Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі халықтарына ортақ мәдени құндылықтардың насихатталуы

3202
Түркі халықтарына ортақ мәдени құндылықтардың насихатталуы - e-history.kz

Түркі тектес халықтар туралы сөз болғанда , ең әуелі ойымызға «түрік» сөзі оралатыны анық. Жалпы, түркі халықтарының басын біріктіріп тұрған дүние – ежелгі аңыз-әпсаналарындағы, әдебиеті мен мәдениетіндегі ортақ сабақтастық пен тарихи тұлғалар ғана емес, тілдік ұқсастығы екенін де айта кеткен жөн. Түптеп келгенде, түркі тектес халықтар – Орталық, Шығыс, Солтүстік және Батыс Азияның, сонымен қатар Еуропа мен Солтүстік Африканың бөліктері этнолингвистикалық топтардың жиынтығы. 

Түркілердің тарихы жөніндегі ең көне дереккөз X ғасырдағы парсы шығармалары болса, оның ең нанымдысы – XI ғасырдағы Туманский деп аталатын қолжазбасы. Одан өзге XI ғасырдың басында араб тілінде жазылған Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат түрік» еңбегінде түркі халықтарының географиялық жағдайы, этнографиясы, әдебиеті мен өнері туралы мәліметтер келтірілген. Түркі халықтарының тарихи диалектологиясының да негізін салып, түркі әлемінің өрісін кеңейткен ғалымның түркология тарихында сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Түркі халықтарының шығу тегі жөнінде әлі күнге дейін әлем жұртшылығы мойындайтын басы ашық нақты тұжырым жоқ болғанымен, оны қазіргі таңда бірін-бірі жоққа шығаратын екі тұжырымның өмір сүріп келе жатқанына белгілі тарихшы, ғалым Қойшығара Салғараұлы «Түрік әлемі» кітабында тоқталып өткен.

Түркі халықтарының шығу тегі мен тарихы

Ғалымның пікірінше, біріншісі – осы күнге дейін үстемдікке ие болып келген түркілердің тегін Алтайдан шығарып, олардың қазіргі түркі тектес халықтар мекендеп отырған өңірлерге келуін халықтардың Азиядан Еуропаға ұлы қоныс аударуымен байланыстыратын тұжырымдама. Мұндай тұжырымның негізін қалаушылар – өздерін үнді-еуропалықпыз деп санайтын еуроцентристтік бағыттағы ғалымдар. Екіншісі – бұған қарсы тұжырымдама. Олардың пайымдауы бойынша, аталған халықтардың бәрі де түркілер және олар ешқайдан ауып келмеген, аталған өңірлердің байырғы тұрғындары. 

түркіәлемі.jpg

Бұл тұжырымның негізін қалаушылар – түркі тектес халықтардан шыққан түркітанушылар. Ғалым осы екі тұжырымның қайсысы дұрыс екеніне тоқтала келіп, ежелгі тарихи аңыздарға сүйене отырып, «Түрік» атауының нақты бір кісінің аты болғанын, кейіннен белгілі бір халыққа жалпыламалық мәндегі халықтық атауға айналғанын дәлелді түрде жазады. Оған қоса, кітапта (Қ. Салғараұлы «Түрік әлемі») көне ирандық зороастризм діни кітаптарының жиынтығы – Авестада көне Иранның солтүстік шығысын мекендеген халықтардың бәрін «тұрлар» деп атауын, сол халықтардың төл аты деп мойындап, ал осылардың кейін өзара бірігіп, ел болып, төңірегіне танылған кезіндегі ортақ атын «түрік» деп қабылдағаны жазылған. Демек, біздің бүгінгі күнге дейін парсылардың «сақ» деп келген халықтарының басқа емес, түркі тілдес халықтар екеніне көз жеткізуімізге болатыны жөнінде де дәйекті мысалдар келтірілген.

