«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Ғайни» әнінің қысқаша тарихы

2374
«Ғайни» әнінің қысқаша тарихы

Әйгілі қаламгер Оралхан Бөкей өзінің бір естелігінде былай деп жазба қалдырыпты.

«Мен 1968 жылдан 1974 жылға дейін бұрынғы «Лениншіл жас» (Жас алаш) газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген едім. Сол кезде «Халықтың өзі – қазына» деген айдар ашып, оқырман жұртшылықтың сандығында сарғайып, сақтаулы жатқан тарихи деректер ескілікті қолжазбалар мен сирек түсірілген суреттерді жариялап тұрғанбыз. Жуықта сол кезден қалып қойған архивімді ақтарып отырып, мына бір суретті тауып алдым. Енді ештен кеш жақсы деп, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Суретте: Әнші Майра мен жолдасы Заржан ақын.

1993 жыл» деп төмендегі суретті ұсыныпты.

Бұл суреттің осы мақаламызға тікелей қатысы болғандықтан да сөзімізді қаламгер естелігімен әдейі бастап отырмыз. Әрине, суреттегі әйел адам  әйгілі әнші Майра Уәлиқызы. Осы орайда оқырманға Майра хақында да аз ғана ақпар бере кетсек дейміз. Майра не бары отыз бір жасында ғана дүниеден өткен. Ол  қазақтың әуелетіп  айтатын биік  әндерімен қатар,  татар, орыс әндерін де сырнайына қосып нақышына келтіре орындаған ғажайып әнші болған. Майра өз жанынан да тамаша әндер шығарған. Автобиографиясына  айналған «Майра», «Қызыл гүл», «Өкшесі етігімнің айнала жез», «Бақша» әндері осы сөзіміздің бұлтартпас дәлелі. Майра Уәлиқызын тақырыбымызға тиянақ қылуымыздың ең басты себебі «Ғайни» әнінің о бастағы негізгі атауы «Майражан» болған екен. Біз бұған дейін халық әні, кейін келе Сегізсеріге телініп жүрген осы әнді әйгілі әнші Бисмилла Балабеков өзінің 1975 жылы жарық көрген «Ән сапары» еңбегінде бұл туындының Жарылғапбердікі екендігін айтып былай дейді.

«...Екі жастың біріне-бірі ынтықтығы қай заманға да ортақ еді. Бірақ өткен заман ондай жастарды еркіне жіберді ме, Майраны Шорман ауылына Жаржан алып кеткенде артынан сүйгені сонда да үмітін үзбей талаптанып

жүреді. Хабарласып, тілдесудің сан-қилы жолдарын іздейді.

Баянауыл маңында Дабол - Қаржас, Ақбура-Тұлпар, Орманшы-Күлік, Қозған - Қанжығалы руларымен қатар тағы да басқа елдер мекендейді. Шамасы келгендер Павлодарға қала шығып жылына бір рет соғым терісін, киіз-жүнін апарып, қант-шай, астығын, киім-кешегін алып қайтады екен.

Жарылғапберді қалаға келіп-кетіп жүрген кездерінде түсетін ауылдарын  және қалаға тұрғылықтанған орманшы адамдарымен де араласады. Бір күні ән айтын отырған жерінде орманшы Рақыш деген сол кездің пысық мұсылманша, орысша оқуы бар азамат Жарылғапбердіге кездейсоқ кез болады. Җарылғапбердінің бұл үйде өз жанынан шығарып ән айтатыны паш етіледі. Рақыш пен Жарылғапберді араласып қыл өтпейтін жақсылық ниетке кіреді. Рақыш Жарылғалбердіге Майраға ғашықтығын айтады. Жарылғанбердіден Майраға бір ән шығарып беруді өтінеді. Жарылғанберді Досының тілегін орындап «Майражан» деп ән шығарады. Осы ән Сүйіндік елінің арасына жайылып, Майраның құлағына шалынуды, жазған хатын бірге Майраға табыс етуді, Рақыш Жарылғапбердінің өзіне тапсырады.

