Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бекмаханов байқауының қорытындысы

1626
Бекмаханов байқауының қорытындысы - e-history.kz
Байқау Е. Бекмаханов есімін қайта жаңғыртқан Кенесары ханның туғанына 205-жылдық мерейтойына және оның басшылығындағы ұлт-азаттық көтерілістің басталуына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылды

Биыл Ермұқан Бекмахановтың жұбайы – Халима Адамқызының бастама көтеруімен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және оның жанындағы Жас ғалымдар кеңесі қазақтың тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Е. Бекмахановтың сыйлығына жас тарихшы-ғалымдарға арналған республикалық байқау өткізілді.

Байқау Е. Бекмаханов есімін қайта жаңғыртқан Кенесары ханның туғанына 205-жылдық мерейтойына және оның басшылығындағы ұлт-азаттық көтерілістің басталуына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаттары ретінде дарынды жас тарихшылар мен зерттеушілерді іздестіру, олардың ғылыми және шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсету, жас буын өкілдерін Е. Бекмахановтың ғылыми мұрасымен таныстыру, оның өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, рухани жаңғыру мен тарихи сананы қалыптастыруға, қазақ халқы тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге жас ғалымдарды тарту болып белгіленді.

Байқауға қатысуға 35 жасқа дейінгі еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттері, магистранттары мен PhD докторанттары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының, музейлер мен архивтердің, өзге де салалық мекемелер мен ұйымдардың жас қызметкерлері, тарих пәні бойынша сабақ беретін мектеп мұғалімдері, жас тарихшы-ғалымдар, шетелдегі жас қазақ зерттеушілері шақырылды.

Байқауға келесідей негізгі бағыттар бойынша жұмыстарды қабылдау жүргізілді:

• Рухани жаңғыру және тарих ғылымы: жаңа мәселелер мен міндеттер;

• Алаш қозғалысына 100 жыл: тарихы мен тағылымы;

• Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс және Қоқан автономиясы;

• Қуғын-сүргін қасіреті: ұлт зиялыларының тағдыры мен мұрасы;

• Жаңа қазақ емлесі және латындандыру тарихы: өткені мен бүгіні;

• Тұлға және тарих: 100 жаңа есім және тәуелсіздік тарихы;

• Киелі Қазақстан: өлкетану, ескерткіштану және сакральды география мәселелері;

• Шетел қазақтарының тарихы мен мәдениеті;

• Ермұхан Бекмахановтың ғылыми мұрасы: ғалым еңбектерінің тарихи сананың қалыптасуы мен ұлттық тарихтың жаңғыруына қосқан үлесі.

Байқаудың жалпы ұтыс қоры 2 миллион теңгені құрап, оның ішінде байқау жеңімпазына – 500 мың теңге, 2 орынға – 250 мың теңге, 3 орынға – 125 мың теңге, сонымен қатар қалған 5 үздік байқау жұмыстарына 50 000 теңге көлемінде ынталандыру сыйақы тағайындалды.

Байқаудың жариялануы туралы ақпарат тамыз айының басында бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде «Хабар» телеарнасы мен «Егемен Қазақстан» газеті арқылы, интернет сайттарында, дәлірек айтқанда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайтында (iie.kz) және Қазақстан музейлері (kazmuseum.kz) сайттарында, сондай-ақ түрлі әлеуметтік желілерде таратылды.

Іріктеуден өткен үздік жұмыстар (ғылыми мақалалар) Байқау комиссиясының шешімімен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитетінің ғылыми ізденіс пен зерттеулердің қорытындыларын жариялауға ұсынған ғылыми журналдарында («Отан тарихы» және «edu.e-history.kz») тегін жариялау ұйғарылды.

2017 жылдың 10 қазанына дейін Байқаудың ұйымдастыру комитетіне республикамыздың барлық облыстарынан 33 ғылыми жұмыс келіп түсті. Байқаудың нәтижелерін шығару және оның жеңімпазы мен жүлделі орындардың иегерлерін, ынталандыру сыйлығына лайықты деп табылған ғылыми жұмыстардың авторларын анықтау мақсатында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында арнайы Байқау комиссиясы құрылып, бір айдан астам уақыт жұмыс жасады.

Байқау комиссиясына келесідей танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері кірді:

• Институт директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов (комиссия төрағасы);

• т.ғ.к., доцент, директордың ғылым бойынша орынбасары Ф.М. Шамшиденова (төрағаның орынбасары);

• Институттың бас ғылыми қызметкерлері – т.ғ.д., профессор А.У. Тоқтабай және т.ғ.к., профессор Қ.С. Алдажұманов;

• Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д. Г. Какенова, Институттың жетекші ғылыми қызметкерлері, т.ғ.к., доценттер – Н.Ә. Атығаев және З.М. Төленова;

• институттың ғалым-хатшысы, PhD М.М. Қозыбаева, Институт жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, ғылыми қызметкер А.Ә. Жүнісбаев;

• «Кенесары Хан» қоғамдық қорының төрағасы М.М. Абаған, «Шыңғыс хан» халықаралық академиясының вице-президенті М. Томпиев, «Әділет» қоғамының төрағасы Ғ. Әнес.

Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін анықтау оңайға соқпады. Байқау жұмыстарын объективті түрде бағалау мақсатында 7 баптан тұратын арнайы бағалау парағы даярланып, соның негізінде олардың зерттеу мәселесін қою, тақырыптың өзектілігі, дәйектердің орынды келтірілуі, деректерді пайдалану, саралау және талдау, қолданылған деректердің түрлері мен саны, зерттеудің тереңдігі, жұмыстың тілі мен рәсімделуі анықталды.

