Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

А.А. Кауфман еңбектері ХIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басындағы қазақ тарихының дерегі ретінде

2408
Революцияға дейінгі қазақ даласындағы бұл мәселенің Х1Х ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы белгілі орыс экономисті А.А. Кауфманның еңбектерінде қарастырылуы әлі де жан—жақты зерттеуді қажет етеді.

Қазақстанға патшалық Ресейдің жүргізген қоныс аудару саясаты мәселесіне келгенде игеру қажет маңызды мәліметтер қатарында жергілікті әкімшіліктің, губернатор, генерал—губернаторлардың, қоныс аудару басқармасы инспекторлары мен чиновниктерінің ревизия мәліметтері, жылдық есебі өзекті болып табылады. Әрине қоныс аударушылардың қоныстану жағдайындағы ауыр жолы, қайыршылануы, осыған байланысты кері қайтушылардың санының өсуі жөнінде көп жағдайда айтылмаса да бұл есептер тарихшылар үшін үлкен қызығушылық тудырады. Ең алдымен мәліметтер қазақ жерлерін тартып алудың барысы, көлемі жөнінде, қоныс аударушылардың экономикалық жағдайына байланысты фактілік сандық ақпараттар беруімен құнды болып есептеледі.

Революцияға дейінгі қазақ даласындағы бұл мәселенің Х1Х ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы белгілі орыс экономисті А.А. Кауфманның еңбектерінде қарастырылуы әлі де жан—жақты зерттеуді қажет етеді, себебі патша үкіметінің қоныс аудару саясатының дерекнемелік базасын кеңейтуге және ғылыми айналымға революцияға дейінгі авторлардың еңбектерін кең түрде енгізуге мүмкіндік береді.

А.А. Кауфманның ғылыми мұрасы өте кең; өзінің 30 жылдық шығармашылық қызметінде ол үш жүзден астам тақырыптық жағынан да (Ресейдегі аграрлық мәселе, қоныс аудару, статистика т.б.), түрі жағынан да (монографиялық зерттеу, ғылыми басылымдар, газеттер, журналдардағы мақалалар, сын—пікірлер секілді) бір—бірінен ажыратылатын еңбектерді жазды. Бұл еңбектердің бірқатары автордың көзі тірісінде танымал болып, күрделі ғылыми сынның объектісіне айналды, ал кейбіреуі бүгінгі күннің өзінде зерттеушілер қатарының аздаған бөлігіне ғана мәлім. Осы еңбектерінің ішіндегі өзіндік мәні бар «жол — сапар есептері» А.А. Кауфманның қызметі сипатымен сабақтас [1, 12–13 б.].

1893–1905 жылдар аралығындағы ұзақ мерзімде Жер және мемлекеттік мүлік министірлігінің қызметінде болды. Х1Х ғ. соңында министірліктің шешуі қажет міндеттерінің қатарында екі үлкен мәселе тұрды: Сібір, Түркістан және Далалық өлкеде қоныс аудару саясатына байланысты басқару ұйымдарын дайындау; бос отарлық фондыларды іздестіру. Министірлікте бұл міндеттің маңызды болуы жыл сайынғы Еуропалық Ресейден Азиаттық Ресейдің бос аудандарына шаруа—қоныстанушылардың санының үздіксіз өсуімен байланысты болды. Осы істі жүзеге асыруда министірліктің чиновнигі болған А.А. Кауфманның ролі үлкен болды. Ол ұзақ уақыт бойы қоныс аудару шараларына орай барлық ұйымдастырушылық шараларға қатысты. Министірліктің ғылыми комитетінің мүшесі, бірнеше комиссиялар мен мәжілістердің іс қағаздарын жүргізуші мүшесі, Сібір темір жолы комитеті жанынан құрылған қоныс аударуға байланысты дайындық комитеті мәжілістеріне қатысушы болды. 1894–1903 жылдар аралығынла министірліктің нұсқауымен көптеген жыл сайынғы жол—сапарды Сібірге, Түркістан және Далалық өлкеге жүргізді. Жол сапардың әрқайсының нәтижесінде есептің нақтылы бірнеше томдары жарық көрді. Көп жағдайда бұл есептер мынандай принципке негізделді; кіріспе бөлімінде Кауфман министірдің нұсқауы бойынша жол сапар міндетін алдын—ала жинақталған мәліметтер қатарын, белгілі бір мәселеге байланысты негізгі статистикалық мәліметтер мен әдеби нұсқалар жөнінде айтты. Есептің негізгі тарауы бірнеше бөлімдерден тұрды. Әр бөлім жеке сұрақтар мен оған қатысты жалпы мәселелерден тұрды. Бөлімдер жеке қорытындыланып, бұдан соң жалпы есепке байланысты соңында топтастырылды. Осыған орай Кауфман еңбектері патша үкіметінің қоныс аудару саясатының жалпы сипатын тереңнен көрсетуімен құнды болып есептеледі. Автордың өзінің айтуы бойынша «мәліметтер өз кезегінде қоныс аудару ісінің тәжірбиесіне әсерсіз болмады». Екінші бір кезекте оның құндылығы өзіндік фактілік мәліметтердің жан—жақтылығымен анықталады [2, 269 б.].

