Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бейімбет биігі

1270
Бейімбет биігі - e-history.kz
«Би-ағаны ғасыр тауқыметін арқалаған жүгімен, ғасыр қасіретін көтерген мұңымен қоса бағалауымыз абзал.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың  26 қыркүйегінде  БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында орнықты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі форум аясында Қазақстан Республикасының даму үрдісі құрылымын тұрақты инвестициялық ахуалын, адам құндылығының нығаюымен байланыстырған болатын. Аталған даму үрдісінің рухани эволюциялық дамуына алаш азаматтарының қосқан үлесі зор екендігі бәрімізге мәлім ғой. Дарабоз қазақ әдебиетінің еңбек торысы аталған, тарихи сана шырақшыларының бірегейі – Би аға көрегендікпен: «Бірлік қылсаң алашым, Ілгері қарай басасың. Қол ұстасып ұмтылсаң, Қатар жұрттан асасың!» деген еді.  Қазіргі кезде Қазақстан  төрткүл әлем танитын беделді елге айналды. Халықаралық мінберден Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттары адамзат үшін бәрі тең дәрежеде әлеуметтік, технологиялық және экономикалық жетістіктердің игілігіне ие бола алатын кемел келешекке жетудің нақты жол картасын ұсыну қажеттін ашық атап өтті. Мұның басты негізі – ұрпақтар сабақтастығы болатын.

2019 жылдың 26-27 қыркүйегі аралығында Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерей тойы аясында Қостанай облысында «Бейімбет Майлиннің мұрасы – ұлттың асыл қазынасы» ғылыми-практикалық конференциясы, «Бейімбеттің биігі» Республикалық айтысы болып өтті.

                                                Рухани таным 

Ұлы даланың рухани қайнары болған, дүниежүзінің әлемдік деңгейдегі мәдениеттеріне көз салып, ұлттық сананың жаңғыруына саңылау іздеген жандар көп еді. Ендеше болашақ жазушыға әсер еткен нендей құбылыстар еді? ХIX-ХХ ғасыр ағартушылық үрдістері Қорқыт  қобызының, Құрманғазы, Тәттімбет күйлерінің сарындары, қазақтың айтысы, жыраулық өнері, Мәшhүр-Жүсіп, Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім танымдарымен үндесіп жатты. Сол сияқты шығыс зиялыларымен өзара қарым-қатынастар да, оның ішінде башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш: «Би-ағамен егіздің сыңарындай едік» дегені де осыны көрсетсе керек. Танымал ғалым-академик Манаш Қозыбаев 1994 жылы «Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар» мақаласында: «Тойлар дүркіреп өтіп жатыр, күркіреген пікір таластары да баршылық»,  оған қоса, ғалым кейінгі ұрпаққа:

«Би-ағаны ғасыр тауқыметін арқалаған жүгімен, ғасыр қасіретін көтерген мұңымен қоса бағалауымыз абзал. Тәуелсіз ел боламыз деп алысып өткен арыстардың аруағы алдында мәңгі қарыздар екенімізді лүпіл қаққан жүректің дірілімен түсінуіміз керек» деген аманат қалдырған еді.

       2019 жылдың 26-27 қыркүйегі аралығында Қостанай облысында, Отан тарихында қарымды қаламгер Бейімбет Майллин атындағы ауданында келелі ғылыми-тәжірибелік іс-шараның дүркіретіп өткізілуі де заңды құбылыс- тұғын.  Кешегі Әлихан, Халел, Мұстафа, Ахмет, Міржақыптың ізін қуған Бейімбетті Торғай мен Тобыл құшағын кең жайып ұлықтауда.

2019 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қазақтың классик жазушысы  Би аға туған Таран ауданы, Бейімбет Майлин есімімен қайта аталды. Бұл Ұлы даланың аманатты аялайтын ұрпақтар сабақтастығы бабалар өсиетін қасиетті мұра тұтатындығын дәлелдесе керек.  Алдыңғы буын бабалар аманаты аясында Бейімбет Майллиннің шығармашылығы мен ол өмір сүрген кезеңге қатысты салыстырмалы саралауды қысқаша зерделеп көрелік.

