«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУДАҒЫ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ РӨЛІ

580
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУДАҒЫ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ РӨЛІ

Көп этносты, көп мәдениетті мемлекетіміздің өркендеп дамуы жағдайында этносаралық бірлік пен келісім аса маңызды құндылық болып табылады. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі белсенді түрде Қазақстанның тұрақты даму факторы ретінде қарастырылуда.

Қазақстандық идея - бұл демократиялық ашықтық, әлеуметтік әділеттілік идеясы, жаңа рухани адамгершілік кеңістікті қалыптастыру және соның негізінде әрбір этностың ұлттық сана-сезімін қайта түлету, татулықтың, бейбітшіліктің және аман-саулықтың кепілі ретіндегі күшті де өркениетті тәуелсіз мемлекеттілік құру символы [1].

Көп этносты еліміздегі тыныштық табиғатынан сабырлы қазақ халқының еңбегінің нәтижесінде болып отыр. Әрине, қарама-қайшылықтар мен жанжалдар мәселелерін жоққа шығармаймыз. Бір ел аумағында өмір сүріп отырғандықтан, қоғамдық сананың қарама-қайшылығын туындататын мәселелер, жанжалды жағдайлар сөзсіз болып тұратындығын күнделікті өмір көрсетіп отыр.

Қазақ ұлты мен диаспоралар арасындағы байланыс ұлттық теңдік, ынтымақтастық, азаматтық жауапкершілік қағидаларына негізделеді. Ұлт саясатының негізгі бағыттары этносаралық ахуалды талдап, саралау, қауіп-қатердің алдын-алу, әлеуметтік-рухани өмірдің маңызды тұстарын қадағалаудан тұрады. Этносаралық қақтығыстар мен келіспеушіліктерді туындататын себептер де алуан түрлі. Осындай жанжалдардың алдын алуда этномәдени орталықтардың атқаратын қызметі ерекше.

Еліміз аумағында жұмыс істеп жатқан этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқы Ассамблеясының өзегі болып табылады. Қоғамдық ұйымдар есебіндегі бұл бірлестіктер этностардың тарихын, ана тілін, ауызша және жазба әдебиетін, ұлттық өнерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтау мен дамыту жұмыстарын жүргізеді.

«Қазақстанның Орыс қоғамы» (1992), «Қазақстандағы орыс, славян және казак қоғамдық ұйымдарының ассоциациясы» (1999), әзірбайжан диаспорасының «Тұран» этномәдени орталығы (1992), неміс диаспорасының «Возрождение» қоғамдық бірлестіктерінің ассоциациясы (1992) т.б. құрылды [2].

Қазақстан Республикасы аумағында, соның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс істеп жатқан этномәдени бірлестіктер туралы деректерге тоқталып өтейік.

2019 жылы қоғамдық аккредиттеуден өткен этномәдени бірлестіктер саны 367 (14 республикалық, 42 филиалдар мен өкілдіктер және 311 жергілікті).

Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық аккредиттеуден 23 этномәдени бірлестік өткен, оның 3-еуі республикалық филиал және 20 жергілікті этномәдени бірлестік болып саналады. Осы қаладағы республикалық этномәдени бірлестіктерді атап өтейік:

1. «Лад» республикалық славян қозғалысы қалалық филиалы.

2. Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының филиалы.

3. Қазақстан Республикасы «Барбанг» күрдтер қауымдастығы филиалы.

Алматы қаласында қоғамдық аккредиттеуден 20 этномәдени бірлестік өтіп, оның 4-еуі республикалық филиал және 16 жергілікті этномәдени бірлестік болып табылады. Алматы қаласындағы республикалық этномәдени бірлестіктерге тоқталсақ:

1. «Қазақстандық дүнген қоғамы» филиалы.

2. «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» өкілдігі.

3. «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы.

4. «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» филиалы.

Еліміз аумағында республикалық деңгейдегі 15 этномәдени бірлестіктер жұмыс істеуде [3].

Көп этносты елімізде жалпы білім беретін мектептерде оқыту 7 тілде жүргізіледі: қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, неміс және басқа тілдер.