Түркі халықтарына ортақ Қашғари мен Фараби феномені

Түркі халықтары тарихын зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, XII ғасырға дейін Еуразия даласын мекен еткен сақ патшалықтары, ғұн империясы, үйсін мен қаңлы мемлекеттері, түркі мен түргеш, ұйғыр қағанаттары, енисейлік қырғыздар, қарлұқ, қарахан, қимақ, қыпшақ, хазар, бұлғар, оғыз, селжүк және хорезм ұлыстары болғандығына көз жеткізе аламыз. Ал, солардың ішінде IX-XIII ғасырларда дәуірлеген Қарахан мемлекетінде атақты ғұлама Махмұд Қашғари дүниеге келді. Оның «Түркі тілдерінің сөздігі» еңбегі – барша түркі халықтарына, соның ішінде қазіргі қазақ жері мен еліне географиялық және тарихи жағынан тікелей байланысты көлемді еңбек. XI ғасырда дүниеге келіп, сол кезеңдерде ерекше асқақтаған түркі рухы, мәдениеті мен тілін жан-жақты таныстыруды көздеген алып энциклопедия – түркі халықтарына ортақ мұра. Махмұд Қашғаридің өзі бұл сөздікте: «бірлік, көптік, салыстыру, асыру, кішірейткіш, септеу мен түрлену және басқа мәселелері сөз болмады. Сол үшін бөлек бір кітап жазып, оған «Түркі тілінің асыл жауһарлары» деп ат қойдым. Тәңірінің бұйрығымен осы ережелер сол кітапта айтылды»-деп, жазып кеткен. «Сөздікті» түрік тіліне алғаш рет Рифат Білге, кейіннен кониялық Атиф Бей тәржімалап, 1939-1941 жылдары Бесим Аталай түрік тіліне аударып, С. М. Муталлибов 1960-1963 жылдары Ташкентте өзбек тіліне аударып басқан. Ал, 1997 жылы А. Егеубаевтың (М. Қашғаридің еңбегі) қазақ тіліне толық аударылған 3 томдық еңбегі шыққан. «Сөздіктің» мазмұны мен құрылымын зерттеушілердің пайымдауынша, энциклопедиялық еңбекте адамның, қоғамның өмірі кең қамтылып, оларға қатысты заттар мен ұғымдарға түсінік берілген және 31 түркі тайпаларының 7500-дей сөзі жинақталған. «Сөздіктен» қазіргі қазақ тіліне жеткен 1221 сөздің 526-сының мағынасы өзгерген, ал 695-інің мағынасы сол күйі сақталған. Одан кейін орта ғасырлардағы Отырар қаласында дүниеге келген Аристотельден соң екінші ұстаз атанған Шығыстың ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері – түркі әлемінің ең асыл мұрасы. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» жайындағы трактатында материя мен форма туралы, парасатты қабілет туралы, өнер мен бақыт категориялары туралы, әділдік туралы, тағы да басқа көптеген маңызды дүниелер туралы сөз болған. Оны насихаттау, тарату – қазіргі өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның басты міндеті. Осы тұрғыдан халықаралық Абай клубының «Философиялық ойлар кітапханасы» сериясымен қазақ және орыс тілдеріндегі әл-Фараби шығармаларының жеті томдығымен бірге ағылшын тілінде жеке бір том шығаруы – бүгінгі қазақ руханиятына қосылған үлкен олжа. Еуропаның ортағасырлар мен жаңа дәуірдегі Р. Бэкон, Р. Декарт, Г. Лейбниц, Б. Спиноза секілді ойшылдары өздерінің теориялық шығармаларында әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд еңбектерін пайдаланғаны жөнінде сан мәрте айтылған еді. Демек, Батыс пен Шығысты байланыстыратын өркениет жолында біздің бабалардың сіңірген еңбегі ересен екені сөзсіз.

 Түркі халықтарына ортақ құндылықтардың насихатталуы

Түркі халықтарына ортақ мәдени құндылықтардың насихатталуы едәуір қарқын алып, кең көлемде жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде бірқатар игі іс-шаралар болып өтті. Солардың бірі – Алматыда өткен ортақ түркі тарихының жазылуы талқыланған басқосу еді. Онлайн форматта өткен халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының жұмысы «Ортақ түркі тарихының жазылуы» атты панельдік сессиямен ашылды. Осы орайда айта кететін жайт, Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмасымен Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Ортақ түркі тарихы» оқулығы Әзірбайжан, Қазақстан және Түркия мектептерінің бағдарламасына енгізіле бастады. «Ортақ түркі тарихы» пәнін биылғы жылы факультатив ретінде Түркияда 30 мың оқушы, Қазақстанда 15 мың оқушы, Әзірбайжанда 10 мың оқушы таңдаған. Оқулық ежелгі дәуірден бастап XV ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. 

