Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақмола облысының топонимдері – тарих іздері 1-бөлім

3418
Ақмола облысының топонимдері – тарих іздері 1-бөлім - e-history.kz

Тарихи жер атаулары – сол өңірде өмір сүрген халықтың таным-түсінгі мен тарихын өзіне жасырып жатады. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіндегі «Халық қазынасы» ғылым-зерттеу институты шығарып келе жатқан «Қазына» ұжымдық монографиясының 6-шығарылымы «ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» жинағындағы Ирина Бекзатқызының «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ ТОПОНИМИЯСЫ» атты зерттеу жұмысы осыны аңғартады.

Ирина Бекзатқызы: «Қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды бөліктерінің бірі – ұлттық топонимдер. Топонимдер қазақ халқының сан ғасырлық тарихы, ана тілі мен материалдық және рухани мәдениетінің бай мұрасы сақталған халықтың тарихи-мәдени коды болып табылады. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясының негізгі белгілерінің бірі ретінде тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесі үлкен саяси-идеологиялық мәнге ие. Тарихи географиялық атауларды зерттеу және оларды қалпына келтіру жердің этникалық тиістілігін анықтауға және халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын қайта жандандыруға мүмкіндік береді», – дейді аталған еңбегінде.

Аталған еңбек Ақмола облысының топонимдерін зерттеу арқылы Ақмола тарихының да біршама күрделі тарихының сырын ашады. Қазақстан егемендік алғаннан бастап дербес топонимикалық саясат жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде географиялық нысандардың тарихи атауларын қалпына келтіру, топонимдердің бұрмаланған транскрипциясын анықтау және түзету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Соған қарамастан бүгінгі таңда көптеген қалалар, елді-мекендер мен географиялық нысандар зерттеу мен тарихи атауын қалпына келтіруді қажет етеді. Осындай маңызды шараны жүзеге асыруда географиялық атауларды қазақтың тарихымен, ұлттық санасымен, дүниетанымымен, өмір сүрген табиғи ортасымен және ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен байланыстыра отырып қарастыру зерттеудің негізгі мақсаты болып табылады.

Біз қарастырып отырған Ақмола облысы Сарыарқа тарихи-географиялық аймағында орналасқан қазақ тарихында өзіндік орны бар аймақтардың бірі. Облыстың ежелгі және орта ғасырлардағы маңызды рухани мұрасы оның қоныстарының, материалдық және рухани мәдениет ескерткіштері мен географиялық нысандарының атаулары болып табылады. Аумақ топонимдерін зерттей отырып, бірінші кезекте жергілікті халықтың тарихына, халықтың тұрмысы мен мәдениетіне назар аударылды. Аймақтың топонимикалық жүйесінің қалыптасуына жергілікті жердің географиялық ерекшеліктерімен қатар, аумақтағы халықтар қоныстануының тарихи кезеңдері, ежелгі көші-қон мен ұлтаралық байланыстар, этностардың таралуы және ғасырлар бойы қазақ жерінде орын алған тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер де әсер етті. Жүргізілген топонимикалық зерттеулер облыс аумағына түрлі этникалық топтардың қоныстануы нәтижесінде аймақ топонимдерінің өзгеріске ұшырағандығынан ауқымды ақпарат берді. Зерттеу нәтижесінде аймақтағы идеологиялық тұрғыдан ескірген топонимдердің тарихи атауларын қалпына келтіру қажеттілігі анықталды. Бұл тақырыптың өзектілігін айқындай түседі.

Зерттеудің жаңалығы ретінде ізденіс барысында қол жеткізген облыс аумағындағы кейбір елді-мекендердің тарихи атаулары ұсынылады. Ұсынылған мәліметтер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің (әрі қарай – ҚРОМА), Омбы облыстық тарихи архивінің (әрі қарай – ООТА), Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің (әрі қарай – НҚМА) деректеріне, сондай-ақ, жергілікті өлкетанушылардың жазбалары мен автордың зерттеліп отырған аумақта жүргізген далалық этнографиялық экспедицияларының материалдарына негізделген.

Ақмола өңірі зерттеушілердің назарын өзіне ерте кезден-ақ аударды. Аймақ туралы алғашқы деректер орыс географтары мен саяхатшыларының еңбектерінде жарық көрді. Аз зерттелген өлкеге сондай-ақ жазушылар, этнографтар, тіл мамандары, ботаниктер, зоологтар, археологтар мен тарихшылар қызығушылық танытып, аймақтың табиғатын, ежелгі материалдық мәдениет ескерткіштерін, жергілікті халықтың салт-дәстүрлерін зерттеп, жазба қалдырды.

