«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қызылорда облысы: туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындар ІІ бөлім

398
Қызылорда облысы: туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындар ІІ бөлім

Республиканың оңтүстік-батысында орналасқан ірі әкімшілік аймақтардың бірі (1938 жылы құрылған). Жалпы аумағы – 226 мың шаршы шақырым, халық саны 820,5 мың адам. Солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен, солтүстігінде Қарағанды облысымен, шығысында Түркістан облысымен және оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. 7 ауданы (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған), 3 қаласы (Қызылорда, Арал, Байқоңыр) бар.

Алаштың анасына баланған Сыр өңірі адамзат өркениетінің көне ошақтарының бірі. Сыр елі – ұлттың ұясы, қонар қиясы. Небір жаугершілік, зобалаң заманда халқымыз Сырдың бойына келіп жан сақтады, күш біріктіріп жеңісті жолын бастады. Берекелі жерінің асты да, үсті де құт!

«Сыр елі – астаналар мекені», «Сыр елі – жыр елі», «Сырдың жері-Тұранның төрі» сөздері бүгінде құлаққа сіңісті қағидаларға айналды. Бұл киелі аймақтың қайталанбас тарихын, Алаш жұртының қарашаңырағы мен түркі халықтары жасаған өркениеттің ошағы болғандығын аңғартады.

Елбасының «Сыр – Алаштың анасы... Бұл – дана Қорқыт бабамыздың, Жанқожа мен Бұқарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, Сыр сүлейі Кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, тамаша жазушы Әбдіжәміл мен Қалтайдың, тағысын-тағы көптеген ардақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сол үшін де Қызылорда күллі қазақ үшін қасиеті ортақ жер», - деген сөзінің орны ерекше.

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысы: туристер қызығушылығын тудыратын көрнекті тарихи орындар І бөлім

Топырағынан кие дарыған бұл өңірде түркі жұртының абызы Қорқыт ата өзінің мәңгілік мекенін тапса, адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышты бағындыруға аттанды.

Ұлы Дала төрінен орын алған өлкенің қай бөлігіне барсаңыз да, қарт тарихтан шер тартатын сан алуан мұраларға қол жеткізесіз. Бұл Ұлы дария бойында жасаған өркениеттің қазақ тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте аңғартып, тарихтың керемет тұңғиығына жетелей түседі.

Бүгінде заманауи ақпараттық технологиялар арқылы Қызылорда облысының ескерткіштерімен танысу үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. 150 тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы қамтылған арнайы сайт (www.virtualmap.xyz) қолданысқа енгізіліп, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылған.

Ендеше, Сіздерді Сыр өңірінің ең қызықты тарихи орындарымен танысуға шақырамыз!

АЙТБАЙ МЕШІТІ

1.jpg

Қызылорда қаласы Қ.Сәтпаев көшесі, 18 мекен-жайда орналасқан.

Мешіт 1878 жылы салынған. ХІХ ғасырға тән көрнекті ескерткіштердің бірі. Облыс орталығында орналасқан мешітті Айтбай қажының бастамасымен Әулиеаталық шеберлер Ысқан мен Қамал салған.

Кеңес уақыты кезінде ғимарат өзінің басты міндеттерін бірнеше рет ауыстырып, 1950 жылдары кинотеарт ретінде пайдаланылса, кейін ол жерге мектеп-интернат, 1970-1971 жылдары тігін цехы, одан кейін «Қызылордақалпынакелтіру» мекемесі орналастырылды.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап ғимарат иісі мұсылманның құлшылық етер орнына айналды.


ШІРКЕУ ҒИМАРАТЫ

2.jpg

Қызылорда қаласы, Тоқтыбаев көшесі, 5 мекен-жайда орналасқан.

Шіркеу кең тараған сәулеттік жобаның баламасы. Осыған ұқсас шіркеулер Астраханда және Ташкентте кездеседі. 1895-1939 жылдары орыс шіркеу, 1939-1957 саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасылары өмір сүрген, 1957-1980 жылдар аралығында облыстық музей, 1980-1991 жылдары бос тұрған. Бүгінгі таңда шіркеу христиандардың бас қосып, мінәжат етер негізгі орны.

 

ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР ЕСКЕРТКІШІ

3.png

Қызылорда қаласы Сұлтан Бейбарыс және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан. Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан әмірі Жалаңтөс Сейітқұлұлы ХVII-ХVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің атасы болып келеді. Ескерткіш 2010 жылы орнатылды. Авторлары ҚР Суретшілер Одағының мүшелері, мүсіншілер Н.Далбай мен Қ.Жарылқапов.

   

БҰҚАРБАЙ ЕСТЕКБАЙҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ

4.png

Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев көшесі, 72Б мекен-жайда орналасқан.

Бұқарбай Естекбайұлы ХІХ ғасырда  патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қазақ ханы Кенесарыны қолдаған батырлардың бірі. Ескерткіш 2012 жылы тарихи тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында бой көтерді. Ескерткіш Ж.Исмагуловтың жобасы бойынша қоладан құйылып, гранит таспен қапталған тұғырға орнатылған.

