Осыдан 100 жыл бұрын Ресей тарихшылары үшін «Батыс Сібір шаруалар көтерілісі», ал қазақтар үшін «Есіл көтерілісі» деген атпен тарихта қалған елеулі оқиғалардың бірі ақпан айында басталған еді. Кеңес дәуірінде «контрреволюция» деп айыпталған қарулы көтеріліс қазіргі Ресей тарапынан ақталып, коммунистік кеңес билігіне қарсы азаттық соғысы деп бағалануда. Осы пікірді жақтаушылар Қазақстанда да бар.
Оның мәнісі – жалпы коммунист немесе кеңес атаулының бәрін теріске шығару дақпырты, тарихи жағдайлардың ақиқатына жетпегендік. Ал шындық басқа болатын.
1921 жылдың тамызында жаңа құрылған Қазақ автономиялы Республикасының Ақмола губерниясы Ресейдің Батыс Сібірінен заңды түрде бөлінген. Демек, «Сібір көтерілісінің» қазақ ауылдарына ешқандай қатысы болмаған. Сонда да бір аймақта өмір сүріп жатқан соң, солтүстіктегі көршіден шыққан көтерілісшілер тарапынан да, оларды басып-жаншуға шыққан жазалаушы жасақтардың тарапынан да қазақтар жазықсыз жапа шекті.
Көтеріліс Қызылжарда басталған жоқ, Ресейден келді. Омбы, Қорған және Түмен облыстарында пісіп-жетілген, қарулы бүлік Қазақстанның солтүстігіндегі қазақ емес ұлт өкілдері тарапынан қолдау тапты, біздің елдің шетіне жеткен бетте-ақ лаулай жанып, алапат өртке айналды. Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездеріндегі славян тектес диаспора үкіметке қарсы қантөгіс жасады.
Бұл кеңес өкіметінің шаруалардан азық-түлікті берсе қолынан, бермесе жолынан алу туралы әйгілі «соғыс коммунизмі» саясатына қарсы көтерілісі еді.
1920 жылы Батыс Сібір аумағында астық шықпай қалса да, кеңес өкіметінің басшысы В. Ленин бұл өлкеден бір миллион пұт астық алу жөнінде Сибревкомға тапсырма жүктеді. Омбы губерниясына – 35 млн, Семей губерниясына –18, Алтай губерниясына – 31 және Том губерниясына 21 млн пұт астық беру міндеттелді. Жоспарды орындау үшін және бас көтерулерді басу үшін жақсы қаруланған, тиісті дайындықтан өткен 3 дивизия бөлу сұралды. Оның ішінде Көкшетау, Петропавл, Атбасар уездері мен Қостанай уезінің Омбы губерниясына қарайтын аумағынан 8-10 млн пұт астық дайындау, яғни тартып алу үшін үшін екі полк қажет екендігі айтылған. [ГАНО. Ф.р. 1 . Оп. 2. Д.17].
Әрине, мұнша астықты жинау оңайға түспеді. Петропавлда Ақмола губерниялық Ерекше қызмет бөлімі (ЧОН) құрылды. Ақмола, Атбасар, Көкшетау уездерінде де осындай бөлімдер құрылды.
Жазушы Сәбит Мұқановтың бөркіне қызыл шүберек байлап, көзге түсетіні нақ осы кез. ЧОН-ның белсенді қызметкері ретінде «тап жауларымен» аяусыз күрескен. Бұл жөнінде Сәбең өзі былай жазады:
«Продразверстка жұмысы қанша қиыншылықпен жүрсе де, 1921 жылдың қаңтар айының жоспарын Пресногорьковкадағы райпродком орындады да, телеграмма арқылы Россияның Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының Халық комиссарлар Советінің Председателі Владимир Ильич (Ульянов) Ленинге рапорт берілді. Рапортқа қол қоюшы бес кісінің бірі болу бақыты – менің де маңдайыма жазылды!..» .
Сәбең бір ауданның жоспарын орындап тастап, «Қызылжардан Пресновкаға барған кезде, продразверстканың халі аса нашар екен, азық-түліктің барлық түрі де планды мөлшерден әлдеқайда кем орындалыпты. Сол күні райпродкомның комиссары Дерявинді Ленин прямой проводқа шақырыпты. Дерявиннің Ленинмен сөйлесуі түн ортасы ауа біткен...»
