Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Солтүстіктегі қазақтар санының аз болу себебі...

3057
Солтүстіктегі қазақтар санының аз болу себебі... - e-history.kz
Өкінішке қарай, кеңес үкіметінің солақай саясаты қазақ халқының санын азайтты.

«Егер ашаршылық болмағанда біз қазір 45-50 миллион халық болып отырар едік»

Нұрсұлтан Назарбаев

Тарихқа көз жүгіртсек, 1897 жылы санақ бойынша қазіргі Қазақстан жерінде 4 млн 333 мың адам тұрған. Есепке 60 ұлт өкілі алынған. 1917 жыл халық саны – 6 218 300 адам. Соның ішінде қазақтар – 3 615 000.

1926 жыл. Қазақстанда 6 198 467 адам тіркелген. Оның ішінде қазақтар – 3 627 612. 1897 жылғымен салыстырғанда небәрі 11 мыңға ғана өсіп, үлесі 58,5%-ға дейін төмендеді.
Ұлт саны – 86 болды. Орыстардың саны 2,8 есе өсіп, халықтың 20,6%-ын, украиндар – 13,9%, немістер – 0,8%, өзбектер – 2,1%-ын құрады.
1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 2 миллион 300 мыңнан астам адам жапа шекті. 1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға, ал 1923 жылы 3 786 910 адамға дейін кеміді. Осылайша, алты жылда 2 431 390 адамға азайды.

Яғни, өздеріңіз байқағандай, Қазақстанда «Кіші октябрь» лаңымен «атағы» шыққан Голощекиннің асыра сілтеу саясатының салдарынан республика халқы 1930 жылғы 5,9 миллионнан 2,3 миллион адамға азайды, және Солтүстік Қазақстанда қазақтар санының аздығының басты себебі – ашаршылық.

1897 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті ұлттың үлес салмағы 70-80 пайыз болған.

Голощекин өз саясатын бүркемелеу үшін түрлі рапорттарды Мәскеуге, Сталинге жіберіп тұратын болған.  «Бұрын өз ауылынан ешқайда ұзап шығып көрмеген қазақ өзінің көшіп қонатын өрісінен басқа жолды білмеуші еді, ал қазір олар Қазақстанның бір ауданынан екінші ауданына оп-оңай көшіп бара алады» деп, бір жағынан бар тіршілік көзі – малынан айырылған қазақ өз жерінде аштықтан қырылып жатты.

Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің Голощекиннің атына жіберген ақпаратынан: «1932 жылдың 17 сәуіріндегі мәлімет бойынша, облыс бойынша 246 адам аштықтан өлді, 133 адам аштықтан әбден әлсіреп, ісіп-кеуіп кетті».

Булаев ауданынан: «Аштықтың салдарынан колхозшылар өліп жатыр».

«Слет добровольцев» колхозынан: «Колхозшылар өлексемен тамақтанады, өлген жылқыларды қазып алып, тамаққа пайдаланады».

Төңкеріс ауданынан: «Аштықтың салдарынан 23 адам өлді, 29 адам әл үстінде жатыр». Қаралы цифлар осылай кете береді.

1932 жылы мамыр айында Сырымбет ауылына арнайы комиссия келеді. «Өте құпия» деп белгі соғылған анықтамаға мынадай сөздер жазылған: «Адамдар аштықтан» әбден әлсіреген. Жейтін ешнәрсе қалмаған. Қу сүйекті суға қайнатып, талғажау қылады. Әбден ақжемделіп қалған теріні талшық етеді. Ит етін жеген отбасылар анықталды. Ондай үйлердің жанында сүйек тау болып үйілген.

Шоқы ауылында 144 отбасы болса, қазір қалғаны – 60 қана. Тамақ іздеп, жан-жаққа қаңғып кеткен. Мұнда қалғандары мысық, ит, қарға, сауысқан, тышқан етімен күн көріп жүр…».

Қазақтардың басына зобалаң болған аштықтың арты түрлі аурулармен қасіртке ұласты. 1932 жылы Солтүстік Қазақстанда 16 мың адам сүзек, 17 мың адам құрқұлақ (қан азайып, адам иммунитеті төмендейді. Ауру белгісі: адам тез шаршайды, асқа тәбеті тартпайды, әлсіреп, басы айналады. Тіс босап, түсе бастайды, тістің түбі оңай жарақатталғыш және қанталағыш келеді) ауруының кесірінен көз жұмды.

Әрине бұндай сорақылыққа халық шыдамады. 1930 жылдың өзінде Кеңес үкіметіне қарсылық білдіріп, 2000-ға жуық қарулы қақтығыстар болған. Ашынған адамдар қолдарына қару алып, наразылыққа шығып отырды.

Осындай аясыздықтан соң қазақтар өз туып өскен жерін тастап, өмір сүрудің қолайлы жер іздеп, атамекенінен босып кетті. Алапат ашаршылық жылдары Қазақстан шекарасынан шығып, босқыншылыққа ұшыраған шаруалардың (қазақтардың) саны – 1 миллион 31 мың. Олардың 165 мыңы бұрынғы Кеңес Одағының шекарасынан әрі асып, Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға өтіп кеткен. Сөйтіп туған жерлеріне қайтіп орала алмаған.

Осыны пайдаланып Кеңес үкіметі басқа ұлттарды олардың орнын толтыруға ұмтылды. Нақты цифрларға тоқталсақ, 1931 жылы Солтүстік Қазақстан жеріне 172 мың орыс, украин, беларүс, мордва жер аударылған екен. Ал 1937 жылы 2229 кәріс көшіп келді.

P.S: 2009 жылы Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы халық санағы өтті. Халық саны – 16 009 597 адам. Қазақтар – 10 096 763 адам болып 63,1%; Орыстар – 3 793 764 адам болып, 23,7%; Украиндер – 2,1%; Ұйғұрлар – 1,4%; Татарлар – 1,3%; Немістер – 1,1%; Басқалары – 4,5%-ын құрады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?