Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Шама» әнінің қысқаша тарихы

2521
«Шама» әнінің қысқаша тарихы - e-history.kz

Ілгеріде жазылған «Ғайни» әніне қатысты мақаламызда Майра Уәлиқызының жары Жаржанның әйгілі «Гауһар тас» әнінің кей өлең шумақтарын жазғандығы жайында дерек келтірген едік. Осы жерде Бисмиллә Балабековтың  «Ән сапары» атты еңбегімен сол деректі арнайы үстей кетсек дейміз. «...Әбікей осымен бірге Жарылғапбердінің «Гауһартасын» түсіре кет, мен түсіндірейін, қалай шыққанын деп айта жөнелді. Майра бізге алыс емес, Шорман ауылы, Жаржанға тиген жылы жазда Жарылғапберді «Гауһар тас» әнін бір ауыз өлеңімен шығарып әкепті.

Басасың аяғыңды ырғаң, ырғаң,

Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң.

Жай тастап аяғыңды паңданасың,

Әсеммен жүйрік атша мойнын бұрған, деп бітіре берген кезде, қолында құман, қарында орамал, қолға су қуюға Майра сырттан киіз үйге кіреді.

Қазақ салтында күйеуін сыйлайды, сый қонағын өте құрметпен қарсы алады. Сондықтан екеуіне оңаша табақ бәйбішеден келмек. Су құйылып, табақ тартылып, Майра бірге отырып тамақ ішіп біткен соң, Майраға ән салдырады. Сонда Майраға риза болып «Гауһар тас әнін үйреніп ал деп төменгі екі ауызын екеулеп жазыпты. Үшінші-төртінші шумағын Жаржан өзі жазған. Екінші шумағын Жарылғап жазған.

Ажарың ақ түлкідей қашқан шыңнан,

Шолпандай таң алдында жалғыз туған.

Жылы су, қолда құман, қарда орамал,

Жібектен қызыл кәріс белін буған.

Сонда Жаржанның жаңадан қосқан үшінші-төртінші шумағы мынадай еді:

Қарағым, қара көзім қайтейін мен,

Дертіме үлкен дауа болдың ғой сен.

Зіннәтің Күләнәмнің раушанындай,

Бихабар қылдың, сәулем, қасіретіңмен.

Ажарың ашық екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай

Анаңнан сізді тапқан айналайын,

Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.

Әкем бұл әнді түгел түсіргенде барлығы риза болды. Дуылдасып көтеріп, Әміреге қарап қалып еді. Әміре біздің шалға ынталана қарап, аузының суы құрып, ішінен үйренгендей күбірлеп, төніпті де қалыпты. Жұмат: «Әй, Әміре»  деген кезде ғана, «әу» деп басын көтеріп, ұйып қалған бойын жинап, Жұматқа қарағанда, Жұмат әкейге қарап иек қағып қалып еді. Әміре осы әндерді үйреніп алам деген түсінік ымды бұл да берді. Бұл түн ән базары болып тарасты. Ертемен Әміре Әбікейдікіне келіп, әкемді ертіп үйіне әкетті. Әбікей бір жағы қалжың етіп, бөген құйрық қара шолақ аты көтергендей болсын деді. «Ардақ», «Гауһар тас» әндерін үйреніп ал деді Әміреге. Бір жетіде сақылдатып Әміре үйреніп те бітті»  дейді.

Осы жерде  «Гауһар тас», «Ғайни»  секілді ғажайып әндердің авторы  Жарылғапберді Жұмабайұлы жайлы да қысқаша дерек бере кететсек.  Жарғылғапберді  бұрынғы Кереку облысы Баянауыл жерінде 1914 жылы дүниеге келген. Әйгілі әнші, ғажайып сазгерлігімен қатар айтыскер ақын да болған. Жарылғапбердінің ерекше оқымысты, әсіресе шығыс поэзиясын жақсы білгендігі жайында ел ішінде естелік көп. Оның жауырыны жерге тимеген  палуан болғандығы да енді өз алдына жеке тақырып. Ән патшасы  Біржан салды  өзіне пір тұтқан Жарылғапбердінің артында  «Топайкөк», «Ғайни»,  «Шұбартау», «Шама», «Қаракөз», «Ардақ» секілді ғажайып  әндері  қалды.