2017 жылы 4 желтоқсанда өткен Байқау комиссиясының қорытынды мәжілісінде бір ауыздан төмендегідей шешім қабылданды:

1) 1-орынды тағайындамау;

2) 2-орынмен – «Земстволық басқару жүйесі және Алашорда үкіметі» атты жұмысы үшін Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысын, гуманитарлық ғылымдар магистрін Е.Е. Рахметуллинді;

3-орынмен– «Қазақ хандығы мен Осман мемлекеті арасындағы байланыстар» атты жұмысы үшін Түркістан қаласының Хамза атындағы №2 жалпы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімін, тарих магистрін Г.Ш. Өтепбергенованы марапаттау;

3) «Қазақ ру-тайпаларының ұрандары» атты жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми қызметкерін Н.А. Досымбетовты;

«Оқшаулану жағдайында этномәдениеттің дамуындағы діни фактор: Моңғолия қазақтарының мысалында» атты жұмысы үшін Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылым бөлімінің меңгерушісін, әлеуметтік ғылымдар магистрін Д.Ж. Жайлыбаевты;

«Семей өңіріндегі қимақ дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі және «Семей» сөзінің этимологиясы хақында бірер сөз» атты жұмысы үшін «Назарбаев Университетінің» қазақ тілі мен түркітану кафедрасының оқытушысын, тарих магистрін А.С. Жүнісхановты;

«Бүкілресейлік Мұсылмандар кеңесінің Алаш қозғалысындағы орны мен рөлі» атты жұмысы үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 1-курс магистрантын Н.Ә. Икрамды;

«The Alash idea and its relevance in the modern period» атты жұмысы үшін Ақсу қаласының Ақсу кентінің К. Шүлембаев ат. орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі,

С. Торайғыров ат. Павлодар мемлекеттік университетінің магистранты А.Т. Шариповты ынталандыру сыйлықтарымен;

4) «Қозы Көрпеш Баян сұлу кесенесінің зерттелуі» атты жұмысы үшін Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы, магистр Ж.Қ. Айтеновты;

«The Alash movement: continuity of democratic ideas» атты жұмысы үшін С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қызметкері А.Р. Бейсембаеваны;

«Жақсылық Төленұлы һәм Алаш қайраткерлері» атты жұмысы үшін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті 2-курс магистранты Ғ.Д. Ғазизовты;

«Жаңа қазақ әліпбиі және латындандыру: өткені мен бүгіні» атты жұмысы үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 1-курс магистранты Ұ.Д. Жүзбаеваны;

«Қошке Кемеңгерұлы шығармаларындағы қазақ тарихының көрінісі» атты жұмысы үшін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің магистранты А. Иманғалиевты;

«Ұлтарақтай болса да ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып өскен ел қымбат» Сарыөлең ауылы» атты жұмысы үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2-курс магистранты Ә.А. Искакованы;

«Алаш қайраткері Науан Хазірет Таласұлының ұлт тарихындағы орны» атты жұмысы үшін «ҚазКонтент» АҚ, «Қазақстан тарихы» интернет жобасының редакторы, әлеуметтік ғылымдар магистрі А. Құмырзақұлын;

«Халқы үшін жаралған тұлға Әлихан Бөкейхан» атты жұмысы үшін Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2-курс магистранты Р.Ж. Орынбекованы;

«Идеи свободы и справедливости в трудах и жизни Ермахана Бекмаханова» атты жұмысы үшін Қазақ гуманитарлық-заң университетінің оқытушысы, магистр А.М. Сұлтанованы;

«Новый казахский алфавит: история и перспективы» атты жұмысы үшін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Г.Б. Тастекованы;

«Абайдың мәдени-ағартушылық идеясы және Алаш қозғалысы» атты жұмысы үшін Астана қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі, тарих магистрі Е.Ө. Шагимолдинді қатысушы сертификатымен иегерлері марапаттау.

Байқаудың марапаттау рәсімі 8 желтоқсанда «Хан Кене – мемлекеттік тәуелсіздіктің символы» атты Халықаралық ғылыми тәжірибелік конференцияның аясында «Ғылым Ордасының» ғимаратында Орталық ғылыми кітапхананың мәжіліс залында өтіп, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор З.Е. Қабылдинов байқаудың жүлдегерлері мен ынталандыру сыйлықтарының иегерлеріне дипломдар мен сертификаттарды табыс етті.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, оның жанындағы Жас ғалымдар кеңесі, «Әділет» қоғамы, «Кенесары хан» қоғамдық қоры және «Шыңғыс хан» халықаралық академиясы байқауға өз жұмыстарын жіберіп, белсенділік танытқан барша жас ғалымдар мен тарихшыларға өз алғысын білдіре отырып, ғылыми және шығармашылық жұмыста табыстар мен жетістіктер тілейді. Алдағы уақытта Ермұқан Бекмахановтың сыйлығына арналған байқауды жыл сайын өткізу жоспарлануда. Сондықтан жүлделі мен ынталандыру орындарына іліне алмай қалған жас ғалымдардың болашақта өз бағы мен бабын сынап көруге мүмкіндігі болады. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты осындай байқаулар мен іс-шаралар арқылы болашақта жас ғалымдардың ғылыми және зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетуді жалғастыруға күшін салады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?