Жалпы білім беретін мектептер саны 2009 жылмен (7944) салыстырғанда 2018 жылғы (7393) көрсеткіш бойынша Қазақстан Республикасында барлығы 551 мектепке азайған. Соның ішінде қазақ мектептері 62-ге, орыс мектептері 477-ге, өзбек мектептері 49-ға, ұйғыр мектептері 4-ке, тәжік мектептері 1-ге азайған, керісінше аралас мектептер саны 45 мектепке көбейген [4].

«100 мектеп және 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында, сонымен қатар республиканың кейбір аймақтарында халықтың көп шоғырлануына, көшіп келуіне (механикалық өсімге де, туу көрсеткішіне де) байланысты Алматы облысында (2014 ж. – 751; 2018 ж. – 777) – 26 мектепке көбейген, Атырау облысы (2014 ж. – 198; 2018 ж. - 201) – 3 мектепке, Қызылорда облысы (2014 ж. – 298; 2018 ж. - 302) – 4 мектепке, Маңғыстау облысында (2014 ж. – 139; 2018 ж. - 153) – 14 мектепке, Оңтүстік Қазақстан облысы (2014 ж. – 1045; 2018 ж. - 1066) – 21 мектепке көбейген [5].

Республикада Қазақстан халықтарының тілдерін дамыту мақсатында жағдайлар жасалған. Республика мектептерінде білім беру бағдарламасы аясында 2009 жылы барлығы 2 541 248 оқушы білім алса, 2018 жылы ол көрсеткіш 644986 оқушыға артқан (3 186 234). Соның ішінде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 528339-ға көбейген, орыс тілінде 111873 оқушыға, өзбек тілінде 4282, ұйғыр тілінде 449, тәжік тілінде 312 оқушыға артса, керісінше басқа тілдерде оқитын оқушылардың саны 270-ге кеміген [6].

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынасты сөз еткенде бірінші кезекте мемлекеттілік, тәуелсіздік, отбасы құндылықтары, адами құндылықтар, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарау, қазақ тілін меңгеруге көңіл бөлінуі керектігіне тоқталған болатын.

Қоғамымыздағы әртүрлі тілде сөйлесетін этностар арасында ортақ тілді және келісім кеңістігін іздестіру қажеттігі туындайтындығы сөзсіз. Ортақ түсіністік ортақ тіл арқылы қалыптасады. Бұл жерде, әрине, ортақ тіл - қазақ тілі екендігі даусыз.

2019 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру қажеттігін айтқан болатын [7]. Осы ортақ тіл мәселесін бірлесе отырып, жүзеге асыру көпэтносты қоғамымызда бірлік пен тыныштық сақтаудағы басты міндетіміз болып табылады.

Әлемдік құндылықтарға бай ұлттар мен халықтар өкілдерінің біртұтас жүйесі болып табылатын республика халқының көпэтностық құрамы елде демократияның одан әрі дамуына мүмкіндік беретін артықшылық. Мемлекет құрушы қазақ ұлты қоғамымыздағы барлық этностық топтармен иық тіресе, азаматтық, бейбіт мемлекет құрып отыр [8]. Міне, біз осы баға жетпес «бірлік» атты қазынамызды сақтай білейік.   

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер 

1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 5-том. - Алматы: Атамұра, 2010. 679 б.

2. Народы Казахстана энциклопедический справочник. - Алматы: Арыс, 2003. - 352 с.

3. https://assembly.kz/ru/struktury-ank/etnokulturnye-obedineniya/respublikanskie-eko/

4. https://stat.gov.kz/official/industry/62/statistic/8.

5. https://taldau.stat.gov.kz/kk/NewIndex/GetIndex/703954?keyword=

6. https://stat.gov.kz/official/industry/62/statistic/8.

7. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2 қыркүйек 2019 жыл.

8. Құдайбергенова А.Қ. Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық қыры. - Алматы: Елтаным, 2011. - 416 б.


Х.К. Ермұханова,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері