Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Моцарттың «Түрік маршы»

3075
Моцарттың «Түрік маршы» - e-history.kz
Османдықтардың барлық әскери іс-қимылдарындағы ұрмалы және үрлемелі аспаптардан тұратын музыкалары о басында австриялықтарға тым тосын болып көрінгенмен, келе-келе ол біртіндеп сәнге айнала бастады.

Ана бір жолы өзінің фейсбук парақшасында ақын, Айнұр Төлеу қазақ тіліне қатысты бүй деп пост жазған еді. «Мен қос тілдімін. Бұл шындықты мойындағым келмейді. Бірақ өз тілімде сөйлегеніммен, өз тілімде сценарий, өлең, мақала жазғаныммен ізденісті орыс тілінде жүргіземін. Гуглдан бір ақпарат алғым келсе, міндетті түрде іздеу жүйесіне орысша жазамын. Неге өз тілімде жазбаймын? Себебі өз тілімде ақпарат жоқ. Қандай ақпарат іздейсің, соған байланысты ғой деген уәж айтылатын шығар. Айта береміз ғой. Айта беру - ақталу. Құр ақтала бергенше, біздің балаларымыз ақпаратты өз тілінде іздей алатын контент жасалуы керек деп есептеймін.

Қазақтілді сайттың барлығы, жарайды барлығы демейінші 90 % " масқара" , "жаға ұстатты" деген сарында ақпаратпен толып жатыр. Қарапайым ғана адам ретінде мен бір ауру туралы, жануарлар әлемі жайында білгім келсе, аспан денелеріне қызықсам, өз тілімде түк те таба алмаймын ғой. Бұл мәселеге министрлік мән беруі тиіс. Билікті мақтап, тендер бермей қойса даттап шыға келетін сайттарға қаржы құя бермей, танымдық ақпараттарға да көңіл аударылса...» деп жазған еді.  Рас, Айнұрдың айтқанымен келіспеске амалымыз жоқ.  Танымдық дүниелер атаулы ана тілмізде  жоқтың қасы. Бірде  Моцарттың музыкасына қатысты қазақ тілінде материал  іздегенімізде дәл осы мәселемен қайыра ұшырастық. Содан кейін қазақ тілі «тоқалдан тумаған шығар» деп осыбір қысқаша ақпаратты ана тілімізде  тәржімалауға тырыстық.

Біздің бұл мақсат әрине, қазақ интернет ресурсы бір тәржімамен болсын толыға берсін деген ниет ғана (Әйтпесе өнеріміз тасығанан я еріккеннен болып бұл дүниені аударып отырғагн жоқпыз).  

Волфганг Амадей Моцарт

 Әлем екі ғасырдан бері кемеңгер  композитордың феноменін ашуға тырысып-ақ келеді. Оның ғажайып  музыкасы адамның көңіл-күйіне ерекше бір шуақ сыйлайды.  Неге ол санаңды жадыратып, ақыл-ойыңды бірден зау  биікке көтереді?  Әрине, сұрақ көп жауап жоқ.  Бәлкім, күндердің бір күнінде қаумана жұрт осы сұрақтарға да тұшымды жауап табар. Ал, әзірге  адамзат нәсілі Моцарт есіміне осындай  алапат музыкалық мұра қалдырғаны үшін алтын бастарын  иіп, ақжарма алғысын білдіреді.  Бүгінде Моцарттың соңында музыканың әр жанрын қамтыған  алты жүзден астам теңдессіз туынды қалған екен. Рас, Моцарт шығармаларының шоқтығы биік. Сол әйгілі шығармаларының  ішінде бүкіл әлем халқының  сүйіспеншілігіне ие болған  бір туындының  жөні бөлек. Композитор ол туындысын «Rondo alla turca» дегенмен  бұл ел арасында   «Түрік рондосы» немесе «Түрік маршы» деген атпен мәлім.

Туындының  тарихы

Екі ғасырдан астам уақыт бойы Австриямен  үздіксіз кескілескен Осман империясы оның негізгі дұшпаны  болғандығына қарамастан, XVIII ғасырдағы Вена халқы барлық түрік дүниесіне ерекше бір ынтызарлықпен  қарайтын еді. Олардың осы бір экзотикалық  мәдениеті мен салт-дәстүрі оларды ерекше еліктіретін. Османдықтардың ыңғайлы киімі, сәнге айналған түрік кофесі веналықтардың сүйікті сусынына айналды десек асыра айтқандығымыз емес.  Әсіресе еуропалықтардың ерекше назарын аударып, таңданысын тудырған – түрік янычарларының музыкасы-тұғын. Османдықтардың барлық әскери іс-қимылдарындағы ұрмалы және үрлемелі аспаптардан тұратын  музыкалары  о басында австриялықтарға тым тосын болып көрінгенмен, келе-келе ол біртіндеп сәнге айнала бастайды.  