Фото-2.jpg

Оқу құралында түркі халықтары құрған халықтардың тарихы, дәстүрлері, мәдениеті мен ұлттық ойындарының пайда болу тарихы да жан-жақты көрсетілген. Мысалы, түркілердің негізгі спорттық ойыны саналатын күрес күрэш, гүрәш ретінде Орталық Азия, Орал-Еділ бойы, Кавказ, Анадолы мен Балқан түркілерінде өте кең таралған. Осы секілді, қырғыздарда көкбөру, қазақтарда көкпар, өзбектерде көпкари немесе оглак түрінде танымал ат спорты да – түбі бір түркі жұртына ортақ ойын. Тіпті, түркі халықтарына ортақ балалар ойыны мен ойыншықтарында да ұқсастықтың бары сан ғасырдан бері астасып жатқан түркі халықтарының рухани-мәдени байланысынан сыр шертсе керек. Одан бөлек, халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапхана қорына түркология саласы бойынша 60-тан астам ғылыми кітаптарды сыйға тарту етті. Ұлттық кітапхана қорына табысталған кітаптар қатарында Академия дайындап шығарған «Көне түрк сөздігі», Рашид-ад-диннің «Жамиғат ат-тауарих» 5 томдық кітабы, «Алтай Республикасының көне түркі жазба ескерткіштері» секілді бағалы басылымдар бар. Жалпы түркілік ауыз әдебиеті – Орхон-Енисей, Талас жазбаларынан бастау алып, «Диуани лұғат ат-түрік», «Құтадғу білік», «Хұсрау мен Шырын», «Мұхаббат-наме», «Гүлстан бит-түрки», «Нахадж әл Фаради», «Қисса сул-Әнбиә» сияқты т.б. оғыз-қыпшақ тілінде жазылған мұраларды тудырған теңдессіз әдебиет. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ ғалымдары алғаш рет «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Орхон-Енисей мен ортағасыр жазба ескерткіштерінің қыр-сыры, дүниетанымы, қазіргі түркі тілдес халықтарға ортақтығын зерттеп, зерделеп келеді.

Оған қоса, ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымы түркітілдес елдердің мәдениет және өнер саласындағы достығын нығайтып, түркі халықтарына ортақ құндылықтарды насихаттауда көлемді істер атқарып келеді. 1992 жылы Бакуде және Ыстамбұлда өткен Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан мәдениет министрлерінің кездесуінен бастау алған бұл жоба 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту ұйымын құру жөнінде келісім жасады. 1996 жылы ТҮРКІСОЙ мен ЮНЕСКО ресми ынтымақтастығын бастап, бірлескен консультациялар өткізіп, өзара өкілдіктерін ашты. 2009 жылы ұйым қазіргі атауына ие болды. Сол жылы ТҮРКІСОЙ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдың 3 қарашасында құрылған түркі елдерінің геосаяси ұйымы – Түркі кеңесінің құрамына кірді. Бүгінде ол 14 түркі елдерін біріктіреді. Ұйым қызметі аясында қазақ халқының эпикалық ауыз әдебиетінің көрнекті үлгісі «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы, түркі жұртының көптеген елдерінің дастаны «Алпамыс батыр» жыры түркі халықтарының ортақ құндылығына айналды. «Түркі дүниесінің бесігі - Алтай» халықаралық форумы өткізілді. Ал, 2010 жылдың 25 мамыры күні Қазақстан Республикасының елордасы – қазіргі Нұр-сұлтан қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылған еді. Академияның басты міндеті де – түркі халықтарының ғылыми қауымдастығының ғылым мен білімінің дамуы. Халықаралық Түркі академиясының бастауымен хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында ұлы ақынның аударылып, жарық көрген шығармалары, ұлы ойшыл әл-Фарабидің еңбектері кеңінен насихатталып, оқырман қауымға ұсынылып отыр. Одан бөлек, былтыр ғана «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы аясында әлемнің 21 елінен 250-ге жуық танымал ғалымдар мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысқан форум болып өтті. Форумның басты мақсаты да – шетелдік және отандық түрколог ғалымдар арасында байланыс орнату арқылы түркітану ғылымының қазіргі жағдайына, жетістіктеріне, проблемалары мен дамуына талдау жасау болды. Аталған жоба бойынша, түркі халықтарына ортақ рухани қазына – онлайн кітапхана ашу, республикалық және халықаралық экспедицилар құру ісі көзделді. Ал, еліміздің мәдени орталықтарының бірі – ең көне шаһар Түркістанның облыс орталығына айналуы, оның ертедегі беделін қайта көтеріліп келе жатқандығы, қаланың эконмикалық және рухани тұрғыдан дамуы түбі бір түркі әлемі үшін үлкен жетістік.

210322031029787a3767220i.jpg

Қорыта айтқанда, түркі халықтарының рухани жақындығын, бірлігін нығайту, ортақ құндылықтарын жаңғырту – қазіргі жаһандану жағдайындағы өзекті мәселе. Жалпыадамзаттық мәдени көште түркі халықтарына ортақ мәдени құндылықтардың насихатталуы – әлі күнге дейін жалғасын таба беретін үздіксіз процесс. Тек оның мән-маңызының жоғалмай, мәңгілікке сапар шегуі үшін ізгілікті қоғамның берекесі бұзылмай, іргесі сөгілмей, бір бірліктен табылуы аса маңызды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?