Кауфманның Қазақстанмен танысуы 1895 жылы болды. Далалық өлкеге «Сібір темір жолы аудандарында қоныс аудару участкілерін құру мақсатында ұйымдастырылған ерекше комиссияның мүшесі» ретінде келді. Бұл жолғы жұмысының соңында автор мынандай қорытындыға келеді: «Нақтылы жағдайда Сібір губернияларындағы 4 аудан өзгелермен салыстырғанда қоныс аударуға қажетті артық және қазыналық бос жерлерді иемденді». Осыған орай ерекше комиссия далалық облыстардың шеткері аймақтарында участкілерді құру жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндіктің бар екендігіне тұжырым жасады және Далалық өлкеде қоныс аудару ісі «қырғыздардың жалпы мүддесіне қайшы келмейді» деп көрсетті. Комиссия өлкені табиғи—тарихи, шаруашылық тұрғыдан зерттеудің қажеттілігін көрсетті. Екінші бөлімде зерттеудің мұндай түрінің бағдарламасы жөніндегі өзінің ой—толғамдарын білдірді. Комиссияның жоғарыдағы тұжырымдары Жер және мемлекеттік министірліктің назарынан тыс қалмады. Келесі жылдың өзінде ақ далалық өлкені зерттеуге байланысты ұйымдастырылған Ф.А. Щербина экспедициясы өз жұмысын бастады, ал 1897 жылдың мамыр айында Далалық өлкеде қоныс аудару участкілерін құруға байланысты жаңа нұсқаулар талданды. Жаңа нұсқаулардың қолданылу жағдайын игеру үшін және экспедицияның алғашқы шаруашылық—статистикалық зерттеуі нәтижесін анықтау мақсатында 1897 жылдың жазында Кауфман экспедиция мәліметтерінің өзектілігі жөнінде алғаш мәселе көтерген авторлардың бірі болды. Автор өз жазбаларында экспедиция мәліметтерінің анықтығының белгілі бір тұстарына сенімсіздік танытса да, жалпы алғанда құнды баға беріп, бір жақты баға беруден гөрі объективтілік танытқан. 1898 жылы Кауфман Жер және Мемлекеттік мүлік министірлігінің міндеттеуіне байланысты Торғай облысын мынандай 2 мақсатқа байланысты зерттеген: облыстың отарлық мүмкіндігін анықтау және арендаторлық кеніштердің шаруашылық жағдайын зерттеу [3, 182 б.].

Бұл екі сұраққа байланысты өзінің ой—толғауларын «Торғай облысындағы жол—сапардың есебінде» (І—бөлім) және «Торғай облысының қоныс аударушы— арендаторлары» (ІІ—бөлім) есебінде көрсетті. Есептің бірінші бөлімі үлкен қызығушылық тудырмайды. Ал екінші бөлім өзіндік жеке ғылыми зерттеу сипатына ие болды. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл қойған авторлардың бірі И.А. Полтаранин Кауфман есептерінің ішіндегі ІІ—інші бөлімге «қоныс аударушы—арендаторларға» тоқталады. Кауфманға жүктелген негізгі міндет «қырғыздардан арендаланған 10 кеніштің шаруашылық жағдайы және жерді иеленуі жөнінде мәлімет жинақтау» болды. Мұндағы мақсат жерге орналастырудың түбегейлі қажеттілігі мәселесіне қол жеткізу болды. Автор өзіне жүктелген міндеттің шеңберін кеңейтті. Өзінің зерттеу жүргізудегі ойын автор былайша түсіндірген; «Жоғарыда көрсетілген 10 кенішпен Торғай облысының өзге аудандары шектелмейді; бұл кеніштің тұрғындарынан басқа мыңдаған қоныс аударушы арендаторлар Қостанай және Ақтөбе ояздарының ондаған өзге елді мекендерінде, қыстақтарында тұрады. Менің ойымша олардың жерді иеленуі және шаруашылық жағдайы жөнінде мәліметтерді жинақтаудың маңызы зор, себебі мұндай елді мекендер өз кезегінде нығайып, нақтылы жерге бекітуді талап етуі мүмкін».

Уақыттың тығыздығына, өз маңында жеткілікті дәрежеде өзге қызметкерлердің болмауына орай Кауфман жеткілікті дәрежеде толық аулалық есептеу жүргізе алмады. Оның көзқарасы бойынша нақтылы нәтиже беретін жалғыз әдіс қолданылмады. Мұндай есептеуді ол тек кішігірім үш кеніште ғана жүргізді, ал қалғандарында тек сұхбаттасу, сонымен қатар құжаттық мәліметтерді және арнайы жолмен жинақталған статистикалық көрсеткіштерді игерумен шектелді. Дегенмен, Кауфман қоныс аударушы арендаторлардың шаруашылық жағдайын нақтылы суреттеуге қол жеткізді. Бірінші тарауда Кауфман Қостанай және Ақтөбе қалаларының негізделу тарихы жөнінде әңгімелейді және оның арендаторлық кеніштер мен өзге елді мекендердің қалыптасу тарихымен байланыстырады.

1868—ші жылы Торғай облысының құрылуынан кейін, Троицк қаласы Қостанай уезінің орталығы болды. Дегенмен, ол ояздың ең шетінде, ыңғайсыз орналасты. 1869—шы жылы үкімет әкімшілікті өзге орынға көшіру жөнінде сұрақты қарастырады. Жаңа қаланың негізі Ардобай—Тоғай елді мекенінде, Тобыл өзенінің маңында қаланады деп жобаланды, бірақ тек жеті жыл өткеннен кейін ғана бұл сұрақ қайта қаралды. 1878—ші жылы генерал—губернатор 3500 десятина жерді усадьбаларға және отырықшы—жергілікті халыққа қалдырып, қаланы негіздеуге келісімін берді [4, 35–36 б.].

Бұл уақытта «жаңа қала» жөніндегі әңгімелер Самара, Орынбор, Уфа және Қазан губернияларында әбден тарады. Халық массасы қалаға енгізуге рұқсатты күтіп казак станциялары мен кеніштерге орналасты. Дегенмен жаңа генерал—губернаторға қалаға арналған орын ұнамай өзге жерді; яғни Тобыл өзенінің төменгі ағысынан, 8–9 шақырымдағы Қостанай елді мекенін таңдады.

1881 — жылдан бастап орыс кеніштері халқының қалаға массалық түрде ағылуы басталды. Бұл үрдіс 1884–1886 жылдары тіптен де өсті, себебі қалалық жерлер мен кеніштерге арналған жерлер қоры әбден азайды. Қаланың шет жақтағы жерлері ғана қазақтарға тиеселі болды.

Кауфман өз жазбаларында әкімшілік дау—дамайдың тарихын түбегейлі сипаттайды. Бұл орыс қоныс аударушылары мен қазақтардың арасындағы қарым—қатынастың шиеленіскендігін көрсететін маңызды дерек болып есептеледі.

Автор Ақтөбе қаласының негізінің қалануы тарихына да біршама тоқталады. Оның мәлімдеуі бойынша қала Ақ—Төбе деп аталатын жотаның нығаю кезінде осы елді мекенде қалыптасқан. "Ақтөбенің дамуы Қостанайдың алғашқы кездегі тез дамуына тіптен де ұқсамайды, дегенмен бұл даму Қостанайдағы шығын мен құлдырауға ұшырауға ұласпайды«,— деп мәлімдейді автор.

Екінші тарауда Кауфман (Қостанай және Ақтөбе ояздарында) заңдық жобалардың отарлауды жүзеге асыруға әсерін қарастырады және орыс қоныс аударушыларының жерді арендалауы мәселесіне тоқталады. «Қырғыздардан жерді арендалау, яғни қырғыздармен келісімге келу орыс қоныс аударушыларын қала маңындағы елді мекендерге енгізудің жалғыз жолы болды». Автор 1868—ші жылдың 21—інші қазанындағы Уақытша ереже бойынша арендалаудың жағдайымен келісімді заңдастырудың ережелерін сипаттайды. Оның ойы бойынша осы ережеге сай арендалық келісімдер көп жағдайда ешбір қиындықсыз жүзеге асырылып, арендаторларды жерге бекітуде нақтылы роль атқарды. Арендалаудың келесі тәртібін 1891—інші жылғы 25—інші наурыздағы Далалық облыстарды басқаруға байланысты ереже тағайындайды. «Жаңа ереже қырғыздардың жерді арендаға беруінің күрделі сипатын орнықтырды; енді арендалауды уездік басқарма емес облыстық басқарма бекітеді және бұл үшін болыстық съездің жарлығы қажет болды». Кауфман мұндай ереженің қазақ даласындағы орныққан жер қатынастарына шын мәнінде қайшы келетіндігін мойындайды. «Қоныс аударушы—арендаторлар» есебінің келесі тарауында Қостанайлық арендалық кеніштер мен арендаторлық серіктестіктер және жекеленген арендаторлар жөнінде үлкен фактілік мәліметтерді жинақтаған. Автор кеніштердің және осы типтегі қоныс аударушылардың өзге елді мекендерінің қалыптасуын түпкілікті сипаттай отырып өзінің көзқарасы бойынша олардың жерді пайдаланудағы айырмашылықтарын нақтылы көрсетеді. Сол секілді арнайы тарауда артельдік және жеке тұлғалардың жерді арендалауы мәселесін қарастырады. Осыған орай арендалық бағалар, арендалық келісім—шарттың орындалуы, арендаторлардың жергілікті халықпен қарым—қатынасын сөз етеді [5, 12 б.].