XIX-ғасырдың соңы мен  ХХ ғасырдың басында Қазан, Петербург (Б. Қаратев, Б. Құлманов, Б. Сыртанов, А. Тұрлыбаев,

Ж. Досмұхамедов, М. Шоқай, Ж. Ақбаев және басқалар), Стамбул (Ә. Ғайсин, С. Шанов, Д. Көлбаев, М. Тұрғанбаев, Ә. Машаев және басқа) университеттеде білім алған қазақ жастары жалпыұлттық мақсаттар аясында көп ойланып, оларды  барынша оң шешуге тырысты. Егер 1917 жылға дейін жоғарғы оқу орындарын  120, орта білім беретін оқу орындарын 700 дей қазақ жастарының тамамдағанын ескеретін болсақ, олардың қоғамдық-саяси өмірге бей-жай қарамағандығын тарихи фактілерден көреміз. ХХ ғасырдың басында Петербор, Мәскеу (Ә. Бөкейханов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышпаев және басқалар), Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратаов, Воронеж және басқа қалаларда қазақ жастары білімін шыңдап қана қойған жоқ, олардың саяси көзқарастары да жетілді.  Мысалы, 1931 жылғы 14 қыркүйек күні алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтың ОГПУ тергеушісіне берген мәлімдемесінен шағын үзінді келтірсек: «... 1905-1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім. «Фикр» және «Уральский листок» газеттерінде мақалалар жаияладым. 1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде полицияның көзіне іліктім де саяси жұмыс жүргізуіме тиым салынды». Жоғарыдағы мәлімдеме тарихи дерек ретінде, сол кездің жағдайынан хабар береді.

1905 жылдың соңында Орал қаласында өткен зиялылардың (Ә. Бөкейханов, Ж. Сейдалин, М. Дулатов, Б. Қаратаев, Б. Сыртанов және басқа) «бес облыстық делегаттар съезіндегі», «қазақ конституциялық демократиялық» патиясын құру әрекеті – саяси қарсылықтың бастамасы болғанын айғақтайды. Осы жиынның шараларын жүзеге асырудың жалғасы ретінде, 1906 жылғы маусым айындағы Семей қаласындағы зиялылар (Ә. Бөкейханов, Ш. Құдайбердіұлы және басқалардың) бас қосуы (Бөкейханов Ә. Шығармалар. А., 1994, 14-бет.), «Семипалатинский листок» газетіндегі мақалалар патша өкіметіне қарсы ашық іс-қимылдар әрекетін дәйектейді. Ғасырдың басындағы орыстандыру саясатына қарсы күресті айқындау да,

Ә.Бөкейханов пен оның пікірлестерінің ресейдің либералдық орыс буржуазиясының өздерін «халық бостандығы партиясы» деп анықтаған конституциялық демократтардың (кадеттердің) үлгісінде әрекет етуге бейімделе түскені жөнінде академик К.Нұрпейістің тұжырымы да нақтыландыра түседі.

Алаш арыстарының қудалануы

       Мағжан Жұмабаев жаралы жанның есін жиғызған «Оян қазақ», «Қырық мысал»-дың мәнін айта келе, «Еуропа отаршылдығының бір қасиеті – «құлды көп қуып батыр қылуы», өлімге бұйыруы мен өмірді сүйгізуі, езілген елдің ұлттық сезімін оятуы. ...Ояна бастаған ел – кешегі ел болған күнін есіне түсірмек» деген еді. 1905-1907 жылдардағы баспасөз беттеріндегі қазақ зиялылар еңбегінің  ең басты арқауын таяу арада жасалынатын бағдарламалар аясында, қазақ қауымын басқарудың ең болмағанда уездер мен болыстар ауқымындағы жүйесін қалыптастыру және қоныс аударушы мекемелерінің қызметін тоқтату, өкімет пен халық арасын байланыстырушы күш  бағытындағы шаралар мен іс- қимылдарға арнады.

Елін сүйген ерлер

Осы кезеңде Бейімбет Жармахамбетұлы қазақ интеллигенция өкілдерімен тығыз байланыста, шығармашылық қарым-қатынаста болды. Тіпті Уфа кезеңінің өзінде жұмыс бабымен жүрген Ахмет Байтұрсыновпен кездескен. 1916 жыл әлеуметтік топтардың қарама-қайшылығы саяси жүйеге қарсы күрестің алғышартына айналды.