Жарылғапберді елге келген соң, Шорман ауылдарынан именіп, әннің «Майражан» атын өзгертіп, «Ғайни» деп қойған екен. Сапарбек, Балабек, Жұмат Шанин бұл әннің тарихын осылай шертетін еді.

Осылар айтатын мына шумақтар еш  жинақта жоқ:

Сағынып хат жазамын Ғайни саған,

Дүниеде рахат бар ма сенсіз маған?

Қуаныш екі өмірдің бірінде жоқ,

Дариға, құр жастықпен өтер заман,

Қайырмасы:

Ғайни-ау сәулем-ай,

Җүргенім менің бүйтіп

Сенің әурең.

1961-68 жылдары шыққан казақ әндері жинағында «Ғайни» әнінің сөздері мен өлең шумақтары шым-шытырық.1934 жылы Қазақстан бойынша слетте Дина, Жамбылмен бірге әннен бірінші бәйге алған Ержанұлы Балабек бұл әнді мына сөздермен айтып қайыратын.

Есімнен еш кетпейсің Ғайни атың.

Ғашық от басылмайды асыл затым.

Біреуден хабар айттым алсаң, жақсы,

Өртеген жүрегімді перизатым.

Қайырмасы:

Ғайни-ау, саулем-ай,

Хат жаздым хабарың жок,

Сізден келген.

6c6187e800179a1a2d26f7fbf23b4970.jpg

Мінеки бұл әннің тарихы осылай» еді дейді. Б.Балабеков «Ән сапары» (106 бет).  Енді естеліктегі Жаражан есімі кім дейсіз ғой. Осы хақында сәл сөз шығындай кетсек. Жаржан (шын аты Жармағамбет)  Мұса Шормановтың туған немересі. Ал Мұса мырзаның әйгілі Шоқанның нағашы болғандығы бәріңізге белгілі жәйіт. Кей деректерде Майраның өз көңілі болмаса да  Жаржанның алып қашқандығы туралы да айтылады. Жаражан өзі де ақын болған адам көрінеді. Әйгілі «Гауһартас» әнінің сөзін жазған автор осы адам еді деген де деректер бар. Ең өкініштісі Жаржан Майрамен екі-ақ жыл ғана отасқан. Соқырішекпен ауырып  Омбыда ота жасатқанымен ол отасы сәтсіз болып дүниеден озған. Жоғарыдағы естелікті жазған Б. Балабеков та Майраны ең алғаш көргендігін ауызынан көптеген ән үйренгендігін айтады. Қазақтың тағы бір ғажайып әншісі Байғабыл Жылқыбаев Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың дауысы Майра Уәлиқызының үніне ерекше келіңкірейтінін де  жазады. Ендігі сөзді көп ұзатпай  тағы да Балабековтың өз естелігіне берсек. «...1922 жылы Керекуге қайта оралдым. Түскен заматта жездеміз Қазықбай сені Иса Семейге жібер, келсін деп кетті дейді. Елге барып әкеммен ақылдасқым келді. Баянауыл барып, қайта Павлодарға келдім. Түскі шайға жездеміз Қазықбай үйге келіп әпкем Қазизаға: Бүгін Майра біздің үйге келеді, кешке дайындал деді. Мен Майраны көретін болдым деп қатты қуанып қалдым. Қоңыраулатып жеккен пар ат терезеден қақпаға қарай зыр етіп тоқтай қалды. Мен жүгіріп қақпа ашып кіргізіп жылы үй есігін ашып, сырнайын көтеріп, ұшып-қонып жүрмін. Қонақтар жайланып отырып болды. Сары самауырынның буы бұрқырап, пысылдап қожырайып бір адамдай дастарқан шетінен орын алды. Сабадан қымыз құйылып, ағаш тегенемен көтеріліп келіп, бір шеттен ол да орын алып, әшекейленген үлкен ағаш ожаумен құлашталып сапырылып жатыр. Әдемі сырлы тостағандарға құйылып, ішуді күтіп тұр. Қазықбай жездеміз ән тыңдауға шыдай алмай отыр. Өйткені әпкеміз әнші, базардан үйге келгенде түн баласында әнсіз отырмайды. Салқын қымыз тамақ ұстайтынын да білетін жездеміз. Қымыздан бұрын ән айттырып алғысы келіп, «Майраның сырнайын бер, қонақ кәде бастап жіберсін» деу-ақ мұң екен, лып етіп сырнайын алып бердім. Ән базары басталды да кетті. «Айнала жаз», «Iсмет», «Ардақ», «Гауһар тас», «Қарға» бәрін айта келіп, мынау менің «Толқын» деп ат қойып айтқан әнім деп төмендегі сөзбен неше түрлі етіп құлпыртып, дауыс ашылған кезде, қызып алып толқытты дейсің:

Жел көңілім желдей есіп желпін енді,

Зар заман өтер кетер бір күн енді.

Қызықты, қызбалықты өмірімде,

Шырқатып алуан әнді көргін енді.

Саламын осы әнімді қыз күнімнен,

Түрлі ән шығушы еді бұл үнімнен.

Той, думан, үлкен, кіші бас қосқанда,

Атағым жайылып еді «Майра» әніммен.

деп бітірген кезде, бір көтеріп қойып, жездем: «Майра деміңді ал, енді мына бір бала саған өнерін көрсетсін. Бисмиллә домбыраны ал деді. Мен қорғаланқырап домбыра ұстап, бөгежіктегенімде, жездей: «жүрексінбей үйренген әндеріңді айт. Майра ән үйретіп, келмеген жерін түзеп береді» деген соң, жүрегім орныққандай болды.

Майра «Бұл қай ауылдың баласы»-деді Жездей: «Баянауылындағы шөкең ауылы. Қазікеңнің бауыры» деген кезде, іліп алған Майра: «Жарылғапберді, Балабек, Сапарбек әншілерді мырзаның аулына келгенде көрдім, Боқырау жәрменкесінде Жаяу Мұсаны да көріп, ән үйреніскенбіз, әндерін естідім, әнші елдер, кәне, балақай» деген кезде «Жеңеше», «Топай көк», «Сұрша қыз», «Құлагер» «Сырымбет» әндеріне басқанда Қазықбай алдынан «Icметті» өткеріп ал деген дыбысы естілісі мұң екен сол әнге бірден көштім. Майра бұл әннің тарихын айта бастады. Қоянды жәрменкесінде Балқаш көлі аяғында жайлайтын Шашубай дейтін әнші өнерпаз бір адам бізге бірінші рет бірге пайда болды. «Ақ қайың» әні жолдасы екеумізге қатты ұнап, осы әншіден үлгі алып, елге келісіммен «Ісмет» әнін шығарып Баян елі Сымақ деген адам

қалжыңына шығарсам да «Ісмет» деп ән атын қойып едім. Ол Сымақ Қояндыда кездесіп қалжың сөз айтқан еді. Баянның базары жасырын түрде жоғарғы әншілер арқылы таратқан. Осы әннің сөздерін сол қалжыңға қарай жанастыра шығардым деп түсіндірді. Аяғының келтіре алмаған жерін түзетіп, «Толқын» әнін үйретем, ертесі Тыртықбай Жүнісінің үйіне кел, ән думаны болады» деді. Мынау нағыз әнші болады деген сөзі әлі есімде.

Бір-екі күнде бірнеше ән үйреніп те болдым, әкем Майраға қатты риза болып, аманат дегендей бір мұңайып бата бергендей ишара танытты. Тірі болсаң бізден ескерткіш көз қалар дегендей күрсініп қойды. Мұратына өзі жеті алмай кетіп еді Майра деп айтқан әке сөзі әлі есімде» дейді.

Бұл жолдарды Б.Балабековтың Майраның өз ауызынан ән үйреніп, шәкірт болғандығы үшін арнайы жазып отырмыз. Қалай десекте бұдан кейінгі зерттеушілер мен өнертанушылар «Ғайни» әніне байланысты жоғарыдағы деректерді ескере жүрсе біз де өз міндетімізді сәл де болса атқарған болып саналамыз ғой.