«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Майдангерлерді ажалдан құтқарған - ит

2223
Майдангерлерді ажалдан құтқарған - ит
Жаңа ит жылын қарсы алдық. Жеті қазынаның біріне жататын иттың адам өмірі үшін еңбегі зор. Тарихта ерлік көрсеткен иттер туралы қызықты деректер көп.

Соның бірі ҰОС жылдары майдангерлерді ажалдан құтқарған Жолбарыс деген ит. Ұлы Отан соғысында Жолбарыс ит бір өзі 7 мың 468 мина мен 150 снарядты індетіп жүріп тауып, жүздеген мың майдангерді ажалдан құтқарып қалған,-деп жазады Айқын газеті.  

Жалпы, Ұлы Жеңіске жетуге иттердің де ересен үлес қосқанын білеміз бе?

Мақала авторы Төреғали Тәшенов 14-инженерлік-саперлік бри­гаданың құрамында Кәрі Дунай­ды көктей өтіп, Праганың қор­ған­дары мен Венаның собор­ларына дейін минадан тазартқан Жол­барыстың ауыр жаралан­ғанын естіген Бас Қолбасшы Сталин үстіндегі кителін шешіп беріп, осыған қасқыр итті орап әкелуге тапсырма берген және Жол­барысты Мәскеудегі Жеңіс парадына арнайы қатыстырған. Бұл тарихи факт туралы сәл кейін. 1944 жылдың тамыз айынан 1945 жылға дейін Румыния, Чехословакия, Венгрия, Австрия аумағын минадан тазартқан осы Жолбарыс атты қызметтік қасқыр ит өзіне тапсырылған әскери тап­сырманы тыңғылықты орын­дағаны үшін «Жауынгерлік қыз­меті үшін» медалімен марапат­талған. Бұл соғыс уақытында жауынгерлік наградаға төрт аяқты жануар ұсынылған бірден-бір оқиға. 

Ақылды ит Жолбарыстың иесі аға лейтенант Дина Соломоновна Волкац - кеңестік атақты ит баптаушы Александр Мазовердің әйелі. Бала кезінен ит асырап өскен. Жолбарыс із кесіп тапқан минаны Дина залалсыздандырып отырған. Өйткені ит бір адамға ғана үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Иті ер­лігімен елді таңырқатқан Дина Волкацтың өзі кәсіптік шеберлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Харьковте туып-өскен Дина 1941 жылы 18 жасында кинолог мамандығы бойынша соғысқа алынып, майданда ит­терді қызметтік мақсатқа пай­далануға баулыған, жауынгерлерге итпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйреткен. 

Харьковте туған Дина неміс овчаркасының атын неге Жол­барыс деп қойған? Біздің жо­рамалымыз бойынша, 1935 жылы КСРО-да «Жолбарыс» деген фильм түсірілген, деп жазады мақала авторы Төреғали Тәшенов. Онда Таулы Памирдегі басмашыларға қарсы соғыста шекарашыларға қауіп­сіздікті қадағалау жөніндегі бойынша Жол­барыс деген иттің көп көмегі тиеді. Сірә, осы КСРО-ға кең тараған кинодағы иттің атына еліктеп қойса керек.  Соғыс аяқталар тұста ауыр жараланған қасқыр ит ветери­нарлық госпитальға жатқызылып, 1945 жылғы 24 маусымда өткелі отырған Жеңіс парадына өз­дігінен қатыса алмайтын күйде болады.

Генерал-майор Григорий Медведев иттің ауыр жағдайынан Маршал Рокоссовскийді құлағдар етеді. Ал Маршал мұны дереу Иосиф Сталинге баян еткенде, мұртты көсем: «Бұл жаралы итті менің кителіме орап, батыр сол­датқа сай сый-құрмет көрсетіп, Қызыл алаңнан алдарыңа көтеріп алып өтіңдер» деп бұйырады. Сталиннің иығын тоздырған погонсыз көне китель дереу барар жеріне жеткізіледі. Майор Алек­сандр Мазовер генералиссимус Сталиннің сұр кителін жамылған Жолбарысты көтеріп, Қызыл Алаңдағы Бас Қолбасшы тұрған трибунаның алдынан колоннамен бірге салтанатты түрде адымдап өтеді. Прага, Вена, Бухарест пен Киевті жарылыс пен қираудан құтқарып қалған, аты аңызға айналған иісшіл ит Жолбарыс жайында кейін орыстың Алексей Васильев деген ақыны «Сталин мен ит» деген өлең жазған. Он үш шумақ өлеңнің тек түйінін ғана қара сөзбен айтсақ, «ол жылдары ит екеш иттің өзін жауға да, жолға да тастамайтын әділетті едік, қазір тұтас тарихты теріс төңкере салатын болдық» дегенге саяды. 

Жолбарыстың аты тек май­дандағы ерлігімен ғана шыққан жоқ, соғыстан кейін ол кино­жұлдыз болып, Джек Лондонның «Ақ азу» атты белгілі повесінің желісімен 1946 жылы экранға шыққан фильмге түседі.  Динаның сенімді серігі Жол­барыс секілді, иесіне адалдығы­мен тарихта қалған иттердің саны аз емес.

