Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Кенесары ханның тұсында халықаралық жағдай қалай болды?

6496
Кенесары ханның тұсында халықаралық жағдай қалай болды? - e-history.kz

ХІХ ғасырда көршілес жатқан мемлекеттер қазақтың ұлан байтақ жерін өз меншігіне айналдыру үшін үнемі жорықтар жасап тұрған. Міне осындай соғыстардың бірінде жеңсек, енді бірінде жеңіліп қалғанымыз тарихтан белгілі. Өйткені бірін бірі аңдысқан жаулар ұрымтал тұсты пайдаланып, жеріне жер қосуды мақсат тұтты. Бұл кезде патшалы Ресейден бөлек Хиуа мен Қоқан хандары қазақ жеріне көзалартып, соққы жасап отырды. Бұл туралы Елтоқ Ділмұхамедовтың «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген еңбекті жан-жақты баяндалады. 

Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары Қасымұлының Патшалы Ресейге қарсы жорыққа шыққан кездегі әлемдегі халықаралық жағдай қалай болды? Бұл сұраққа автор аталған еңбектің «Кенесары Қасымовтың көтерілісі қарсаңындағы Қазақстанның халықаралық жағдайы» деген үшінші тарауында тарқатып жазады.

«Қазақ халқының тағдыры сондай ауыр болды, оның көпғасырлық тарихында қанның ізі бір өшпей-ақ қойды. 

Екі әлемнің тоғысында – Батыс пен Шығыстың, ұлы тарихи жолдардың қиылысында орналасқан қазақ жері – үздіксіз қанды жорықтардың, әртүрлі басқыншылардың көз алартқан мекені еді. Бұл жер қай уақытта да тоқтауы жоқ соғыс даласы болды. Сыртқы жаулар өздерімен бірге қайыршылықты, жоқшылықты, ұлттық езгіні алып келді. Олар қазақ халқын құлдыққа салып, Қазақстанның жерін, байлығын, өзендерін тартып алғылары келді...

Бірақ қазақ халқы еш уақытта да сыртқы жауларының алдында бастарын иіп көрген жоқ. Оның тарихы, өз отанының тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін көрсетілген ерен ерліктерді жырлайтын, жарқын беттерге толы.

Орыс жылнамаларында алғаш рет қазақтар туралы мәліметтерді біздер ХVІ ғасырда кездестіреміз. Бізге дейінгі жеткен құжаттар Ресейдің сауда қатынастары Қазақстан халықтарымен сонау Иван Васильевич Грозный патша дәуірінде болғандығын баяндайды. Иван Грозный патша өз елшілерін қазақ хандарымен ауыз жаласу үшін жіберіп отырған, оның бір елшісі (Даниил Губин) патшаға мынаны жеткізген: «Патшам, қазақтар күшті деп атайды. Ташкентте соғысқан екен, ташкенттік патшайымдар айтып жүр, қазақтармен екі рет шайқасып, екеуінде де қазақтар оларды ұрып тастапты».

Қазақстанды жаулап алуға алғашқы қадам жасаған Петр І-ші. Ол: «бұл орда бодандыққа кіргісі келмесе, шығынның көп болатынына, миллионға дейін шығын болатынына қарамастан, Ресей империясының қарамағына бір қағазбен-ақ өтетіндей қылу керек», – деген. 

Парсыларға қарсы жасаған жорығы кезінде, 1722 жылы Астраханда болғанда Петр, Тәуекелдің айтуы бойынша, былай деген екен: «осы орда туралы көптеген адамдардан естіп-білдім... барлық азиялық елдерге бұл орда кілт пен қақпа болып табылады...».

Петр уақытында Қазақстанның солтүстік-шығысында бірқатар бекіністер салынған. 1717 жылы Ом өзені жағасынан Омбы бекінісі және 1720 жылы Өскемен бекінісі салынып, қазақ даласына ену үздіксіз жалғаса берді. Қазақ даласын жартылай шеңбер түрінде қоршап алған әскери бекіністер пайда болды», – деп жазады автор. 

Елтоқ Ділмұхамедовтың жазуыша, ХVІІІ ғасырдың ортасынан бастап қазақ халқының Жоңғар, Қытай, Қалмақ және де басқа басқыншыларға қарсы табан тірескен күресі жалғасын табады. Автор бұл ретте Әбілқайыр мен Абылай хандардың еңбегі жоғары бағалайды.