Әр кезеңдерде Солтүстік және Орталық Қазақстанды зерттеумен В. Даль, Г. Потанин, П. Семенов Тянь- Шанский, И. Кастанье, П. Рычков, А. Левшин, И. Словцов, Н. Северцев, Ф. Усов, В. Вельяминов-Зернов, Н. Коншин, М. Сиязов, А. Добросмыслов, И. Мушкетов, Ю. Шмидт, М. Красовский, В. Радлов, А. Седельников және басқа да орыс ғылымының көрнекті өкілдері айналысты. Олардың қатарында қазақ ғалымы, демократ және ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды.

Алғашқылардың бірі ретінде В.Н. Татищевті ерекше атауға болады. Ол Сібір аумағының географиясы, тарихы, этнографиясы, археологиясы, сондай-ақ тіл ғылымы бойынша құнды деректер жинады. Ғалым өз еңбектерінде жергілікті аңыздар мен тұрғындармен жеке сауалнама жүргізу барысында алынған материалдарды да қолданды. Оның «Общее географические описание Сибири» атты аяқталмай қалған кітабы аймақты зерттеудегі құнды еңбек болып саналады. Екі бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі Сібірдің жалпы сипаттамасына, екіншісі – Сібір аудандарының сипаттамасына арналған. Сондай- ақ, ол әр түрлі терминдердің мағынасын ашуға көп көңіл бөлді. Аталған кітаптың «О имени Сибири» деп аталатын тарауы «Сібір» атауының шығу тегіне арналған.

Татищевтің бұл еңбегі аяқталмағандығына қарамастан, Сібірдің табиғаты, экономикасы мен мәдениеті туралы мәліметтерді жинақтаудағы алғашқы талпыныс болды. Қазақстан аумағы кең көлемде сипатталған бұл кітап біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. В.Н. Татищев Қазақстан туралы ғана емес, сонымен қатар біз қарастырып отырған облыс туралы алғашқы жүйелендірілген мәліметтер берді (НҚМА, І.24, 38–42-бб).

Ақмола аймағын зерттеушілердің бірі П.И. Рычков болды. Ол 1762 жылы жарық көрген «Топография Оренбургской губернии» кітабында Есіл өзені, Ерейментау, Көкшетау тауларын және Ботағай (Татағай) қалашығын сипаттап жазады (Рычков, 1762, 169–170, 185- бб). Шамамен сол уақытта орыстар «Горкая линия» деп атаған аумақ бойымен жүріп өткен академик П. Паллас пен И. Фальк қазіргі Ақмола облысы аумағының қысқаша сипаттамасын жазды.

1771 жылы капитан Дьяковтың отряды Есілдің сол жақ жағалауына саяхат жасады. 1804 жылға дейін Солтүстік және Орталық Қазақстан туралы жарық көрген басы- лымдар сирек болғанын айта кету керек. Әдетте экспе- дицияларда жиналған мәліметтер архивтерде немесе генерал-губернаторлардың кеңселерінде сақталған. Тек 1804 жылдан бастап географ А.М. Щекатов Мәскеуде «Географический словарь Российского государства» сөздігін басып шығарғаннан кейін, аймақтағы бекіністер, Есіл даласының табиғаты, географиялық жәнегеологиялық ерекшеліктері туралы деректер жүйелендірілген бірқатар мақалалар мен очерктер жарияланды. Есіл, Нұра, Сарысу, Қорғалжын және басқа да өзендер мен көлдердің жағалауларында ежелгі жерлеу ескерткіштері, қалашықтар мен суландыру жүйелері болды. Мұнда үлкен табиғи байлықтар және өзіне тән жануарлар мен өсімдіктер әлемі болды. Сонымен қатар бұл аудандар әскери-стратегиялық және сауда-шаруашылық маңызға ие болды. Сондықтан экспедициялар өңірді зерттеп, сипаттай отырып, елді-мекендер мен бекіністерді салуға арналған орындарды да іздестірді (НҚМА, І. 20, 81-б)

1815–1816 жылдары саяхатшы В. Шангин қазіргі Көкшетау, Атбасар және Нұр-Сұлтан қаласы орналасқан жерлерді зерттеді. 1818 жылы жарық көрген «Сибирский вестник» журналында ол Нұра өзенінің оң жақ жағасында Қорғалжыннан 55 шақырым жерде орналасқан қираған қала орны мен Ерейментау тауларының маңындағы екі бекініс туралы жазып, Нұра өзенінің жоғарғы жағындағы ежелгі мыс кенішінің жанында орналасқан қираған мұнара мен Жақсықон өзеніндегі тас ғимараттардың қалдықтарын сипаттап жазды (Сибирский вестник, 1818, 89–90-бб).

