Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әміренің күміс медалі Ұлттық музейге тапсырылады

1677
Әміренің күміс медалі Ұлттық музейге тапсырылады - e-history.kz
Жиын барысында жұртты елең еткізген жаңалық – 1925 жылы Париж қаласында ән шырқаған Әміре Қашаубаевтың жүлдесі – күміс медалі Астанаға жеткізіліп, Ұлттық музейге табысталатын болды

Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына орай әнші өмірін зерттеуші музыкатанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімнің «Амре в Париже» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шара ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін насихаттау барысында ұйымдастырылған. Өздеріңізге тарихтан белгілі, 1925 жылғы Париж қаласында өткен халықаралық ЭКСПО көрмесінде қазақтың дарынды өнерпазы, әнші, актер Әміре Париж сахнасында өнер көрсеткен болатын. Осындай тарихи датаға байланысты, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және әншінің 130 жылдық мерейтойы қарсаңында оның есімін ұлықтаудың жөні бар.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, қоғам және мемлекет қайраткері М. Жолдасбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал тележүргізуші С. Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әнші Б. Тілеухан, дәстүрлі өнер профессоры Қ. Байбосынов, ғалымдар Т. Жұртбай, Қ. Алпысбаев, т.б. өнер жанашырлары мен лауазымды тұлғалар қатысты.

Кеш модераторы академик Ғарифолла Есім салтанатты жиынның маңызы жоғары екенін, биыл елімізде өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесінің насихаттау барысында және қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 толуына орай ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.

Өз сөзінде Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Әміре Қашаубаев есімінің ұлт тарихында, мәдениетінде алар орнының маңызды екеніне тоқталды. Тағдыры күрделі заманға тұстас келген талантты өнерпаздың шығармашылығы келешек ұрпақ үшін алар тағылымға бай. Министр мырза соңғы жылдары ҚР Үкіметінің қолдауымен тарихи тұлғаларға арнап көркемфильмдер түсіріліп жатқанын айтты. «Мұстафа Шоқай», «Бауыржан Момышұлы», «Қасым Қайсенов», «Жамбыл Жабаев», «Құнанбай» тарихи картиналарының жалғасы болып Әміре көркем фильмі де көрерменге жол тартпақ.

Сондай-ақ жиын барысында жұртты елең еткізген жаңалық – 1925 жылы Париж қаласында ән шырқаған Әміре Қашаубаевтың жүлдесі – күміс медалі Астанаға жеткізіліп, Ұлттық музейге табысталатын болды. Франция астанасында болған әлемдік көрмеде ол «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Қос балапан» «Қанапия», «Үш дос» сияқты әндерді орындап, екінші бәйге алады. Сол сапар «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы өңіріне күміс медаль таққан қазақ дүлдүлінің сирек ұшырасатын талант екенін тамсана жазған. Сондай-ақ 1927 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық байқауда қазақтың халық әндерін шырқаған жезтаңдай әншінің өнерін ірі мәдениет өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс сынды майталмандар аса жоғары бағалаған.

Қымбат, сапалы қағазда басылып оқырманға жол тартқан кітапта Әміре Қашаубаевтың Париждегі күндері тарихи деректермен дәлелденіп сипатталады. Оның тағдырына қатысты тарихи тұлғалар мен тосын оқиғалар легі кітапқа арқау болған. Оның орындауындағы бірқатар әндер СD дискі нұсқасында қоса беріліп отыр. Диск құрамында 1925 жылы жазылған әншінің 7 («Балқадиша», «Бесқарагер», «Дударай», «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Смет», «Үш дос») әнімен қатар тамаша дауыс иесі, қазақтың алғашқы қазақ радиосы мен теле жүргізушісі Әнуарбек Байжанбаевтың оқуындағы мәтін кезектесіп берілген.

Кітап ішіндегі СD диск пен сыртқы қаптама толықтай дерлік 1975 жылы Бүкілодақтық «Мелодия» студиясы шығарған грампластинка дизайны үлгісінде жасақталған. Құнды мәліметтер мен сирек тарихи фотосуреттер де оқырман қызығушылығын арттырары сөзсіз. Кітап авторы Ж. Шәкәрім әнші өмірін зерттеуге қырық жылдай уақытын жұмсаған.

Сонымен қатар Әміренің күміс медалінің қасына автордың жеке мұрағатындағы Әміренің даусы сақталған күйтабақ орналасатын болып шешілді.

Заңғар КӘРІМХАН

Фотосуреттер: Сейсен ТӨРЕХАНОВ, Абзал ҚАЛИЕВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?