Енді осы орайда «Шама» әнінің тарихына қысқаша тоқтала кетсек. Бұл әнге қатысты қиыспас  екі деректің  де бар екендігі мәлім. Ескі әншілердің  дені  бір ауыздан  бұл туындыны Жарылғапбердінікі деп келсе, екінші пікір  Қанжығалы Шама Нұрұлынікі еді дейді. Тіпті  2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде топтастырылған «Қазақтың 1000 әні» антологиясында осы әнді  Шаманың өз әні еді деп те жіберген екен.  Бұған қытысты Ереймендік ақын Сайлау Байбосын былай дейді.

«..Енді Шама Нұрұлы кім дегенге келейік. Мен Ереймен өңірінде туып-өсіп, сол жақтың өткен-кеткенінен, ру шежіресінен әжептәуір хабары бар адаммын. Бір қызығы, қанша жыл шежіре деректерін ақтара жүріп, Шама Нұрұлы деген адам атын еш кездестіре алмадым. Тіпті бірер мәрте әдейілеп іздестіргенім де бар. Екіншіден, «Шама» секілді ән тудырған адам болса, оның есімі ел ішінде ұмытылып кетуі мүмкін емес. Үшіншіден, кезінде ауыз әдебиеті үлгілері мен шежіре деректерін  көп жинаған Ғалымжан Мұқатовтың соңында қалған мұрасы жинақталып, ана жылы «Абыздар мен ақындар» деген атпен жеке кітап болып шықты. Бірақ бұнда да Шама есімі еш аталмайды» дейді.

Жалпы осы әннің тарихына тереңірек үңілсек, бұл туындының  арнайы  іс-машинасының пайда болуымен де  қатысты  деректерге  жолығамыз.  Іс-машина дегеннен шығады ғой.  Енді осы  іс машинасының  қазақ топырағына келуіне де аз-кем аялдай кетсек.

Алғашқы эскизі әйгілі суретші Леонардо да Винчиге тиесілі бұл «туындыны»  шамамен 1850 жылдары  америкалық Исаак Зингер Хант одан әрмен жетілдіріп, ерекше  тігін машинасын жасап шығарды.  Алғаш жасаған автор есімін иеленген «Зингердің»  атағының аспандап шығуына 1878 жылғы Парижде өткізілген  ЕХРО көрмесі тікелей әсер еткен секілді.  Содан кейін бұл бұйым әлемнің әр тарабына жайылып,  көптеп тарай бастаған.

Көп ұзамай «Зингер» машиналары  Ресейге, одан кейін қазақ топырағына да жеткен. Оны сол кездегі қазақ басылымдарының дені аса қуанышпен қабылдап, алақайлап  жазды десек те болады.  Мәселен, 1915 жылы «Қазақ» газеті өзінің  №94 санында;  «Зингер компаниясының киім тігетін машиналары өз магазинінде ғана сатылады. Несиеге алушылар жұмысынан бастап төлейді. Қол һəм аяқ машиналарының əртүрлісі бар. Басқалардың алдастыруынан сақтаныңыз! Магазиндері Русияның хама шаһарларында бар» десе, 1912 жылдың  №8 санында «Қазақстан» газеті «Іс тігетұғын машина» атты хабарында «Хатерлеріңізде болсын, іс тігетін машинаның ең жақсысы һәм ең мықтысы «Зингер» атты компанияның магазиндерінде ғана саналады. Хақдары арзан, 20 сомдықтары да бар, һәм несиеге де сатылады. Айға бір сомнан, яки екі сомнан беріп тұрсаңыз, «Зингер» қарай береді. Және бір файдасы, машине алған адамдардың хатуны, яки қыз балалары кесте тігісін үйренгілері келсе, «Зингер» бір тиын ақша алмай, түрлі әдемі кесте тігулерін үйретіп шығарады. «Зингердің» магазиндері барлық шаһарларда бар» деп жазғандығы осы сөзіміздің бұлтартпас дәлелі. Хош...

Без названия.jpg

Сонымен сөзімізге тиянақ болып отырған «Шама» әнінің шығу тарихына қатысты Б. Балабеков өзінің  «Машина», немесе «Шама» әнінің тарихы» деген жазбасында мынадай қызықты деректер келтіреді.

«Машина-Шама» Жарылғапбердінің әні. Бұл іс машинаның елге тарамаған, техника өнерінің мешеу кезі-тұғын.

Шорман ауылдары мен Баянауыл қаласындағы Өске (Васька) Павел Сергеевич үйлерінен іс машинасын Жарылғапберді күзгі боқырау жәрменкесіне келген кезінде көреді. Күзгі суықта базаршылар тамға қонақтайды. Оларға отырғанда сауық, тамаша керек. Сол кездің техника ұсталығын меңгеріп, жалғыз оқты шүріппелі шитіні қолдан жасайтын Сағынай ұста Түзелбай қарттар да қонақта бірге болып іс-машинаны меймандармен бірге таңырқасып, Жарылғапбердіге енді осы іс-машинаға ән шығаруды сұрайды. Жарылғапберді келесі жәрменкеде дайын етуге уағда береді.  Сөйтіп бұл ән дүниеге келеді.

«Күн батар кешке жақын таудан асып,

Шапақтап қызыл алтын нұрын шашып.

Ақшамның қараңғысы болған шақта,

Аһ үріп табысады өңшең ғашық.

Боз үйден таң алдында күйеу шығар,

Артынанан қалар жары бетін басып.

Келгенше енді айналып кім бар кім жоқ,

Қалқатай тіліңді әпкел  аузыңды ашып...» деп келетін ән шумақтарын Жарылғапберді келесі боқырауда машинеше бүлкілдетіп, қолындағы даяр сөз әлеңімен шығарып әкелген. Бір жоғары бір төмен бүлкілдетіп орындағанда жиналғандардың ішіндегі бір білгірі, бұл сөзімен, әннің бүлкілдеген сазына қарағанда әйелге де қатты ұқсайды екен дейді.

Сонда Баянауыл тауының күншығыс жақтағы Қызылтау баурындағы елдерді көп аралаған Сапарбек сол елдердің бір жерінен көрген Шаматай деген сұлу қызды естеріне салады. Жарылғапберді Тоғайдағы Тұз қала жәрменкесіне Павлодарға қала шыққанда осы сұлу қызды өз көзі шалғанын да айтады.  Сөйтіп бұл әннің аты «Машина да», «Шама да» бола берсін депті.

Сапарбек, Балабек  бұл әнді үнемі «Машина» деп айтып кетті. Ал Қали, «Шама» Жарылғапбердінің әні деп айтып өткен. Бұл әннің Жарылғапбердінің әні екендігін Қарағанды радиосында қызмет етіп жүріп, өз құлағыммен есітіп, программасын да жасағанмын. Жұмат Шанин де бұл әннің тарихын осылай түсіндіретін» дейді (Б. Балабеков «Ән-сапары» 102-103 беттер).

Аңдаған адамға Б.Балабековтың осы дерегі көп дүниеге  жауап беретін тәрізді.

Біздің бар мақсатымыз  бұдан кейінгі зерттеушілер мен өнертанушылар «Шама» әніне де қатысты осы деректерді де  қаперіне сақтай  жүрсе  деген ақпейіл ниет ғана.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?