Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ахмет Жұбанов жайлы 15 дерек

5649
Ахмет Жұбанов жайлы 15 дерек - e-history.kz
Бүгін композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, ҚазССР-нің халық әртісі, ҚазССР ҒА академигі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туған күні

1. Ахмет Жұбанов 1906 жылғы 29 сәуірде Орал облысының Темір уезінде Темір-Уркачевск болыстығында (қазіргі Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы), Қосуақтам шатқалында дүниеге келген. Музыкаға деген қабілеті ерте оянған Ахмет алты жасынан бастап домбырада ойнап, ән айтқан.

2. Жеті жасында Уркачевскідегі екіжылдық училищеге оқуға түседі. Алғашқы мұғалімі Құсайын Әжіғалиев оны домбыра, мандолина, балалайка, скрипка сияқты аспаптарда ойнауды үйреткен. 

3. 1919 жылы сүзек ауруынан әкесі қайтыс болып, Ахмет ерте еңбекке араласуына тура келеді. Алдымен хатшы болып, кейін «Шаңырақ» оқу үйінің меңгерушісі болып қызмет етеді.

4. 1925 жылы Ақтөбедегі бірайлық курсты бітіріп, Ақжар мектебіне мұғалім болып келеді.

5. 1928 жылы Ақтөбеге оқуға жіберіліп, осында Варшава консерваториясын бітірген Н.Чернюк деген скрипкашымен танысып, музыкалық сауатын ашып, скрипкадан дәріс алады.

6. 1929 жылы ағасы Құдайбергенмен Ленинградқа оқуға келіп, музыка техникумының скрипка классына қабылданады. Алайда, оқу ақылы болғандықтан, техникумды тастауға мәжбүр болады. Көп кешікпей консерваторияда профессор Ф.А. Ниманның гобой классында оқуын бастайды.

7. 1931 жылы А. Жұбанов елге келіп 50 шақты ән мен күйді жазып алады. Осы жылы қазақ тілінде алғашқы «Музыка сауатының әліппесі» еңбегін жазады.

8. 1932 жылы консерваторияны мезгілінен бұрын бітіріп, Өнертану институтының аспирантурасына түседі. 1933 жылдың ақпанында Алматыдағы жаңа ашылған музыкалық драма техникумына жұмысқа тұрады.

9. 1934 жылы қазақ халық аспаптары оркестрін құрады (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі). 1935-1945 жылдар арасында осы оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болады.

10. 30-шы жылдардың соңынан бастап композиторлық шығармашылығы басталады. Осы жылдары бір актілі музыкалы драма қойылымдарына музыка жаза бастайды. «Сарын» (Ә. Тәжібаевтың либреттосы), «Азат қыз» (М.Әуезовтың либреттосы), «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» (Ғ. Мүсіреповтың либреттосы) пъесаларының музыкасын қазақ халық аспаптар оркестрі орындады.

11. М. Гнесинмен бірге қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдіге» музыка жазады.

12. 40-шы жылдардың басында «Москва», «Ақ көгершін», «Жастар әні» сияқты әндері өмірге келеді. Соғыс жылдары фортепиано, қобыз, скрипка, виолончельге арналған бірнеше аспапты камералық шығармалар жазады: «Тәжіктің он биі», «Қазақтың сегіз биі», «Бес пъеса», бес бөлімді «Абай» сюитасы, «Төлеген Тоқтаров» фантазия-увертюрасы.

13. А. Жұбанов Римский-Корсаковтың «Менің музыкалық өмірімнің шежіресі» және А.Виноградовтың «Паганиниді кінәлау» шығармаларын қазақ тіліне аударады. Өзі «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты кітаптарын жазады. 1960 жылы Құрманғазы туралы жазылған кітабы мен «Құрманғазы күйлері» жинағы жарық көрді.

14. А. Жұбанов бес бала тәрбиелеп өсірген аяулы әке. Екі қызы өзінің жолын қуды: Ғазиза – композитор, Роза – пианист, педагог. Екі ұлы Болат пен Қайыр химия саласын таңдады. Кіші қызы Ажар – биохимик. Ата жолын қуған немере-шөберелері де баршылық. Олардың ішіндегі ең атақтысы – Алан Бөрібаев.

15. Атақты композитор 1968 жылы 30 мамырда Алматыда дүниеден өткен. Оның есімімен көшелер аталған. Алматыдағы өзі тұрған Қарасай батыр 61/67 пәтерде музейі ашылған. А. Жұбановтың құрметіне пошта маркалары және естелік монета шығарылған. Композитордың 100 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның шешімімен 2006 жыл Ахмет Жұбанов жылы деп жарияланды.

Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін ҚР оқу ісінің үздігі, әнші Жанипа Рассолдинаның орындауында тыңдаңыздар

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?