Зерттеудің соңғы тарауы қоныс аударушы арендаторлардың шаруашылық жағдайының көркем очеркі іспеттес сипатта болды. Очеркте қоныс аударушылардың жағдайын көрсететін арнайы сандық мәліметтер және сұрақ—жауап мәліметтері бар. Автор бұл мәліметтерге саралау жүргізе отырып мынандай қорытындыға келген. Костанай кеніштері жалпы алғанда кедей және орташа ауқатты әлементтермен сипатталады, ал байлардың саны аз болғандықтаң олар жоғарыдағылардың арасынан бірден көзге түседі. Костанайдағы қоныстар ауқатты шаруашылық иелерінің көптігімен сипатталады, ал шаруашылық жағынан әлсіз элементтер тіптен де жоқ деп есептеуге болады. Мұндай кеніштер мен қоныстардың арасындағы айырмашылықтың себебін автор былайша түсіндіреді. Кедей немесе орташа ауқатты шаруа кеніштерге тұрақтап, нығаюды ойластырған, ал ауқатты шаруа керісінше шаруашылықты арендалық негізде жүргізуді дұрыс деп есептеп, үнемі орнын ауыстырған. Ақтөбе оязындағы елді мекендердің шаруашылық жағдайын қарастырсақ қостанайлық кеніштер мен қоныстардың арасындағы жағыдай іспеттес. Бір жағынан алып қарасақ онда қостанайлық қоныстарға сипат беретін байлар жоқ деуге болады, дегенмен Қостанай кеніштеріндегідей көп кедейлер де мұнда жоқтың қасы. Кауфман Торғай облысындағы кең тараған «алып—сатар арендаторларға», бір жер участкілерін тастап жақсысын табамын деп үміттенген «көшпелі типтегі» қоныс аударушыларға тоқталады. Автор осы мәселеге қорытынды жасай отырып Торғай облысындағы арендаторлардың шаруашылық жағдайының төмен болуының басты себебін «қоныс аударушы элементтердің сенімсіздігімен» түсіндіреді. Мұнымен қоса өнімнің шықпауы, мал ұрлау, нанға бағаның төмен болуы факторларын да бұл мәселенің себебіне жатқызады. Х1Х ғ. соңындағы зерттеушілердің бірі Н.Карышев Кауфман жұмысына қатысты өз пікірін білдіргенде оған үлкен баға берген. "Өзге арнайы есептердің қатарында бұл жұмыс автордың өз ойын қиналмай жеткізуімен сипатталды, сондықтан тек мамандар ғана емес көпшілік оқырмандар да пайдалана алады, онда халық шаруашылығына, тұрмысқа қатысты мәліметтер кешені жинақталған. Жергілікті мекенмен танысу, тірі тілі, қызықты сипаттау, қоныс аударушылардың елді мекенге сіңісіп кетуінің әр жағы — бұл жұмыстың сапалы сипатын көрсетеді«— деп қорытындылаған [1, 45 б.].

Торғай облысында Кауфман тағы екі рет болған—1899 және 1900 жылдары. 1899 ж. жол сапар қоныс аударушыларды жерге бекітуге байланысты құрылған Торғай уақытша партиясының жұмысын игеру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл сапардың нәтижесін көрсететін есеп уақытша партияның арендалық кеніштерді ұйымдастырудағы жалпы жұмысын сипаттайды. Статистикалық экспедиция құрамындағы топографтердің жұмысын талдайды. Арнайы бөлім Торғай облысындағы Далалық өлкені зерттеуге байланысты ұйымдастырылған экспедицияның жұмысын сипаттауға арналған. Х1Х ғ. соңындағы патшалық заңдық нұсқаулар жан басына 15 десятиналық норманы тағайындауды жобалады. Жер және мемлекеттік мүлік министірлігі бұл сұрақты тереңнен зерттеп, бұл үлесті Далалық өлкенің бірқатар аудандарына және Қазақстанның басқа да облыстарында төмендету мүмкіндігін қарастырды. Осы сұрақты тәжірбиелік тұрғыдан игеру мақсатында 1900 жылы Кауфманды сапарға жібереді. Автордың бұл сұраққа байланысты ой—пікірі қазақтардан «артық қалған» жерлерді алудың, отаршылдық саясаттың тәжірбиеде қалай жүзеге асырылғандығын көрсететін құнды мәлімет болып табылады.

Осындай мәнге ие болған есептерінің бірі 1903 жылдың жазындағы Орал облысындағы сапарына қатысты. Есепте көптеген сұрақтарға қатысты, оның ішінде қазақтардан жерді тартып алудың мәселесіне қатысты статистикалық көрсеткіштер бар. Ақмола (1893 ж) және Торғай (1899 ж) облыстарында бұл статистикалық көрсеткіштер бойынша мына көлемдегі жерлер тартып алынған: Ақмола облысында — 2007 мың десятина, Торғай облысында —702 мың десятина жер. Кауфманның өзі Орал облысының бір ғана солтүстік ауданы үшін артық деп есептеген жерлерді 720 мың десятина көлемінде деп есептеген.

