Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Абылай хан тамсанған батыр

2476
Абылай хан тамсанған батыр  - e-history.kz
Ол 16 жасында қолына найза алып, өз жерін қорғауға аттанған, оның қайсарлығы үшін Абылай ханның өзі мақтан тұтатын болған

Шоқан Уәлиханов оның Алатауға жасаған жорығын жазған, Сұлтанмахмұт Торайғыров «Айқап» журналына шығарған мақаласында оны көкжарлы деп сипаттаған. Оның ерлігі халық арасында тез тарап отыратын болған.

Барақ Шүрекұлы – 1701 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауылының Қызылсу – Шар өзені маңындағы Көкжар деген жерде өмірге келген. Барақ дүниеге келгеннен кейін шешесі көп ұзамай қайтыс болады. Әкесі де елі мен жерін жаумен шайқастардың бірінде қаза табады. Осындай ата-анасынан айырылған Барақ пен інісі Басар әкесінің ағасы Шонаның қолында қалады.

Ел азаттығы жолында тұлпарын тізгіндеп, қолына қылыш алып, ту көтерген Барақ он алты жасында жаумен найза қағыстыра бастайды. Барақ батыр қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуші, елі үшін жанын шүберекке түйген шайқастарда ерлік жасағаны үшін Көкжал Барақ деп атанған.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Көкжал Барақ туралы көптеген аңыз-шежірелер бар. Сондай бір ауыздан-ауызға жеткен тарихи оқиғаның бірі Іле бойындағы соғыста Көкжал батыр жаудың Болдыбек батырымен жекпе-жекке шығып, оны атынан ұрып түсіріп, Абылайдың дұшпаны болған батырды ханның алдына әкеліп, тізерлетіпті. Сонда Абылай сүйсініп «Көкжалым-ай!» деп Барақты арқасынан қағыпты.

XVIII ғасырда жерін жаудан қорғап, бастарын бәйгеге тіккен біздің Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Қарасай, Шақшақ Жәнібек батырлармен бірге Көкжал Барақта Қазақ жерінен жаудан тазартуға қатысқан. Көкжал Барақ батыр әйгілі Аңырқай, Бұланты, Шаған, Шорға шайқастарын да басынан кешірген.

Көкжал Барақтың тағы бір ерлігі жөнінде көптеген тарихшылар былай дейді:

«Күршім ауданының аймағы ұзақ уақыттар бойы Жоңғар тайпаларының ықпалында болған. Бұны Тарбағатай, Шоян, Долан Хора сияқты өзге де бірқатар рулар растап отыр. Ал Барақ батыр өзінің сарбаздарымен бұл жерді азат еткен. Бұл жорық кезінде Барақ батыр сарбаздарын  Ертіс өзені көлегейлеп, қолбасшы оларға өзеннен өтуді бұйырған. Ол уақытта бұл өте мықты күтпеген шешім болған және ол қалыптасқан жағдайды күрт оң бағытқа өзгертуге айтарлықтай ықпал еткен. Содан бері Барақтың жауынгерлері жүзіп өткен аймақ Барақ-өткел аталып кеткен. Оған риза болған Абылай хан сыйлық ретінде батырға Күршім өзенінің оң жақ беткейіндегі жерді сыйға тартқан. Бүгінде Көкжал Барақ қоныстанған аймақ Теректі бұлақ ауылы деп аталады, ал оның тұрғындары осы Көкжал Барақ батырдың тікелей ұрпақтары болып табылады»

Барақ ордасы аруақты үлкен шаңырақ болған. Жаумен жорыққа аттанатын батырлармн қолбасшылар келіп дәмтатым, бата алып, ақыл сұрасатын киелі ордаға айналған. Тағы бір аңыздарға қарағанда, Көкжал Барақ өте шапшаң адам болса керек.

 «Дарабоз» романының авторы, жазушы Қабдеш Жұмаділов Көкжал Барақтан тараған ұрпақ жайлы қызықты деректі келтіреді:

«Қазақтың үлкен батыры Көкжал Барақтың жеті әйелі болған. Оның төртеуі – қалмақтан, үшеуі – қазақтан. Көкжал Барақ қазақ әйелдерін шейіт болған ағасы мен інісінің әйелдерін әмеңгерлік жолымен алса, қалмақ әйелдері – олжада түскен қыздар. Дала заңы бойынша олжаға түскен қыз-келіншектерге кімге тигісі келетініне таңдау беріледі. Бұл – дала демократиясы. Сонда әйелдер Барақты көп таңдайды екен. Қазір сол Көкжал Барақтан тараған ұрпақ Күршім ауданында мың адамнан асып кеткен. Жеті әйелінен 30 ұл, 10 шақты қыз тараған».

Өмірінің жартысынан астамын жаумен шайқаста өткізген Көкжал Барақ, 1772 жылы ат үстінде жау қолынан қазаға ұшырайды деген деректер бар.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?