Кешікпей, Ресей жақта көтерілістің басталып кеткені туралы үрейлі ақпар тарай бастады: «Шортан, Челнок болыстарында астық бермегендермен қақтығыс болды, 2 адам өлді, екеуі жараланды...Есіл уезінде Шевченко бастаған 800 банды пайда болды, оларға 300 атты және 500 жаяу әскерді алты пулеметпен жіберіп, далаға айдап шықтық. Қызыл әскерлер ерлік көрсетіп, 111 бандыны қылыштап өлтірді, көп қару-жарақты қолға түсірдік, басшысының көзін жойдық...» [ГАНО. Ф.р. 1 . Оп. 2. Д.17].
Бұрыннан Кеңес өкіметіне қарсы күштер астыртын ұйымдасып, қаруланып, 1921 жылғы қаңтарда біздің өлкеде де қанды қырғын басталып кетті. Кейінгі зерттеулерге қарағанда, Есіл көтерілісіне қатысушы топтар мейлінше қаруланған, сапты әскердей саты-саты бағыныштылық тәртібімен жүйеленген. Омбыда құрылған «Сібір шаруаларының одағы» деген астыртын ұйымның өкілдері Қызылжарда да болған.
Билікке қарсы көтерілгендер қашанда шектен тыс қатыгез болғаны тарихтан белгілі. «Есіл көтерілісі» – соның бір айғағы. Көтерілісшілер қызыл әскерлерді, төтенше комиссия, төңкеріс трибуналы мүшелерін, милиция қызметкерлерін қырып-жойғаны туралы жантүршігерлік мысалдар бар.
Петропавлдан 1921 жылғы 11 ақпанда алынған жедел хабарда: «...Петропавлдың солтүстік жағындағы Новониколаевка маңында көтерілісшілермен қатты ұрыс жүріп жатыр. Олар басып алған деревняларға артиллериядан оқ атылды. Жау шегінді. Алайда, аз уақыттан кейін күш жинап, қайта қарсы шықты» деп хабарлаған. Әскери мәліметке қарағанда: «Жазалаушы отрядтағы 120 найза Новониколаевкаға шегінуге мәжбүр болды. Естуімізше, көтерілісшілердің саны мыңнан асады, винтовкасы барлары елу шақты. Оларды бұрынғы казак әскерлері бастап жүр. Петухов пен Мамлют арасындағы жол жабық, телеграф байланысы қиылған».
1921 жылғы 14 ақпан күні көтерілісшілер Қазақ АССР Ақмола губерниясының орталығы Петропавлды басып алды. Ертеңіне Омбыдан 21-дивизияның 249-полкі мен 85 артиллерия дивизионы, «Қызыл сібір» броньді пойызына қосылған жергілікті қызыл әскерлер қарсы шабуылға шықты. Қала үш рет қызылдарға, үш рет көтерілісшілер қолына өтіп, ақыры қару-жарағы мықты қызыл әскерлер жеңген. Келесі аптада көтерілісшілер Көкшетауды басып алып, қанға бөктірді де, күш қосып, Ақмола мен Атбасарға аттанды.
1921 жылғы ақпан мен сәуір арасындағы ұрыстар ірі әскер құрамалардың соғысымен пара-пар екендігі сол кезде-ақ бағаланған. Көтеріліс жалыны бүкіл Сібір аймағын, оның ішінде Түмен, Омбы, Қорған, Челябі, тіпті, Екатеринбург губернияларының бірқатар уездерін шарпыды. Петропавл мен Көкшетау кескілескен соғыстың ошағына айналды.
Зерттеушілердің есебі бойынша, көтерілісшілердің саны 30 мың мен 150 мыңның арасында. Деревнялар мен казак-орыс мекендерінде ерікті жасақтар құрылған, кей жерлерде милиция қызметкерлерінің өзі көтерілісшілер жағына шыққан. Соғыстан оралғандар, тұтқында болғандар, бұрынғы әскери қызметшілер мен мамандар қарсылық қолын бастап, соғыс тәсілдерін үйреткен.
