Е. Бекмаханов қазақтардың ортаазия хандықтарымен қарым-қатынастары туралы
16.02.2018 3593
Мақалада тарихшы Е. Бекмаханов Қазақстанға ортаазиялық хандықтар тарапынан бодан болу қауіпті болғанын нақты фактілермен көрсетеді

15 ақпан – қазақ ғалымы, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың туған күні, ал шындығында, оның нақты туған күні белгісіз. 1954 жылдың дәл осы айының осы күні Ермұхан Бекмахановтың қолына оған қатысты істің тоқтатылғаны туралы анықтама беріліп – үйіне қайтуға мүмкіндік алады, сол себепті дәл осы күнді туған күні ретінде таңдап алады. Осы күнді оның шын мәнінде қайтадан өмірге келген күні деп санауға болады.

NDH порталы оның «Қазақтардың Орта Азиялық хандықтармен қарым-қатынасы тарихынан» атты мақаласының негізгі тезистерін жариялайды, бұл мақала «Большевик Казахстана» журналында 1947 жылғы қаңтарда басылып шыққан. 

XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақстанның халықаралық жағдайын отандық ғалымдар кей уақытта кең көлемде ұсынбайды. Сыртқы саяси қатынастарды саралаған кезде олар Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне тек Ресей тарапынан ғана төнген қауіпті көреді. Бірақ, XVIII ғасырдың аяғынан бастап Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне Орта Азия елдері тарапынан да, оның ішінде бірінші кезекте Қоқан мен Хиуа тарапынан қауіп төнгені талас тудырмайды.  

Қазақтардың оңтүстіктегі қонысы Орта Азиялық үш хандықпен – Бұхара, Хиуа, Қоқанмен шекаралас болды. Осылардың ішінде ХІХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында ең агрессияшылдары Хиуа мен Қоқан хандықтары болды. Бұл кезде Ұлы жүздің ішінара бір бөлігін Қоқан хандығы басып алған еді. Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізіне шекаралас, сонымен бірге Үстірт пен Маңғышлақ маңайындағы қазақтардың қоныстарын Хиуа басып алған еді.  

Мұхаммед Рахым (1806-1825 жж.) тұсында Хиуа біртұтас ірі мемлекетке айналды. Соның тұсында Арал бойындағы иеліктер мен қарақалпақтардың қоныстары Хиуа хандығына қосылды.

ХІХ ғасырдың басында қазақтардың тәуелсіздігін Хиуаның қысымынан сақтап қалмақшы болған Арынғазы сұлтанның бұл әрекетінен ештеңе шықпады, өйткені бұл кезде орыстар тарапы Қазақ мемлекетінің вассалдық қатынасын сақтауға емес, оның орнына Қазақстанды империя құрамына қосып алуға тырысты. Сырдария қазақтары Хиуа хандығына бағынуға мәжбүр болды. Хиуаның жеңісіне билікке таласқан қазақтардың сұлтандары мен хандары да себепші болды. Хиуа ханының қолдауын алуға тырысқан Шерғазы Айшуақов, Алла-Құлға қызын береді де, Хиуа ханының вассалдық тәуелділігіне өтеді. Ол өзін Кіші жүздің ханы ретінде тануға қол жеткізеді, алайда оның билігін тек Табын мен Шекті рулары ғана мойындайды. Алла-Құл тұсында екі халық арасындағы соғыстар қайтадан басталып, қазақтар үшін табысты бола қоймайды. Хиуалықтар маңайындағы қазақтарға жиі шабуылдар жасап, зекет жинап, көптеген салықтар алып отырды. Бұндай ауыр салықтарды төлей алмаған қазақ кедейлері балаларын хиуалықтардың базарында құлдыққа сатуға мәжбүр болды.  

Хиуа хандарының әскери шабуылдары көбінесе тонаушылық феодалдық сипатта болды. Бұл ретте хиуалық хандар бағынышты руларды сауда керуендері мен көршілес халықтарды тонау үшін шебер қолдана білді. Орынбор шекара комиссиясының шенеунігі Д.Голосов:

«Сауда керуендерімен молдалар кейпінде қазақ даласына енген Хиуа эмиссарлары діни фанатизмді қоздырып, рулар арасына жік салып, оларды керуендерді тонауға ғана үйретіп қоймай, Линияға шабуыл жасауға үйретті» 

деп атап өтеді.   

ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында қазақ даласы үшін күрес Хиуа хандығын ресей империясынан бөліп тұрған буфер үшін күреске айналады, өйткені бұл кезде патшалықтың Қазақстандағы отарлық экспансиясы бұл кезде белсенді бола түсті де, орыс аванпосттары Орта Азия хандықтарының тікелей шекарасына жақындай түсті.   

Подполковник Данилевскийге 1842 жылы жіберілген нұсқаулықта Сырдария өзені, Арал теңізінің солтүстігі мен Үстірттің солтүстік беткейі Ресейдің мемлекеттік шекарасын құрайды, сондықтан да  хиуалық зекетшілердің онда келіп зекет жинауларына болмайды деп көрсетілді. Алайда шекаралас аудандарда хиуалықтар мен орыстардың арасында жиі қақтығыстар болып тұрды. Перовскийге жазған хатында Құшбегі Нұрмұхамед орыс билігінің қазақтардың шаруасына араласпауын және олардан зекет жинауға кедергі келтірмеулерін талап етті.

1834 жылы Ново-Александровский бекінісінен Хиуаға жіберілген Тұрпаев деген армянның айтуынша, қазақтар хиуалықтардан гөрі орыс үкіметін артық көреді, «тек соған ғана тәуелді болғысы келеді».

Қоқан хандығынан да қазақтар талай азап шекті. XVIII ғасырдың басында Шахрух би бастаған өзбектердің Минг тайпасы тәуелсіз Ферғана мемлекетін құрғаннан бастап Қоқан хандығы пайда болды. Қоқан хандығы өз атауын Нарбота бидің баласы – Әлімнің  билігі кезінде алды (1799-1809 жж.). әлім ханның билігі кезінде Қоқан хандығының аумағы біршама кеңейді. Өзінің басқыншылық саясатын ол Ұлы жүз қазақтарының жайылымдарын басып алудан бастады. ол Шымкентті, Сайрам мен Құрамды басып алды. Оның жорықтары асқан қатыгездікпен жүргізіліп, сол үшін ол «Залым» және   Шир-Гара (жауыз жолбарыс) деген атаққа ие болды.

Әлім ханнан соң оның орнын інісі Омар басады (1809-1821 гг.). Ол өз дәуірінің көзі ашық, оқыған адамы болып саналды. Ол жан-жағына белгілі ақындарды жинап, дінбасыларға қолдаушылық көрсетті. Сарай маңындағылар оны халықтың қамын жейтін билеуші деп жағымдазданған мақтауларын аямайтын. Ал шын мәнінде оның тұсында бодан халыққа ғана емес, сонымен қатар жергілікті дихандарға оңай болған жоқ.

Сырдария, Шу мен Сарысу өзендері бойында көшіп жүрген қазақ рулары арасында Қоқан билігінің әсерін нығайту үшін Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күміс қорған, Шым қорған, Көш қорған және басқа да бірқатар бекіністерді салды. Сырдария өзенінің орта ағысы енді Қоқанның шекаралас облысын құрады да, оны Ақмешіттен Жақып бек (болашақтағы қашқар билеушісі) басқарды. Ташкент құсбегісіне вассалдық тәуелділіктегі Жақып бек Ақмешіт өңірінде көшіп жүрген қазақтардан жиналатын салықты соған жеткізуге міндеттелді. Салық жинау кәдімгі феодалдық тонауға айналды.    

Ю. Южковтың деректері бойынша, қоқандық Бестаңбалы, Сейқым, Шымыр, Жаныс рулары Қоқан билігіне бағынды. Қоқан хандығының Ұлы жүз бен Қырғызстандағы жаулап алу саясаты сауда-саттық мүддесін де көздеді. Ұлы жүз территориясы арқылы маңызды керуен жолдары өтті, бұдан басқа бұл облыстардың өздері де сауда-саттық жағынан маңызды болды.

Қоқан хандығына бағынышты қазақтар өте ауыр салық азабын тартты. Қоқан хандығы үшін ең табыстысы зекет жинау, мал басына салық салу болды. Бір ғана Шымкент уәлаятынан хан жылына 80 мың күміс рубль алып отырды. Егістікпен айналысатындардан егістік салығы – харадж жиналды. Белгіленген салыққа қарамастан, салық жинаушылар бұндай нормаларды берік ұстаған жоқ. Сырдариялық қазақтардың бастығы О.Я.Осмоловский былай деп жазды:

«Малдан қырықтан бір бөлігін алуды анықтайтын барлық магометандық (мұсылмандық) заңдарға қарсы келе отырып, қоқандықтар неше түрлі зорлық-зомбылықтарды қолдана отырып, әр киіз үйден жылына 6 қой, ал бай қырғыздардан (қазақтардан) одан екі есе алып отырды. Бұл тізімге қырғыздардың бас зекетшіге және оның көмекшілеріне берілетін сый-сияпаттар енбейді. Қоқандықтар егіннен түсімнің үштен бір бөлігін, ал бекініс маңында көшіп жүретін қазақтардан астық күйінде алынатын харадждың орнына піскен нан мен тары алатын. Салықты отын, көмір, пішен түрінде алу да харадж есебіне жатқызылды. Әр киіз үйден жылына 24 қап көмір, төрт тең сексеуіл және бір мың бау шөп пен қамыс жинап алынды».

Қазақтарға бұлардан басқа салықтар жүктелді. Мысалы, олар жер жыртуға, бау-бақша өңдеуге, қамал қабырғаларын жөндеуге мәжбүр болды. Әскери іс-қимыл кезінде әрбір қазақ өз атымен Қоқан бегіне келуге міндетті болды, әскери қызметіне қазақтарға ақы төленбеді. Қазақтар бірнеше рет Қоқан хандығына қарсы шықты. Омар ханның билігінің соңғы жылдарында тұтанған көтеріліс қатыгездігімен ерекшеленді. Дешті Қыпшаққа салық жинаушы Сейіт Құлбек келіп кеткеннен соң Түркістанда, Шымкентте, Сайрам мен Әулие-Атада көтерілістер бұрқ етті. 

Көтерілісті Тентек төре басқарып, оның қол астына 12 мың көтерілісші жиналды. Қазақтар қоқандықтардың Сайрам бекінісін жаулап алып, оны өздерінің орталығы етті. Көтерілісшілердің екінші бөлігі Шымкент бекінісін басып алды. Көтерілісшілер ұзақ уақыт қарсыласып, барлық азық-түлікті тауысқаннан соң барып, қаруларын тастап берілуге мәжбүр болды. Омар хан қайтыс болған соң, таққа оның баласы Мәделі хан (Мұхаммед Әли) отырады.  Оның уақытында құсбегілердің рөлі ерекше беки түседі. Шындығында Құлие би хан бәрін тәуелсіз биледі. Ташкент құсбегінің билігіне көшуіне байланысты салық езгісі одан сайын күшейе түсті. Оның үстіне ол Орта жүзде де билігін жүргізуге тырысты. Ол бұны қазақтардың орыстарға қарсы, кәпірлерге қарсы «ғазауат» («қасиетті соғыс») ұранымен ағайындық көмек ретінде білдірді.  

Қазақтардың Ресеймен қатынасын зерделеген сияқты, олардың Орта Азиялық хандықтармен қатынастарын айқындағанда да еңбекші қазақтардың көпшілігі мен көршілес Орта Азия халықтарының жағдайлары ұқсас еді. Орта Азия халықтары өздерінің феодалдық үкіметтерінен ауыр азап шегіп отырды.

Әрине, Қазақстан үшін ортаазиялық хандықтарға немесе Ресейге бағынудың халық-шаруашылық және әлеуметтік салдары бірдей емес болатын. Феодалдық соғыстармен және өзара алауыздықтармен, яғни, ішкі қарама-қайшылық шиеленістерімен өркендеу маңызынан айырылған ортаазиялық елдің билік жүргізуі қазақтардың шаруашылық және әлеуметтік құрылысының дамуын түрлендіріп қайта құра алмады. Ал, Ресей империясының құрамына қосылу – қазақтардың анағұрлым жоғары әлеуметтік және шаруашылық дамуына қадам басуына жол ашты.

Бұл қадам шаруашылық қозғалысындағы және қоғам дамуындағы прогресспен қатар жүрсе де, бұқара халықты бұл ауыр азаптан құтқара алмады.