Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихи тұлғалардың портреттерінде нақтылық керек

1949
Тарихи тұлғалардың портреттерінде нақтылық керек - e-history.kz
Жуырда әлеуметтік желілерде қазақтың соңғы хандарының бірі Әбілхайыр ханның жұбайы – Бопай ханымның суреті жарияланды

Сурет авторы – Әбілхайыр ханның заманында өмір сүрген ағылшын суретшісі, жиһангез Джон Кэстель. 

Суретте Бопай ханымның жасы қырықтан асқан, 5 баланың анасы болып толысқан сәттегі сымбатты, көрікті келбеті бейнеленгенін көреміз.

Кезінде Джон Кэстель 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайыр ханға барып қайтқан сапары туралы еңбегін жариялады. Онда ол ханмен кездескені жайлы былай дейді: «...Осындай жағдайда бір әрекет істемесем болмайтынын байқадым да, ханның бәйбішесінің айрықша сеніміне ие болудың және бір дегеннен шапағатына бөленудің жолын іздедім. Сол себептен алдын ала дайындап қойған және өзіммен бірге алып жүрген бояуларыммен бірге осы жерге алып келген былғарымды қолыма алдым да аз уақыттың ішінде ханның суретін қолмен өте сәтті бояп шықтым. Осыған қатты риза болған хан­ның бәйбішесінің аузынан қарап отырғанда менің салған суретім мен өзінің зайыбының ұқсастығы сондай, екі тамшы су да дәл осындай ұқсамас» деген сөздер шықты. Осылай екеуін салыстырып жүргенде бірталай уақыт өтіп кетті. Қымызды да біраз еңсеріп тастадық. Мәре-сәре болып жүріп талай қызық әңгіменің басын қайырдық. Түн ортасы ауғанда хан маған шатырыма қайтуға рұқсат берді», деген жазба қалдырған. («Аударма» баспасы. 2002 жыл. 38 бет.)

Әбілхайыр ханның жұ­ба­йы­ның есімі Бәтима (ту­ған кез­дегі азан шақырып қойған есі­мі болатын). Қазақ тарихында ол көбіне Бопай ханым есімімен белгілі болды. Кіші жүздің Адай руының Тобыш тармағынан өрбиді. Сүйіндіктің белгілі ба­ты­рының жалғыз қызы.

Есімі Бәтима болған оның орыс жазбаларында неліктен Попай (кейбір жазбаларда Пупай) деп аталғандығы туралы әзірше қолымызда нақтылы деректер жоқ. Халқымыздың ұл-қыздарына сәби кезінен еркелетіп жанама есім беретін үрдістер күні бүгінге дейін сақталып отыр. Тарихшылар зерттеулерінде анық дәлелденгені – Әбілхайырдың Бопайдан өрбіген ұл перзенттері бесеу – Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қожахмет, Әділ. Әбілхайыр хан дүниеден өткеннен кейін Елизавета патшайымның жар­лы­ғымен Нұралы Кіші орда­ның хан тағына отырады. Назар аударарлық жағдай сол, Әбіл­хайыр­дың, қалмақ, башқұрт әйелдерінің есімдері көп аталмайды. Демек хан шаңырағындағы бәйбіше Бопайдың абырой-беделі де, ықпалы да, танымалдылығы да басқа әйелдерден жоғары болды деген сөз.

Ресей тарихында патшалық еткен тұлғалардың жылнамашылары болғаны тарихтан белгілі. Әрісі – бірінші Петр, соңы екінші Николайды таққа отырғызған кезден бастап өмірінің соңғы сәтіне дейін қағазға түскен. Та­рих қағазданған-құжаттанған дерек­ке ғана сенеді. Ал қазақ тарихында үш жүздің алдында айбыны асқан хандарымыздың жылнамашысы болмады дегенге ешкім сенбейді. Бірақ олар жайлы деректер жоқ немесе жер асып, ел асып өзге елдің та­рихи жәдігерлерінің қатарын то­лық­тырып тұр. Себебі тарихи тұрғыдан қарағанда Әбілхайыр өмір сүрген уақыт бергі уақыт. Бұл ретте шетелдік жиһангездің ол туралы жазбасының бізге жеткенінің өзі олжа. Күндердің күнінде хандардың жылнамашылары жазылған деректер елге жетсе, талай дүниелердің беті ашылып, қазақ хандарының өмірдегі шын бейнесі айқындалады.