Автор өз еңбегінде патша үкіметінің реакциялық қоныс аудару саясатын көздегендігін білдіретін фактілік мәліметтерді көрсетіп отыр және мұның өлкедегі жерді пайдаланудың қалыптасқан дәстүрлі бағытына қарсы екенін, байырғы халықты өз жерінен айыру және қоныс аудару саясатын көздеген чиновниктердің варварлық пайдалануына беру мақсатын көздегендігін көрсетеді. Профессор Кауфман патша үкіметінің мүддесіне сай өз еңбектерінде Сібір мен қазақ даласын отарлаудың қажет екендігіне көз жеткізгісі келеді. Мысалы өзінің «Қоныс аудару және отаршылық» еңбегінде патша үкіметінің отаршылдық саясатының идеологы ретінде танылған. «Түркістан өлкесін орыстардың отарлауы мәселесіне қатысты», «Далалық өлкеде қоныс аудару участкілерін құруға қатысты жұмыстарды ұйымдастыру мәселесіне арналған мәліметтер», «Қоныс аудару мәселелері» және т.б. еңбектерінде Кауфман қазақ даласында «артық жерлердің» бар екендігін дәлелдеуге тырысқан.

Дегенмен, бұл есептер тарихшылар, өзге де зерттеушілер үшін үлкен қызығушылық тудыратын мәліметтер. Жылдан—жылға өсіп, тығырықты жолға түскен, осының есебінен кері қайтқан қоныс аударушылардың үлкен массасы жөнінде ештеңе айтпаса да, бұл мәліметтер қазақ жерлерін тартып алудың көлемі, барысы, қоныс аударылғандарға берілген көмек, олардың экономикалық жағдайына қатысты фактілік, сандық мәліметтерді беретін құнды дерек" [6, 152 б.].

Қорыта келгенде Кауфман жазбалары Х1Х ғ соңындағы Қазақстанның аграрлық тарихы бойынша басты дерек бола алады. Әрине бұл мәселе қазақстандық проблематикалардың бірі ретінде бірқатар авторлардың зертеуінің тақырыбы болды, дегенмен әлі де талдауды қажет етер тұстары, еңбектері жеткілікті дәрежеде деп есептеуге болады. Кауфман жазбаларының мазмұны, мәні арнайы есеп шеңберінен асып түсті. Автордың есептерін қарастыра отырып құнды фактілік, статистикалық мәліметтерді табуға болады, тек ескеретін жағдай автордың теориялық ой—толғамдарына сыни тұрғыдан қарауымыз керек. Үкіметтік чиновник жазған арнайы құжат болса да бүгінгі күндегі қазақстандық зерттеушілер үшін маңызы үлкен болып есептеледі, себебі патшалық қоныс аудару саясатының логикасын айғақтайтын дерек деп есептеуіміз қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Турсунбаев А.Б. Из истории крестьянского переселения в Казахстан.— А.,1950. —101 б.
2. Кауфман А.А. Автобиография: //Вестник статистики. — 1921. — № 5.
3. Полтаранин И.А. «Отчеты» А.А.Кауфмана как источник по вопросам переселений и переселенческой политики царизма в Казахстане. В книге: История /сб ст аспир и соиск/. Выпуск 3. — А.,1968. —186 б
4. Кауфман А.А. Переселенцы—арендаторы Тургайской области. 2—я часть отчета старшего производителя работ Кауфмана по командировке в Тургайскую область. — Спб., 1897.—351 б.
5. Карышев Н. К переселенческому вопросу. // Русское богатство. — 1898. — № 5.
6. Дулатова Д.И. Историография дореволюционного Казахстана (1861–1917 гг.) Алма—Ата: Наука, 1984.— 272с.

Қашқынбекова Ш.Ш., оқытушы, Амрина М.С., т.ғ.к. доцент,
Қарағанды қаласының жалпы білім беретін № 77 мектеп—балабақша кешені
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қ.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?