«...Осы басқыншыларға қарсы кескілескен шайқастар жүргізе отырып, көреген Әбілқайыр хан, кейінірек Абылай хан Ресейге қосылуымыз тиіс деп есептеді.

«Патшалық Ресей де Қазақстанды өзіне бағындырып алуға тырысып бақты. Дегенмен, қалыптасқан тарихи жағдайда Қазақстанның Ресейге қосылуы, азиялық мемлекеттерге қарағанда өркениетті дамыған елге қосылу болып табылады. Сондықтан да Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ең ықпалды билер мен халықтың қолдауымен патшайым Анна Иоанновнаға орыстың бодандығын алу туралы өтініш жасады. Кіші жүздің Ресейге қосылғанынан кейін Қазақстанның бұл бөлігіне шабуылдар жасалуы тыйылды».

Қазақстанның Ресейге қосылуының бірінші кезеңі осындай.

Патшалықтың сыртқы саясатын зерттеуші М.А.Терентьев: «Сонымен, біздер әлем үшін шарқ ұрудамыз, бірақ әлем қол қусырып отырғанмен келмейді, оны жаулап алу керек», - деп жазды. 

Патшалық үкімет Қазақстанды фабрика мен зауыт өнімдерін шығаратын нарық ретінде бағалай білетін де еді.  Патшалықтың  Орта Азия мен Қазақстандағы саяси белсенділігі Үнді елі жағынан ағылшындардың басқыншылығы күшейе бастаған кезде, Ауғанстанда, Бұқарада, Хиуада және ортаазиялық нарықта Англия тарапынан белсенді қарсыласуға тап болған кезде арта түсті. 

ХІХ ғасырдың басында патша үкіметінің Орта Азия, жекелей алғанда, Қазақстанның нарығына деген көзқарасы біртіндеп өзгереді. Егер осының алдындағы кезеңдерде патша үкіметі қазақ хандары тарапынан Ресейден егемендігін жалпы танумен ғана қанағаттанса, енді 1820 жылдары ол бұл хандардың өзіне саяси тәуелді болуына қол жеткізуді табанды түрде талап ете бастады. Өйткені Ресейде капиталистік қатынастардың, сонымен қатар өнеркәсіптің дамуы ресей буржуазиясының сыртқы саясат мәселелерінде айтарлықтай белсенділік танытуына алып келді. 

Капиталистік өнеркәсіптің дамуына байланысты сауданың да артқаны байқалды. Күміс ақшаға шаққанда жыл сайын орта есеппен 396.000 рубльге жуық ақшаға мал айырбасталынып отырды. 

Сондықтан да ХІХ ғасырдың орта тұсында 30-шы жылдары жас буржуазия мен көпестердің өкілдері үкіметке өз таптары атынан әлі де бағынғысы келмеген халықтарды, оның ішінде қазақ даласын да жаулап алуды күшейтуді сипаттайтын саяси іс-шаралардың нақты бағдарламаларын қоя бастады. Орыс көпестерінің үкіметке көрсететін көмегі Қазақстан мен Орта Азияға орыс ықпалын тарту жолымен, сонымен қатар бірнеше әскери-саяси міндеттерді орындаумен көрініс тапты. Оның ішінде ең маңыздысы ретінде мына жағдайды қою керек – хандықтардағы, даладағы қалыптасқан жағдайлар туралы мәліметтер жинау және Ресеймен жақындасу үшін үгіт жұмыстарын жүргізу.

Жоғарыда келтірілген мәліметтердің барлығы Ресейде өнеркәсіптің және сауданың қарқынды дамығанын көрсетіп тұр, сонымен бірге «Ортаазиялық шекараларда сауда жасауда шешуші рөлді Қазақ даласы атқарды».

Ал осы уақыттарда қазақ даласы далалық қала бекіністерімен құрсауланып, олар қазақ жеріне ентелей енудің тірек пунктары есебінде пайдаланылды», – деп жазады автор.

