Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін тарихта

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы Сәбит Мұқановтың дүниеге келген күні.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

- = -

Қазақ ССР мен ССРО халық әртісі Қалыбек Қуанышбаевтың туған күні

26146
Қазақ ССР мен ССРО халық әртісі Қалыбек Қуанышбаевтың туған күні - e-history.kz
1893-1968 жылдар аралығында өмір сүрген. Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған.
126 жыл бұрын актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР мен КСРО халық әртісі Қуанышбаев Қалыбек дүниеге келді. Жасынан ән-күй мен ойын-сауыққа, той-тамашаға жаны құмар, думаншыл болған. Ол жалғыз өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, бір отырыста-ақ «екеудің таласын, үшеудің керісін, бесеудің жанжалын» орындап, тыңдаушы көпшілікке күлкіге кенелтетін дарынды өнерпаз ретінде танылды. Халық өнерпаздары Мұхаметәлі, Мауқай мен Абақты ұстаз тұтып, олардан өнер сырын үйренген. 1916 жылдың 25 маусымындағы патша жарлығына сәйкес Қуанышбаев та қара жұмысқа алынған. 1917 жылы Омбы қаласына барып, былғары зауытында ат айдаушы-көшір болған. Мұнда атақты балуан Қажымұқанмен танысқан. Туған жерінде ауылдық кеңесті басқарып, қоғамдық жұмыстарда жүрсе де өнерден бір сәт қол үзбеген. «Қыз ұзату», «Қой күзету» және «Өгіз сату» секілді қызық, күлдіргі әңгімелер шығарып, оны той-жиындарда орындап жүрген. Жатып ішер жалқауларды, кейбір керенау, теріс пиғылды жандарды өткір сынға алып әжуалаған. 1922-1924 жылдары Қоянды жәрменкесінде Ғ.Айтбаев, И.Байзақов, Қ.Мұңайтпасов, М.Шамсутдинова сияқты өнерпаздар ұйымдастырған ойын-сауыққа қатысып, өнер көрсеткен. 1926 жылы Қызылорда қаласында ірге көтерген Қазақ мемлекеттік драма театрын ұйымдастыруға белсене қатысқан. Актер Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әр жылдары қойылған М.Әуезовтың «Еңлік - Кебек» трагедиясындағы Қараменде бидің бейнесінен бастап, осы спектакльдегі басты кейіпкерлерді (Көбей би, Кебек, Нысан Абыз) түгел дерлік орындап шыққан. Бұған қоса 20 ғасырдың 30-шы жылдарының басында Аятбай (І.Жансүгіров, «Кек»), Бекболат (Б.Майлин, «Майдан»), Бейбіт (Қ.Байсейітов, Ә.Шанин, «Тартыс») рөлдерін орындаған. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» музыкалық драмасынан Базарбайдың рөлі мен өзінің «Қыз ұзатуын» орындап, көрермен көңілінен шыққан. Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, М.Әуезов пен Л.С. Соболевтің «Абай» трагедиясындағы Абай, М.Әуезов пен Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясындағы» генерал Панфилов, Ғ.Мүсіреповтың «Амангелдісіндегі» Әбдіғаппар болыс, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» момақан Баптиста - актер ойнында көркемдік шешімін тапқан сом тұлғалар. Әрбір рөлдің өзіне тән қайталанбас қимыл-қозғалысын, мінезі мен ішкі-сыртқы жан құбылыстарын дәл тауып, ойнау - Қуанышбаев шығармаларының бір ерекшелігі болған. Оның радио, эстрада үшін жазған шағын күлдіргі әңгіме-пьесалар мен өлең-сықақтары, тақпақ-қағытпалары «Түйрегіш» және «Шаншарлар» деген атпен жарық көрген. 1937 жылдан көркем фильмдерге түсіп, қазақтың ұлттық кино өнерін дамытуға мол үлес қосқан. Астанадағы музыкалық драма театр мен Алматы қаласындағы көшеге Қалибек Қуанышбаев есімі берілген.