Бопай ханымның табылған суреті қоғамның көңілінде қор­да­ланып қалған тақырыпқа қайта оралуға себеп болып отыр. Күні бүгінге дейін қазақтың хандары мен батырларының бейнесі мен мүсінін көрген адам олардың бір қалыптан шық­қанын байқамауы мүм­кін емес. Нақтылық жоқ. Бұл суретшілеріміздің тақырыпқа барар кезде аса іздене қоймайтынын білдіреді. Қылқалам иелері мұның себебін олардың қандай бол­ғанын бейнелейтін жазба деректер жоқ деп ақталады.

Дегенмен Бопай ханымның келбеті суретшілер әлеміндегі осы қасаңдықты сейілтеді деп үміттенеміз. Себебі арысы Есім хан, берісі Абылай ханның өмірдегі кескін-келбетін дөп басатын деректер батырлар жырында кезігіп қа­лады. Мысалы, ауыз-жазба әдебие­тіндегі «Ең­се­гей бойлы ер Есім» деген сипат­тамаға қарап, Есім ханның пор­т­ре­тіне өзгеріс енгізбек болған суретші туралы әлі естімеппіз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, Иран архивтерінен табылған Қасым хан туралы жазба деректер жарияланды. Онда Қасым ханның өмірдегі кескін-бейнесін дәл көрсеткен. Онда аталмыш жазба деректеріне сүйенсек, Қасым хан қызғыш шашты, көк көзді болғанға ұқсайды. Иран еліне барып қайтқан тарихшы Ғалия Қамбарбекова Қасым хан­ның сол кезде жүргізген саясаты, өзін ұстауы, сырт келбеті, пат­шалығының орналасқан жері, діні, мазхабы, киген киімі, отырған тағына байланысты аз да болса бірқатар құнды мәлімет берілгенін айтады. Тіпті тарихшы елге алып келген деректе сол кезде қазақ даласында хан тағына отырғызуға қызу дайын­дық жүріп жатқаны туралы, тіпті Қасым ханның тұлғалық пор­­­тре­тін көз алдыңа алып келетін деректерді келтіреді.

Абылай ханның бейнесіне реконструкция жасаған тарихшы Оразақ Смағұл журналистерге берген сұхбатында «Абылай ханның бойы биік емес, бірақ жасы ұлғайса да, дене қимылы жеңіл» деген жерлері бар екен. «Бұл – оны тікелей көрген адамның айтқан сөзі», дегенді айтады.

Тарихшының пайымдауынша, қазіргі қазақ хандары деп салынып жатқан суреттер образды түрде салынады. «Образ берілетін болса, ол реконструкция болып саналмайды, көркем дүние болып шығады. Ал көркем дүниеге сараптама жүрмейді. Міне, осы айырмашылықты біздің суретшілеріміз білмейді де, өздерінше ойларына келгенді істейді», деген еді тарихшы.

Абылай хан, Кенесары хан өмір сүрген кезең тарихтың көзімен салыстырғанда кеше ғана. Екі хан да Ресейдің билік құрылымдарымен тікелей байланыста болған. Келіссөздерге қатысқан. Іздей берсек, түбін қаза берсек, күндердің күнінде екеуінің де суреттері алдымыздан жарқ етіп шыға келуі әбден мүмкін. Демек ендігі назарды соған бағыттау керек.

Бүгінгі көріп жүрген сурет-бейнелерді зерделей оты­рып, тарих тереңінен сыр шер­те­тін ойлы мәліметке назар сал­ғы­ңыз келеді.

Біздікі батырларымыздың, хан­дарымыздың портретін бейне­ле­ген кезде оған дайындықпен келсек деген пайымды алға тарту ғана.

Сапарбай Парманқұлов

egemen.kz

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?