Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

М. Жылгелдинов: Архившілердің біліктілігін арттыруға арналған шара бұған дейін жүзеге асырылмаған

1870
М. Жылгелдинов: Архившілердің біліктілігін арттыруға арналған шара бұған дейін жүзеге асырылмаған - e-history.kz

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде ТМД елдері жас архившілерінің Жазғы мектебі өтті. Архив қызметкерлерінің заманауи форматтағы кәсіби білім алаңы саналатын шараға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Кореяның ғалымдары мен тәжірибешіл мамандары қатысты. Аталған шара жас архившілердің біліктілігін арттырып, жаңа технологиялар мен архив жұмысындағы заманауи әдістермен танысуға, архив саласындағы халықаралық қатыснастарды дамытуға бағытталған. Бесінші мәрте өткен жазғы мектепті ҚР Президентінің Архиві, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Аталмыш шараның өткізілуіне мұрындық болғандардың бірі ҚР Президент архивінің оқу-әдістемелік орталығының басшысы Мұхаммед Жылгелдиновпен сұхбаттасып, жазғы мектеп туралы сұрап білген едік. 

 

- Қазақстан Республикасы Президент Архивінде ТМД елдері жас архившілерінің V Жазғы мектебі ресми түрде ашылды. Дәстүрге айналған шараға әлемнің бірнеше елінен жас мамандар қатысып, архивист ғалымдары қатысты. Жазғы мектеп туралы сондай-ақ аталмыш шараның маңызы туралы айтып өтсеңіз? 

- Жалпы бұл іс-шара ТМД елдері жас архившілерінің жазғы мектебі ретінде алғаш рет 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің бастамасыен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлестікте жүзеге асырылған халықаралық жоба болып табылады. Бірінші Жазғы мектепке Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясынан 50-ге жуық қатысушылар қатысқан болатын. Дәріскерлер ретінде біз сол кездегі ресейлік тәжірибешіл ғалымдар, мамандар Михаил Васильевич Ларин, Филипп Георгиевич Тараторкин және өзіміздің қазақстандық әріптестерімізді шақырғанбыз. 

Бұл жоба жыл сайын өткізілетін халықаралық жоба ретінде де құнды. 2017, 2018, 2019 жылдары Алматы қаласында ұйымдастырылған іс-шараның ашылуы дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Президенті архивінің базасында өткізіледі. Ал қалған күндері дәрістер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылады. 2020 жылы пандемияға байланысты 1 жылға кейінге қалдырылғанымен, 2021 жылы онлайн форматта ұйымдастырылды. Онлайн форматта ұйымдастырылғанының бір артықшылығы, біз іс-шараға қатысушылардың географиялық ауқымын кеңейттік, яғни көптеген елдерден аталмыш іс-шараға қатысуға архив ісінің мамандарына мүмкіндіктер ашылды. Сондықтан 2021 жылы 300-ден аса қатысушылар қатысқан болатын. Биыл ұйымластырушылар тарапынан аралас форматта өткізу туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты қазір 50-ге жуық қатысушыларымыз Алматы қаласында кешеден бері белсенді қатысып жатыр, ал қалған 350-ден аса қатысушыларымыз онлайн форматта қатысып отыр. Олар – биыл Армения, Азербайжан, Белорусь, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның облыстық архивтеріне қатысушылар. Биыл алғаш рет ТМД елдерінен бөлек, Монғолия мен Қытайдың тыңдаушылары осы іс-шараға қатысып жатыр. 

photo1656064648.jpeg

Дәріскерлер ретінде биыл Белорусь, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Оңтүстік Кореяның мамандарын да шақырып отырмыз. Тыңдаушылар – архив ісінің мамандары.

-   Бұл жазғы мектеп кімдер үшін ұйымдастырылып отыр?

- Негізінен бұл жазғы мектеп бұрын тек ТМД елдері үшін деп басталған. Қазір одан бөлек, мысалы Моңғолия мен Қытай елдерінен қатысып жатыр. Бұл архив мекемелерінің жас мамандарына арналған. Ол жерде мемлекеттік архивтер бар. Сонымен қатар біз Алматы қаласында орналасқан Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің студенттерін, Алматы көпсалалы колледжі студенттерін де, архив ісі бойынша білім алып жатқан мамандарды да (студенттерді) аталған іс-шараға қатысуға шақырамыз. 

-   Жазғы мектептің тақырыбы неге ұлттық заңнамаға қатысты бекітіліп отыр?

