Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың жыл санау дәстүрі

2491
Қазақтың жыл санау дәстүрі - e-history.kz

Халқымыз бір жылдың 365 күнін 12 айға және әрқайсысы 90 күннен тұратын төрт мезгілге (көктем, жаз, күз және қыс) бөліп қарастырған. Әрі бұл өте ерте замандарда қалыптасқан дәстүр. Махмуд Қашқари өз еңбектерінде түркі халықтарының жыл санау дәстүріне байланысты былай дейтіні бар: «Көшпелі өмір сүретін, мұсылман болмаған түріктер жылды төрт маусымға бөліп, әр үш айды бір атаумен атайды. Жылдың өтуін сол тәсілмен белгілейді... 30 күннен тұратын уақыт өлшемін Ай деп есептейді. Бір айлық уақыттың өтуі айдың дәуір сүруімен есептелгендіктен, жылдың он екіден бір бөлігі де «ай» деп аталады». Яғни осыған қарап-ақ, жыл, ай санау, маусым есебін шығару секілді күнтізбе дәстүрін бабаларымыз сонау түркі дәуірінің өзінде-ақ меңгере білгенін байқаймыз. Бұл дәстүр «ай санау» деп аталады.

90 күннен тұратын бұл мауымдарды күнделікті өмірде көктем, жаз, күз және қыс деп шартты түрде атағанымызбен бұрынғылар бұл мезгілдерді су, от, топырақ және ауа секілді төрт жаратылыстың, яғни төрт дүлейдің үстемдік құратын  уақыты деп санаған. Мәселен көктемде дүниенің барлығын су басады, жазда көк шалғын (от) және ыстық ауа райы орнайды. Күзде шөп сарғайып, ыстық қайтады. Топырақ көрініп, жер демалады. Ал қыста алдыңғы үш дүлей тыныштық тауып боран мен ұйытқыған желдің уақыты келеді.

Осы төрт дүлейдің қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран секілді құбылыстарын амал деп атаған. Амалға қарап болжам жасаған, малын төлдетіп, көшін түзеген. Халқымыз бұл тұрғыда үлкен шеберлік әрі білгірлік танытқан.

Әр ай ішінде болатын табиғат құбылыстары мен өзгерістерін халық «амал» деп атаған. Кей өңірлерде «ай амалдары» деп те аталады. Сол амалға байланысты жұрт болашақ жоспарын күні бұрын мөлшерлеп, соған сай дайындық жасайтын болған. Қазақ жұлдызшылары екі айдың арасын «өліара» деп есептеген. Бұл - халқымыздың ауа райы және оның әр алуан құбылысын зерттеу нәтижесінде шығарған ғылыми қорытындысы. Осы негізде халқымыз «тоғыс айлар» деп аталатын айлар тобын дүниеге әкелген. «Тоғыс есебі – шаруа жайымен, мал шаруашылығымен шұғылданып өмір кешкен байырғы қазақ халқының үркер қозғалысына негізделген күнтізбесі. Тоғыс есебін жүйрік білетін есепшілер мен көкірегі дана қариялар азайып кетсе де, ескі сүрлеумен із шолуға ниет еттік. Айдың үркерді басып өтуі – тоғыс деп аталады. Дәл тоғыс кезінде үркер айдың арғы жағында тасада қалады да, жердегі адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, үркер көрінеді. Ай толған кезде ауа райы бұзылып, өзгеріс болады. Тоғыс үш күнге жалғасады. Алғашқы күні тоғаяды. Келесі күні ауыл үй қонады. Үшінші күні өтіп шығады. Бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзімді тоғыс айы деп атайды. Үркіп үйірінен бөлінген малға ұқсатып үркер деп атаған. Үркер күн мен айдың орбитасына жақын болғандықтан, оған қатысты күн мен айдың орналасуына қарап жыл мезгілін, айдың қай тоғыс екендігін анықтап отырған. Күнтізбесін үркердің қозғалысына негізделген көшпелі халық шаруашылығын, науқанды жұмыстарын да тоғыс есебіне сәйкестендірген. Үркерге қарап қыс пен жаздың басын анықтаған», - дейді белгілі зерттеуші Қадан Қабисатұлы.

Тоғыс айлары:

Жеті тоғыс - наурыз;

Бес тоғыс - көкек;

Үш тоғыс - мамыр;

Бір тоғыс - маусым;

Жиырма үш тоғыс - шілде;

Жиырма бір тоғыс - тамыз;

Он тоғыз тоғыс - қыркүйек;

Он жеті тоғыс - қазан:

Он бес тоғыс - қараша;

Он үш тоғыс - желтоқсан;

Он бір тоғыс - қаңтар:

Тоғыз тоғыс - ақпан.

Тоғыс туралы белгілі этнограф ғалым З.Сәнік былай деп жазған: «Халық былай деп карайды: Егер тоғыс кезінде Үркер мен Ай бір-бірінен алыс болса, сақтану керек. Егер екеуі жакын келсе, онда жақсылыққа тән. Бір жылда Үркер мен Ай 13 рет тоғысады. Ең ауыр тоғысы - ақпан айындағы ақырап. Жұт болатын жылы өрістен қайтқан қойлар аузына бір тал шөп тістеп кайтады екен. Мизам туған күні түйе басын құбылаға беріп, төрт аяғын төрт жаққа керіп жайылып ұйықтаса, ол жылы қыс жайлы болмақ. Міне, дала табиғатын, оның құбылыстарын әу бастан зерттеген ата-бабаларымыздың бір білгірлігі – осында».

Ежелгі астрономиялық есеп бойынша әр айға сәйкес келетін жұлдыз атаулары қойылған. Мұны «жұлдыз айлар» деп аталады. Қазақтың ай атаулары – қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан деп белгіленеді. Бұл «жұлдыз санау немесе жұлдыз айлары» деп аталған.

Алайда көптеген зерттеушілер ай атауларына келгенде біршама қателікке ұрынып жүргенімізді айтады. Қадан Қабисатұлының айтуынша, ай аттары мен амалдар ауысып кеткен. «Қазақша ай аттары Қазақстанда амал аттарымен ауыстырып қолданылып келеді. Ақпан, Наурыз, Сәуір деген ай емес, амал аттары. Моңғолия қазақтары Ақпанды – Үттің айы, Наурызды – Бірдің айы, Сәуірді – Көкек айы деп атайды. Көне түркілерде жыл есебі реттік санмен айтылған. Кей айларды реттік санмен атау Қытай және Монғолия қазақтарында сақталған. Моңғолия қазақтары жыл он екі айды Қаңтар, Үттің айы, Бірдің айы, Көкек, Мамыр, Маусым, Шілде, Тамыз, Мизам, Қазан, Қараша, Желді деп атайды. Халық жыл маусымында күн мен түннің теңелуін, күннің ұзаруы мен қысқаруын мұқият қадағалап отырған. Бұл дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Осыған байланысты халық арасында ертеден қалыптасқан тәмсіл сөздер сақталған. Мәселен, «Күн тоқырауда торғай адым, қаңтарда қарға адым ұзарады, шілдеде шіл адам қысқарады» деген сөз бар. Үштің айы – күштің айы дейді. Бұл – аяз күшейетін ай. Бірдің айы – сүрінің айы дейді. Бұл – ет сүрленетін ай. «Көкекте – көк ішек» деп тағы айтады. Көкекте көк шығып, малдың ішегі көгереді. «Мамырда – май ішек» дейді. Мамырда малдың ішегіне май жүгіретін ай деген сөз», - деп жазады өзінің зерттеу мақалаларында.  

Сол секілді қытай қазақтарының ай аттарына қатысты атауларында да біршама айырмашылық бары байқалды. Олар ай ретін «үштің айы», «бірдің айы», «Көкек», «мамыр», «маусым», «Шілде», «сартамыз», «Мизам», «қазан», «қараша», «желтоқсан», «қаңтар» деп атайды. Наурызды – мереке, ал ақпан мен сәуірді моңғолия қазақтар секілді «амал» деп қарайды.

Реті

 

Көне (Өтейбойдақ жазбаларында)

Жаңаша

 

Моңғолия және Қытай қазақтарында

1

Ерге

Наурыз

3 - ай

2

Көктеу

Сәуір (Көкек)

4 - ай

3

Мезгеу

Мамыр

5 - ай

4

Көзгеу

Маусым

6 - ай

5

Шілдеу

Шілде

7 - ай

6

Тамызық

Тамыз

8 - ай

7

Дәндеу

Қыркүйек (Мизам)

9 - ай

8

Соқтау

Қазан

10 - ай

9

Күйек

Қараша

11 - ай

10

Қауыс

Желтоқсан

12 - ай

11

Ығыс

Қаңтар

1 - ай

12

Қаңтар

Ақпан

2 - ай

 

Шығыс күнтізбесі бойынша, жаңа жыл Наурыздан басталады.

Наурыз - жылдың әрі көктемнің бірінші айы. Парсының «нау» - жаңа, «руз» - күн деген, яғни «жаңа күн» деген сөзінен шыккан. «Демек, наурыз аты бір-ақ күнді білдірсе де, ол толык ай атын иеленген. «Наурыздың бірінші күні күн мен түн теңеледі, яғни жаңа жыл келеді. Бұл күннің халқымыз үшін орны бөлек. Ол - жыл басы, көктем басы, мереке басы саналғандықтан, халқымыз бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Бұл күнге (яғни жаңаша 22-сі күні) халык үлкен құрметпен қарайды. Мерекелі күндер біріне-бірі ұласады. «Наурыз-думан», «наурыз көже» дәстүрі осы айда жасалады. Күн ұзарып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзiлер шағына халыкқ өзінің тәтті-дәмдісін сақтайды. Үлкендер сол дәмді татады, мұны «ұзынсары» деп атайды. Мал төлдейді. Қар еріп, өкпек жел тұрады. Ауа райы құбылып, жұрт карбалас күйге түседі. Мұны «көктемгі аласапыран» деп атайды. Наурыздың соңғы күндері кейде қар, кейде жаңбыр жауады. Халық мұны «Құс қанаты» деп атаған. Мұнысы жыл құстарынын келе жаткандығынан дерек берсе керек», - делінген Зейнолла Сәніктің зерттеу еңбектерінде.

Енді автордың сол зерттеулерінен біраз мәлімет келтірсек:

Көктемнің басында қасқырлар жұптасып, ұйығады. Осы кезде борасын болады. Бұл амалды халық «бөрі сырғақ» дейді. Наурыздың жаңаша 17-21-і күндері аралығында катты боран соғады. Мұны «бесқонақ» деп атайды. Осы айдың аяқ шенінде түскен әдемі қиыршық карды «наурызша» дейді. Бұдан сырт осы мереке кезінде туған алғашқы төл «наурыз төл» деп аталады да, ол малдың сетері болып есептеледі.

Көкек - екінші ай. Бұл ай - Көкектің алғаш шакыра бастаған айы. «Көкектің алғаш шақыра бастаған айы болғандықтан осылай аталған» деседі халық. Бұл мезгілде қар еріп, су тасиды. Күн жылына бастайды. Ағаштар бүр жарып, көк қаулап өседі. Мал жаппай төлдейді. Жарлының аузы аққа тиіп, уызға тойынады. Құс жұмыртқалай бастайды. «Наурыз келмей жаз болмас, сәуір болмай мәз болмас» дегендей, бұл айды кей жерлерде «сәуір айы» деп те атайды. Бұл айдың аяқ шенінде (25-28 күндері) қара суық қайталанады. Мұны «тобылғы жарғанның суығы» дейді. Осы кезден бастап тобылғы бүр жара бастайды.

Мамыр - үшінші ай. Көктемнің ең сұлу шағы. Жер бусанып, табиғат күлпырады. Құстар сайрандап, жас төлдер ойнақ салады. Ауыл адамдарынын арқа-басы кеңіп, жер беті мажаурап, жұрт масайрап калады. Ата-бабамыз малдың балаларын «төл» деп атағаны сияқты кұстын балапанын «мамыр» деп атаған. Өйткені бұл айда кұстар балапан шығарады. «Бұл айдың аты осыған байланысты қойылған» дейді халық. Мамыр - тоқшылык, мамырлап, маужырап, мал коңдана бастаған, адам көктемгі мал төлдету қарбаластығынан ес жиған кез болып есептеледі. Бұл кезде қой қырқу, жылқы күзеу, түйе жүндеу басталады. Алғашқы бие байлау да осы кезге тура келеді. «Қымызмұрындыққа» шақыру да осы айдың еншісіне тиген.

Бұл айдын үшінші он күндігінде «Құралайдың салкыны» деп аталатын амал келеді. Бұл кезде киіктер төлін, яғни кұралайын аяқтандырады, өргізеді.

Маусым - төртінші және жаздың алғашқы айы. «Маусым үндінің «маусын» деген жұлдыз атауынан шыққан екен де, кейін түркі елдерінің тіліне енген» деген жорамал бар. Бұл атау жаз маусымының басталуына орай шығуы да мүмкін. Бұл ай кейде «отамалы» деп те аталады. Мұның жер отының молайып, нәрленіп, малға жұғымының артуына байланысты шыққандығы көпке белгілі. Күн барынша ұзарып, түн кыскарады. Маусымда ел төр жайлауға барып қоныстанып, халықтың бір жырғап қалатын, жайлау рақатын көретін шағы.

Шілде - бесінші ай. «Парсының «чіллә» деген, яғни «қырық» деген сөзінен шыққан», - дейді кейбір зерттеушілер. Мұнын шындығын қазақтың «қырық күн шілде» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады. Бұл өте ыстық ай әрі ол 40 күнге созылады.