Көтерілістің ауқымы күн сайын кеңейіп, алғашқы үш аптада-ақ Трансібір темір жолының билігін қолына алып, темір жол табанын талқандады. Мысалы, 7 наурыз күні қызыл әскерлер мінген 18 вагон тіркелген жолаушы пойызы Мамлют стансасына кіреберісте апатқа ұшырады. Сол сияқты Макушин стансасы аймағында көтерілісшілер темір жол көпірін бұзып тастады. (СҚО МА, 351-қор,5-тізбе, 35-іс). Көтерілісшілер жолда кездескен кеңестік, коммунистік билікті талқандай отырып, 14 ақпанда – Петропавлды, 21 ақпанда – Тобыл мен Көкшетау қалаларын, 10 наурызда – Сургутті, 21 наурызда Березов пен Обдорскіні басып алды.
Көтерілісшілер басып алған жерлерде өздерінің болыстық және ауылдық шаруалар кеңестерін құрып жатты. Көтерілістің негізгі бағыты да, мазмұны да коммунистерге қарсылық түрінде өрістеді.Тобыл көтерілісшілер штабы 1921 жылғы 25 наурызда Сібір жұртшылығына: «Біз Совет өкіметі деп алдап келген коммунистер өкіметіне қарсымыз!» деген ұран таратты.
Әр жерде көтерілісшілер әртүрлі ұранмен ұрысқа шықты. Мысалы, Кротов ауданында қара айқыш салынған қызыл ту көтерген шаруалардың: «Біз астық үшін соғысамыз. Астық қамбада шірімеуі керек!» десе, Кусеряк ауданында «Билікке князь Михаил Александровичті шақырамыз!» деп күрең түсті ту көтеріп, «Еркін сауда жасасын!», «Коммунистер жойылсын!», «Партиясыз Советтер үшін», «Шаруаларға ерік берілсін!» десіп шыққаны тарихи әдебиеттерде жазылып қалған. Бәріне ортақ үгіт «Коммунистер биліктен кетсін!» деген мазмұнда болған.
Зерттеушілер кейін нақтылағандай, көтеріліс қарулы күшпен басып-жаншылып, облыс аймағы 1921 жылдың аяғы мен 1922 жылдың басында тынышталды. Бірақ одан елдің жағдайы жақсарып кеткен жоқ, ақыры Солтүстік Қазақстандағы 1921-1922 жылғы алапат аштыққа әкеп соқты.
Күшпен басылған қөтерілісшілердің қалдығы саптағы әскердей қаруланып, Қытайды бетке алып қашты. Олардың келе жатқаны туралы 5 сәуір күні Баянауылдан телеграф арқылы хабар алған Қарқаралыдағы белсенділер қаладағы «Халық үйіне» жиналып, жоспар құрып отырғанда, таңғы сағат 4-те бандылар тұтқиылдан басып кіріп, қыра бастаған. Түрмедегі тұтқындарды босатқан. Қиырда жатқан қорғансыз қалада екі күн ойран салып, 71 адамды өлтірген. Қарқаралыда басшы қызмет атқарып жүрген 5 орыс коммунисі соларға еріп кеткен. Куәгерлердің айтуынша, олар өздерін «халық әскері» деп атаған, «Коммунистерсіз кеңестер жасасын!» деп ұрандаған.
Есіл көтерілісінің Қазақстан жерінде, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының аумағында болғаны – шындық. Қазіргі ұрпаққа осы оқиғаның жергілікті қазақтарға қалай әсер еткенін, қазақтардың бұл көтерілісті қалай қабылдағанын түсіндіру – міндет.
Ол кезде губерния аумағында қазақтар мен басқа ұлттардың саны деңгейлес болған.
Кеңестік билік заманында Есіл көтерілісі – кеңестік, социалистік билік тәртібіне қарсы, яғни, ұлтына қарамастан, еңбекшілер мүддесіне қарсы бағытталған қылмысты бүліншілік, контрреволюция деп бағаланды. Ал соңғы отыз жылда, Кеңес үкіметі құлап, Одақ ыдырығаннан кейін, кейбір жекелеген авторлар «Есіл көтерілісінің» қанды қырғын зардаптарын ақтап алуға бейім. Бұл көтеріліс «тоталитарлық, коммунистік жүйеге қарсы бағытталған, демократия, бостандық үшін күрес еді» деп баға беретіндер бар.