Елтоқ Ділмұхамедовтың «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген еңбекті 1946 жылы Ташкент қаласында қорғайды. Ал бұл кезең Сталиннің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған болатын. Ал мұндай кезеңде Хан Кенеге байланысты диссертациялық еңбек жазу өз өміріңді бәйгеге тігумен бірдей еді. Сондықтан да автор сол кездегі саяси жағдайды ескеріп, Сталин, Маркс, Энгельс секілді қайраткерлердің сөзін басшылыққа алуға мәжбүр болды.

«Шығыстағы жерлерді басып алуға деген құлшыныс орыс патшалығының дәстүрлі саясаты болып табылатын еді», - дейді Маркс. Қазақстан мен ортаазиялық хандықтарды жаулап алу феодалдық қанаудың базасын кеңейту үшін қажет болды. Патшалық осында помещиктер үшін жаңа жерлер тапты, қазына үшін жаңа табыс көзі мен қымбат бағамен тауарларын өткізетін нарық тапты.

«Ресей, – деп жазды Маркс, – ол жақта (Маркс Орталық Азияны айтып отыр – Е.Д) тек қана өз өнімдерін тарату үшін қызығушылық танытып отыр».

Белсенді шабуыл жасау саясатын жүзеге асыра отырып, патшалық әрқашанда экономикалық және стратегиялық тиімділігі мықты аудандарды жаулап алуға тырысты. Құнарлы жерлерге бай Қазақстан да осындай ел еді.

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың бірінші жарытысы патшалық Ресейдің Қазақстанды түпкілікті жаулап алу  кезеңі болды.

Декабристерді талқандап тастап, Николай І-нің үкіметі елде қатаң жазалау режимін орнатты. Ресейдің ішінде болсын, оның шет жақтағы аймақтарында болсын қандай да болмасын еркін ойлар қатаң жазаланып отырды. 

Патшалық Ресей Еуропадағы басып-жаншудың тірегі, Еуропаның жандармы болды. Ф.Энгельс: «Наполеон соғыстарынан кейін Ресей... Еуропаның төрешісі ретінде ашық қимылдады; ол рөлді үздіксіз 1853 жылға дейін атқарды, – деп айтты. ...Еуропада, – деп жалғастырды Энгельс, – Ресейдің басымдығы орнаумен қатар басып-жаншулардың да басымдығы орнады». 

Осы басқыншылармен қатар ХІХ ғасыр басталысымен Хиуа хандары да қанды қырғын сала отырып, Қазақ даласын бағындырғысы келді. Мұхамед Рақым хандық құрған уақытта (1806-1825 жылдар) Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігін Каспий теңізінен бастап, Ақтөбе, Қазалыға дейін басып алды. 

«Мұхамед Рахым билік құрып тұрған уақытта Хиуа... өзінің территориясын кеңейтіп, түркімендер мен қазақтардың бір бөлігін өзіне бағындырды». Осыдан-ақ осы басқыншылардың басқыншылардың арқасында  Қазақстан территориясын жаулап алу үшін қашанда күрес жүріп отырғанын көруге болады. Бұл факт туралы ірі шығыстанушы ғалым, академик В.В.Бартольд: «Қоқандықтардың қырғыз даласына деген өзімшілдігі орыстармен қақтығысуға алып келді, мұнан бұрын Сырдарияның төменгі ағысын өз мемлекетінің шекарасы деп есептейтін хиуалықтармен де соғысқан еді», - деп жазады. 

Ресей мен Хиуа арасындағы қазақ жерін иемденуге байланысты даулы мәселені шешу үшін 1839 жылдың тамыз айында Хиуада кеңес өтеді, ол басталмай жатыр Аллақұл хан қазақтардың территориясын белгілеу мәселесіне тоқталып, өзінің Жем, Ырғыз және Торғай өзендеріне иелік еткісі келетіндігін жеткізді. 

Ханның осы айтқандарына жауап ретінде Никифоров былай деген: «...Егер мемлекетті басқарушы император Сырдың оң жағасын жайлауымыз керек деп шешетін болса, онда ол жерді ханның келісімінсіз-ақ иелене алады».

Бұл кеңесте қазақтар жағынан: Жоламан Тіленшин, сұлтан Жанғазы, Рахманқұл және Жүсіп Сырымовтар қатысып отырған. Олар қазақтардың ешкімге де бағынбайтынын  және бағынғылары келмейтінін де дәлелдеп бақты. Сол кезде Никифоров қазақтардың Ресей боданы боламыз деген антынан үзінділер келтірді», – дейді автор.

