Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бағдад билеушісінің бейнесі

1033
Бағдад билеушісінің бейнесі - e-history.kz
Осыдан ширек ғасыр бұрын Саддам Хусейннің есімі шетелдік және отандық БАҚ беттерінен түспейтін еді. Дәйексөз келтіру жиілігі бойынша Ирактың экс-президенті әлемде жетекші позицияларды иемденіп келді

Бағдад көсемі – АҚШ-қа қарсы шыққан Таяу Шығыстың көрнекті стратегтерінің бірі. Хусейн қазіргі саяси тарихта ірі тұлға болып табылады. 28 сәуірде ол 80 жасқа толар еді.

Тикрит – Саддам мен Салах-ад-диннің отаны

Тикрит қаласы Бағдадтан 160 шақырым солтүстікте Тигрдің оң жақ жағалауында орналасқан. Тикритте 1138 жылы аты аңызға айналған мұсылман әскер басшысы сұлтан Салах-ад-дин (Саладин) (1138-1195) өмірге келген. Ол Хиттин түбіндегі шайқаста кресшілерді ойсырата жеңіп, Иерусалимді христиандардың билігінен азат еткен. Сегіз жүз жылдан соң Тикрит аумағындағы әл-Авджа ауылында шаруа отбасында ұл бала өмірге келеді, оған да, Саладин сияқты тарихта қалу тағдыры жазылып тұрған еді. Бұл бала – ақырында Ирак мемлекетінің басшысы болған, араб әлемінің көрнекті қайраткері Саддам Хусейн ат-Тикрити еді. Кейіннен Саддам өзінің туған қаласына деген ынтықтығын жүрегінде сақтайды.

Өзі сенім арта алатын аздаған адамдар да осы Тикриттен шыққан еді. Ирак көсемінің шығу тегі аңызға толы. Бір нұсқа бойынша, Хусейн – Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтарының бірі. Батыстық БАҚ-та көптеп тираждалған басқа нұсқасында Саддам – Сталиннің немересі деп көрсетеді. Тіпті мұртына дейін дәл сондай! «Халықтар әкесінің» тұтқынға түскен баласы Яков Джугашвили Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң одақтастардың әскерімен босатылып, ағылшындармен бірге Таяу Шығысқа келеді де, осы жерде Якоб Джуга есімімен осы жерде тұрақтап қалыпты-мыс. Дегенмен, Ирак президенті Иосиф Сталинге сүйсіне қарайтын еді. Биограф Саид Абуриштің айтуынша, Хусеин Сталин туралы кітаптардан тұтастай бір кітапхана жинапты. Шынында да екі тиранның тағдырынан көп ұқсастық табуға болады: қызу революциялық жастық шақ, билік үшін қантөгіс күрес, түрме, күдікшілдік, атақ, жеке басқа табынушылық... Туған күнін Хусейн құжаттарда – 1937 жылғы 28 сәуір деп көрсеткен, кейіннен бұл күн мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады.