 

ЖАНҚОЖА НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ

5.jpg

Қызылорда қаласы Теміржол вокзалы маңында орналасқан.

Жанқожа Нұрмұхамедұлы – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Ескерткіш 2014 жылы бой көтерді. Ескерткіш қоладан құйылған. Авторлары Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері, мүсіншілер А.Кененбаев, Қ.Дулатов, Т.Серікбаев.


МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕСКЕРТКІШІ

6.jpg

Қызылорда қаласы, Ы. Жақаев көшесінің бойында орналасқан.

2018 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың есімін ұлықтау, мәңгі есте қалдыру мақсатында орнатылған. Ескерткіш қола материалынан құйылып, гранитпен қапталған тұғырға орнатылған. Ескерткіштің авторы белгілі мүсінші К.Байғазиев.


БАТЫРХАН ШӨКЕНОВ ЕСКЕРТКІШІ

7.jpg

Қызылорда қаласы, Б.Шөкенов атындағы саябақта орналасқан.

Ескерткіш 2018 жылы еліміздің және Ресей эстрадасының жұлдызы, сазгер, белгілі әнші Батырхан Камалұлы Шөкеновтің есімін ұлықтау мақсатында орнатылды. Ескерткіштің қоладан құйылып, тұтас граниттен дайындалған тұғырға орнатылған. Ескерткіштің авторы елімізге белгілі мүсінші М.Мансуров.

   

САУЫСҚАНДЫҚ ПЕТРОГЛИФТЕРІ

8.jpg

Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырымда орналасқан. Сауысқандық петроглифтері тарихы терең археологиялық ескерткішпен қоса, табиғат ландшафтысы ерекше туристтік нысандардың бірі.

Петроглифтердің мерзімделу немесе хронологиялық шекараларын ашып көрсету мәселелеріне келетін болсақ, мұндағы суреттер ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық кезеңдер мен кейінгі қазақ гравюраларына дейінгі аралықты қамтиды. Негізгі мотивтері-антропоморфтық фигуралар, бұқалар, арбалар, түйе және де басқа аң-кұстары бейнеленген символдар. Бұлардың барлығы әртүрлі сюжеттермен композицияларға біріккен, сан алуан тұрмыстық діни таным, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты. Бұл бейнелер қола заманындағы діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғүрыптық тұстарын көрсетеді.

 

ОҚШЫ АТА КЕСЕНЕСІ

9.jpg

Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырымда орналасқан. Кесене ХІ ғасырда салынған.       

Кесене туралы мәліметтер В.Каллаур, И.Кастанье, А.Ниязов, Ә.Қоңыратбаев еңбектерінде кездеседі. Қазақ жеріндегі оғыз – қыпшақ кезеңінен сақталған бірден бір кесенелердің бірі. Мазарға жерленген кісінің аты Ибраһим шайхы. Лақап аты – Көгентүп, Оқшы ата – кейін ел қойған есімі. Оқшы ата ХІ ғасырда өмір сүрген, халықты жаудан құтқарып, елдің болашағы үшін күрескен ұлы тұлға. Оқшы ата кесенесі орналасқан үлкен қорым Ғайып ата, Қыш ата, Асан ата, Есабыз ата, Досбол би, Бала би сынды әулиелер жерленген қасиетті орын ретінде маңызға ие.


СЫҒАНАҚ ҚАЛАШЫҒЫ

10.jpg

Жаңақорған ауданы Сунақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай  2 шақырымда орналасқан. Х-ХҮІІІ ғасырлармен мерзімделеді.

Ортағасырлық деректерге қарағанда, қала ХІ-ХІІІ ғғ. ДЕШТІ-Қыпшақ елінің, ХІІІ-ХІҮ ғғ. Ақ Орданың, ХҮ-ХҮІІ ғғ. Қазақ хандығының елордасы болған. Түрлі тарихи кезеңдерді басынан өткізген қала ХҮІІІ ғасырға дейін өмір сүргені мәлім. Сығанақтың «Қыпшақ даласының айлағы» деп аталуы әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы қаланың шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамығандығын аңғартады.

Сығанақ қаласы өз заманында мә­дениеті өркендеген, өнері өрістеген ірі ру­хани білім орталықтарының бірі болды. Алтын Орда дәуіріне жататын елеулі туындылардың бірі ̶ «Хұсрау мен Шырын» поэмасы (авторы: Құтб шайыр) осы Сығанақ шаһарында жазылды. Сондай-ақ, деректерде шығармалары шығыстық ақыл-ой жауһарлары санатында аталатын дарынды ғұлама Һисамиддин Сығнақидің осы қалада дүниеге келгендігі айтылады.

Бүгінгі күні Сығанақ қалашығында ашық аспан астындағы мұражайдың алғышарты жасалып, консервацияланған нысандарды: қорғаныс қабырғалары мен мұнараларын, қақпасын, тұрғын үй орындарын көруге болады. Сондай-ақ, қалашықтың тарихи кезеңдері бейнеленген «SYGANAQ» стеласы бой көтерген.

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 

Арнайы "Қазақстан тарихы" порталы үшін