- Жазғы мектептің тақырыптары жыл сайын ауысып тұрады. Бұл архив саласындағы өзекті мәселелерге қатысты болып отыр. Биыл ұйымдастырушылар тарапынан цифрлық трансформация жағдайындағы архив ісі бойынша заңнамаларға қатысты тақырып таңдалып алынды. Өйткені цифрлық трансформация, цифрландыру деген өзекті мәселелер қазір барлық мемлекет деңгейінде кез келген салада, оның ішінде архив саласында да негізгі өзекті тақырып болып тұр. Сондықтан біздегі, көптеген мемлекеттердегі заңнамалар, яғни электрондық архивтерді, мысалы электрондық құжат айналымы мәселелері заңнамаларда немесе оған қатысты қандай да бір нормативті құқықтық актілерде толық көрсетілмеген. Демек кейбір тұстарын өзгерту керегі байқалады. Сондықтан барлық елдердегі біздің әріптестер, мысалы мемлекеттегі архив ісінің заңнамалық реттеу мәселелері қандай деңгейде, қандай жолдармен жүргізіліп жатыр деген мәселелерді талқылайды. Мәселеге қатысты тәжірибемен бөлісу мақсатында біз осы тақырыпты таңдап, оған бірнеше мемлекеттің дәріскерлерін шақырдық. 

- Биыл 400-ден аса қатысушылар келген екен. Оның ішінде өзге 9 елден келген спикерлер де бар. Айтыңызшы, бүгінге дейін қандай дәрістер ұсынылды және оқылды?

- Енді дәстүрлі түрде бұған біздің Қазақстан архив ісінің мамандары міндетті түрде дәрістер ұсынады. Биылғы дәріске біздің Президент архивінің басқарма басшысы Мұқажанова Гүлнар Жұмағұлқызы Қазақстандағы архив ісі саласындағы заңнамаға қатысты өзінің дәрісін оқиды. Кеше жазғы мектептің бірінші күні өтті. Сонымен қатар ресейлік әріптестеріміз, біздің бұрыннан бері осы жазғы мектеп аясында серіптестікте жұмыс істеп келе жатқан Михаил Васильевич Ларин мен Ресей мемлекеттік гумманитарлық университетінің профессоры, факультет деканы Филипп Георгиевич Тараторкин секілді кісілердің лекциялары қарастырылған. Бүкілресейлік архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының басшысы Павел Алексеевич Кюнг өзінің құттықтау сөзімен іс-шараның ашылуына қатысты. Енді ертеңгі үшінші күнгі дәрістерімізде сол институттың бөлім басшысы Афанасьева Лада Павловнаның дәрістері қарастырылған. Оған қоса Беларусиядағы архив ісі және құжаттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Рыбаков Андрей Евгеньевич де құттықтау сөзін сөйледі. Бүгінгі бағдарлама аясында сол кісінің дәрісі бар. Одан бөлек Өзбекстан Республикасының «Өзархив» агенттігі директорының орынбасары Алиев Анваржон Орифжонович биыл шарамызға офлайн қатысып отыр. Бұл кісі Алматы қаласына келіп, кеше дәрісін өткізді. Қытайдың «Renmin» университеті (Қытай халық университеті) факультет деканы Лю ЮэНань дәрісі бүгін сағат 1-де өтеді. 

photo1656064648 (1).jpeg

Былтырдан бері бізге жазғы мектепке Кореяның ұлттық архивінің қызметкерлері дәріскерлер ретінде қатысып жатыр. Былтыр архив маманы Ким Чжепенг қатысса, биыл Мун Хен Сук деген архив қызметкері өзінің дәрісін видео баяндау түрінде бізге жолдады. Биыл іс-шараға (жазғы мектепке) Монғолия, Қытайдан келген мамандар дәріскер ретінде де, тыңдаушы ретінде де бірінші рет қатысып отыр. Монғолияның Бас архив басқармасының қызметкері Амаржавтан Баянбилэг Петруш деген әріптесіміз кеше іс-шараның салтанатты ашылуына қатысып, архив сайтында жазғы мектеп туралы моңғол тілінде ақпаратты орналастырып қойыпты. Сол кісінің дәрісі ертең болады.

-   Жазғы мектеп жұмысынан соң қандай нәтиже күтесіз?

- Жалпы бұл – посткеңестік мемлекеттер арасындағы архив ісінің мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған халықаралық деңгейдегі жалғыз жоба. Алдағы жылдары басқа да мемлекеттерді шақырамыз деген жоспарымыз бар. Архившілердің біліктілігін арттыруға арналған дәл мұндай іс-шара шара бұған дейін жүзеге асырылмаған. Жобаның ауқымды екенін дәріскерлердің де құрамын-ақ көруге болады. Мысалы, әр мемлекеттегі архив ісіне қатысты ең жоғарғы оқу орындары немесе ғылыми зерттеу институттарының басшылары, директорлары, білікті мамандары осы іс-шараға дәріскер ретінде қатысып отыр. Яғни бұл жазғы мектеп қатысушыларға биыл, мысалы, 400-ге жуық адам қатысты десек, олардың заманауи архив ісіндегі заманауи технологиялар мен әр мемлекеттердегі өзгерістермен танысуға мүмкіндік беретін өте жақсы алаңға айналып отыр деуімізге болады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?