Қазіргі Ақмола облысының аумағын зерттеу Ақмола, Көкшетау бекіністері, бекеттер мен пошта станциялары құрылғаннан кейін ерекше қарқын алды. Бұл кезде саяхатшыларға ұзақ сапарға шығу қауіпсіз бола бастады. Нәтижесінде өлкенің жан-жақты сипаттамасын жасап қана қоймай, жекелеген аудандары картаға енгізілді.

1830 жылдың жазында подполковник Шубиннің от- рядында болған казак офицері Шахматов пен топограф Казлов Ақмола даласында болып, ондағы өзен-көлдер, топырақ, климат, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, сондай-ақ көшпелі ауылдардың әдет-ғұрпы мен салт- дәстүріне сипаттама берді және жерді көз мөлшерімен өлшеу арқылы жоспарға түсірді. Екінші рет 1831 жылдың 29 мамырында, бұл кезде жүзбасы болған Шахматов орыс казактары отрядымен бірге Ақмола бекінісінен шығып, жаз бойы Нұра мен Есіл өзендері арасындағы жерді топографиялық картаға түсірді және Қорғалжын көлі ту- ралы жазып, Ботағай (Татағай) қалашығының қираған орнының суретін қағаз бетіне түсірді. 1836 жылы ботаник Л. Мейер құнды материалдар жинай отырып, Есілдің ба- стауына дейін жетті (НҚМА, І. 22, 41-б.).

Аймақ бойынша жасалған ең іргелі зерттеулерге тарихшы А. Левшиннің 1832 жылы Петербургте шығарылған «Описание Киргиз-Казачьих или киргиз- кайсацких орд и степей» еңбегі жатады. Ресей Сыртқы істер министрлігіндегі қызметі барысында үнемі Қазақстанның тарихи-географиялық жағдайын сипаттайтын құжаттарды кездестірген ол қазақ жеріне көп сапар шегіп, бақылап отырды. Жинақталған мәліметтерді ол аталған еңбекте бір жүйеге келтірді. Ол да Ботағай (Татағай) қала жұртын назардан тыс қалдырмады. Левшин «Қорғалжын көліне құятын Нұра өзенінің сол жағында өзеннің жоғарғы сағасынан 27 шақырым жерде Татағай немесе Ботағай атты қала болған деп жазады (Левшин, 1996, 107-б.).

Ақмола облысының көптеген жер-су атаулары өлкетанушы И.Я. Словцовтың еңбектерінде көрініс табады. И.Я. Словцов өзінің «Путевые заметки введенные во время поездки в Кокчетавский уезд Акмолинской области в 1878 году» атты еңбегінде аймақтың географиялық нысандарына сипаттама беріп, оларды картаға түсірді. Өлкетанушының бұл жазбалары 1878 жылы Ертіс өзенінің сол жағалауы мен Есіл өзенінің оң жағалауы арасындағы қазақ даласының солтүстік бөлігінде және Омбы мен Петропавл арасындағы саяхаты кезінде қағазға түскен (Словцов, 1878).

ХХ ғасырдың басынан бастап түркі тілдеріндегі топонимдерді зерттеумен көптеген тілтанушы ғалымдар, тарихшылар, этнографтар, географтар айналыса бастады. Түркі халықтарының топонимикасы мен терминологиясын зерттеуге В.В. Радлов, П. Мелиоранский, В.В. Бартольд және т.б. белгілі ғалымдар үлкен үлес қосты. Белгілі бір халықтың өмір сүрген аумағы қазіргі және бұрынғы топонимикалық кеңістігінің көмегімен анықталатыны ақиқат. Түркітанушы академик В.В. Радлов Сібір халықтарының топонимиясын, тілдерін, этнографиясын және археологиясын зерттей отырып, Сібір халқының қоныс аударуы және олардың ежелгі мекендеу ортасы туралы қорытынды жасады. Ол ХІХ ғ.соңы мен ХХ ғ. басында өзінің «Опыт словаря тюркских наречий» (1893– 1911 жж.) кітабында түркі лексикасынан алынған ауқымды топонимикалық және терминологиялық материалдарды жинақтап ұсынды. Көптеген түркі терминдері мен топо- нимдері туралы түсінік берді (Радлов, 1893).

