«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Моңғолиядан басталған экспедиция Ұлытауда аяқталмақ

3283
Моңғолиядан басталған экспедиция Ұлытауда аяқталмақ
Экспедиция аясында Ұлытау өңірінің тарихи маңызы мен мемлекеттіліктің дәстүрлі сабақтастығы, сондай-ақ Түркі әлемі мен еуразиялық дала өркениетінің өзекті мәселелері талқыланады

Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) ұйымдастыруымен қазақстандық және шетелдік бір топ ғалымдар мен зерттеушілер, журналистер «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясына шықты деп хабарлайды e-history.kz. сайты.

Аталған экспедиция Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында қолға алынып отыр. Академия басшысы Дархан Қыдырәлі бастаған құрам Ұлан-Батыр қаласынан басталған сапарды Ұлытауда аяқтауды жоспарлап отыр.

Еске салсақ, Түркі академиясы 2017 жылдың 15 тамызынан 17 қыркүйегіне дейін Моңғолия және Қазақстан аумағынан өтетін «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты кезекті ІІІ халықаралық экспедициясын ұйымдастырды. Моңғолиядағы Кентай аймағынан бастау алған экспедиция 15-16 қыркүйек күндері Қазақстандағы тарихи өңір – Ұлытаудағы Алаша хан мен Жошы хан кесенелерінің басында қорытындыланады.

Екі күндік экспедицияға шыққан топ құрамында Түркия, Моңғолия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұрстан, Татарстан мен Ресейдің бір топ ғалымдары, зерттеушілері мен тілшілері бар.

Экспедиция аясында Ұлытау өңірінің тарихи маңызы мен мемлекеттіліктің дәстүрлі сабақтастығы, сондай-ақ Түркі әлемі мен еуразиялық дала өркениетінің өзекті мәселелері талқыланып, TWESCO жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы ұсынылады деп күтілуде.

Айта кететін жайт, аталған шараға «Қазконтент» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Марат Иғали қатысуда.

Әлеуметтік желілерде экспедиция жұмысын , #KentayUlytau #TWESCO #TwescoExpedition xэштегтері арқылы бақылап отыруға болады.