Тамыз - алтыншы ай. Көне Сирия, ежелгі еврейлердін «тұммұз» деген сөзінен шыққан. Біздің тілімізде «сары» деген ұғымды білдіреді. Қазақтар бұл айды «саршатамыз» деп те атайды. Аспан айналып жерге түскендей ыстықтан кейін сарша Үркер туып, малға, жанға жайлы жаңбыр жауады. Халық мұны «Үркердің толғағы» дейді. Сары сарша - сарғаю, яғни жердің куаң тартып, өсімдіктердің сарғайған кезін білдіреді. Бұл кезде жайлау «сары жұрт» атанады. Пішен шабылып болып, егін орағы басталады. Тамыз сүмбіледе су салқындай бастайды. «Сүмбіле туса, су суыр» деген – осы.

Қыркүйек – жетінші ай, яғни күздің бірінші айы. Бұл – мал шаруашылығына орай шыққан атау. Қой-ешкінің төлдеу уақытын көктем айына келтіру үшін қазақтар күйек байланған қошқар мен текенің күйегін осы айда алатын болған. Қыркүйекте шаруашылықтың жиын-терімі аяқталып, жұрт қыс қамына кірісе бастайды. Ел күзде жайлаудан түсе бастайды. Күн салқын тартып, жерге шық түседі. Ел күзем алады. Кейде қыркүйекте жайлы, жұмсақ шуақты күндер болады. Ұзынынан ұзақ мизамдар жүреді. Жұрт мұны «мизамшуақ» деп атайды.

Қазан – сегізінші ай. Күн салқындайды. Жыл құстары жылы жаққа ауа бастайды, бұлт қоюланады, жерге боз қырау түседі. Кей күндері ұшпалап қар жауады. Малшылар күзекке түсіп қонады. Ауа райы құбылады, желді күндер көбейеді. «Ешкі-лақтың желдейтін шағы» келеді, кейде «қазанның қара дауылы» тұрады. Жай қалған көкөніс пен егін үсікке шалдығады. «Қазан ұрды» деген - сол. Сүмбіле туғанда су суыса, қазанда «таразы туып, таң суиды», «Боқырау» деген амал осы айға тура келеді. «Боқырауда боқ қатар» дейді халық.

Қараша – тоғызыншы ай. Бұл айда мал семіреді. Ертеде салық малы осы айда жиналатын болған. Оны халық «қараж», «қаражшы» деп атаған, яғни «каражат жинаушы» деген сөз. Кейін келе «қараша» болып, ай аты ретінде қалыптасқан. Бұл айда жер оты азайып, күн суытады. Кар түспей тұрғандағы мұндай суықты жұрт «қара суық» дейді. Алғашқы қар түседі. Мұны «қарашаның қары» деп атайды. Малшылар малын іріктейді. Тоқты-лақты, саулықты, бойдақ малдарды қысқы дайындыққа орай бөлек-бөлек бағуға іріктеп шығады.

Желтоқсан - оныншы ай, қыстың бірінші айы. «Жел» және «тоқсан» деген сөздің қосындысынан шыққан, яғни «желді, боранды тоқсан» немесе «желді-боранды маусым» дегенді білдіреді. Ежелгі түріктер бұл айды «жел айы» деп атаған. Бұл айда қыс күшіне еніп, қатты суық басталады. Бұл суық, әрине, 3 айға - бір тоқсанға созылады. «Қыс түсті» деген сөз қыспаққа алатын, «Қыс қысылатын мезгіл жетті» дегенді білдіреді. Осы айдың орта шенінде (15-20 күндері) ақ мылтық бұрқақ болады. Мұны «теке бұрқылы» дейді. Желтоқсанның 22-сі күні – күннің қысқару шегі. Мұны «күннің тоқырауы» дейді. Жұрт жаппай соғым сояды. «Майқуырдақ», «соғым басы» басталады.

Қаңтар – он бірінші ай. Күннің барынша қысқарып, қаңтарылып тоқтағанына қарай «қаңтар» деп аталған. «Қаңтардың қақаған аязы» осы айда болады. Күннің ұзаруы осы айдан басталады. Халықтың «қаңтарда күн қарға адым ұзарады» дейтіні осыдан.

Ақпан – он екінші ай. Қыстың, әрі жылдың соңғы айы. «Ақпан қазақтың «ақ ықпа» деген сөзінен шыққан» дейді халық. Бұл ай - қыстың ең ауыр әрі қаһарлы кезі. Қатты суык. аяз, үскірік, дүлей борандар осы айда болады. «Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан, ақпан, Қырлан» деген қаңтар ақпанға бәрін тапсырып кетеді екен» деп отыратын қариялар. Ақпан - жылдың ең қыска айы, кейде 28, кейде 29 күнмен бітіп отырады. Халык бұл айды үрейлі жағдайда өткізеді. Өйткені тарихтағы жұттар, ел азықсырап, мал арықтап қалатын қиын жағдайлар дәл осы айда киіп кетіп отырған. Бір жағынан, күн ұзарады. Ақпанда күн ат адым ұзарады» деген сөз бар.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?