Ақмола облысының топонимиясын зерттеудегі құнды дереккөз Ф. Щербинаның (1898–1909 жж.) статистикалық жинақтары болып табылады. «Материалы по киргизскому землепользованию собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей» атты 3 томдық жинақта Ақмола облысының Көкшетау, Атбасар және Ақмола уездеріндегі ауылдардың статистикалық мәліметтері, ақсақалдар есімі бойынша берілген қазақ қыстақтары мен қоныстарының атауы жинақталған. Сондай-ақ ауыл құрылған жыл мен жақын маңдағы өзен- көл атаулары да жинақта көрініс тапқан (Материалы.., 1898; Материалы.., 1902; Материалы.., 1909).

Қазақстанда топонимика ғылымы XX-ғасырдың 40-жылдарынан кейін қарқынды дами бастады. Қазақстанның топонимика ғылымына Е. Абдрахманов, Е. Қойшыбаев, Т. Жанұзақ, Е. Керімбаев, А.Е. Жартыбаев, Қ.Қ. Рысберген, С.Қ. Иманбердиева, Б. Бияров т.б. лингвист-ғалымдар үлкен үлес қосты. Қазақ топонимикасы бойынша алғаш қазақ тілінде 1959 жылы жарық көрген ауқымды ғылыми жұмыс А. Абдірахмановтың «Қазақстанның жер-су аттары» атты еңбегі болды. Автор аталған ғылыми еңбегінде Қазақстанның ірі қалаларының, кенттерінің, елді-мекендерінің, аудандарының, аудан орталықтарының және теміржол станцияларының атауларына, жалпы саны 800 ойконимге топонимикалық талдау жүргізді (Абдірахманов, 1959). Бұл зерттеулердің барлығы лингвистикалық сипатта болғандығын атап өту керек.

География ғылымы тұрғысынан қазақ географиялық атауларын алғаш рет XX ғасырдың 60-шы жылдарының басында Г.К. Қоңқашпаев зерттеді. Ол өзінің көптеген зерттеулерінде қазақ халқының географиялық терминологиясының қаншалықты бай екенін көрсетіп, Қазақстан аумағында сақталған моңғол топонимикалық элементтерін анықтады, сондай-ақ, түркі тілдес терминологияның заңдылықтарын белгілеп, олардың этимологиясын ашты. Ол алғаш рет қазақ халық терминдерін жинақтап, олардың Қазақстан топонимдерін құрудағы белсенді рөлін атап көрсетті (Конкашпаев, 1949; Конкашпаев, 1959). 1963 жылы жарық көрген «Словарь казахских географических названий» сөздігінде 2100 географиялық атау мен олардың қазақша нұсқалары мен орыс тіліндегі баламалары, семантикасы, жергілікті географиялық терминдер жинақталды (Конкашпа- ев, 1963). Бұл жұмыс бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми құндылығын жоғалтпаған Қазақстан топонимикасы бой- ынша алғашқы географиялық еңбек болып табылады.

Кейінірек Э.М. Мурзаев, С.А. Абдрахманов, В.Н. Попова, Ә.С. Бейсенова, Ж.Д. Достай, соңғы жылдары арнайы аймақтық зерттеулер жүргізген Г.Н. Ксенжик, К.Д. Каймулдинова, А.С. Омарбекова, Ә.Е. Аяпбекова, Қ.Т. Сапаров, А.У. Маканова, А. Егинбаева және А. Абдуллинаның зерттеулері де географиялық атауларды зерттеуге айтарлықтай үлес қосты.

Аймақ топонимдеріне тарихи-лингвистикалық талдау белгілі лингвист, филология ғылымдарының докторы О.А. Сұлтаньяевтың еңбектерінде көрініс тапты. Оның еңбектері топонимдерді құрылымдық-грамматикалық ерекшеліктері бойынша талдауға арналған. Ғалым өз зерттеулерінде атаулардың этимологиясына көп көңіл бөліп, топонимдердің этимологиялық сөздігін құрастырды (Султаньяев, 1971). Профессор А. Әбдірахманов пен О.А. Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер-су атаулары сөздігінде» Көкшетау өңірінің 2000-ға жуық жер-су атаулары қамтылған. Әсіресе ерте кезеңдерге тән ескі атаулардың шығу төркіні анықталған (Абдірахманов, Сұлтаньяев, 2015).

