Алайда Желтоқсанның да, Тәуелсіздіктің де тамыры тереңде. Тек ХХ ғасырдың өзінде Қазақстанда бірнеше жүздеген көтерілістер болды. Олар аяусыз жаншып басылды. 1986 жылғы Желтоқсан – солардың заңды жалғасы, азаттық ұмтылудың жарқын бір көрінісі. Қазақстан Республикасы – өзінен бұрынғы Қазақ мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақ Республикаларының заңды мұрагері. Өйткені ол қазақтың байырғы Атамекенінде ту тігіп отыр.
Елторы Жалбағаев Қазақстанды, Орта Азияны зерттеуші Дж. Морган, Л. Кредер және Р. Каруц (1911 ж), А.З. Тоған (1910, 1925 жж.) және т.б. ғалымдарға сілтеме жасай келіп, түркітілді халықтардың ішінде ең көп халықтар қазақтар, оның саны 12-13 миллионды құрайды деген мәліметті береді және баршаға мәлім апаттар болмағанда 1926 жылы қазақтың саны 15 миллионнан асатын еді дейді [1, Б. 205-206, 231]. Содан бері бір ғасырдай уақыт өтсе де қазақ саны сол санға бүгін әзер жетіп отыр. Бұл статистиканың тасасында қаншама текқырғын, зұлмат жатқаны бүгін жасырын емес. Тек әр нәрсені өз атымен ату жетіспей отыр.
Советтік тар шекпеннің құрсауынан шыққан біздің ел жаңаша мемлекет құруда демократияның, республиканың, биліктің ұйымдастырылуының батыстық модельдеріне ден қойды. Сол кездегі пайымдарда Батысқа көзсіз еліктеушілік, төл құқықтық, мемлекеттілік бастауларды тәрк етушілік те орын алды. Дегенмен, ұлтшыл қозғалыстар мен қайраткерлердің ықпалымен қазақы нышандар да біршама ескерілді. Оның кейбір ішкі және сыртқы көріністері туралы Е. Шаймерденов танымдық тұрғыдан тамаша талдап берді [2].
Шындығында құқықты заманалық тұрғыдан пайымдау негізінде демократия, республика, биліктің тармақталуы және басқа да маңызды ұғымдардың барша елдерге ортақ үлгісі жоқ, болмаған және болмайды да емес деп тұжыруға болады. Әр ел өзіндік тамыр мен түбірден ажырамауы маңызды. Тәуелсіз Қазақстанның 1995 жылғы Конституциясының 1-бабында
«1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
2. Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» – делінген.
Біз осындағы «республика», «демократия» жәнне «референдум» сөздерінің түбіріне, шығу тарихына сәл назар аудара кеткенді жөн көрдік. Сөзімізге дәйек ретінде келесі ойларға назар аударуға шақырамыз.
«...Біз «кәдімгі тіл» дейтін тілде алғашқыда осы салаларда (экономика мен құқықта – Б.С.) терминологиялық мәнге ие болған сөздер көп. Осы сөздер кәдімгі тілде қолданыла бастасымен бұл сөздер лезде «бей-терминдерге» немесе «шикітерминдерге» (түпнұсқада «недотермины» – Б.С.) айналады («недотермины» – приставка «недо» в том смысле, какой она имеет в слове – «непропеченный» – Б. Л.), өйткені ешкімнің де бұлардың терминологиялық мағынасы неге сайғанын білуге немесе бұлардың кәдімгі тілдегі жаңа мағынасын бекітуге мұршасы болмайды дейді итальяндық атақты заңгер Бруно Леони [3, Б. 47].
Б. Леонидің: «Осы сияқты жаңылысулардың басқа бір айқын мысалы «демократия» сөзін түрлі елдердегі түрлі адамдардың қазіргі таңда қолдануы. Бұл сөз саясат тіліне де, саяси институтар тарихына да қатысты. Қазір ол сондай-ақ ауызекі тілге де енді, сөйтіп көптеген түсінбеушіліктерге себеп. Оның туындауы мынада – адамдар – мәселен, қарапайым американдық және Ресейдің (бұл жерде Б. Леони Ресей деп Совет Одағын айтып отырғаны анық, сондықтан бұл ескертпесі кеңестік күпәйкеден шыққан бізге де – Қазақстанға да – қатысты болмақ – Б. С.) саяси жетекшілері бір сөздің өзін мүлде түрлі мағынада пайдаланады.
Сөздермен – «шикі терминдермен» байланысты жиі туындайтын жаңылысулардың себебі туралы мен былай деп топшылар едім: кәсібі тілдерде (мысалы, саясат тілінде) бұл сөздердің мағынасы әуелде басқа терминдермен байланысты болған, ал сол басқа терминдер оларды «аударудың» қиындығына немесе мүмкін еместігі себепті ауызекі тілге енбей қалған. Сөйтіп, сөзді әуелгі мағынасын айқын анықтаған қосымшалар жойылып кеткен.
Мәселен, «демократия» – Перикл дәуіріндегі Грекияның саяси тіліне жататын термин. «Полис», «демос», «экклезия», «изономия» және с. с. терминдерге жүгінбей біз оның мағынасын түсіне алмаймыз, сол сияқты біз заманалық швейцариялық «демократия» сөзінің де мағынасын Landsgemeinde, референдум және т. б. терминдерге сүйенбей ұға алмаймыз. Айта кеткен жөн, экклезия, полис, Landsgemeinde және референдум тұрпаттас сөздер басқа тілдерге әдетте дәйексөз (цитата – Б. С.) түрінде беріледі, алайда тәржімаланбайды, өйткені оларды тұшынарлықтай тәржімалау мүмкін емес.
Терминдермен бастапқы байланысын жоғалтқан «шикі терминдер» мен «термин еместер» ауызекі тілде өте бұлдыр мағынаға ие болады. Бұлар бірдей дыбысталса да, түрлі адамдар оларды алуан мағынада қолдана алады. Ең жаманы бір сөздің түрлі мағынасы белгілі бір аспектілерде сай келмеуі де мүмкін, ал бұл түсінбеушіліктің ғана емес, тіпті даулардың немесе тіпті одан да зор келеңсіздіктердің тұрақты қайнар көзі болады» [3, Б. 48] деген сөздері оның 1958 жылы АҚШ-та оқылған дәрісінен алынса да, дәл бүгінгі саяси-құқықтық ахуалға дәл келетін өміршеңдігімен таң қалдырады.
Бұдан әрі қарай Б. Леони осы сияқты біршама мысал келтіреді. Соның ішінде мына біреуі тіпті ғажап әрі заңгерлер үшін ерекше дүние: Монтескье мен Вольтер заманынан бері өздерінің барша даналығына, оқымыстылығына әрі британ саяси жүйесіне ғашықтығына қарамастан құрлықтық Еуропа зерттеушілері британ конституциясының мағынасын дұрыс ұғатын күйде болмаған. Бұл сынның аясына ілігетіндердің арасында ең белгілісі Монтескье және оның Англияда биліктің тармақталуы туралы әлемге әйгілі пайымы болуы керек. Оның бұл пайымының (көп адам оны «қайта пайымдау» деген болар еді – Л. Б.) өз кезегінде ағылшын тілді елдерге зор ықпал еткені де Монтескьенің жаңсақ түсініктерге сүйенгенін жоққа шығара алмайды. Ағылшынның әйгілі ғалымдары да өз кезегінде құрлықтық Еуропадағы конституцияларды дұрыс түсіне алмағаны үшін осындай сынға ұшырапты... [3, Б. 76-77].
Осы тұрғыдан келгенде мемлекет құрудың қазақы құқықтық мәдениетке тән өзіндік жолдары болғанын естен шығармау керек [4]. Келешекте ол бастауларға толықтай болмаса да, ішінара оралу мүмкіндігі сақталатыны айқын. Ерте үлгілерге тереңдемей-ақ республикалық құрылымға шолу жасайық.
Республика – – res publica — «ортақ іс» термині бүгінгі күні баршаға танымал. Ол «билікті атқарушылары сайланбалы халық өкілдерінен тұратын басқару нысанын» білдіреді. Дегенмен оның түп тамыры қазір біз ойлағандай емес. Ол бөлек мәселе.
Елінің жаңаруын Конституция санымен бағамдайтын француздар қазір V республикада өмір сүріп жатырмыз деп санайды. Біз ше? Бесінші әлде нешінші? Қалай санасақ дұрыс болмақ?
Ресми мәлімет көздерінде Қазақстанның алғашқы Конституциясы Қазақ АКСР ОАК Қаулысымен 1926 жлы 18 ақпанда РКСФР-дің 1925 жылғы Конституциясын ескере отырып қабылданды делінеді. Өйткені біз әлі одақтас емес, Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республика едік. 1920 жылғы 26 тамызда құрылып, Қырғыз АКСР-і деп аталып жүр едік. Негізі осы Конституцияның жосығымен біз дербес ел болуға қол жеткіздік! Осыдан бастап санақ, біз V Республика азаматтарымыз.
1936 жылы 20 тамызда Қазақстан одақтас республика мәртебесін иеленді. Одақтастық мәртебесі ашаршылықтар мен қуғын-сүргіндерден тізілген текқырғын – геноцидтің өтеуі есебінде берілгендей болды. 1937 жылғы 26 наурызда Бүкілқазақтық Х съезд Қазақ КСР-нің Конституциясын қабылдады. 11 тарауына 125 бапты қамтыған бұл құжатта КСРО-ның Конституциясының 14-бабынан тыс жерлерде Қазақ КСР өзінің егемен құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асыратыны мәлімделген. Экономикалық, саяси қорғаныс желілері бойынша өзара көмекті жүзеге асыру мақсатында өзге де теңқұқылы республикалармен ерікті біріккені, ҚазКСР-нің аумағы оның келісімінсіз өзгермейтіндігі, сот процесінің қазақ тілінде жүргізілетіні т.т.с.с. көптеген маңызды мемлекеттік-құқықтық қағидалар бекіген.
Никита Хрущев кеудемсоқтықпен Қазақстан аумағын бөлшектемек болғанда, қасқайып қарсы тұрған Жұмабек Тәшенев дәл осы Конституцияға сүйенген!
1978 жылғы 20 сәуірде республикалық Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VII сессиясында преамбуладан, 10 бөлік, 19 тарау, 173 баптан тұратын жаңа Конституция қабылданды. Барша билік таптық тұрғыдан жұмысшы, шаруа және еңбекші интеллигенцияға жіктелетін халыққа тиесілі деп жариялаған бұл Конституция мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және қоғамдық ұйымдардың меншігін экономикалық жүйенің негізі деп таныды.
Одан кейінгі кезеңде қазақ мемлекеттілігінің дамуына 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің зор ықпал етті деуге толық негіз бар. Ол жалпы Совет Одағындағы демократиялық, яғни бұқаралық қозғалыстарға бастау, халық санасына түрткі болды. Әр ұлттың дербестігі, ұлт саясатының әділ жүргізілу талаптары іс жүзіне аса бастады. Қазақ Желтоқсанының дүмпуін Балтық жағалауы елдері белсенді дамытты. Кеңестік орталық бұқара қозғалысына енді қарсы тұруға қауқарсыздық танытты. Біртіндеп тоталитарлық құрсаудан босауға деген ұмтылыс Совет Одағының негізгі тірегі саналған Ресейдің өзін шарпыды. Одақтас республикаларда еркіндікке, дербестікке ұмтылу үдерісі конституциялық реформалар аясында өрістеді. Мәселен, 1990-ыншы жылдары Қазақстанның 1978 жылғы Конституциясына өзгерістер енгізіле бастады. Солардың нәтижесінде атқарушы және өкім етуші биліктің басшысы ретінде Президент лауазымы бекітілді. Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинеті болып, Ел Қазақстан Республикасы деп аталатын болды.
Тәуелсіздіктің құқықтық негізін «Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы» 1990 ж. 25 қазандағы Декларация, 1991 ж. 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң салды. Бұларды әзірлеудің, қабылдаудың басы-қасында заңгер-ғалымдар С. Зиманов, Ғ. Сапарғалиев, С. Сартаев, М. Баймаханов, қоғам қайраткерлері Ш. Мұртаза, М. Шахановтар болғаны мәлім. Өзге ұлттың кейбір өкілдері қазақтың мүдесін қолдап жатқанда, өзімізден шыққан базбіреулер бөтен мінез көрсетті.
Дегенмен, Декларацияда қазақ халқының тағдырына жауапкерлікті сезіну, оның өзіндік мәдениеті мен тілін қайта жаңғырту мен дамытуға мемлекеттік қамқорлық көрсету қажеттілігі республиканың міндеті ретінде көрсетілді. Ұлттық мемлекеттікті сақтау, қорғау және нығайту мәселелері алға қойылды. Міне, осылардың өзінен Желтоқсанда ашық жарияланған талаптардың жүзеге асқанын аңғару қиын емес.
1993 ж. 28 қаңтарда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі IX сессиясында тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын қабылдады. Парламенттік республика үлгісі негізге алынды. 4 бөлік, 21 тарау, 131 бапта халықтық егемендік, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлісу, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану және т. б. туралы қағидалар бекіді. Сот жүйесінде Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар кірді. Елдің тәуелсіздігін, базарлы экономика мен демократиялық мемлекетті қалыптастыруға қажетті заңи негіздерді бекіткен, қазақ парламентаризмінің жарқын беттерін жазған бұл Конституцияның орны ерек.
Алайда кеше ғана тоталитаризм құрсауында болған қоғам ашық жүйеге еркін енуге әлі дайын емес еді. Қоғам өтпелі кезеңнің қарама-қайшылықты ұстанымдарының талқысында толқыды. Билік жүйесінде өкілеттіктерді бөлісу, құқықтық тұрғыдан мемлекеттіліктің сипаты, мемлекеттік тіл, азаматтық, экономикада жерге меншік мәселелері дау-дамайға негіз болды. Қоғамда алға ұмтылумен қатар, оңды-солды бұлғақтаулар орын алды. Сан алуан көзқарастар таласы толастамады. Ілгерлеушілік пен керітартпалықтар шиелініске түсті...
1993 ж. 15-қарашада мемлекеттіліктің бір атрибуты – ұлттық валюта – теңге айналымға енді. Тар жол тайғақ кешуі мол тоқсан үштің 28-қаңтары мен келесі Конституция қабылданған тоқсан бестің 30-тамызы арасында қаншама бел-белестер болғанын әлі пайымдай жатармыз...
Сонымен, 1995 ж. 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда бүгінгі қолданыстағы Конституция қабылданды. 9 тарау, 98 бап. Оған үш рет – 1998, 2007 және 2011 жж. өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімдері мен өкілеттіктері өзгерді, пропорционалдық сайлау жүйесі енді, Қазақстан Халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болды және ол квота бойынша өз өкілдерін Мәжіліс пен Сенатқа жіберу құқығына ие болды. Үкімет басшысын тағайындарда Президент парламенттік фракциялармен кеңесулер өткізу процедурасы жөнінде, Премьер-министрді парламенттік көпшілік бекітетіні туралы ережелер енді. 2011 ж. президенттің кезектен тыс сайлауларын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін айқындады. Ата-бабамыздың ат тұяғы тимеген жер жоқ... дер едік. Жер шарының топонимикасында түркілік тек толымды. Әр жағы белгілі. Мақтанға да, мұңға да орын бар. Алайда тарих қалау райын көтермейді...
Осы жылдар ішінде барлық көршілерімізбен мемлекеттік шекарамыз туралы келісімге келіп, оны делимитациялап, демаркациялап, барша рәсімі сақталған картаны БҰҰ өткізгенімізді аз көрмейік. Қазақстан тарихындағы әрбір конституцияның өз миссиясы мен атқарған қызметі болды. Текке кеткені жоқ. Әрқайсының өз орны, өзіндік бояуы бар. Ішкі-сыртқы алуан түрлі қысымдарға қарамастан еліміздің абзал ұлдары қазақ мүддесіне қатысты іргелі деген мәселелерде тас түйін ұйымдаса білді. Ұлтыма болсын деген ойларының небір сүбелісін қиыр-шиыр саяси таластардан ертелі-кеш әйтеуір бүгінге жеткізе алды. Әйтпесе, 1926 жылы автономия алу, 1936 жылы одақтас мәртебесін иелену, 1978 жылы өзіндік ерекшеліктерді шамамызға қарай сақтап қалу, дамыту, ал 1993 жылы коммунистік тоталитаризм түнегін жарып шығу оңай болмаған. Қазіргі Конституциямыз тек солардың ғана емес, олардың алдындағы конституциялық ақыл-ойлардың да тұнығынан нәр алған. Солардың бастауларындағы даналық көздерінен суарылған.
Енді мына бір ойға назар аударыңыз: Конституциялық құқық белгілі бір құқықтық идея негізінде қалыптасады. Қоғамдағы саяси тұрақтылық, баяндылық Конституция соны талап еткеннен емес, белгілі бір оң идеялардың халыққа тән болуынан, ұлт құрсағын жарып шығуынан, қоғамның сол идеяларды қолдауынан. Иә, бұл ақиқат. Қазақ құқықтық руханиятының генезис-бастаулары, эволюциялық жолы тым әріден, ілкі төрден басталады. Тамыры терең, тұнығы қанық.
Жазылған заңның түп-төркіні жазылмаған заңда (салттық жарғыда) жатуы тиіс деген, заманалық құқықтаным тұжырған, қазір көзі ашық, көкірегі ояу әрбір заңгер білуі тиіс ойды әдебиетші, тарихшы Дүкен Мәсімханұлы шегелеп айтып қойыпты.
Д. Мәсімханұлының келтіруінше, қытайдың «Таңнама», «Ханнама» деп аталатын тарихи құжаттарында: «... Үйсін, Сақ елдерінде ... заңында бағып алған баланы құл етуге, сатып жіберуге, кепілге қоюға болмайды. Әрі оны ауыстыратын зат құн емес, сүтақы деп аталады... Һүндер мен үйсіндерде ағасы өлсе оның әйелін інісі; інісі өлсе жесіріне ағасы әмеңгерлік ететін заңдары бар еді. Бұл тұқым-жұрағатының құрып жоғалуының алдын алуды, сондай-ақ рулық түзімді қорғауды көздеген әлеуметтік заң-жарғы еді.... Һүндер табиғат құбылыстарына, ата-бабаларының аруағына табынатын. ... Қағаз бетіне түспеген, бейресми заңдары бар-тұғын» деп жазылған. Лев Гумилев «Көне түріктер» кітабында: «Түріктерде ... жалпы, өте қатал, тіпті қатыгез заңының өзі әйелді қолдап, қорғаған» деп жазған...
Жетісу, Ұлытау, Ертіс бойларында хандық құрған Инал, Көлеркен, Қаңлықожа хандарға кезегімен бас уәзір болған, 195 жас жасаған Қорқыт қазақтың салттық жарғыларын шығарып, жүзеге асырған дейді аңыздар мен жазба деректер.
Түбегейлі қазсақ, қазақ руханиятында құқықтық вакуум болмаған дер едік. Құқықтың өмір сүруі үшін жазылған заңдардың болуы міндетті емес. Құқықтың өмір сүру формасы сан алуан болып келе береді. Заманалық түсінікте құқық базистен іргесі бөлек, өзінше оқшау өмір сүретін қондырмаға тиесілі дүние емес. Құқық өмірдің өзімен бірге өріледі. Құқық – өркениеттің жетістігі. Рухани өзегі. Құқықтық сарындарды ертегі-жырдан да, эпостан да, діни тәмсілдерден де, прозадан да көруге болады. Баба қазақ өзінің құқықтық аңсарларын тасқа қашап жазған. Байтақ Дала төсінде сан ғасыр мызғымай тұрған Тас жазулардың көшірмесі бүгінгі күні Елорда төріне орныққан. Құқықтық доктринадағы адамға деген көзқарастың толымды-толымсыздығы негізгі мәселе. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Атаңның емес, адамның баласы бол», «Халық айтса, хан түйесін сояды»... Иә, қазақтың әрбір ділмәр сөзінің астарында құқықтық ой-сана жатыр.
Жалпы қазақ қауымында адамның орны, оның ар-намысы, еркіндігі ерекше болған. Қазақ қоғамы еркіндік пен ар-намыс үстемдігі орнаған қоғам. «Еңкейгенге – еңкей, ол атаңның құлы емес, Шалқайғанға – шалқай, ол Құдайдың ұлы емес», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп ар заңын бәрінен жоғары қойған бұлжымас қағидаттарға қараша да, хан да мойынсұнған. Қалмақтарда бидің шешімі ұнамаса, нояндар бидің басын шабуға құқылы болған. Ал қазақ билеріне билігіне ешкімнің, тіпті ханның да құзыры жүрмеген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағидат берік сақталған. Міне, реті келсе, әлі де айтыла жатар ойлардың бастау сұлбасы осындай.
Осы тұрғыдан еліміздің Конституциясының бастаулары тым әріде жатқанын есте ұстауымыз керек. Иә, бүгінгі Конституцияға дейін, 1993 ж. 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес қабылдаған Конституция болған. Ал оның алдында...
...Ұлт көсемдері жазған Алаш Конституциясының жобасы кең жарияланбай, халыққа таралмай тұншықтырылды. Дегенмен, жаңа заманға сай құқықтық аңсарлар сол кездің өзінде қазақтың ой өрісінде кең жайылған еді. Бүгінгі зерттеушілер жарияланбай қалған сол Конституцияның қағидалары сол кездегі құқықтық ойлардың озығы болғанын, сол деңгейге Еуропа елдерінің кешірек жеткенін анықтауда.
Тым тереңдемей-ақ, «Қасым ханның қасқа жолына», «Есім ханның ескі жолына», Тәуке ханның «Жеті жарғысына» назар салсақ, олардағы конституциялық сипатты қағидаларды, ұлағатты ұстанымдарды аңғарар едік. (Осы жерде 1990-ыншы жылдары бір шетелдік сарапшының сіздер өз конституцияларыңызды «Жеті жарғы» деп атауларыңызға болады ғой деген пікірі еске түсіп отыр). Шоқан Уәлихановтың сот билігі туралы ойлары, Абай жазған билер сотының ережесі, Ресей Мемлекеттік Думасына алғаш депутат болған қазақ зиялыларының ойлары..., 1905 жылғы Қарқаралы құзырхаты – міне, осының бәрінде белгілі бір жүйе, белгілі бір елдік, мемлекетшілдік, құқықтық ой-аңсарлардың сорабы жатыр. 1911 жылы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен жазылған «Қазақ елінің уставы», 1917 жылғы 21-қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясының конституциялық мәнге ие бағдарламасының жобасы...
Шоқан мен Абайдың көкірегінде қазаққа бір конституция түзіп берерлік құқықтық ойлар пісіп жетілген еді. Шоқан қыршын кетті. Абайдың тағдыры құсаға толы болды. Дегенмен, Шоқан жұлдызының жарығы әлі сөнген жоқ. Сөнбес. «Абай жолы» да кең ашылып келе жатыр...
Қазақтың көкірегін кернеген аңсар армандар көп нүктелер көгенін көктей, зымыран уақытпен жарыса шауып, Қоқанда Түркістан мұхтариятын, Орынборда Алаш автономиясын жариялатуға жеткізді. Бірі 64 күн (1917.27/XI – 1918.11/II) өмір сүрді, екіншісі екі жылдай (1917.13.XII-1920.09/III) қарекет етті. Қазақтың бүгінгі байтақ аумағының негізін белгілеп кетті. Түркістан мұхтариятының – Түркістан үкіметінің алғашқы басшысы М. Тынышбаев болса, одан кейін басшы қызметін М. Шоқай атқарды. Алашорда үкіметінің төрағалығына баламалы негізде Б. Құлманұлы, А. Тұрлыбайұлы, Ә. Бөкейхан дауысқа түсті. 40 дауыс алған Ә. Бөкейхан Алаш Республикасының төрағасы болып сайланды.
Қазақ елдігінің, мемлекеттілігінің бастау баянына 1465 жылы Қазақ хандығының құрылуын алтын топшылы тірек етіп жатқанда, I және II Республика дейтін мәртебеге лайық Түркістан мұхтарияты мен Алаш автономиясы бергі жақын да, айқын тарихтағы алмас тағалы тұғыр саналмас па?! Егер сол кезде сондай қадамдар болмағанда, кім бізді елер еді, кім бізді көрер еді! Түркістан мұхтарияты мен Алаш автономиясы түптеп келгенде бір елдің, бір ұлттың мақсат-мұраты, мүддесі үшін бір кезеңде, сәл ілгері-кейінді, біріне бірі жалғаса туған егіз құбылыстар. Оларды бөле-жармай, бір деп санасақ болар еді.
Алайда құрсағы бір десек те, кіндіктері бөлек. Ерекшеліктері де жетерлік. Екеуі бір қазақтың екі бөлек республикасы болғанын жоққа шығаруға болмас. Бұлар болмаса, одан кейін қашан, қайда қадам басар едік! Оспан батырдың Шығыс Түркістанда құрған хандық мемлекетін де жадымыздан шығаруға болмас. Бір заманда уақыт шіркін оның да орнын белгілеп берер...
Ендеше, біз қазір VII Республика аясында өмір сүріп жатырмыз. Күн артынан күн, жыл атынан жыл өткен сайын, басқасын айтпағанда осы екі құрылымның Қазақ елдігінің, мемлекеттігінің, құқықтық ой-аңсарының үзіліссіз тізбегінде алатын орны айшықтала бермек. Бұл екі республиканың тым қысқа ғұмырлы болуы олардың кінәсі емес. Ғұмыры қысқа болса да, тағлымы мен тәмсілі жетерлік. Өмірдің мәні ұзын-қысқалығымен өлшенбейді ғой. Қоқан мен Орынбордың бірін бірі қолдай жарыса көтерілуі, ұлт көсемдері мен олардың серіктерінен сайланбалы үкіметтер құруы, жақын келешекте бірлесу туралы келісуі өзінше бір феномен. Ұйытқы қозғалыстардың ұшы-қиырсыз Мұхиттай Даланың әр жерінде болғаны заңды да. Кең байтақ қазақ жұртының барша қиырының тәуелсіздікке сусағанының, әлемдік республикалық қозғалысқа ат салысуының ғажап көрінісі.
Одан соң, астана Орынбордан Семейге – Алаш-қалаға көшкен соң, Қоқан республикасының (Түркістан мұхтарияты), Алаш-Орданың және Башқұртстанның басшыларының біріккен съезд өткізгені де көп нәрсеге меңзейді. М. Шоқайдың «Ресей бұғауына түсіп қалған өлкелер ортасында тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік үшін күресу жолына тұңғыш рет Түркістан түсіп отыр» деген ойы да ақпары мол дерек.
Халел мен Жанша Досмұхамедұлылар 1918 жылғы көкектің 2-сіне дейін Мәскеуде автономия алу жөнінде В.И. Лениннің қабылдауында болуы, Ә. Бөкейхан, Х. Ғаббасұлы, Ә. Ермекұлылар В.И. Ленин және И.В. Сталинмен Қазақ автономиясының жер көлемі, шекарасы туралы келіссөз жүргізуі, Қазақ елінің жер аумағын шегендеуі Алашорда билігінің қызмет-қарекеті аясында жүзеге асқан. Батыс Қазақстан өңіріндегі Каспий жағалауларының, Семей, Ақмола облыстары мен Алтай өңіріне кірген қазақтар тығыз орналасқан Коростолев даласының Қазақстанға қайтарылуы осы кезде!