Осы орайда «Есіл көтерілісі» туралы ақын Мағжан Жұмабайұлы жазып, «Бостандық туы» газетінің Омбыда, 1921 жылғы 19 наурызда шыққан 1-санында жарияланған «Еңбекші қазақтарға» деген бас мақаладан үзінді ұсынуды жөн көрдік: «Совет өкіметі билік тізгінін қолына алғаннан бері нелер қатерді, нелер қиындықты бастан кешіп, барша соғыс майдандарында, ішкі һәм сыртқы жауларын жеңіп, қылышын қынабына салып, қолына мылтық орнына балға алып, барлық күшін шаруа майданына беріп, соғыс уақытында қарауға мүмкін болмаған халық мұқтажына керекті нәрселерді табуға кірісіп жатқанда, «халықты қырғыштығынан шен алған» алтын иықты төрелер, казак-орыстар сарай толған бидайынан аш-арық жұмысшыларға түйірін бергісі келмей, мұжық жуандары Совет Үкіметіне тыныштық бергісі келмейді.
[Бұлар кімдер?] Олар – орыс шаруасы мен қазақтың арқасында казак-орыстың қамшысын ойнатқан залым төрелер. Еңбекшілерді зар еңіреткен, көздерінен жас орнына қан тамызған патшашыл жауыздар. Қой терісін жамылып жүрген қасқырлар. Бұлардың мақсаты не? Бұлар бұрынғы патша заманын, Колчак заманын қайта орнатпақ. Қаншама қан төгіп алған жұмысшылардың фабрика-зауыттарын, крестьяндардың да, қазақтардың да жерлерін тартып алып, халықты бұрынғысынан жаман зарлатпақ.»
«...Көтерілісті бастап жүрген Колчак генералдарының жаңқасы, офицерлер, прапорщиктер, поптар, казак-орыстың жуандары. Бұлар еңбекшілерге не бермекші? Еңбекшілердің мойнына құлдық қамытын қайта кигізбекші. Олар Совет Үкіметінің күшімен жасалған, өлдім-талдым дегенде дүниеге келген, Қазақтың жас автономиясын жоймақшы!
Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір үкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі – біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет Үкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы!..»
«Бұл Совет үкіметінің дұшпандары, қаражүз жауыздардың жасаған көтерілісі, бүліншілігі Қазақ автономиясының жері Қызылжар уезінде де болды. Қазіргі уақытта сол бұзақылардың аман қалғандары қашып, қазақ арасына тығылмақ. Совет үкіметінің дұшпаны, еңбекшілердің дұшпаны ондай бұзақылардың, жауыздардың қазақ арасына жасырынуы мүмкін емес!
Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар.
Жасасын, Совет Үкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!» («Бостандық туы», 1921, 19 наурыз. №1).
Кең-байтақ Қазақстан аумағының үштен біріне таралған газеттегі осы мақаланың ізін баса, 3 сәуір күнгі екінші санының бірінші бетінде Мағжан атамыздың талдау сипатты тағы бір мақаласы «Екіден – бір» деген тақырыппен басылды. Жоғарыдағы бас мақаламен сарындас, бірақ, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарын кең қамтыған көлемді мақалада: «...Біз, қазақ елі, төңкеріс жасаушы һәм төңкеріске өз бетімізбен жол салушы емеспіз. Бұл басқышқа жеткеміз жоқ. Сондықтан біздің алдымызда екі ғана жол бар: Азаттық не құлдық. Не совет бостандығы, не Николай-Колчактың құлдық қамыты!» деген сөз бар. Халқының қамқоры, адал ұлы Мағжан Жұмабай баспасөздің қуатты күшін пайдаланып, бар дауыспен шырқырайды. Үгіттейді, түсіндіреді: «Міне, қазаққа осыны ұғындыратын мезгіл жетті. Аралықты мүмкін емес екендігін талай тәжірибелер көрсеткендей болды. Қазақ енді көруге тиіс. Алдымызда екі жиын қара тұр. Біреуі – ел болам деген қазақты шетінен бауыздау керек деп, қылышын даярлап тұрған Дутов, Иванцов, Ринов сықылды қара жүздер. Екіншісі – құлдықта езілген сорлы елді «қатарға кір, ел бол»деп құшағын жайып тұрған Ленин, Сталин сықылды адал ерлер. Енді ойла, оқы, қазақ! Екіден – бір.
(«Бостандық туы», 1921, 3 сәуір. №2).
Халық арасында беделі зор, сүйікті ақынның баспасөз арқылы таралған осынау сөздері кезінде оқырмандарын бейжай қалдырмағаны анық.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры