Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қан соғыста қазақстандықтар қаһармандық танытты

2059
Қан соғыста қазақстандықтар қаһармандық танытты - e-history.kz
1941 жылы маусым айында, соғыс өрті лап ете қалған тұста, Алматы қаласында жергілікті ұлт өкілдерінен 316-шы атқыштар дивизиясы құрылып, майданға аттанды.

1941 жылы маусым айында соғыс өрті лап ете қалды.  Алматы қаласында жергілікті ұлт өкілдерінен 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Шұғыл түрде соғысқа аттанған әскери дивизияның жауынгерлері осы жылдың қазан-қараша айларында-ақ Мәскеу түбіндегі қорғаныс кезінде Волоколамск бағытын қорғауда асқан ерлік көрсетті. 

Ұлы Отан соғысындағы, аңызға айналған қазақстандық батырлардың бірі — гвардия генерал-майоры, Қызылтулы 8-ші гвардиялық атқыштар (бұрынғы 316-ші) дивизиясының командирі Иван Васильевич. 316-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы Панфиловшылар дивизиясы деген атаумен тарихта терең із қалдырды.  

И.Панфилов 1893 жылы 1 қаңтарда Саратов облысындағы Петровск қаласында дүниеге келген. 12 жасынан жалдамалы жұмысқа жегіліп, 1915 жылы патша армиясына алынды. Сол жылы орыс-неміс майданына жіберілді. Қызыл Армия қатарына 1918 жылы өз еркімен кірді. 25-ші Чапаев дивизиясының 1-ші Саратов жаяу әскерлер полкына қабылданды. Азамат соғысына қатысты, Дутовқа, Колчакқа, Деникинге және, ақ поляктарға қарсы шайқасты. Азамат соғысынан кейін екіжылдық Киев жаяу әскер мектебін бітіріп, Орталық Азия әскери округіне жолдама алды, осында жүріп, басмашылармен күреске қатысты. Ұлы Отан соғысын генерал-майор И. В. Панфилов Қырғыз КСР әскери комиссары қызметінде жүргенде қарсы алды. 

Атақты қолбасшының өмірі мен қызметі жөнінде Б.Момышұлының «Генерал Панфилов», «Біздің генерал», Ф.Селифановтың «Панфиловшылар», П.Кузнецовтың «Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов» , А.Усеновтің «Біз панфиловшылармыз» деген кітаптары жарық көрді. 

092762e56bc81d8eb5499d0a9c424dc2.jpg

Батыс майданының қолбасшысы, армия генералы Г. К. Жуков Жоғарғы бас қолбасшыға берген мәліметінде Панфилов және оның дивизиясы туралы былай дейді: «Ұрыстың ең қиын жағдайларында да Панфилов бөлімдерді басқара отырып, парасатты басшылық етті. Үздіксіз айлап, Мәскеу түбінде ұрыста дивизия бөлімдері өздерінің позицияларын ұстап тұрумен қатар, жойқын қарсы шабуылдарға шығып, жаудың 2-ші танк дивизиясын, 29-шы моторлы, 11-ші және 110-шы жаяу әскерлер дивизияларын талқандады, 9000 жау әскері мен офицерлерін, 80-нен астам танкін, көптеген соғыс құралдары мен минометтерін жойды». 

Жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындап, жаппай ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткені үшін 316-шы дивизия 1941 жылғы 17 қарашада Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ал келесі күні 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы атағына ие болды. 

Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов Ленин, үш мәрте Қызыл Ту ордендерімен, «Жұмысшы-шаруа Қызыл әскеріне 20 жыл» медалімен марапатталған. Алматы облысының бір ауданы, Алматы қаласындағы көше И. В. Панфилов есімімен аталады, Алматыда 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы парк бар, онда батыр-генералға ескерткіш орнатылған. 

Мәскеуді қорғауда Панфилов басқарған дивизияның батальон командирі, қазақ халқының ержүрек ұлы Бауыржан Момышұлының, жиырма сегіз панфиловшы-батырлардың даңқы шықты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елордада да генерал И. В. Панфиловқа ескерткіш орнату жөнінде тапсырма берді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?