Елтоқ Ділмхамедов бұл кеңесте ешқандай келісім жасалмағанын жазады. Өйткені Никифоров қазақ жерінің Сырдарияға дейінгі аумағын алғысы келсе, ал Аллақұл өздерінің Жем-Торғайға дейінгі жерлерге билігін жүргізгісі келеді. 

«Ал қазақ халқының өкілдері болса, өз жерлерінің бір телімін де өзгелерге бергілері келмеді. 

Хиуа ханы өз агенттерін қазақтардан алып-салық жинап әкелу үшін үнемі жіберіп отырды. Оның агенттері қазақ даласына молда кейпінде келе отырып, діни фанатизмді қоздырып, қазақ рулары арасында алауыздық туғызып оларды орыстардың бекіністеріне шабуыл жасауға шақырып отырды. 

Хиуалықтар үнемі қазақ ауылдарына жойқын шапқыншылықтар жасап отырды. Қазақтардың хиуа әскерлеріне қарсы тұрарлықтай күштері болмады. Сол кездердегі өлшеммен Хиуа мықты және жақсы қаруланған әскерге ие болды. 

1819 жылы хиуалық зекет жинаушылар Сырдаиияға келген. Арынғазы оларды ұстап алуға бұйрық беріп, патша үкіметіне тапсырып, Орынборға жіберді. Осыған жауап ретінде Мұхамед Рахым хан қанды кек алуды ойлап, 1820 жылдың ақпан айында он мың әскерімен Арынғазы ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, оны жермен-жексен етті. Арынғазының өзі қашып құтылды, ал оның екі інісі мен шешесі тұтқынға түсті. 350-ден аса қазақ өлтірілді, 1000-нан астам әйел күндікке кетті, 4173 түйе, 7085 жылқы, 1138 сиыр, 45 645 қой айдап әкетіліп, сонымен қатар салық ретінде 17 573 қой мен 2364 түйе жиналып алынды», – деп жазады автор.

Елтоқ Ділмұхамедовтың жазуынша, тауар-ақша қатынастың дамуына сәйкес, сыртқы саудамен тікелей байланысты сауда-несиелік капитал да дами бастаған. Осы жағдайға байланысты Қоқан хандарының да өздерін қоршап жатқан қазақ халқына деген көзқарасы өзгеріп, көшпелілердің шет аймақтары есебінен өз территориясын одан әрі кеңейту үрдісі белең алды. 

«Осы мақсатпен Ташкенттің билеушісі Жүніс қожа әскер жинап, 1798 Қазақстанның Ұлы жүзіне басып кірді. Қазақтар өз тәуелсіздіктері үшін ташкенттік басқыншыға қарсы табанды күрес жүргізді. Дегенмен олардың қалалық, жақсы қаруланған күштеріне қарсы соғысты ұзақ жүргізулеріне мүмкіндіктері болмай, Ұлы жүздің бір бөлігі Жүніс қожаға бағынып, басқалары Ертіс өзеніне қарай ауып, Ақтау тауы мен басқа да жерлерге қарай көшіп кетті. Жасаған шапқыншылығының алғашқы кезеңінде Жүніс қожа өзінің билігін Ұлы жүздің территориясын басып алып, Шымкент, Сайрам, және Түркістан аудандарымен шектелді. Осы кезден бастап қазақтар Қоқан феодалдарының боданы болды. 

Тонаушылық соғыстарды жүргізе отырып, ірі жер иеленуші Қоқан ханы Әлім ХІХ ғасырдың басында өзінің күшін бір билікке біріктіруге тырысты және иеліктерін Қоқанның солтүстік аймағында орналасқан бөлек-бөлек қалаларда өздерінің еркіндіктерін сақтап қалған ірі феодалдардың есебінен кеңейтіп алғысы келді. Әлім хан ең бірінші назарын Ташкентке аударды. 1810 жылы Ташкенттің билеушісі Жүніс қожаның қайтыс болғанын пайдаланып қалуға тырсып, Әлім хан інісі Омардың басқаруымен ол жаққа әскерін жібереді. Омар алдымен Шыршықты шабады. 

Шыршық үшін шайқаста Ташкенттің жаңа билеушісі Сұлтан қожа жеңіліске ұшырап, тұтқынға түсіп қалады; содан соң Ташкент билеушісі өзін Қоқан ханына тәуелді екенін мойындады.

Әлім хан өлген соң (1816 жыл) Омар Қоқан ханы болды, ол Ташкент арқылы үнемі қазақ даласына жорықтар жасап тұрды.

1816 жылы Омар хан өз әскерлерімен, жергілікті тұрғындардың қарсылығына қарамастан, Түркістанға кірді. Сонан соң Омар ханның отряды шайқаса отырып Созақты алды да, Шымкент пен Сайрамға ілгері жылжыды.

Тентек төренің басқаруымен 12 000 қазақтар Омар ханның қарулы әскерлеріне қарсы Шымкент пен Сайрам үшін табанды күрес жүргізді, бірақ қарулары жоқ болғандықтан және ұйымдастырудың дұрыс болмағандығынан берілуге мәжбүр болды. 

«Ұзаққа созылған қоршаудан кейін келіссөздер жүргізілді, соның нәтижесінде Тентек төре ханның билігін мойындап, Қоқанға өзінің ұлын айғақтарымен жіберді».

Өздерінің іс-қимыл орталығы ретінде Шымкент пен Сайрамды таңдап алып, қоқандық әскерлерін Ақмешіт, Әулие Ата, Мерке, Алматы және Аягөз даласына дейінгі бағыттар бойынша отрядтарға бөліп, 1810 жылдан бастап 1820 жылдың ішінде Қазақстанның қазіргі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Семей облыстарына дейінгі жерлерді жаулап алды. 

Қазақтардың үстінен өз биліктерін орнатып алған соң, Қоқан хандары, феодалдары қазақ еңбекшілерін аяусыз жұмсықа салды, олар «Бектердің бегі» деген атағы бар Ташкент басшысының бағынышында болды», – деп жазады тарихшы.

Елтоқ Ділмұхамедовтың жазуынша, Қоқан ханы мен Бұқар әмірі арасында соғыс өрті тұтанған кезде, Кенесары Ұлы жүздің қазақтарын Қоқан ханының билігінен құтқару мақсатында Бұқар әмірін қолдайды. Хан Кене осылайша 1837 жылы қазақтарды Ресей мен Қоқаннан тәуелсіз қылу үшін халықтық соғыс бастайды.

«Өткен ғасырдың 30-шы 40-шы жылдары Қазақстан қуатты күшті мемлекеттер Ресей, Хиуа және Қоқан тарапынан барлық жағынан қоршалынып, қыспаққа осылай алынды. Осы мемлекеттердің ешқайсы да қазақтардың өз алдына мемлекет болуын қалаған жоқ және оған жол бермеді де. Сол кездегі Қазақстанның жағдайын Сталин жолдастың айтқан мына сөздері сипаттап беріп тұр: «қыспаққа түскен ұлттар өз бетінше өмір сүруге оянған кезде, тәуелсіз ұлттық мемлекет бола алмай қалады: олар өз жолдарында мемлекеттің басына баяғыда шығып алған бұйрық беруші ұлттың басшы топтары тарапынан қатты қарсылыққа тап болады».

Жоғарыда келтірілген фактілердің барлығы, зерттеліп отырған мерзімде Қазақстанның халықаралық жағдайы сыртқы басқыншыларға шабуылға шығып, сөйтіп қазақтар өздерінің тәуелсіздігі үшін күресуіне моральдық алғышарттар жасалғанын дәлелдеп тұр. Сондықтан да Кенесарының ұлт-азаттық қозғалысын жалпы халықаралық жағдайдан бөліп қарауға болмайды, өйткені халықаралық жағдай оның көтеріліске шығуының маңызды факторы болып табылады», – деп ой қорытады тарихшы. 

Кенесары хан қазақ халқын Қоқан мен Хиуаның қыспағынан шығарып, оңтүстіктегі жерді азат етті. Алайда Патша үкіметіне қарсы күресте жеңіліп, 1847 жылы қаза табады. Алайда ұлт тарихы жолында күресте Хан Кененің есімі алтын әріппен жазылып қалды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?