уа тәрбие көрмегән. Ата-аналар ғылым уа мағрифатның қадірині асла білмейлер. Шоның ичүнде, балаларын оқытұрға диб мұғалім алғанлариде мұғалімнің оқытұрға ықтидары болұб болмауын текшермейлер, сүтүлгәнитіклерін тігәргә, биелерін сауарға, һәр сөзлерін тыңлаб хыдмет итәргә йарарлығын қараб алалар» деп қазақ арасында білім ошағының аздығын, балалардың оқу-білімге деген ынтасының жоқтығын, тәрбиесіздігін, ата-аналардың білім-ғылымның қадірін білмейтіндігі, ал мұғалімнің оқытудағы ықтиярын тексерудің болмауы сияқты маңызды жайттарға назар аударған. Бұл автордың қоғамда қалыптасып жатқан, орын алып жатқан проблемалардың көре білгендігін, айналадағы мәселелерге бей-жай қарай алмайтынын көрсетсе керек. 

«Қазақ халқынан бір-екі сөз» мақаласында автор қазақ халқының қамсыздығына налып, өнерлі жұрттардың басып озып жатқанына күйінеді. «Бұл дүниеде неше түрлі халық бар. Осылардың ең өнерсізі, ынтымақсызы біздің қазақ халқы деп айтуға жарайды» деген Б. Ержанұлы өзге халықтардың неліктен озып жатқанын үш мысал келтіре отырып дәлелдеп береді. Оның айтуынша, қазақтан өзгелер «дінін, милләтін қуаттап, халін шамалап, аяқтың астында қалмаудың қамын ойлап өнерлі, ғылымды болып жатыр». Алысқа бармай-ақ іргелес ноғай халқының газет ашып, кітап шығарып, өнег жайып жатқанын келтіреді. Екінші мысалға осы газеттердің ықпалы қалай тиіп жатқанын, айла қылып, пайда қылып жатқанын жазады. Үшіншіден, әр қаладан талапты ұл мен қыз жиылып, мұғалімнің алдын көріп, сабақ алып, мағаріптің (ғылым-білімнің) бірінші басқышына ұмтылып жатыр дейді. Айқап журналы

Қалай болғанда да Б. Ержанұлының шығармашылығында Алаш идеясы, ұлт зиялыларының ойлары айнадай жарқырап көрініп тұрады. Айталық, «Біздің жайлар» деген мақаласында ол Алаш қозғалысы төңірегіндегі ойларды, көзқарастар шарпысын айны-қатесіз сипаттайды. Бұл мақалада Ж. Сейдалиннің тарапы бастама жасаған басқосу мәселесіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ой-пікірі берілген. «Мысалы, Жиһанша Сейдалин жиылыс жасау жайынан кеңес шығарды. Қадірменді Әлихан мырза елеулі «Қазақ» газетіне жазып, жиылыс болмайды деп кесіп жауап берді. Егерде жиылыс бола қалса, өзінің жиылыстан қалмайтынын білдірді. Асылында қадірменді Әлихан мырзаның дұрыс болғанда «жаяудың шаңы шыға ма», бір кісінің қарнына бірақ аяқ ас сыяды, бір кісінің қолынан не келеді деп, (түбінде Жиһанша Сейдалиннің іс істеп шығара алмайтынына көзі жетсе) көптеп-көмектеп ақыл иесі адамдармен ақылдасып, жиылыстың болатын болса, болғанын көріп, болмайтын болса қалғанын көріп қоюға керек еді. Бұл жиылыс деген – жалғыз бір кісінің пайдасы емес, көптің пайдасы. Көптікі болған соң, көптеу керек еді (Көптеген соң, болмай қалатын іс емес екен)» дейді. Бұдан кейін жұрт жұмысы, ел мүддесі, жастар, яғни кадр мәселесі, баспасөз жайы, дін таласы, т.б. түйткілді проблемаларды қозғай келіп, жер турасында былай жазады: 

