«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әнұранды асқақтатқан Мағжан

1626
Әнұранды асқақтатқан Мағжан

Жуырда Хорватияның Загреб қаласында дзюдо күресінен Grand Slam сериясының кезекті турнирі түңлігін түсірді. Қазақ елінен барған балуандарымыздың арасынан Мағжан Шәмшәдин 60 келі салмақта чемпион атанып, әнұранымыз хорваттардың төрінде шырқалды. Дзюдо спорты бойынша мәртебелі сайыстың бірі саналатын бұл додада байрағымыз биікке көтерілмегелі де бірнеше жылдың жүзі болып еді. Мағжан балуан ел сенімін ақтай білді.

Болашағымен серттескен балуан

2013 жылы дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты АҚШ-тың Майами қаласында өтті. Сол сында қазақ елінен барған балуандардың арасынан қызылордалық ұлан Бауыржан Жауынтаев 55 келіде әлем чемпионы атанған болатын. Жалпы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде  қазақ дзюдошылары жиі жеңіске жеткен емес. Жалынан ұстапайтын алтын медальді елге әкелген Бауыржан балуанмен Алматы қаласында тілдескеніміз бар еді. Сол кезде қасымызға Мағжан Шәмшәдин де келді. Өзі ашық-жарқын, кім-кімді де жатсынбайтын, әңгімешіл жігіт екен. «Бауыржан бауырымызға қарап бой түзейміз, жеңісті жолын жалғастырғымыз келеді, замандасымыздың күресу мәнері ұнайды, қарсыласы қандай атақты болса да қаймықпай қасқайып қарсы шабатын қайсарлығы мен өжеттігі өзгеше. Біз де келешекте Жауынтаев секілді қарсыластардың жауырынын жер иіскетіп, әлем чемпионы, жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанғымыз келеді», – деп еді сонда Мағжан. Өздері жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына әзірлікті жүрген болатын. Алла аузына салды ма арада көп уақыт өтпей-ақ Мағжан Шәмшәдин Біріккен Араб Әмірлігінің бас қаласы Абу-Дабиде өткен әлем біріншілігінде топ жарды. Мағжан да жастар арасындағы әлемдік аламанда 55 келі салмақта күресті. Ол кезде Мағжанның жасы 18-ге енді толған-ды.  Алғашқы айналымда өзбек Достон Рузиевті ұтты, екінші белдесуде  армян  Ваган Ховсепяннан басым түсті.  Үшінші белдесуінде әзірбайжан өкілі Натиг Гурбанлиді құлын даусын шығара қылғындыру тәсілімен айқын ұтты.  Жартылай финалда гурзин Ираклий Купанадзе де Шәмшәдиннің күш-қайратына шыдас бермей шытынап сала берді. Ал әлем чемпионы деген мәртебелі атақ пен алтын медаль үшін белдесуде оңтүстік кореялық  Ха Рим Лиді ұтты. Бір қызығы бауыржан Жауынтаев та, Мағжан Шәмшәдин де Қызылорда облысындағы Жалаңтөс Бахадүр атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының түлегі. Екеуі де білікті  бапкер Қален Қалиұлының қоластында жаттығады. Жалпы спортшының жеңіс шыңына жетуі жолында оның жеке бапкерімен арадағы байланысы, өзіндік тіл табысуы, бірін-бірі айтқызбай түсінісуі аса маңызды саналады. Мағжан да, Бауыржан да басқа да шәкірттері Қален Қалиұлының үйреткендерін сөзсіз ұғынып, қатесіз орындайды. Тіпті, жарыс кезінде, жаттығу үстінде қай шәкірті салқын су сатып алса, тамағына суық тиеді деп бапкер ішкізбей жылығанша өзі ұстап жүреді екен. Міне, осындай  жанкешті еңбек пен төккен тердің өтеуі зая кеткен жоқ. Мағжан, айтпақшы, жалаңтөс Бахадүрдің тікелей ұрпағы. Әкесі әуежайда қарапайым қызметкер, анасы үй шаруасында. Спорт мектебіне оның ішінде дзюдо күресінде Мағжанды ағасы жетелеп әкелген.

 

Орны бөлек жеңіс

Енді Мағжанның Grand Slam сериясындағы жеңісіне тоқтала кетейік. Қазақстан дзюдо құрамасы Хорватиядағы әлемдік турнирге аттанбас бұрын Венгрия елінде маңызды турнирге қатысты. Бірақ Мағжанның жолы болмай, алғашқы айналымда сүрініп, жарыстан шығып қалды. Мүмкін соңғы күші сарқа жұмсамай Загребтегі турнирге сақтаған да болар. Мағжан Grand Slam сериясындағы алғашқы айқасында өзінің қарсыласынан физикалық дайындығы кемшін соққанын көрсетіп алды. Құрыштан құйғандай кубалық балуан Шәмшәдиннің сойынан әлдеқайда қарулы болғанымен, техникалық тұрғыда таяздық танытты. Мағжан оның шабуылын тойтара отырып, қарымта шабуыл арқылы жеңіске жетті.

Финалда күрескен кәріс балуанымен екі жыл бұрын Изарильдегі халықаралық турнирде есе жіберген болатын. Рас, ол кезде Мағжанның тәжірибесі  толыса қоймаған шағы болатын. Биылғы жыл бұл балуан үшін сәтті басталды десе де болады. Осы жылдың ақпан айында Израильдің бас қаласы Тель-Авив қаласында жартылай финалда сүрініп, қола медаль олжалаған болатын.

Дзюдошылар үшін тығынатын уақыт тар. Алда Азия чемпионаты тұр. Және Азия чемпионаты елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Тамыз туа басталатын құрлықтық аламаннан кейін қазан айында Ташкентте әлем біріншілігі байрағын көтереді. Осынау додаларда ел намысын қорғау басты міндет.

Біз неге Мағжан Шәмшәдиннің Grand Slam сериясындағы жеңісіне айрықша тоқталып таратып жаздық?  Рас, бұл әлем чемпионатының алтыны емес. Дегенмен де Мағжан өзі айтқандай, дзюдо күресінен қазақстандық балуандар осындай маңызды додаларда ел намысын биікке көтеріп, чемпион атанбағалы, әнұранымызды шырқатпағалы да бірнеше жылдың жүзі өтті. Сондықтан да бұл алтын медальдің салмағы басым.     

 

Бір өкініш, бір үміт

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бері қарай жазғы Олимпиада ойындарына  жеті мәрте қатысты. 2024 жылы Париж  жазғы Олимпиадасы да қыр астында тұр. Біз жазғы аламанға жеті мәрте қосылғанымызбен де, дәл осы дзюдо спортынан Олимпиада алтынын олжалай алмай келеміз. 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиадасының финалында 100 келіге дейінгі салмақта күрескен Асхат Жіткеев моңғол Тувшинбаяр Найданнан жеңіліп, күміс медальді місе тұтты. 2016 жылы Рио жазғы Олимпиадасының финалында Елдос Сметов (60 келі салмақта) ресейлік Беслан Мудрановқа есе жіберіп, күміс медальді місе тұтты. Былтыр Токио жазғы Олимпиадасының финалында жапон Такатоға жартылай финалда есе жіберіп, қола медальмен шектелді. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде жазғы Олимпиада ойындарына жеті мәрте қатыстық дедік қой. Осы жеті бірдей аламанда қазақ балуандарына дзюдо күресінен де алтын медальдің бұйырмауы үлкен олқылықтың орны тұрғанын аңғартады.

Қазақ дзюдошыларынан неге әлі күнге Олимпиада чемпиондарын шығара алмай келеміз? Мүмкін бапкерлік біліктілік деңгейді көтеру керек те шығар. Бапкер дегеннен шығады, қайбір жылы Ресейдің спортына жауапты ақ жағалылар итальяндық Эцио Гамбаны 2008 жылы дзюдодан Ресей ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне шақыртты. 1980 жылы Мәскеу төрінде өткен жазғы Олимпиаданың чемпионы Гамба Ресей дзюдошыларын баптауды қолға алғаннан-ақ қызу іске кірісті. Арада төрт жыл аунағанда Ресей дзюдошылары Лондон жазғы Олимпиадасында теңіз үстінде дауыл тұрғызбады ма! Алтын медальді қалай  көсіп-көсіп алды. Ресейдің дзюдо мектебі әлі күнге дейін тегеурінді, қауқарлы.

Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының Қоғам деген ауылында қазақ күресінің үйірмесін ашып, ұлттық спортымызды осыдан 45 жы бұрын дәріптеп, талай жастарды қанаттандырып ұшырған білікті бапкер Оңалбек Әуелбеков айтады: «Біздің спортшылар неге қауқарсыз? Әрине қарсыласы  әсіресе жаспондар, кәрістер, орыстар, француздар, бразилиялықтар, америкалықтар секілді олардың да қолы екеу, аяғы екеу. Күші де жеткілікті. Бірақ техникалық, тактикалық әзірлік әлдеқайда кемшін соғып жатады. Бұл олқылықтың орны қайткенде бүтінделеді? Ол үшін шетелден мықты, таңдаулы бапкерді елге шақырту керек, ұзақ жылға келісімшарт жасасып, балуандарды баптауды сеніп тапсыру қажет. Екінші бір жолы өзіміздің бапкерлерді дзюдо спорты мықты дамыған елдерге бірнеше жылға тәжірибесін тыңайтуға жіберіп, шыңдаудан өткізу  ләзім. Онсыз біз биікке шыға алмаймыз» деген болатын. Бапкердің сөзінің жаны бар, қалай болғанда да талантты жастардың шоғыры өсіп шығады, ересектер қатарына қосылғанда солардың басым көпшілігі жеткен жетістігінің отына жанып, жұлдыздық аурудың құрты өзегіне түсіп кетеді де, ерте сөніп қалады. Бұл арада  спортшының Олимпиада чемпионы атану үшін тек бапкердің біліктілігі керек десек, аздық етеді, спортшының да тынымсыз тер төгуі шарт.


P.S. Қыр астында Париж жазғы Олимпиадасы (2024 жылы өтеді) тұр. Кешегі Мағжан ақын «мен жастарға сенемін» деп үміт артқанда бүгінгі күннің  Мағжандары лапылдап жанатын шақ алда деп сенеміз.