Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Мәңгілік Ел» – «Алаш» идеясымен сабақтас

3148
«Мәңгілік Ел» – «Алаш» идеясымен сабақтас - e-history.kz
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында сонау түркілік дәуірден бүгінге дейін жеткен «Мәңгілік ел» идеясы – Қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жаңғырды.

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының ғалымы, доцент Күлпаш IЛИЯСОВА өміршең идеяны «Алаш» идеясымен сабақтастыра отырып, оның бастау бұлағына тоқталды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» боламыз дей келе, ұлттық сананы алдыңғы орынға шығарды. Әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, Тәуелсіз мемлекет атанып, мәңгілік елдің іргетасын қалағанымызды Жолдауда баяндады. «Тәуелсіздіктің алғашқы екі онжылдығында мемлекетіміз қалыптасу кезеңін табысты аяқтады. Әсіресе, алғашқы онжылдық еліміз үшін сынақ жылдары болды. Өз күшімізбен даму жолындағы кедергілерді еңсеруге тура келді. Тарих көшіне ілесу керек болды. Ол үшін алдымен, мемлекеттіліктің саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық негіздері қаланды. Жоспарлы экономикадан нарыққа көштік. Көк байрағымыз көкте самғады. Ғарышты бағындырдық. Әлемге танылдық. Ұлт Көшбасшысын таңдадық. Саяси тұрақтылыққа қол жеткіздік. Алғашқы Стратегиялар қабылданды. Болашақ бағдары анықталды. Астанамыз «жер жәннаты» Жетісудан ерке Есілдің бойына көшірілді. Бұдан кейінгі онжылдықта, яғни жасампаздық пен бейбітшілік жылдарында Астана құрылысы қарқынды дамыды. Тарихтың жаңа беттері ашылды. «Астананы құру – ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазуға» жол ашты» дейді ғалым Күлпаш Ілиясова. Оның айтуынша, Тәуелсіздігіміздің іргесін бекіту үшін ұзақ мерзімді Стратегиялар басшылыққа алынды. Шүкір, адасқан жоқпыз. Бұл еліміздің әрбір азаматы өз жауапкершілігін сезіне білуі керек деген сөз. Әсіресе, көш басында жүрген ұлттық интеллигенцияға, Мұстафа Шоқай айтып кеткендей, «жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері керек».

–Тарихқа үңілсек, «Мәңгілік ел» идеясының бастау - бұлағы «Аш құрсақты тоқ еттік. Шығай (кедей) халықты бай еттік. Дүйім түрік оғыз халқы, бектері тыңдаңдар! Қара жер қақ айырылып кетпесе, түрік халқы еліңді, билігіңді (мемлекетіңді) кім құртады?! Жұдырықтай жұмыл! Өткеніңе өкін! Түрік халқына бірлік, билігіне қанағат, бектеріне нысап керек?» деп Көк тірегін көк тасқа өшпестей қашап қалдырған төл тарихымызда жатыр. Бұл идея үш ғасырлық тарихы бар Түрік қағанатының сол кездегі геосаяси ортасын орнықтыруға атсалысқан Құтлұқ Елтеріс пен Тұй-Ұқық есімдерімен тікелей байланысты айтылады. Профессор Қаржаубай Сартқожаұлының сөзімен айтсақ, «Ұлт бірлігін, қағанат билігін, мемлекетінің тұғырлы ұстынын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мәңгілікке сақтап қалуды мұрат тұтқан Тұй-ұқық абыз «мәңгілік ел» идеясын ұсынған және келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған». Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің бас ұранына айналып отыр. Олай дейтініміз, азаттық алған жылдары еліміздің геосаяси ортасы қалыптасты. Көршілес және басқа да сыртқы елдермен мемлекетаралық, дипломатиялық қатынастар орнатылды. Ұлттық қауіпсіздігіміз нығайды» дейді ол.

Шындығында, еліміздің болашағын 2050 жылға дейін өркендетудің жан-жақты жолдарын қамтыған жеті бесжылдықтан тұратын бағдарлама ұзақ мерзімді жоспардың орындалу жолдарын нақтылаумен ерекшеленеді. 2050 жылға қарай еліміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс. Белгіленген жаңа саяси бағыттың табысты басталуын қамтамасыз етуде ағымдағы жылдың міндеттері де айтылды.

–«Қазақстан – 2030» стратегиясының қорытындылары бойынша тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтап нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды. Біз елімізге 160 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын тарттық. Қазіргі экономикалық өсімнің көрсеткіші 6%. Осы жылдар ішінде ішкі жалпы өнім 16 есе артқан. Халықтың саны 14 миллионнан 17 миллион адамға дейін өсті. Соның ішінде астаналықтардың саны 800 мыңға жетіп отыр, – дей келе Күлпаш Ілиясова биылғы Жолдаудың ерекшелігі ұлы мақсаттарға жетелейтін– Мәңгілік Ел идеясы екенін атап өтті.

«Осы ретте айта кетейін, «Мәңгілік ел» идеясын «Алаш» идеясымен де сабақтастыруға болады. Өйткені, Алаш арыстары да ұлттық идеяны жасауға талпынды. Бұл туралы да Елбасымыз өз еңбектерінде жазды. Өткен ғасырдың басында «ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани - зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды». Мысалы, Смағұл Сәдуақасов кезінде өмір үшін күресудің жолдарын саралай келіп, «Адам баласына жан - дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе, тамақ, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық қылу, тіл, қолөнерімен кәсіп қылу, жалға жүру, тіленшілік қылу, ұрлық қылу бәрі де жан-дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп. Бұлардың ішінен біреуінің тұрмысы жақсы, біреуінікі орташа, үшіншісінікі нашар... Не іске де әдіс керек және заман өткен сайын әдіс өзгеріп тұрмақшы» дейді. Одан әрі қарай қазақты Германиядағы немістермен салыстырып, өз ұлтын жақсы өмір сүрудің әдіс-амалдарын үйренуге шақырады. Осыдан бір ғасыр бұрын айтылған бұл ойлар, қазіргі заманның талабымен де ұштасып жатыр. Биылғы Жолдауда Елбасымыз, көптен бері түйіні шешілмей жүрген Қазақ елінің ұлттық идеясын бекітіп берді. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Мәңгілік ел» идеясы. Бұл идея Күлтегін ескерткішіндегі арғы ата-бабаларымыздың бастапқы идеясы. Елбасы айтпақшы, ұлтымыздың түпқазығы. Бұл өміршең идея, оның өзектілігі де осында», – дейді К. Ілиясова.

Елбасы Жолдауы тарихи құжат болғандықтан Қазақстанның жаңа саяси бағыты әрі дұрыс бағдары болып табылады. «Біз осы идеямен сабақтас игілікті істердің де куәгеріміз. Тәуелсіздік жылдарында осы идеяны жаңғырту мақсатында Астана қаласында «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ашылды. Сонымен бірге Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомоствоаралық жұмыс тобының мақсат-міндеттері аясында «Mangi el» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы оқырманға жол тартты. Бұл қадамдар тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жатқан бүгінгі өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруды көздейді. Өйткені, Жолдауда айтылғандай, «бұл Стратегия жастарға арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де жастар». Ал жастар – қай заманда да елдің болашағы, тірегі, сенімі болған» деп түйіндейді Мемлекет тарихы институтының ғалымы, доцент Күлпаш Ілиясова.

 

Гулмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Дерек көзі веб-сайт BNews.kz

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?