«Тағы бір көзге бадандай нәрсеміздің біреуі жер мәселесінің ретке салынбай, былығып тұрғандығы болса, біреуі қадірменді қазақ көсемдерінен Қырбаласы жәнаптарының жер мәселесін қазақтың өз ғұрпынша қалдыру керек деген топшысы болса керек». Бұл – Алаш ең негізгі бес тұжырымының алғашқысы еді. Қазақ жерінің мәселесін қазақ жөнінен шешу деген сөз елдік мүдде мен ұлттық мұраттан туындап отырған. Қазақ өз жерінен басы артық жер жоқ екенін дәлелдеп, патшалық кесіп отырған өлшеулі жер бөлінісінен (15 десятина) бас тартып, көшпелі мал шаруашылығынан отырықшылыққа біртіндеп көшуден туындаған концептуалды ой болатын.

Байбатыр Ержанұлының соңғы шығармасы – қолжазба күйінше сақталған «Өлім құшты» («Колхоз үшін» ұзақ әңгімесінің үзіндісі). 

«Мал-мүлкін жүз процент ортақтастырып отырған колхоз мүшелері көбі сіңірі шыққан кедейлер несін береді?

Кедейлер қынжылады, қысылады, толтырмаса тағы бір пәле жауып қояды. Суық сарайға қамап, үстіне су құйып азаптайды» деп басталатын шығармада колхоз құрылу, ортақтасудың алғашқы жылдарының шынайы бет-бейнесі сипатталады. Қасен атты ұйымдастырушы жігіттің басқаруына елдің жақсы-жайсаңы, жоқ-жігіті жиналып, солардың әр қилы тағдыры, өткен өмірі оқырман қауымды иландыра түседі. 

«Қасен андаған от құрсауының ішінде қалғандай болды. Колхозға Дүйсен жағының қара тізіміндегі бай-құлақ қалдықтары да кіре бастады. Өзі жасаған колхозы енді Қасен жүрегіне оқ болып қадала бастайды. Жазаласа, Қасен қара жүзділер арқылы колхоз бастығынан алынып, өзі сотқа берілетін болады. Бұл кезде Қасен жалғыздық, бақытсыздық улы зәрін төгіп, долданған арыстандай төнеді» деп жазады жазушы. Ел ішіндегі партияның шектен тыс әрекеті, екідай болып тартыстан қарапайым ел-жұрттың зардап шегетіні, халқым деген қаһарманның әдлетсіздік көріп, азап тартатыны өмірдің өзінедй, баямасыз қаз-қалпында суреттелуімен құнды бола түседі. 

Оның үстіне «...Мұндай аласапыран мезгілді колхоз ішіндегі жегі құрт Дүйсендер бас пайдасына жаратып, өтірік белсенді болғансып, өзіне ерген көк жендеттері Үйсімбайлар болып көптеп, көмектеп, Қасенді колхоз бастығынан тайдыруға жасырын қам істей бастады»; 

«...Бүгін түн өте тұнжыраулы, қабағы салыңқы қара бұлт көк жүзін бермей түнеруде. Төрт жендет те түнерген бұлттай Қасеннің ізіменен құдиып келеді»; 

«– Сақау ит! Құртты ғой! Тажалдай жалады ғой. Талай-талай маңғасқа құт-қыдырларының басына жетті. Ойыққа батырды, боранға қақалдырды. Ақырында боғын жейтін жесірлік бәйге торыңды сүмірейтіп қойғаны мынау!... Аһ!... Иттің ғана баласы-ай! – деп Басшығұл қазы көзі ұясынан шығып шатынап, шеке, мойны шиеге бояғандай қып-қызыл болып жынданған қара бурадай Борамбайға төнді. Сілейтіп жосадай ғып дыр қамшымен сойды да салды» деп жазу машығынан автордың төгілген тіл байлығы, көркемдік деңгейі, суреткерлік шеберлігі қапысыз байланысқанын байқаймыз. 

Өмір шындығын көркемдік шындыққа жеткізе отырып суреттеген шығарма авторы лайықты бағаланып, әдебиет тарихынан тиісті орнын алуы қажет еді, алайда Байбатыр Ержанұлы осы әңгімесіндегі ұлтшылдық сипаттағы ой-пікірлері үшін қамауға алынған.

Қызылжардағы бірінші қазақ мектебі, 1927 жыл

Белгілі әдебиет зерттеушілері, ғалымдар Байбатыр Ержанұлының шығармашылығын жоғары бағалады. 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» зерттеу еңбегінің 6-томында оны Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайлармен бірге «халыққа ұлт-азаттық идея тастап, қараңғылықтан шығуға дәнекер болған шығармалар жазған белгілі ақын-жазушылар, публицистердің қатарында атаса, академик ұстазымыз Дихан Қамзабекұлы Байбатыр Ержанұлын «азаматтық ар-ожданы айқын көрінген жас қаламгердің бірі» деп бағалады. Сонымен бірге оның «Оқуға махаббат» еңбегін «жаңа заманға қажетті оқудың мән-маңызын жан-жақты айтқан» «жәдитшіл» туынды деп таниды.

Осылайша жинақталған құжаттар мен қолда бар деректерді салыстыра келе мынадай нәтижелерге қол жеткіздік: 

1. Б. Ержанұлы ертеректе жазылып жүргендей, 1897 жылы емес, 1892 жылы дүниеге келіп, 1939 жылы қайтыс болғанын анықтадық;  

2. Ақынның алғашқы әйелі Дәметкен Бекенқызы Сүйініш, Едіге, Сүннат есімді ұлдары, ал екінші жары Маржан Бекетайқызынан Роза деген қызы, Тельман атты ұлы болғаны нақтыланды; 

3. Тырнақалды туындысы «Тұр, қазақ!» кітапшасы шыққан мерзімде Б. Ержанұлы 19 жаста болғанын білдік;

4. Жасының аздығына қарамастан, ол Алаш идеясына сенген, «Оян, қазақ» үлгісімен шығармалар жазып, мақсат-мұратын ерте айқындаған, жәдитшіл тұлға екені бағаланды; 

5. Әр түрлі жанрды шығармалар жазып, туған халқын білімге, оқуға шақырып, өзге халықтармен терезесі тең боларға күш жұмсағанын, өмірде болған әлеуметтік, саяси құбылыстарды туындыларында шынайылықпен суреттегенін талдадық;

6. Оның шығармаларының ой-идеясы айқын, оқиғалары тартымды, кейіпкерлері қарапайым, тілі жеңіл һәм түсінікті екеніне көз жеткіздік;

7. ХХІ ғасыр жастарын, яғни бүгінгі Z ұрпақты оқу-білімге ынталандыру мақсатында Б. Ержанұлының өмірбаяны мен көркем дүниелерін үлгі ретінде ала отырып, әдебиетті оқыту үдерісіне қосып, бағдарламаларға енгізу қажеттігін түсіндік. Бұл «жас та болса, бас болған» және «артық білім – кітапта» деген сөздердің ауанына сәйкес қазіргі заман ұрпақтарын сауатты, ұлтшыл, интеллектуал, эрудит, бәсекелестікке қабілетті болуға құлшындыратыны анық.

Осы мақаламызды тәмамдар сәтте Түркістанда өткен ұлттық құрылтай жиналысында мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясының нәтижесінде табылған Ж. Аймауытұлының жаңа, тың туындысы жайында айта келіп, «Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. ...Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге жасайды» деп шегелеп берді. Бұл өз кезегінде біздің қарастырып отырған тақырыбымыз – Байбатыр Ержанұлының шығармашылық мұрасына да қатысты ой десек те артық болады. Өйткені уақыт жылжып, заманнан заман ауысса да, Алаш идеясы төңірегінде шоғырланған асылдарымыздың ортақ мақсат-мұраты ешқашан сөнбек емес.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?