Одан соң, Конституция қабылданбай тұрып-ақ «Қазақты – қазақ дейік, қатені түзетейік» деген Сәкен Сейфуллин, 1923 ж. қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізген. Алашорда үкіметіндегі 25 орынның онын қазақтар арасындағы басқа ұлт өкілдеріне бөлінгені де республикашылдық ойдың айқын белгісі.
Міне, сондықтан VII Республикамыз деуге толық негіз бар. «Бостандық, теңдік, бауырластық, әділдік!» Бұл республикашылардың ұраны. Алайда, республика, яғни «ортақ іс» бұқараның белсенді болуына ылғи мұқтаж. Республика мен демократия тығыз байланыста.
Бүгінгі күні бұқара санасында Тәуелсіздік тағдырына алаңдаушылық күшті. Қоғамдағы түрлі әлеуметтік шиеленістер, бай мен кедей топтардың жіктелуінің асқынуы, жер дауы, қазба байлықтардың, елдің экономикасын құрайтын кәсіпорындардың заңсыз әрі әділетсіз талан-таражға салынуы, шетелге, жекелеген олигархтардың меншігіне кедергісіз өтуі, коррупцияның тамырын тереңге жаюы және басқа да келеңсіз құбылыстардың шешуі кезек күттірмейді.
2016 жыл Қазақстанда қоғамдық қозғалыстардың белсенділігімен есте қалмақ. Жұртшылық жер дауы мен басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге бейресми және ресми ұйымдар, кеңестер, қозғалыстар арқылы белсене араласуда. Қоғам дамуының табиғи динамикасы осыған әкеліп отыр.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, біз алдағы міндеттер қатарына төмендігілерді қосар едік:
– Қазақ құқығы мен мемлекеттілігінің ежелден бергі тарихи сабақтастығын танудың, насихаттаудың, республикалық, әлемдік ауқымда баршаға танымал етуді мемлекеттік деңгейде жүйелі жүзеге асырудың кешенді бағдарламасын әзірлеу;
– Қазақ құқығы мен мемлекеттілігінің терең бастауларын ғылыми зерттеуді аса маңызды проблема деп тану, осы бағытта зерттеулер жүргізуге мемлекеттік гранттар бөлу;
– Желтоқсан көтерілісіне Қазақстан Тәуелсіздігінің шешуші баспалдағы ретінде ресми саяси-құқықтық баға беру, осы бағыттағы зерттеулерді жандандыру, мемлекеттік гранттар бөлу;
– Қазақстан Республикасының демократиялық негіздерін нығайту бағытында экономика, саяси және қоғамдық құрылыс, мәдениет, білім беру және басқа да маңызды салаларда қоғамдық пікірді айқындау, ескеру және жұртшылық талаптарын жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру;
– Халық мүддесіне қатысты реформаларды халықтың кең талқылауына салу және референдумға сүйену тәжірибесін жетілдіру.
Б.К.Сыздық, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті Экономикалық және құқықтық зерттеулер ҒЗИ, аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент
Әдебиет:
1. Жалбағаев Е. Қазақтың арғы атасы: номадтар, сақтар, ғұндар, түркілер және қазақтар (Қазақ тарихына бейресми көзқарас). – Алматы: Білім, 2009. – 280 б.
2. Шаймерденов Е. Қазақ елінің рәміздері: Естияр балаларға арналған. – Алматы: Балауса, 1993. – 80 б.
3. Леони Бруно. Свобода и закон / Бруно Леони; пер. с англ. В. Кошкина под ред. А. Куряева. – М.: ИРИСЭН, 2008. – 308 с.
4. Зиманов С.З. Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі. – Алматы, 2008. – 216 б.