Саддам Хусейн, 1983 жыл  

Жүдеу және үрейге толы балалық шақ  

Саддам жері жоқ кедей шаруа, өмір бойы жұмыстан белін жазбаған Хусейн әл-Маджидтің жұпыны үйінде дүниеге келді. Саддам өмірге келгеннен соң әкесі не қайтыс болғаны, не белгісіз жаққа қашып кеткені беймәлім. Ал анасы Сабханың жалғыз өзі ұлын аяқтандыруға және тәрбие беруге шамасы болмады. Сондықтан да ол жергілікті дәстүр бойынша ағасының жесірін әйелдікке алған Хасан Ибрагимге тұрмысқа шығады. Жаңа отбасында тағы да үш ұл өмірге келеді. Олардың бәрі аш-жалаңаш өмір сүрді. Он бес жасқа дейін Саддамның тіпті аяқ киімі де болмаған. Сол жылдарды есіне ала отырып, Саддам осындай ауыр тағдыр барлық Иракта болғанын жазады. Аяқ киім кейбіреулерде ғана болатын, соның өзін анда-санда ғана киетін. Кейбір шаруалар кәмелет жасына толғанға дейін аяқ-киім дегенді мүлде кимейтін. Ауылды жерде Саддам жалғыздыққа шырмалған болатын. Ауыл жасөспірімдері арасында оның достары болған жоқ: ол сотқарлар баланы әкесі жоқтығын бетіне басып, кемсітіп қорлайтын. Сол кездері тикриттік балалармен болатын ұрыс-керіс кезінде ол өз беделін жұдырықпен қорғайтын. Өз-өзін қорғау мақсатында ол темір шыбық тауып алып, ақырында жәбірлеушілердің бірінің басы жарылғанға дейін оны үнемі өзімен алып жүретін. Түрмеден оны он екідегі жасы ғана сақтап қалды. Осы оқиғадан соң барлық жергілікті бұзықтар одан аулақ жүретін болды. 1947 жылы Саддам шешесі мен өгей әкесін қалдырып, Тикритке қайтып оралады. Ол жерде ол мектепке барады. Он жаста болса да өз атын жаза алмайтын бала үшін оқу аса ауыр еді. Оның есесіне ол жолдастарын қитұрқы қылықтарымен қарқ қылатын. Бірде ол Құранды оқытатын, өзі онша ұнатпайтын кәрі мұғалімнің портфеліне улы жылан салып қояды. Осы дөрекі «әзілі» үшін Саддамды мектептен шығарып жібереді. Осыдан соң ол бірнеше жыл бойы бос сенделіп жүрді, ұсақ ұрлық та жасады. 1954 жылы Саддам ағасымен Бағдадқа көшеді. Онда ол «Аль-Карх» колледжіне оқуға түседі, жалпыға түсінікті мағынада орта мектептің жоғарғы сатысына сәйкес келеді. Бұл колледж ұлтшылдық пен панарабизмнің қамалы ретінде белгілі болатын. Бұл уақытта Хусейн 17 жасқа толған еді.    

Баас партиясының мүшесі

Дамаск қаласында Араб социалистік өрлеу немесе Баас партиясы ретінде танымал партияның негізі қаланды.  Оның негізін қалаушылар сириялық екі мектеп мұғалімі: Мишель Афлак пен сүнниттік мұсылман Салах ад-Дин аль-Битар. Баас партиясы өзін радикалдық зайырлы саяси ұйым ретінде көрсетті, бірлік, бостандық және социализм құру оның негізгі принциптері болатын.  1957 жылдың басында 20 жасында Саддам Хусейн Баас жалпыараб партиясының ирактік қанатына мүше болып қабылданады.

Жауынгерлік буын

1958 жылы 21 жастағы Саддам туған қаласы Тикритте үкіметтік шенеунікті өлтіргені үшін айыпталып, түрмеге қамалады. Алты айдан соң ішінара айғақтардың жетіспеушілігінен оны босатады. Алайда көп кешікпей ол басқа жас баасшылармен бірге сол жағдайдағы теңдесі жоқ қадам – Ирак билеушісі генерал Абдель Керим Касемнің өміріне қастандық жасауға бел буады. 1959 жылғы 6 қазан күні кешке құрамында Саддам Хусейн бар жас баасшы  белсенділерден тұратын топ үйіне қайтып келе жатқан Касемнің көлігіне торуыл жасайды. Атыс кезінде генералдың айналасындағы екі адам қаза табады, Касем құтылып кетеді.  

Генерал Касемнің көлігіне шабуыл жасау. Кинофильмнен кадрлар  

«Саддам қатты ауырғанына бой берместен, өз-өзіне операция жасап, аяғында тұрып қалған оқты алып шығып, жолын торуылдаған көп әскери жасақтан ат үстінде құтылып кетеді. Қансырай отырып, ол туған ауылына жетеді. Бұл үшін оған төрт күн бойы ат үстінде шабуына тура келеді. Оны туыстары тығып қояды, содан соң ол мотоциклмен шөл дала арқылы Сирия астанасы Дамаскке жол тартады. Бұдан кейін күшін сарп ете отырып, Хусейн тісіндегі пышақпен Тигр өзенінің мұздай суында бостандыққа қарай жүзді. Қатты ағысқа қарамастан жүзіп жетті. Ол әд-Даур қаласының жанында өзенді жүзіп өтті».

Ресми өмірбаянынан.

Мысырда

Тикриттік «революционер» туралы сыбыстар Мысыр президенті Гамаль Әбдел Насердің құлағына дейін жетеді. Ол Хусейнге Мысырға өтуге көмектеседі. 1960 жылғы 21 ақпанда Хусейн Дамаскіде болған үш айдан соң әуерейсімен Каирге келеді. Мысыр астанасына келгендегі Саддамның басты шаруасы саяси қызмет емес, оқу болатын.