Сол Ұлы Отан соғысында санитар-иттер майдан даласынан 700 мың жаралы жауынгерді жылдам дәрігерлік көмек көр­сетілетін жерге дейін сүйреп шығарыпты. Яғни иттер 700 мың адамның өмірін ажалдан тікелей құтқарған. Салыстыру үшін айтсақ, майдан даласынан 100 жаралыны құтқарған жағдайда санитар мен зембілшіге Кеңес Одағының Батыры атағын беретін болған. Иттерге де ақ қардан көрінбеу үшін ақ халат кигізген. Өмір мен өлімнің арпалысы кезінде жаралы жауынгерге тірі қалу үшін санаулы секундтар керек, міне, қанға боялып жатқан сол солдаттарға бірінші көмекті иттер көрсеткен. Олар борап тұрған оқтың астымен еңбектеп барып, мойындарына асып қой­ған санитарлық сөмкені жаралы жауынгерге жеткізіп отырған. Жауынгер жарасын таңып бол­ғанша қасында шыдамдылықпен күтіп отырған, содан кейін ғана келесі жаралыға аттанған. Майдан даласында қимылсыз ес-түссіз жатқан адамның өлі не тірі екенін иттер өзіне тән қасиетпен қатесіз ажырататын болған. Ондай адам қашан есін жиғанша қасынан кетпеген. Қатты аязда қатып қалмас үшін жаралы адамды иттер өзінің ыстық демімен жылытып, аман алып қалған оқиғалар да жетерлік. Тіпті өлген жауынгердің жанында иттер олардың бетінен сүйіп, көзінен жасы ағып, жылап тұрғанына талай майдангер куә болған. Оны олардың естелік­терінен оқуға болады. 

Ғалымдар жалпы ит атаулы­ның ақыл-ойының дамуы екі жасар баланың ақылымен бірдей екенін анықтаған. Бұл дегенің иттердің өте сезімтал, айтқан сөз­дер мен ымдарды ұғумен қатар, қарапайым математикалық есеп­терді шеше алатынын аңғартады. Ал арнайы үйретілген иттердің қабілеті одан әлдеқайда зор бола­тыны анық. Оның ішінде неміс овчаркасы әлемдегі ең ақылды ит болып саналады.  Соғыс басталар алдында бұ­рынғы Кеңес Одағында қызметтік мақсатқа үйретілген 40 мың ит болса, соғыс аяқталарда КСРО әскери мақсатқа үйретілген иттер саны бойынша әлемде бірінші орын­ға шығыпты. Итпен шұғыл­данатын 168 жекелеген әскери бөлімдер құрылған.Техника мен ат жүре алмайтын жерлерде ит­терді шана сүйретуге пайдаланған. Иттерді қарсы келе жатқан танкінің астына түсуге де пай­даланған. Ол үшін олардың мой­нына мина салынған қапшық іліп қояды.

Танкінің астына кіргенде мина өздігінен жарылады. Жау танкистері мұндай камикадзе-иттерден зәре-құты қалмай қор­қатын болған. Кейбірі тіпті теріс бұрыла салып қашады екен. Осын­дай өзін құрбандыққа шал­ған иттер­дің арқасында жайраған жау танкілерінің саны 300-ден асады. Бұл дегенің екі танк диви­зиясын қатардан шығарғанмен тең. Иттер 15 мың шаршы ша­қы­рымнан аса­тын аумақты тексеріп, минадан тазартыпты. Темір жолда заулап келе жатқан пойыздың дәл ал­дына жарылғыш зат тастап жіберіп, өзі ол арадан тез жы­лыстап үлгеретін иттер де болған. Сондай жылдамдығымен аты шыққан, жаудың он вагоны мен темір жолының едәуір бөлігін қиратқан диверсант Дина деген ит қартайғанша өмір сүріпті. Джек деген барлаушы иттің кө­мегімен 20 «тіл» қолға түскені де аталған соғыс тарихында таңба­ланып қалған. 

Тарихта соғыссыз да мәңгіге аты қалған иттер аз емес. Ғарышқа алғаш рет 1957 жылы Лайка атты ит ұшырылғанын білеміз. 1960 жылы 19 тамызда Байқоңыр ға­рыш айлағынан бортында Белка және Стрелка атты иттері бар «Спутник-5» кораблі ұшырылған. Белка мен Стрелканың саяхаты адамзаттың Жер айналасында орбиталық ұшуы мүмкін екендігі туралы тұжырым жасауға итермелейді. Ғарышқа ұшқан бұл иттер сапардан кейін авиациялық және ғарыш медицинасы институтында тұрады, ол жерден оларды бала­бақша мен мектептерге көрсету үшін апарып отырған. Бірнеше айдан кейін Стрелка жарық дү­ниеге алты күшік әкеледі. Олар­дың біреуі АҚШ президенті Джон Кеннедидің зайыбы Жак­линге сыйға беріліпті. Белка мен Стрел­ка қартайғанша өмір сүреді. Ал бұдан 70 жыл бұрын, 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда болған Парадқа 50 мың солдат пен офицер қатысқан. Сол сол­даттардың қатарында жетектелген иттер батальоны да аяқтарын бірдей алып, саппен жүріп өткен.Соған қарағанда, ұғымтал иттер осы бір сәттің тарихи маңызын шынымен де түсінген болуы мүм­кін...

Дереккөз: Қазақпарат