Тілтанушы Т. Жанұзақ Қазақстан топонимиясын зерттей отырып, құрылымдық типтері мен құрамын, топонимдердің этимологиясын қарастырады. Ғалымның редакторлығымен және Ө. Айтбаев, А. Абдірахманов, Б. Әбілқасымовтардың қатысуымен жарық көрген «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» атты еңбекте Орталық Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарындағы жер-су аттарының пайда болу, қалыптасу жағдайы, олардың лексикалық-семантикалық типологиясы, грамматикалық жасалу жолдары, лексикалық қабаттары жайлы толық мағлұмат берілді (Орталық Қазақстанның.., 1989). Т. Жанұзақтың басшылығымен ҚР БҒМ Тіл білімі институты авторларының бірлесуімен Қарағанды және Ақмола облыстары бойынша географиялық атаулардың сөздігі жасалды. Жарық көрген Ақмола облысы каталогының 1 томында 5 мыңнан астам топоним мен түсініктемесімен бірге берілген жүздеген топоним құраушы халықтық терминдер бар (Каталог, 2002).

Ақмола өңірінің тарихи атаулары туралы құнды деректер өлкетанушы Клара Әмірқызының өлкетану жазбаларында да кездеседі. Өлкетанушы өңір тарихы туралы баяндап, архив деректерін негізге ала отырып, өзгеріске ұшыраған қазақ атауларының тарихы туралы жазады (Әмірқызы, 1993; Әмірқызы, 2001). Аймақ тура- лы қызықты деректер ақмолалық өлкетанушы, журна- лист А.Ф. Дубицкийдің жазбаларында да жарық көрген. Өлкетанушының шығармаларында Ақмола өңірінің тари- хы мен жер-су атауларына қатысты бірқатар естеліктер қалдырылған (Дубицкий, 1992).

«Ақмола облысының географиялық нысандары номинациясының табиғи негіздері» тақырыбында 2004 жылы қорғалған А.У. Маканованың диссертациясы Ақмола облысының географиялық атауларының пайда болуы мен қолданылуының физика-географиялық негіздерін жүйелі топонимикалық талдауға арналған. Автор өз зерттеуінде Ақмола облысының географиялық нысандары атауларының ақпараттық деректер базасын құрып, оларға статистикалық талдау жүргізді. Бұл еңбек топонимиканың географиялық бағытын дамытуға елеулі үлес қосты (Маканова, 2004).

Соңғы жылдары облыстың өлке тарихы мәселелері Қ.Қ. Әбуев, Ж.О. Артықбаев, П.В. Косович, Б.Бейсенбайқызы, М.С. Бөкеш, М.Б. Адрешев, С. Байбосын, Х. Жармұхамбетов, С. Аллажарұлы т.б. ғалымдар мен өлкетанушылардың еңбектерінде көрініс табуда.

2018–2020 жылдар аралығында ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің BR05236868 «Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау» жобасын жүзеге асыру аясында Ақмола облысының топонимикалық жүйесіне зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ақмола облысы топонимдерінің қалыптасу заңды- лықтарын қарастырғанда, біріншіден, басым бөлігі жазық далалы, ішінара ұсақ таулы, шоқылы болып келетін ландшафт ерекшелігін ескерген жөн. Облыс топонимиясында әр түрлі табиғат ерекшеліктерін білдіретін атаулар, нысандардың сипаты, олардың орналасқан жері, кен байлықтары, климаты, өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесі бейнеленген (Султаньяев, 1971, 62- б.). Бұған А.М. Селищевтің «Қазақстанда топонимдердің қалыптасуының негізгі екі жолы болды: жер иесінің аты немесе ландшафт» – деп айтқан тұжырымы да мысал бола алады (Селищев, 1968, 69-б.). Э.М. Мурзаев «Очер- ки топонимики» еңбегінде топонимдердің көмегімен аумақтың физикалық-географиялық ерекшеліктерін, кейбір елді-мекендердің орналасуы мен қалыптасуын анықтауға болатынын атап көрсеткен болатын (Мурзаев, 1974, 57-б.).