Бейімбет Майлин қорының президенті, қаламгердің шөбересі Салтанат Мұстафинамен (оң жағынан үшінші) және ұрпақтары, жас ізденушілер мен журналистер 125-жылдық мерейлі дастархан басында.

1917 жылдың  5-13 желтоқсанда Орынборда Алаш автономиясы жарияланды. 1917 жылдың қараша айынан 1918 жылдың қаңтар аралығында өткен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау көптеген аймақтарда Алаш партиясының жеңісімен аяқталды. 1917 жылы Алаш қозғалысы бұқараның идеялық жаршысына айналады. Төңкерісті қара күн ретінде бағалап ел басына түскен қайғыны жоюдың кетіктерін іздестірді. Сөйтіп патшалық өкіметтің отарлық саясатын әшкерлеген ғылыми  еңбектер жарық көре бастады. Кеңестік дәуір жүйесінде тарихқа қалам тартқандар қатарында С. Асфендиаров, Т. Рысқұловтың, Ғ. Тоғжанов, Шонанұлы, П.Г. Галузонның(«1934ж. Түркестан – колония») және басқа зерттеу жұмыстары жарияланды. 1935 жылы «Қазақстан тарихы» жарық көрді. Әрине, қазақ азаматтарының мұндай мәдени-рухани интеллектуалдық деңгейі қауіпті болатын. Осылайша, белсенді тұлғалар қуғын-сүргінге ілігіп, түрлі тәсілдермен қудалана бастады.

                                     Большевиктердің әрекеті

 Өздеріңізге мәлім, 1920 жылдың 17 сәуіріндегі Қазақ Әскери ревкомының және Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсынов В.И. Ленинге жолдаған хатында орыс пролетариатына қазақтарға қатысты екі жолдың біреуін таңдау қажеттігін жазады: біріншісі, өзінің үстемдігін тек күштеу арқылы өздеріне сөзсіз бағынуды талап етеді, екіншісі (киргиз) қазақ еңбекшілерінің сенімін ақтау және оған ие болу.

1920 жылдың 25 сәуірінде  билікті іс жүзінде қаруланған ресей пролетариаты мен отаршыл кулактар қолына алғандығын, қызыл-әскери бөлімдеріндегі билік солшыл есерлердің, шоқындырғыштардың, отаршыл пиғылдағы мамандардың қолында екенін дәйектейтін Түркістан Републикасының арнайы делегациясы  Т. Рысқұлов, Н. Ходжаев, Т. Бех-Иванов баяндамасы В.И. Ленин атына табыс етілді (ҚР ПА. 811-қор, 24-тізім, 216-іс).

1920 жылдың 16 маусымында  ұлт және отар мәселесіне балама бағдарлама ұсынылды (Т. Рысқұлов, А. Байтұрсынов, Н. Ходжаев, З. Валидов):

«... жергілікті ұлт өкілдеріне сенім көрсету, «қуыршақ» республикаларға мән берілуін, бұратана халыққа партия, шаруашылық, әскери ұйымдастыру жұмыстарында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің еркіндік беруін күн тәртібіне қойған «В.И. Лениннің отар және ұлт мәселесі туралы тезистеріне қосымшалар» деген тақырыппен пролетариат көсеміне хат жіберілді (ҚРОМА. 5-қор, 5-тізбе, 67-іс). Сөйтіп билік тарапынан күштеу жолы таңдалды.  Балама, стратегиялық жағынан жаңа реформаторлық бағыт  «Алаш (ұлттық территориялық автономия)» және ұлт көсемдерінің ұстанымы большевизм тарапынан тұншықтырылды. Осылайша жаңа заман жаршылары С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майллин сияқты интеллектуал азаматтар сұранысқа ие болғандықтан да кеңес өкіметі оларды қызметтен аластата алмады. Алайда бұл олар жалпыұлттық мүддені ысырып қойды деген сөз емес екені мәлім. Кеңестік кезең тұсында қазақ зиялылары «ұлттық тұлғадан советтік шығыс тұлғасына көтерілді». Қазақстан Жазушылар Одағы шаңырағын көтеруге атсалысқан қазақтың үш алыбы жөнінде Иса Байзақовтың : «Сен – Тобылдың өзенісің, Сәкен – Арқаның асауы, Ілияс – Қоңтажының шыңындағы жартасы» деген сөзі ел арасында мақалға айналды. Пролетариат диктатурасы және Кеңес мемлекетінің: революциялық күштеу, әміршіл-әкімшіл жүйе (түрлі этностарды күштеп көшіру, қуғын-сүргін), мемлекетті күшпен орнықтыру, бұқараны кедейлендіру іс-қимылдары сияқты оқиғалар тарих бетінде өзінің ізін қалдырды.