Айналасындағылардың бәрі аталған музыкаға жаппай  қызығушылық танытып жатқанда, бұл дүниеден  Моцарт та тысқары қала алмады.  Айталық, 1779 жылы императордың тапсырысы бойынша Зингшпилде түрік тақырыбына  музыка жазуға композитордың зор әлеуеті  бола тұра  бұл шығарма  аяқсыз қалған еді. Кейін ол түрік музыкасында кездесетін әуездік сюжеттерді  қолдана отырып, 1782 жылы аталған  операны қайыра  өңдеп шығады. Сөйтіп «Серальдан алып қашу» деген атқа ие болған бұл  спектакль неміс тілінде тұңғыш қойылғандықтан  опера ретінде тарих парағында мәңгілікке қатталып  қалды.  Бір жылдан кейін, дәлірек айтсақ 1783 жылы, жиырма жеті жасар Моцарттың тұңғышы өмірге келді. 

Констанциямен шаңырақ көтеріп сәби сүйсе де Моцарттың әкесі олардың  үйленуіне  түбегейлі қарсы болды.  Қалай  десек те жас шаңырақ өз отбасымен татуласуға аса ықыласты болатын. Сол  үшін олар  Зальцбургке аттанады. Жас жұбайлар қаншама тырысса да, Леопольд (Моцарттың әкесі) өз райынан  еш қайтпай қояды. Зерттеушілердің айтуынша Моцарт «Rondo alla turca» деп атаған  нөмірі он бірінші сонатасын осы жолы жазды деген болжам бар.  Бір қызығы  бұл кезде Моцарт көптеген туындылардың авторы болғанына қарамастан Вена  халқы  көбіне оны  композитор гөрі  шебер пианист ретінде білетін еді. Сондықтан болар Австрия астанасында тұрған алғашқы жылдарында ол оқытушылық қызметпен де айналысқан. Өзінің тамаша туындысын дүниеге әкелер сәтте Вольфганг ең әуелі оқушыларының орындаушылық мүмкіндіктерін баса ескерген тәрізді. Көп дүниесін өз оқушыларының жағадайына қарай бейімдеп жазды.  

Осы орайда естеріңізге сала кетейік,  №11 Ля мажор сонатасын алғаш рет веналық нота шығарушы «Artaria & Co» фирмасы композитордың  өзге  де сонаталарымен  біріктіріп 1784 жылы  басып шығарған болатын.

Қызықты деректер

  • Моцарттың фортепианоға арналған № 11  сонатасының дүниеге келуі жайында бірнеше талас бар. Мысалы австриялық музыкатанушы Людвиг фон Кёхель композитор бұл шығарманы 1778 жылы Парижде жазған деген деректі де алға тартады.  

 

  • Фортепианоға арналған өзінің тұңғыш тырнақ алды сонатасын Моцарт 1775 жылы жазса,  ең соңғысын 1789 жылы жазған. Жалпы композитор фортепианоға арналған 18 соната жазған екен.

 

  • «Серальдан алып қашу» немесе Ля мажорлық сонатадағы «Rondo alla turca»-дан өзге Моцарт скрипкаға арналған  № 5 концертінде де шығыс тақырыбын айырықша сөз қылған.  Ол туынды  «Түрік концерті» деп те аталады.

 

  • 2014 жылға дейін Зальцбургтегі музейде Моцарттың «Ля мажорлық» сонатасының тек соңғы беттері ғана сақталып қалған деп  келген еді. Алайда, дәл осы жылы  Будапешт қаласының Сеченьи атындағы Ұлттық кітапханасының музыка архивінің меңгерушісі Балаш Микуси аталған музыкалық қордан «Түрік рондосының» қолмен жазылған тағы да төрт бетін тапқан еді. Сарапшылар жазу Моцарттың жазуы екендігін  бірауыздан растады. Алайда,  оның қалайша  Венгрияға келгендігі  әлі күнге беймәлім болып отыр.  

 

  • 2014 жылы Венгрияда табылған «Түрік рондосының» музыкалық нотасы 1784 жылы басылып шыққан ноталардан өзіндік айырмашылығы  бар. Авторлық редакциядағы туынды Будапеш қаласында  2014 жылғы 26 қыркүйекте тұңғыш рет орындалған болатын.

 

  • Қазіргі уақытта Түркияда  Моцарт ең сүйікті  композиторлардың бірі болып саналады. Стамбұлда жыл сайын дәстүрлі түрде  ұлы маэстро атындағы музыкалық фестиваль өтіп тұрады.  Сондай-ақ  Моцарттың «Rondo alla turca» туындысы Түркияның негізі  паспорты  десек болады. Сондықтан да ол осы елдің барлық мемлекеттік іс-шараларында міндетті түрде шырқалып тұрады.

Естеріңізге сала кетейік «Түрік маршы»  классикалық шлягерге айналған Моцарттың фортепианоға арналған туындысы. Оның танымалдығы сонша бұл шедевр  түрлі аспаптарда ойналады. Сондай-ақ оны  рок,  хор мен симфониялық  ұжымдардың  орындауынан  да естуіңізге  әбден болады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?