Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

О. Жәутіков мектебінен шыққан 5 министр

333
О. Жәутіков мектебінен шыққан 5 министр - e-history.kz

Алматыдағы О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды баларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының іргесі 1972 жылы қаланды. Қарашаңырақ білім ордасы  еліміздегі жаратылыстану бағытындағы үздік мектептердің көшбасшысы. Есепке жүйрік өреннің бағын ашып, тасын өрге домалатқан О.Жәутіков мектебінің шежірелі тарихына 44 жыл толып отыр. 

3e29b717f8b6acc76b0c32f014a3842b.JPG


Мектеп іске қосылған 44 жылдың ішінде оны 7 мыңнан астам түлектер тәмамдаған және олардың басым бөлігі тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де танымал. Аталмыш мектептің түлектерінің арасында Тимур Құлыбаев, Асқар Жұмаділдаев, Нұрлан Қапаров, Мұрат Абдрахманов, Андрей Пак, Вячеслав Ким, Бауыржан Бисембаев сияқты азаматтар бар. Қазақстан Үкіметін көп жылдар басқарған еліміздің экс-Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовте осы мектептің түлегі. Үкімет өкілдерінен Бақыт Сұлтанов, Ерболат Досаев, Қайрат Қожамжаров, Дәурен Абаев, Қайрат Келімбетов, Ерлан Сағадиев, Әсет Исекешевтер О.Жәутіков мектебін бітірді. Сонымен қатар, аталмыш білім ордасында Яндекстің негізін қалаушы Илья Сегалович пен Аркадий Волож да білім алған. 

bdf460037b726264258ca912c7a7593d.jpg

Есепке жүйрік дарындылар оқыған мектеп 1972 жылы 16 қазанда – Республикалық физика-математикалық мектебін ашу туралы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 555 жарлығы негізінде құрылып, 1990 жылы Республикалық физика-математикалық мектебіне академик О. Жәутіковтің есімі берілді. Жоғарыда айтқандай О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды баларға арналған физика-математика мектебінде үкімет өкілдерінің біразы білім алды. Солардың арасынан О. Жәутіковте білім алған 5 министрге тоқталып отырмыз.  


Кәрім Мәсімов 1965 жылы 15 маусымда Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, қаржыгер, заңгер. Экономика ғылымдарының докторы. Пекиндегі Тіл білімі институтын, Қытайдағы Ухань заң университетін, Қазақ мемлекеттік Басқару академиясын тәмамдаған. АҚШ Колумбия университетінде машықтанудан өткен. 1982 жылы қырық төрт жылдық тарихы бар Республикалық физика-математика мектебін бітірген. 

Кәрім Қажымқанұлы көп жылдар бойы ҚР Премьер-Министрі, ҚР Көлік және коммуникация министрі, ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. 


Ерлан Сағадиев 1966 жылы 29 қыркүйекте дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, қаржыгер. Ғылым магистрі. Саяси экономиканың оқытушысы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, АҚШ-тың Миннесота штатының Университетін бітірді. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі. 

Ерлан Кежеғалиұлы еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінің Қолданбалы экономика департаментінің халықаралық экономикалық қатынастарды дамыту жөніндегі екінші хатшысы лауазымынан бастаған. ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі қызметінде. 


Қайрат Келімбетов 1969 жылы 28 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, қаржыгер. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеудің Мемлекеттік Университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақтың мемлекеттік басқару академиясын, АҚШ-тың Джорджтаун университеттерін бітірген. 1986 жылы Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебін үздік белгімен бітірген. 

Қайрат Нематұлы еңбек жолын ҚР Президентінің жанындағы Жоғары экономикалық кеңес хатшылығының аға сарапшысы болудан бастайды. Мемлекеттік қызметте ҚР Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігінің бірінші Вице-Министрі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Астана Халықаралық Қаржы орталығының басқарушысы.


Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, қаржыгер. Электрондық техника инженері. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірген. 1987 жылы - Алматы қаласының О.Жәутіков атындағы Республикалық физико-математикалық Мектеп-Интернатын бітірді. 

Ерболат Асқарбекұлы мемлекеттік қызметте ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, ҚР сауда, индустрия және энергетика вице-министрі, ҚР қаржы вице-министрі, ҚР қаржы министрі, ҚР денсаулық сақтау министрі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі сынды үлкенді қызметтер атқарды. 2016 жылғы 16 мамырдан бастап Директорлар Кеңесінің шешімімен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 


Бақыт сұлтанов 1971 жылы 29 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, қаржыгер. Қазақ Ұлттық техникалық университетін, Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1988 жылғы Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі. 

Бақыт Тұрлыханұлы мемлекеттік қызметте әр жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР Қаржы вице-министрі, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін ойдағыдай атқарды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының қаржы министрі лауазымын атқарады. 


Әзірлеген: Алтынбек БЕКНҰР