                                            Ғасыр шежірешісі

Қазақ әдебиетіндегі ең өміршең еңбектер осы кеңес дәуірінде жарық көрсе де цензураға ілікті. Алайда олардың еңбегін  халық жадынан өшіре алған жоқ. Тіпті Бейімбет шығармалары оқу құралдары беттерінен орын алды. Кеңес дәуіріндегі үш ұрпақ та жазушы мұрасынан сусындады. Бүгінгі тәуелсіз сана – Рухани жаңғыру аясында сол еңбектер адамзат игілігі үшін өз қызметін жалғастыруда. Қызылдың қылышынан қан тамып тұрған тұста Бейімбет Майлиннің 1918 жылы жазған бір ғана өлеңі  «Алашордаға қол созу»-ға мән берейікші: «Бірлік қылсаң алашым, Ілгері қарай басасың. Қол ұстасып ұмтылсаң, Қатар жұрттан асасың. Атағын мәңгі қалдырып, Жасасын алаш, жасасын!» үндеуі нені меңзеп тұр? Осы бір ғана өлең шумағына  мәңгілік ел идеясын сыйдыру қандай қаламгердің қолынан келуші еді? Әрине, нағыз хас шебердің.

1931 жылы жарық көрген «Жаңаша оқы, жаз!» оқулығының да ерекшелігі зор. Онда оқырмандарын әріппен ғана таныстырып қоймайды, Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен қазба байлықтарын мәтінге енгізіп қоюы да көп дүниеден хабар береді.

 

Қаламгер күрес тәсілін күрт өзгертеді. Қолындағы қаламы 1919-1936 жылдар аралығында негізгі күшке айналады. Оның жата-жастана жасаған ізденістері ғана «қазақ әдебиетінің еңбек торысы» деңгейіне көтере алған еді. Тарихи тұрғыдан қарастырғанда да жаңа кеңестік мемлекеттің ерекшеліктері, құрылымы, жергілікті халықтың жәй-күйі замана жазушысының қаламының ұшымен нақты сипатталғандықтан, ол тарих оқиғаның куәгері ретінде де, сөз майталманы ретінде де тарихи жадының жаңғыртушысы болып қала береді. Ол өзі өмір сүрген дәуірдің майталман шежірешісі. Би ағаның  ғұмыры енді басталды. Себебі оның рухани мұрасы енді жан-жақты қарастырылуы тиіс.

Ол Бейімбеттен Би-ағаға дейінгі  өсу жолында қарапайымдылық пен ақиқаттың ақ туын желбіретіп өткен алаштың ардақты азаматы.

Жұрттың іші жұрт қозғалса гүлденер,

Қызыл-жасыл гүл бақшадай түр кірер.

Алалықты арадағы жойдырып,

Заман келді бірге тұрып, бір жүрер!

 

       Ос көрегенділікпен жазылған бір ғана шумақ өлеңнің өзектілігі мен мәні жоғары. Жақсылықтың ертелі кеш салтанат құратынын сезгендей жазды:  «Бұл күнді де күн бар екен көретін». Қаламгердің қасиеті мен рухани мұрасы заманауи дәуірде де адамзат баласына үлгі-өнеге болып қала берері шүбәсіз.

 Құндызай ЕРІМБЕТОВА

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы

институтының жетекші ғылыми қызметкері,

                                                                                     

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?