Ақмола облысы еліміздің солтүстігінде Сарыарқа мен Теңіз жазығының арасында орналасқан тарихи- географиялық аймақ. Батысында Қостанай, солтүстігінде Солтүстік Қазақстан, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Қарағанды облыстарымен шектесіп жатыр. Облыстың географиялық жағдайының аймақ топонимиясының қалыптасуындағы рөлі орасан зор. Аймақтың жер бедерінің ерекшеліктері, геологиялық-геоморфологиялық құрылысы мен даму тарихы, жер бедерін түзуші факторлар жергілікті топонимдерде айқын көрініс тапқан.

Географиялық тұрғыдан Ақмола облысы Қазақтың ұсақ шоқысының солтүстік-батыс бөлігін алып жатыр. Облыс аумағында жер бедерінің ұсақ шоқылар, аласа таулар, аз тілімденген жазықтар секілді әр түрлі нысандары бар. Жер бедерінің әркелкілігі күрделі геологиялық үрдістердің әсерінен пайда болған. Облыс аумағының солтүстік бөлігін Көкшетау (Көкше шыңы – 947 м), Жақсыжалғызтау (730 м), Жыланды (665 м), Зеренді (587 м) тауларымен бірге Көкшетау жотасының орта тұстары алып жатыр. Облыстың оңтүстік жағы орташа биіктігі 300–400 метр болатын бұйратты, жон-жоталы жазық. Орталық бөлігінде Сандықтау, Домбыралы таулары орналасқан, оңтүстік- шығысында Ерейментау таулары, солтүстік шығысы Сілеті жазығымен ұласады, ортасында Атбасар жазығы көлбеп жатыр, оңтүстік-батысы Теңіз-Қорғалжын ойпатымен жалғасады (Энциклопедия.., 2009, 11-б.).

Осы қыраттардың арасында ерекше көзге түсетін Көкшетaу тaулaры aғын сулaрмен тілімделген. Тaулaр aрaсындa тaбиғaты сұлу көлдер бaр. Олaрдың жaғaлaуы мен тaу беткейінде қaрaғaйлы ормaн өседі (Бейсеновa, 2013, 232-б.). Осындай географиялық ерекшеліктеріне, жердің табиғатына, тау шыңының алыстан көкшіл болып көрінетін түсіне байланысты Көкшетaу аталған.

Көкшетау жотасы негізінен граниттерден және ішінара сиениттерден тұрады. XIX ғ. аяғы – XX ғ. бас кезіндегі зерттеушілердің пікірінше, Көкше табиғатының ерекшелігі граниттердің қатты қысыммен өте тереңде төгіліп, қатып қалуы нәтижесінде қалыптасқан. Ұзақ геологиялық кезеңдер бойы қатып қалған граниттер шөгінді жыныстардың астында бірнеше шақырымдық қалыңдықта көміліп жатты. Уақыт өте келе гранитті жа- уып тұрған қабық біртіндеп қирап, олар жер бетіне шықты. Граниттің азаюы салдарынан, түзілу кезінде одан тау жы- ныстарын белгілі бір көлемдегі және пішіндегі бөліктерге бөлген жарықшақтар пайда болды. Көбінесе олардың арасында плитка тәрізді және параллелепипед пішіндері кездеседі. Жел үрлеу нәтижесінде соңғылары матрас тәрізді пішінге ие болды. Сондықтан аумақтағы көптеген шоқылар, құздар мен жартастар алып матрастар тәрізді болып көрінеді. Желдің үрлеуі және су мен мұздың әсерінің нәтижесінде жартастарда ойыстар, шұңқырлар, қуыстар пайда болды. Сондықтан аймақ таулары мен жартастары ерекше көркем келбет пен соған сай атауларға ие бол- ды: Жекебатыр, Жұмбақтас, Құсмұрын, Аютас, Қабан, Үш ару жартасы, Тассырғанақ, Өгізтау (Сиыртас), Кебіс тау (Тас кебіс), Сандықтау, Найзатас, Түйетөбе және т.б. Бұл ретте әрбір тау бөлігінің, жартастың, жартас сынығының атауы белгілі бір аңыз-әңгімемен байланысты екенін ерекше атап өткен жөн. Олар адамдардың тұрмыс, өмір салты жағдайында әсем, бейнелі, поэтикалық тілмен дүниеге келген.

(Жалғасы бар)

Пайдаланған әдебиет:

«ДАЛАЛЫҚ ЕУРАЗИЯ ТӨСІНДЕГІ САРЫАРҚА МҰРАСЫ» ұжымдық монографиясы. Нұр-Сұлтан. 2020 ж.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?