Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аңыз тұлға - Нұрмұхан Жантөрин

2922
Аңыз тұлға - Нұрмұхан Жантөрин - e-history.kz
Бүгін - ұлттық театр сахнасы мен кино әлеміндегі саңлақ актерлердің бірі, ҚР Халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні.

Актер 1928 жылы 22 сәуірде қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген. 14 жасынан бастап Гурьев мұнай барлауында жұмыс істейді, кейіннен Алматыдағы киномеханиктер курсында оқиды. 1950 жылы Алматы киномектебін бітіріп, Ташкенттегі театр өнері институты актерлік факультетінің 3-ші курсына қабылданып, оны 1952 жылы бітіріп шығады.

Нұ­­рмұхан Жантөрин еңбек жолын "әкем театр" атанған Мұхтар Әуезов атын­дағы академиялық қазақ драма теа­тр­ы­ның сахнасында бастап, өмірінің соңына дейін сол театрда еңбек етті. Көптеген сахналық  қойылымдар мен фильмдердің басты рөлдерін ойнады. Қазақстанның Халық жазушылары С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Шо­қанды, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлуында» – Қодарды, М. Әуезовтің  «Ең­­лік–Кебек» пен «Қарагөзінде» – Кебек пен Сырым­ды, М. Булгаковтың «Жендетте­рін­де» – Мольер, У. Шекспирдің «Отелло­сы» мен «Макбетінде» – Яго мен Макбет, А. Пуш­кин­нің «Шағын трагедияларында» Саль­е­ри, Барон және Дон Жуан рөлдерінде ой­нады. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Оның уақыты келеді» фильмінде – Ш. Уә­лихановты, «Атаманның ақырында» – Абы­лай­хановты, «Құрманғазыда» – Құр­ман­­ға­зыны, «Сапар құдығында» – Сапарды, «Кө­­лең­ке­сін қуған шалда» – қария, «Сұл­тан Бей­ба­рыс­та» – Сұлтан Бейбарыс сияқ­ты басқа да көп­теген тарихи тұлғалардың бейнелерін ас­қан ын­та­мен сомдап, өзгеше адами әрі ак­терлік қы­рынан танылды.

Режиссер Б. Мансұров қойған «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл фильм туралы актердің жұбайы, театр зерттеушісі Мар­га­рита Иоглева-Жантөрина: «Сұлтан Бей­барыс образы актер Нұрмұхан Жан­тө­риннің ұлы шығармашылығы екенінде дау жоқ. Сұлтандыққа жанкештілікпен жеткен адамның тағдыры. Менің мәскеулік актер достарым «Сұлтан Бейбарысты» орысша дыбыстандырған кезде Сергей Фе­до­ро­вич­тің таңғалысын айтқан болатын. Ол үзіліс кезінде «Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның сөздерін дыбыстандырудың өзі бір ға­нибет!» деп ризалық білдірген екен», – деп жазған.

Осы рөлі үшін Н. Жантөрин ке­ңес киносы актерлерінің Бүкілодақтық «Соз­вездие – 90» фестивалінде «Актер ма­мандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сый­лығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күн­дері Тверь қаласы көшелерінде Нұр­мұхан Жантөринді халық «Сұл-тан Бей-барыс!.. Сұл-тан Бей-барыс!..» – деп қошемет­теп, қолпаштап тұрып алған екен.

Режиссер ретінде Цой Гук Инмен бірлесіп “Орман балладасы” (1972), Н. Жайнақовпен бірге “Медальдың үшінші жағы” (1976) фильмдерін қойды.

Нұрмұхан Жантөрин «Қазақфильм», «Қыр­ғызфильм», «Өзбекфильм», «Мосфильм», «Ленфильм», т.б. көптеген киностудиялармен шығармашылық байланыста болды. 

Актер көзі тірісінде: «Мен­дегі бар қымбат нәрсені осынау жа­рық дүниеге тастап кеткім келеді-ақ. Жи­нап-терген, түйсініп-түйген тәжірибем, бар білімім мен білігім топырақтағы құрт­тар­ға жем болмаса екен деймін! Әлі көп нәр­се істегім келеді… Жұмыс жасағым ке­леді...», – деген екен.

Бұл сөзін Нұрмахан ағаның арманы десек, онда бүгінгі ұрпақтың актерді әлі күнге дейін ұмытпауы, оны үлгі тұтуы, құрметтеуі осы арманының орындалғанын білдірсе керек.

Актер, режиссер Нұрмұхан Жантөрин көзі тірісінде-ақ көптеген құрметпен марапаттарға ие болған, айта кетсек:

  • 1959 жылы Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген артисі (құрметті атағы);
  • 1959 жылы КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды;
  • 1966 жылы Қазақ КСРнің Халық артисі (құрметті атағы);
  • 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін Лениннің туғанына 100 жыл» құрмет белгісі (медалі);
  • 1978 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы;
  • 1988 жылы КСРОның Халықтар Достығы Орденінің иегері атанды;
  • КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденін екінші мәрте алған;
  • КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.

Нүрмұхан Жантөриннің артында оны ұмытпайтын туыстары, достары, шәкірттері, өнеріне төнті болған көрермендері бар. Атырау облыстық филормониясына және Атырау қаласының бір көшесіне Н. Жантөриннің есімі берілген. Алматы қаласында да Жантөрин атындағы көше бар. Сондай-ақ Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы облыстық музыкалық драма театры Н.Жантөрин атында. Театр 2003 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылды. Бір мезгілде екі зал төрінде, алғашқы рет Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек», Тәкен Әліпбаевтің «Томирис» шығармалары сахналанып, театр шымылдығын ашты. 2006 жылы өнер ошағына ҚР Халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?