Төңкеріс

1963 жылғы 8 ақпанда Баас партиясыме мемлекеттік төңкеріс жасалды. Өз сарайында қоршауда қалған  президент Касем қолға түсіріліп, сол жерде оққа ұшады. Хейралла ағасы жаңа билік тұсында идеология бойынша кеңесші болады да, сол сәтте-ақ Каирдегі інісін шақыртып алады. Саддам жас мықты жігіттерді біріктіріп Ұлттық гвардия отрядтарын құрады да, оларды «ішкі жауларға» айдап салады. Шабуылшылар мыңдаған адамның өмірін қияды. Өлтірулер аса қатыгездігімен көзге түседі, билеуші хунта, халықаралық оқшаулауды болдырмас үшін, гвардияны таратып жібереді. 1963 жылы қазанда Дамаскте Баас партиясының жалпы арабтық VI съезінде ирактік Баас партиясының бас хатшысы Әли Салех ас-Саадидің қызметін өткір сынға алады.  Партияның негізін қалаушы және бас хатшысы Мишель Афлак екеуі арасында тығыз байланыс орнап, ол партияның негізін қалаушы өмірден өткенге дейін созылады. Саддамның қызметтік баспалдағының бірінші сатысы – баас партиясының тәртіп қызметінің бастығы. Ол елдегі басқа көзқарастағыларға қарсы қанды қуғын-сүргінді басқарғандардың бірі.

А ма, әлде В жоспары ма?

Алайда ол жеңісінің жемісімен ұзақ рахаттана алмады. 1963 жылы 18 қарашада ирак әскері баасшыларды биліктен шеттетті. Туындаған саяси күйзеліс кезінде 1964 жылдың ақпанында Ұлттық қолбасшылықтың Жетінші конгресі Уақытша өңірлік қолбасшылық құру туралы шешім қабылдайды.партияның бас хатшысы Мишель Афлактың қолдауымен С. Хусейн Ирак ұлттық қолбасшылығының мүшесі болып сайланады. Оның міндетіне партияның қауіпсіздігі мәселелері кірді. Ол билікке келу үшін күш керек деген қорытынды жасайды. Әскери төңкеріс дайындай бастайды. 1964 жылы күзде президент Арефті биліктен аластату бойынша екі жоспар әзірленеді. А жоспары бойынша қаруланған топ үкімет отырысы кезінде сарайға басып кіріп, бәрін жою керек болатын. Б жоспарына сәйкес бортында президент бар ұшақты құлату керек болатын. Екі жоспар да жүзеге аспады, күзет офицері орнынан алынды, ал самолет ұшқышы құпия қызметке жұмыс істеді.

Түрме

Қастандық әрекеті туралы білгеннен соң президент Ареф Баас-қа қарсы қуғын-сүргінді бастайды. Хуссейн елден қаша алар еді, бірақ партиялас жақтастарының алдында беделден айырылуға қорқып, Бағдадта қалады. 1964 жылғы қазанда Хуссейн тұтқындалады.

«Үкімет агенттері оны тұйыққа тірейді және басталып кеткен атыста Саддам жалғыз өзі, оқ-дәрісі таусылғанға дейін күні бойы атыспен қорғанады. Осыдан соң ол берілуге мәжбүр болады».

Ресми өмірбаянынан

Хуссейн түрмеде 2 жыл отырады. Ресейдің жас революционері Иосиф Сталин ол үшін үлгі еді, ирак басшысы оны жас кезінен бастап пір тұтатын. 1966 жылғы шілдеде оған қашу ұйымдастырылады.

«Сотқа барар жолда үш тұтқын қарауылшылардан мейрамханаға кіріп тамақтануды сұрайды. Тұтқындардың бірі қарауылшыларды әңгімеге айналдырып тұрғанда, басқалары жуынатын бөлменің терезесі арқылы далаға қашып шығады, бұл жерде оларды есігі ашық автокөлік күтіп тұрған болатын. Бәрі де керемет өтті».

Ресми өмірбаянынан

Хуссейн тағы да саяси үдерістермен айналыса бастайды да, көп кешікпей барлау және қарсы барлау мәселелерімен айналысатын «Джихаз ханин» құпия қызметін басқарады.

1968 жылғы шілде төңкерісі

Бас хатшының көмекшісі ретінде Хуссейн партиялық сатыдағы маңыздылығы бойынша екінші лауазым – Өңірлік қолбасшылық кеңес төрағасының орынбасары лауазымына ұсынылады. Осы уақыттан бастап Саддам қарсыластармен күрес тактикасын енгізеді: қолдан жасалған «қастандықтарды» әшкерелеу, «қылмыскерлерді» тұтқындау мен жазалау. Ирак мұнайынан түсетін табыс әрі қарайғы әскери құрылыс бағдарламасына бағытталды.

Президент

11 жыл бойы Саддам үкіметті бір өзі бақылауды нығайтты да, 1979 жылы мемлекет басына келу туралы шешім қабылдады. 1979 жылы әл-Бакр Революциялық қолбасшылығы кеңесінің арнайы жабық сессиясында өзін президент лауазымынан денсаулығына байланысты босатуды сұрайды. Сөйтіп Саддам Ирактың президенті болады. Оның президент лауазымындағы басты мақсаты араб әлемінің көшбасшысы ретінде Парсы шығанағында үстемдікке қол жеткізу болды. 

Кувейтпен соғыс 

1990 жылдың тамызында ирак әскері көршілес Кувейтті басып алды. Саддам Кувейт мұнайын сатудан түскен пайданы Ирак экономикасын қолдау үшін пайдалануды ойлаған болатын, алайда Кувейтті жаулап алуы барлық дүние жүзінде наразылық туғызды және Иракқа қарсы сауда эмбаргосын енгізуге әкеп соқты. Парсы шығанағындағы соғыс 1991 жылдың 16 қаңтарында басталып, одақтастардың әскери коалициясы Ирак әскерін Кувейт аумағынан кетуге мәжбүрлеген соң, алты аптадан кейін аяқталды.

 Қауіпті жою

2001 жылғы 11 қыркүйектегі әйгілі терактілерден кейін АҚШ үкіметі, Саддам террористерге химиялық немесе биологиялық қару ұсынуы мүмкін дегенді желеу етіп, қарусыздандыру үдерісін қайтадан бастауға ұмтылды. Саддам қару-жарақ мәселесі бойынша БҰҰ инспекторларына 2002 жылғы қарашада Иракқа қайта оралуға рұқсат етсе де, оның инспекциямен толық және ашық ынтымақтастыққа қабілетсіздігі АҚШ мен Ұлыбританияның көңілін қалдырады және оларды дипломатиялық қарым-қатынастарды тоқтату туралы жариялауға мәжбүрлейді. 2003 жылғы 17 наурызда АҚШ  президенті Джордж У. Буш Саддамға отставкаға шығуға және 48 сағат ішінде Ирактан кетуді бұйырады, талап орындалмаған жағдайда ол соғыс ашатынын жеткізеді. Саддам кетуден бас тартқан соң, 20 наурызда АҚШ және оның одақтастары Иракқа қарсы әскери операцияны бастайды. 

22 шілдеде Мосулда оның екі ұлы Удай мен Кусай өлтіріледі. Саддамның өзі тек 13 желтоқсаннан кейін ғана қолға түседі.  Бір күні Тикрит төңірегінде орналасқан фермер үйінен алыс емес жердегі шағын ғана жер асты баспанасынан  үсті-басы кір, берекесі қашқан билеушіні алып шығады. Қаруы бола тұрса да, Саддам АҚШ сарбаздарына бірде-бір атыссыз берілді.   

Жаза 

2005 жылы қазанда Саддам бұрынғы Ирак үкіметінің шенеуніктерін тексеру үшін құрылған Ирактың Жоғары трибуналының (сот алқасы) алдына келеді. Оған және тағы бірнеше негізгі тұлғаларға 1982 жылы шиит қаласы  Әл-Дуджайлда 148 қала тұрғынын өлтірді деген айып тағылады. Тоғыз айға созылған процесс барысында Саддам трибуналдың спектакль болғандығын, бұның бәрінің артында АҚШ мүддесі тұрғандығын мәлімдеп, процесті бірнеше рет бөледі. 2006 жылғы шілдеде трибунал өз жұмысын аяқтап, қарашада үкім шығарады. Саддам қасақана кісі өлтіру, заңсыз бас бостандығынан айыру, жер аудару және азаптауларды қоса алғанда, адамзатқа қарсы қылмыстары үшін айыпталып, дарға асу жолымен өлім жазасына кесілді. Саддамның інісі (барлау офицері) мен Ирактың бұрынғы бас судьясы да өлім жазасына кесілді. Ирак соты өз үкімін күшінде қалдырғаннан кейін, бірнеше күннен соң, 2006 жылғы желтоқсанда Саддам дарға асылды.

Саддам сот залында. Бағдад, 2004 жыл 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?