«Биік болсаң, таулармен теңесіп көр!»
13.12.2024 1646

«Мен балалық шақтың дәмін баянды тата алмадым. Тұрмыс мені ерте есейтті. Екі жасымда аяулы анамнан айырылдым. Содан бастап отбасындағы ошарлы жан әкемнің тапқан-таянғанын қорек етіп, әжемнің берген тары-талқанын жеп тапшы тұрмыс кешірдік. Мұндайда еркелік істеп, ел қатарында балалық шақтың базарын кешудің мүмкіндігі жоқ еді. Дегенмен, дәл бүгін оған өкініп отырғамын жоқ. Байқасам, тапшылықты, таршылықты көре жүріп есею кейінгі өсіп-жетілуіме айрықша ес қатыпты...

... басып өткен іздеріме көз салсам, күре жол болып көз сүріндірмесе де, өзіндік айқын сорабы бар соқпақ қалыпты. Бұл менің халықтың абыройлы борышын арқалай жүріп толық ада етпесем де, аяқсыз қалдырмаған, ойымдағыны да, бойымдағыны да адалдықпен арнап, қажырлықпен күрес жасаған өмір жолым». 

Қытайдағы қазақтардың көшбасшысы атанған Жанәбіл Смағұлұлының «Бала шақтан болашаққа» деп аталатын ғұмырнамалық эссесі осылай басталыпты. 


Астанадағы ағайынның Жанәбіл ақсақалға арнап берген асына біз де барып-қайтқан болатынбыз. Осындай жеті-нәзір бір уақытта Алматы, Өскемен қалаларында да берілді. 

Бір апта бұрын, 2024 жылдың 22 қарашасында 90 жасқа келген Жанәбіл Смағұлұлы Үрімжі қаласында мәңгілік сапарға аттанған-ды. Ең алдымен жақындарына және ел-жұртына қайғырып көңіл айтамыз. 

XX ғасырдың орта шенінен XXI ғасырдың басына дейінгі Қытай қазақтары әдебиетінің, мәдениетінің, баспасөзінің, телеарнасының, жалпы алғанда, Қытай қазақтарының руханияты мен экономикасының бір жоғары деңгейге көтерілген алтын дәуірі болды. Осы істердің бәрінің басында Жанәбіл Смағұлұлы тұрған еді. Өйткені 20 жасында қызмет жолын бастаған Жанәбіл ақсақал Шыңжаң өлкесі Саяси мәслихатының спикері, нақтырақ айтқанда, Қытай Конституциялық кеңесінің Шыңжаң өлкелік спикері қызметі деңгейіне дейін жеткен тұлға. Өз кезінде оның қолында жергілікті бюджетті үйлестіретін, адам ресурсын басқарып, қызметтік штаттарды бөлу дейтін, көптеген істерге тікелей араласатын құқы болды. Міне, осы пәрменділігінің арқасында арғы беттегі ат төбеліндей қазақтың тағдыр-талайына арайлап таң атты. Шаңырақ өзінікі емес, өзгенікі болса да көптеген батыл шешімдерді жасап, ел саясатын өз ұлтының пайдасына ұтымды пайдалана білді. Сондықтан да болар, Қытай қазақтары өз іштерінде Жанәбіл Смағұлұлын «қазақ көсемі» деп атайды. 

Ендеше ол кісімен дәмдес-тұздас болған, осынау асқа келген қауымның пікірін тыңдайық:

Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты:

Жанәбіл ағамызды біз бергі беттен білеміз. Бірақ арғы бетте бірнеше рет дәмдес-тұздас болдық. Ол кісінің түрін, тұрпатын көргенмін, сөзін, дауысын естігенмін. Сондықтан сырттан сөйлеп жатқан адам емес, көрген адам ретінде бір ауыз ойымды айтып кетейін.  

Мынау қазаққа қызмет қылған, қазақтың Шығыс пұшпағында еңбек етіп, еліне, қазағына қамқор болған бес адам болса соның біреуі осы Жанәбіл аға марқұм деп білемін. Сырдаң саясаттың қамыты, қайысы мойынын қысып жүрген заманның өзінде жауын-жауынның арасымен елге қызмет қылуға тырысқан біраз ерлікке пара-пар еңбектерін естіп жүрміз. Сондықтан бүгін жалпақ қазаққа, Ұлы даланың бір пұшпағындағы қаралы қазаққа қайғырып көңіл айтамын. Содан бері қарай бошалап көшіп келген сіздерге көңіл айтамын!

Аманжол Әлтай, Мәжіліс депутаты:

Қазақта сөз бар – «Жасының аты, ғалымның аты өлмейді» дейді. «Асқар таудың өлгені – басын мұнар шалғаны, аруана Күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны, қара жердің өлгені – қар астында жатқаны. Дүниеден не өлмейді? Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген. Сондықтан да ол кісінің жақсы болғанын жаңағы фильмнен де ұғынып жатырмыз. Бүгінге дейін де мағлұматымыз бар еді. Тоқсан деген абыз ақсақалдың жасына келіп, халқының алдында ақ дидары жарқын болып, еңсесі биік болып Алланың алдына өзінің бағалы тұлғасыменен, кешегі хакім Абай айтқандай «алтын туы жығылмай» қайтқан екен. Ақсақалымыздың Алланың да алдында дидары жарқын болсын, Жұмақтың төрінде болсын деп тілейік. 

«Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі Бәйтолла,

Сұлтан ием, қарсы алдында жасапты!», – деп кешегі Шалкиіз айтқандай, Жанәбіл әкеміз жылағанды уатуға, мұңайғанды қуантуға, еліне жақсылық жасауға бар ғұмырын арнаған екен. 

Айдаһардың аузының алдында тұрып, қабыланша қарпысып, жолбарысша шарпысып, өзінің еңбегін ұлтқа үлгі еткен осындай абыз ақсақалдың жақсылығы өзі кетсе де, артындағы қалған жұртқа, халықтың санасында, халықтың жүрегінде жасай береді деп ойлаймыз. Сондықтан Жанәбіл ақсақалдың отбасына, бала-шағасына, туғандарына, Жанәбіл ағаның жақсылығын көрген, жанында болған жақсыларға, барша қазақ халқына, осы дастархан басында Құран хатымға қатысып отырған жамағатқа көңіл айтамыз! 

Кешегі Қанжығалы қарт Бөгенбай сексеннен асып, тоқсанға қадам басып, дүниядан озғанда Үмбетей жырау айтыпты дейді: 

«Сексеннен аса бергенде,

Қайрылмас қаза келгенде, 

Өзіңнен біраз жасы үлкен, 

Дөмпеш таудай басы үлкен,

Батырың өтті – Бөгенбай!

Бөгенбай сынды батырдың

Береке берсін халқына, 

Сабыр берсін артына!

Жасаған ием жар болып,

Бейіште нұры шалқысын!» – деген екен. Біз де Үмбетей жыраудың осы сөзін Жанәбіл әкемізге бағыштағымыз келеді. Құрметті жамағат, ел барда ер туғызбай тұра алмайды. Осы Жанәбіл ақсақал секілді жұртының жоғын түгендейтін, елінің қабағына қарайтын, көшінің басына бас болатын, асыл азаматтар орталарыңыздан шыға берсін!

Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты:

Ол кісі туралы аңыз бен ақиқаты аралас көптеген әңгімелер біздің көкірегімізде өте жаттаулы. Осы кісі туралы көп мәліметтер оқыдық, әңгімелерді естідік. Осы Қазақстанның өзінде де, Шыңжаңның төрінде де, Іледе де, Текесте де, ойда да, қырда да көптеген үлкен аңыз-әңгімелер айтылып жатты. Ұлт үшін күрескен, әсіресе «саптыаяққа ас құйып сабынан қарауыл қараған» кезеңдерде қиыннан жол тауып, ел, халықты дұрыс бағытқа, дұрыс көшке бастап, әлеуметтік жағдайын, рухани-мәдени саясатын реттеуде, тек қана Шынжаңның өз басында емес, Пекиндегі саяси элитаның алдында да өзінің идеясын өткізген үлкен ақсақалдың бірі деп бағалаймыз. Жаңа Серік Әбіл бауырымыз өмір дерегін айтып өтті. Өткен ғасырдың орта шенінен бастап, күнгейі бар, теріскейі бар кезеңде атқарғаны бір азаматқа, бір тұлғаға аз шаруа емес. 

Тоқсан дейтін әруақты жасқа жетіп, ел халқының абыройында, биігінде дүниеден өткен абыз атамыздың иман байлығын берсін! Ол кісінің тұлғалық, тарихи болмысын елдің жадында қалдыратын әлі талай үлкен еңбектер, көркем шығармалар, пьесалар, публицистикалық шығармалар, үлкен еңбектер жазылады деген үміттеміз. Сондықтан шекараның қос қапталындағы ел-халқы, туған Отанымыз аман болсын. Елдің ішін даудан, жердің шетін жаудан бүтін қылғай! Арғы беттегі ағайындарға күш-қуат тілейміз. Жанәбіл Смағұлұлының ізін басқан қайраткер, күрескер азаматтардың қатары сиремесін!

Тұрсынхан Зәкен, жазушы, ғалым:

Бүкіл ғұмыры қалайда, қандай жағдайда да, қай ортада, қандай жүйеде де халқына қызмет етуге болатындығын көрсетті. Ол кісілердің билік баспалдағына қарай өрлеген бозбала шағынан бастап, күні кеше зейнет шыққанға дейінгі бүкіл өмірі өте қиралаңға толы қиын-қыстау кезеңдер болды. Қытай елінің де жағдайы қиын кезде ол кісілер билік басына келді. «Мәдени төңкеріс», «Реформа жасап, есік ашу» кезеңін бастан өткізді. Соның бәрінде халқына қызмет етті. Әсіресе, ол кісінің халқының рухани-мәдени өміріне, оянуына, халқының мәдени мұраларын, тарихын қайта жаңғыртуға жасаған қамқорлығы өте көп. «Мұра» журналын шығарды. «Шұғыла» журналын қайта жасақтады. 

1986 жылы ауылға кетіп қалған жерімнен мені де қайтадан Үрімшіге алдырып, Ұлт істер комитетінің құрамындағы Көне мұралар кеңсесіне  алып келді. Пекинге оқуға жіберді. Ол бір мен ғана емес, қазақың қаншама ұл-қыздарына көмегі тиді. Қазақ ұлтына көмегі тиді. Жәкеңменен Шыңжаң қазақтарының бүтін бір дәуірі аяқтады деп  ойлаймын. Енді ондай кісі шыға ма, шықпай ма, туа ма, тумай ма оны Құдай біледі. Бірақ бұл кісінің халқына, еліне өзінің қал-қадірінше жасап кеткен істері шексіз. Әрбір басшы, әрбір азамат осы Жәкең сияқты еліне қызмет етсе құба-құп.  

Бұл жақта да, Совет кезеңінде де еліне, халқына еңбегі сіңген Жұмабек Тәшенов сияқты қайраткерлер көп болды. Бұл кісі сондай масштабтағы, сондай биіктегі адам болды. Ол кісінің енді екінші ғұмыры – бүкіл біздің қазағымыздың өсіп-өркендеуіндегі, саяси өміріндегі істеп кеткен істері енді жазылар, дастан болар. Ол енді осы отырған ағайынның, ол кісінің адами болмысына тәнті азаматтардың әрі қарай жалғастыратын шаруасы деп ойлаймын. 

Ауыт Мұқибек, ақын, қоғам белсендісі:

90-шы жылдардың соңына ала атажұртқа келіп, Тұманбай ағаның қасында жүрдім. Тұманбай ағадан сонда бір әңгіме естідім. 1961 жылы Мұхтар Әуезов өмірден озғанда қазақ жетімсіреп қалғандай күй кешті дейді. Мен сол әңгімені қазақ зиялыларының, ақсақалдарының біразынан естідім. Дәл бүгін арғы беттегі – Шыңжаңдағы үш миллионға таяу қазақ дәл сондай күйді бастан кешіріп отырғаны белгілі. Бұл Шыңжаңдағы қазақ халқы үшін үлкен жоғалту болып тұр. Жанәбіл ағаның сексен жылдығында «Алатаудың бір шыңы – арғы бетте» деген үлкен мақала жазып, «Дат» газетіне Ерболат ағам басып берген болатын. Мен ол сөздерімді қайталағым келіп тұрған жоқ. Жанәбіл ақсақал Орта Азияның 80-90 пайыз президенттерінің қайсысының орнына қойсаңыз сол мемлекетті дөңгелек айналдырып алып кететін еді. Оған ешкімнің дауы болмас. Арғы бетте өмір сүруді Алла тағала маңдайына жазған екен. Бірақ қолына келген мүмкіндіктің бәрін пайдаланады. Тек Шыңжаң телеарнасы емес, қазақ бар ауданның бәрінде қазақ тілінде телеарна, радио болды. Қазақтардың беделі жоғары болды. Өзінің де, өзінің туған халқының да еңсесін ешкімге бастырмаған тұлға болды. 

Әбдіғани Бәзілханұлы, айтыс ақыны:

Жаңа Серік Әбіл досым: «осында Жанәбіл ағамыздың игілігін көрген азаматтар отыр» деп өте бір жақсы сөз айтты. Соның бірі мен шығармын. Жанәбіл Смағұлұлы мемлекеттің саясатын ұлтқа қалай пайдалануды жолын тапқан азамат. Жанәбіл ағамыздың кезіндегі мәдениеттің, оқу-ағартудың қалай болғанын таныстырып өтті ғой. Мен соның ішіндегі мәдениеттің өкілімін. Бір рет Алтайдағы ақындар айтысында Гүлбақыт екеуміздің айтысымыздан кейін сахнадан түскенде бірінші – үлкен басы, екінші – биліктегі шен-шекпенімен күтіп тұрып маған айтқан бір ауыз сөзі болды Жанәбіл ағаның: – Сен сахнада қате айттың, – деді маған. Мен өлеңді «ақынның кездестірдім саудагерін» деп бастағанмын.  – Қазақ саудагер болуы керек, – деді ол кісі, – қазақ неге байымауы керек? Гүлбақыт дұрыс жасап жатыр. Бұдан кейін есіңде болсын, балам, – деді. Жанәбіл аға сияқты қазақтың маңдайына біткен тұлғалар тарихта қайталанбауы мүмкін. Бұл кісінің рухы, аты қазақ барда өмір бойы өшпейді. 

Оның сыртында сырттағы қазақтарға да көп көңіл бөлді. 2000-шы  жылдың басында Гансудың Ақсай қазақ автономиялы ауданына барғанымда бірінші көрінетін үлкен мешіт тұрды. Коммунистік партияда партия комитеті көрінуі керек қой. Сонда сол жердегі ел мақтанып: «Мынау Жанәбіл салып берген мешіт» деді. 

Сұраған Рахметұлы, ақын, жазушы:

Жанәбіл ағамыздың Абылайдай ақылы, абыройы бар, тұлпардай дүбірі бар қазақтың зау шоқысы, Алтайдың Алатауының бір биігіндей көрінетін ғажайып тұлғаны Моңғолияның батысында тұратын аз қазақ бәрі де білетін. Біздің тыңдайтынымыз Шыңжаңының радиосы еді. Сол радионы қолымен құрып, шартараптағы қазақтарға ақпарат таратқан ақылман бүгін бір дәуірдің куәсі ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қалды. Ағамен басталған дәуір ағамен аяқталып бара жатыр. Қайтадан мұндай тұлғаның тууы, біртуардың өмірге келуі, кетуі бұл заманның бір мәселесі болуы мүмкін деп ойлаймын. Жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар. Мына суретте үлкен аңыртасқа сүйеніп, өзінен бес мың жыл үлкен аңыртастың қасында ойланып қарап тұр. Сол жағында өзінің шынтағынан ғана келетін әлемге аты шыққан сәулетші Дэн Сяопиннің қасында тұр. Қарасаңыз, екі үлкен дәуірдің ортасындағы қазақтың асқақ бейнесі көрініп тұр. Үлкен-үлкен мынау саяси аренадағы, әлемдегі аты шыққан адамдардың барының қасынан көрініп жүр. Бұл – қазақтың абыройы. Бұл – қазақтың ұлылығы. Осындай ұлы қазақ, зау қазақ, Тәңіртаудан туған таңғажайып ақыл иесі біздің арамызда, біздің көңілімізде мәңгі сақталатындығы белгілі. 

Бұл жерде барлығымыздың миымызда бір ғана мәселе тұр. Ұлы қазақ, ұлы тәуелсіздік, ұлт деген осы үлкен сахнаға шығарған абыз ағамыздың бүгінгі науқанына келіп отырмыз. Рухы шат болсын! Қашанда қай қазақта, қай жерде болсын, дүние жүзіндегі қырық үш елдің ішіндегі ең биік шыңдардың бірі, аспан астындағы елді аузына қаратқан аңыр, бүгінгі тәңіри тұлға ары қарай жастарымыздың, болашағымыздың жүрегінде мәңгі сақтала берсін. 

Құдай Тағала бұл кісіге қаншама биік ақыл берсе, ол – қазақтың ақылы, бұл кісіге қаншама керемет парасат беретін болса, бұл – қазақтың дуасы. Үлкен құдіретті, үлкен киелі, үлкен жүректі зау тұлға қай отбасында да қазақтың мақтанышы ретінде атала берсін!

Жәди Шәкенұлы, жазушы:

Жанәбіл Смағұлұлы қазақ аспанында, түрік аспанында, Еуропа даласында самсаған қазақ жұлдыздары бар десек, сол жұлдыздың біреуі еді. Жарқыраған, жайнаған жұлдыз еді. Кейде кейбір азаматтар туралы сол елде, сол партияда, сол мемлекетте жұмыс істеуіне байланысты көлеңкелі көзбен қарап жататындар болады. Бірақ саясаттың да ортасынан жол тауып, халқына да қызмет істеу біреудің қолынан келеді, біреудің қолынан келмейді. Кезінде Дінмұхаммед Қонаев осындағы Кеңес Одағы үкіметіне қызмет етті. Сенімін арттырды. Халыққа да сондай қастерлі, қадірлі болды. Жанәбіл Смағұлұлын да тура сондай бағалауға болады. Сол жақта Үкіметке қызмет істегені рас. Бірақ халықтың қалаулы ұлы болды, перзенті болды. Қазақ халқын ұмытқан жоқ. Өзінің орын, тағын ұлт мүддесіне ауыстырған жоқ. Ұлттың жүрегінен орын алды. Жүрегінің орын алғаны қалай? Міне, ең қарапайымы, арғы бетте қан жылаған қазақ баласы тоқсанға келген қариясын боздап кеткен боздағындай жылап, жоқтап жатыр. Алтай мен Арқаның арасы, анау Өскемен, Алатау баурайы абзал азаматын, абыз азаматын жоқтап жатыр. Осының өзі Жанәбілдің халық жүрегіндегі орнының қандай екендігі, ең бастысы қазақы қанының қандай екендігінің қарапайым мысалы. Жұрт санасындағы сәулелі шырақ екендігінің, жұрт жүрегінен алған орнының бейнесі. Ұрпаққа қалар аманаты. Бүкіл қазақ рухыменен тыныстас болды. Бүкіл қазақ жұртыменен жүрегі бірге соқты. Сондықтан да ол кісі мәңгі өлмейді. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Ол кісінің жасаған жасын кейінгі «қазағым!» деген қазақтарға берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, сол атамыздың рухани әлемінде бұдан кейін жоқшысы болайық!

Кәдірхан Қизатұлы, айтыс ақыны:

Билік айтсаң, билермен кеңесіп кел,

Биік болсаң, таулармен теңесіп көр.

Тау құласа, қорғансыз қалады екен,

Қалқан болмай төбелер, төбешіктер.

 

Бірге болған халқымен қам-қайғысы,

Тауға айналып кетті бір таудай кісі.

Алтай, Іле аһ ұрды, Тарбағатай,

Меңдеткендей тауларды тау қайғысы.

 

Ұлы тау ғой Жәкең де көп көңілде,

Тау ғұмыры сыймайды шекті өмірге.

Тау құласа қалады жетімсіреп,

Өзенің де, бұлағың, бөктерің де.

 

Орны бөлек таулардың замандағы,

Көрікті екен таулармен далам дағы.

Тау құшағы мейірімнің мекені ғой,

Сарқылмайтын сағыныш санамдағы.

 

Биік қайда боз қырау тау басындай,

Тас боп қалған жиналып сан ғасырда-ай.

Тауым жайлы жазылған том-том кітап ,

Тіршіліктің тәлімгер айнасындай.

 

Тау құлады күңіреніп бар алабы,

Зіл қайғының соғылып барабаны.

Қалып барад тарихтың қатпарында,

Тоқсан нарға тиеліп тоғанағы.

 

Қайраттанам жолына қарасам да,

Буылдырық салардай сан асауға.

Қара таудан айырылған қалың орман,

Арқа сүйеп жұбанар Алатауға .

 

Тау құлады ғасырға таяп барып,

Айта салу жараспас жай ахбар ғып.

Ұлы таудың құзына ұя басып,

Сансыз қыран самғаған қанаттанып.

 

Таулар аман болса екен, таулар аман,

Тауым барда ала алмас жау жағадан.

Қорған болып тұрсын деп ел-жеріне,

Тәңір өзі даралап, таңбалаған.

 

Таптағанмен өмірдің өктем күші,

Айғақ болып тұр артта көп белгісі,

Рухыңмен жебей бер ұрпағыңды,

Жәкеңдей тауға айналып кеткен кісі.

 

Рәшитбек Зәки, аудармашы:

Мен Іле телевизиясында кино аудармасында істеген адаммын. Кино аударма деген жұмысты осы Жәкең бастады. Оны біз істедік. Тамаша жұмыстар болды. Айта берсе сөз көп. Енді менің өзімнің түюімде, тізгін ұстап, атқа қонған азаматқа төрт түрлі талап бар: біріншісі – Құдайдың талабы, екіншісі – патшаның талабы, үшіншісі – халықтың талабы, төртіншісі – туған-туысқандарының талабы. Осы төрт талаптың салмағын бірін-біріне алмастырмай ұстай білген және қай-қайсысын болмаса да разы қылып орындай білген адам бұл – ғалым. 

Нұрәділ Ілияс:

Бұл кісіге көп кезігіп жүрдім. Сонда «сен бір ел ішіндегі бір тентексің ғой, елді баста, еліңе кетіп қал» деді. Мен 100 қанша отбасын бастап Шонжы ауданынан келдім. Алды Астанаға шейін барды. Балалар елге келіп, оқуын оқып тәуелсіз елдің ұлы мұратына, көрмеген, аңсап өткен аталарымыздың мұратына ие болды. 

Нұрмұхан Жанұзақ, ақын:

Тұңғыш рет менің «Арман-ай» деген кітабым Ұлттар баспасы жарыққа шығарды. Ақынның жүрегі қандай, қуанып анаған жүгіріп, мынаған жүгіріп жүріп ақыры Жанәбілдің алдына да бардым. Кіріп барып «Ассалаумалейкум!» дедім.  «Ассалаумалейкум» дегенде бұл адам орнынан тұрып кетті. Осы құдірет нені көрсетеді? «Ассалаумалейкум» деген бір сөз, меніңше, барлығынан биік. Біздің ұлтымыздың рухани танымы. Ал Жанәбіл ағаның осы ұлтының рухани танымын ерекше құрметтейтіндігін, барлығын одан биік көретінін түсіндіреді. Осыдан сезгенім не? Бізде қарапайымдылық деген бір ұлы нәрсе бар. Ол адам ұлы, бірақ қарапайым. Ұлылық қайдан шығады? Қарапайымдылық шығады, кеудеден шықпайды, ойдан шығады. 

Тұрсынхан Зәкен, жазушы, ғалым:

Жанәбіл Смағұлұлы Шыңжаң қазақтарының білім беру ісіне үлкен үлес қосты. «Реформа, есік ашу» кезеңінде көптеген жоғары оқу орындары ашылды. Айталық, Іле педагогика университеті, Күйтіңдегі университет, содан кейін Шыңжаң медицина университетінің құрамынан қазақ тілінде сабақ беретін Қазақ медицинасы деген медициналық мамандық ашылды. Шыңжаң университетінде және Пекин ұлттар университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылды. Шыңжаң университетінен қазақ балалардың қытай тілін оқитын Қытай филологиясы мамандығы ашылды. Өйткені ол кездерде Шыңжаңда негізгі титулдық ұлт ұйғырлар болғандықтан ЖОО-ларда екінші негізгі тіл ретінде ұйғыр тілінде сабақ берілетін. Бірақ мынау үлкен факультет немесе институт болмаса да қазақ балаларын арнайы топ ретінде әр жыл сайын дайындап отырды. Орта техникум дейді ғой, колледж деңгейінде мектептер ашылды. Мысалы, Алтайда медициналық колледж және Қазақ медицинасы дәрігерлік амбулаториясы ашылды. Ол үлкен ауруханаға айналды. Бұның бәрі Жәкеңдердің тікелей қолдауы. 

Баспа ісіне мықты кадрларды тартты. Оқу-ағарту баспасы тікелей Жәкеңнің өзінің қадағалауында болды. Онда қаншама қазақ тілінде оқулықтар шықты. Сол кездің адамдары оған куә. Тіпті жаратылыстық пәндердің өзін түгелдей қазақ тілінде шығып тұрды. Айтыс өнеріне үлкен көңіл бөлді. Жәкеңнің билік басында тұрған кезінде қазақ айтысы өте дамыды.  Қазір енді ондай деп айта алмаймын. Ол Шыңжаң қазағының алтын дәуірі ретінде есте қалды деп айта аламын. Жаратылыстық пәндерді аударуда термин жасады. Сол термин дегеннен шығады. Қазақ терминдерін қалыптастыру үшін Тіл-жазу комитеті деген құрылды. Ол кісі сол Тіл-жазу комитетінің қызметіне көңіл бөліп отырды. Тіл-жазу комитеті Қазақ бөлімі «Тіл-жазу» деген журнал шығарды. Соған Жәкең бағыт-бағдар беріп, ұдайы қадағалап отырды. Біздің Көне мұралар кеңсесін ашып, оған Нығмет Мыңжани ақсақал бастаған, Әуелхан Қалиұлы, Жақып Мырзаханұлы сияқты үлкен ағаларымызды сол жұмысқа тартты. Біз сол үлкен мекемеде бір ұжым болып жұмыс жасадық. Көне мұраларды қалай шығару, жинау, реттеу, жүйелеу бойынша бізге де бағыт-бағдар беріп, баспадан шығаруға үлкен қолдау білдіріп, ақша ажыратып отырды. Ол жұмыс бертінге дейін жалғасты.

Кәдірхан Қизатұлы, айтыс ақыны:

Мен Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағынан боламын. Сол ауданның атынан 20 жылдай айтыста болдым. Жәкең әркез ақындар айтысына өзі арнайы уақыт бөліп келіп, сол ақындар айтысының бастау сөзін өзі бастайтын. Алындарға өте үлкен шабыт беріп, қоғамның, халықтың арасындағы алтын көпір болуға, халықтың мұң мен зарын, жетпей жатқан тыныс-тіршілігін ақындардың аузымен жоғарыға жеткізуге үндеп отыратын. 

Бертінгі кездерде аймақтан жоғары облыстық, автоном райондық ақындар айтысында  ақшалай сыйлық беретін болды. Жоғарыдан сыйлық алып келген ақынды облыс тағы сыйлауы керек, оның аймағы, ауданы тағы сыйлауы керек дейтін еселеп сыйлықтар беретін болды. Оны дәстүрге айналдырды. Міне, осының барлығында анау биікте тұрған Жәкеңнің тапсырмасы және ол кісінің осы өнерді қолдап, қуаттауының ықпалы бар деп білеміз. 

Серік Әбіл, ақын, сазгер:

Ардақты аға кісілігін кірлетпей ұстаған, адамгершіліктің асқақ шыңында бой көрсеткен адам.  Әрине, көп бірге болдық. Сонда бір таңғалғаным – ол кісінің шешіліп, көсіліп, болмаса біреуге қол нұсқап бұйырып сөйлегенін көрмедім. Қандай ортада болмасын жайдары қалпымен, көңіліне түйгендерді, көргендерді сұрау ғып қойып қояды да соны тыңдап отыратын. Ұсақшылдық, пендешілік дегенді де ол кісінің бойынан байқамадым. Кей жерлерге барғанда концерт ұйымдастырылып жатады, сонда да өнерпаздарды да шынайы тыңдайтын. Жайлауға демалып барса да сол жұртты қабылдап, малшылармен әңгімелесіп, кездесіп жүре беретін. 

Бізге кезіккен кезде де әрқашан халық тыңдайтын, халықтың мүддесіне тіке қатысты дүниелерді беріңдер деп айтып отыратын. Мал шаруашылығына, егін шаруашылығына қатысты бағдарламаларды ашып, соның мамандарымен сөйлесіп халықтың құлағына жеткізіңдер деп тапсырма беретін. Бір рет мені шақырып алып: «Серік, кейбір әндер қате орындалып жүр. Соны бір реттеп қойсаңдар болады екен», - деді. Ол жағын тамаша біледі, терең түсінеді. Сөйтіп әндерді дұрыстауға қаражат бөлдіріп берді. Сөйтіп «Шаңырағымнан шалқыған әндер» дейтін бүкіл Шыңжаңдағы қазақтың 200 әнін, «Күй керуен» атты 500 күйін альбом етіп шығардым. Қазақтың 50 әнін қытай тіліне аудартып, 50-іне де бейнебаян «Аққу сазы» деген альбомды шығардық.  Осының бәріне қыруар ақша кетті. 

Әнші, күйші, ақындарды керемет қолдайтын, тіпті олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге де көп септігін тигізді. Үй салып, ауырғанда дәрігерге қаралуына дейін ықпал етіп отыратын. Қазір халықтың алдында жүрген бір шама жұлдызды осы Қазақстанға жіберіп оқытқан. Тіпті театр құрамын деген еді. Сол оймен қаншама кісіні Темірбек Жүргенов Қазақ ұлттық өнер академиясына жіберді. 

Арай, Жәнабілдің жиен немересі:

Мен ол кісінің Әлия деген қызының қызымын. Мен 16 жасымда Англияға жалғыз оқуға кеткенмін. Сол жақта жеті жыл оқып, кейін атамның айтқанын тыңдап Алматыға жұмысқа келгем. Мектеп кезімде бір күні атам менің қолымды ұстап: «Арай, бұл өмірде тек білім саған мәңгілік дос болады», - деп айтқан еді. Мен алысқа кетіп бара жатқанда да: «Арай, қанша алысқа кетсең де білім іздеуді тоқтатпа, қазақ ұлтыңды ұмытпа», - деп айтқан. 

Бала күнімізде бізге өз қолымен алтыбақан жасап беретін. Есік алдына кішкентай кезімізде талдар еккізіп, оны немерелерінің атымен ататқызатын. Жақында үйде болып қайттым, сол талдар биік болып өсіпті. Бес жасымнан бастап қытайша оқыдым. Бірақ үйде тек қана қазақша сөйлеу керек деген атам орнатқан ереже болатын. Соның арқасында қазақшаны ұмытпадым. Бала күнімде нағашы атам мен нағашы әжемнің қасынан қалмай ақындар айтысына да бардым. Қонаққа да еріп баратынбыз. Бізге әрқашан үлкендерді құрметтеңдер, тілін алыңдар деп отыратын. 

Қуаныш Ілиясұлы, тележурналист, режиссер:

Жәкеңмен жұмыс барысында көп болмасақ та, өте назар аударған тұлға. Ол бір қоғам, бүкіл мемлекет назар аударған тұлға. Жәкең ақсақал 1949 жылдан кейін Қытайдың жаңа дәуірі басталғаннан кейін 20 жасында саяси саханаға келген тұлға. Содан зейнетке шыққан 2005 жылға дейін 50 жыл өзі жасаған мемлекеті үшін, қоғам үшін, ондағы әр ұлт халқы үшін, әсіресе өзінің туған халқы қазағы үшін табан ет, маңдай терін арнады деуге болады. Әсіресе ол кісі Қытайдың кейінгі жаңа дәуірі «реформа жасап, есік ашқан» дәуірі деп аталатын 1980 жылдан кейінгі ұлттық-территориялық автономиялық заңын пайдалана отырып, Қытайдағы қазақтың жаңа дәуірдегі сомдалуына, жаңа дәуірде қайталай ірге тасын қалауына үлкен септігін тигізді. Себебі ұзақ жыл саяси науқаннан кейін қайтадан есін жиған Қытай үкіметі 80-ші жылдан кейінгі реформасында барлық нәрсе қайтадан негіз қаланды. Сол кезде Жәкең қазақ халқының рухани мәдениеті, заттық мәдениеті сияқты барлық салаға араласты. Әсіресе осы кезде ол Шынжаңның саяси саханасында да үлкен тұлға болды. Себебі сол Шыңжанның жаңа саясатының қалыптасуына бірден-бір түрткі болған адам. Ол орталық Пекинге екі рет барып, Шыңжаңда ұзақ уақыт тұрған, саяси жағдайын өте жақсы білетін Уаң Мау дейтін басшыны сол кездегі мемлекет бастығы Дың Шяупиңнан (Дэн Сяопин) сұрап, қайта алып келді. Шыңжаң үшін ұзақ уақыт қызмет істеген Сәйпиден Әзез деген ұйғыр басшы болды. Оны саяси науқанда жазғырып жатқан кезде де ол кісіні де бір-ақ ауыз сөзбен Жанәбіл алып қалды. Бүкіл Шыңжаңның келешегі, орнықты дамуы үшін Жанәбіл Смағұлұлы үлкен саяси негізді осылай қалады. Осыдан кейін Жанәбілге Орталық Пекинде ерекше үміт артты. Шыңжаңдағы әр ұлт басшылары бүкіл тізгінді Жәкеңе берді. Өйткені Жәкеңдей ылғары басшы ол кезде жоқ еді. Сондықтан әр саланың тізгіні Жәкеңнің қолында болды. 

Ұлттық территориялық заңының әрбір тармағына сала отырып, мүмкіндікті пайдаланып, оқу-артуда, ақпарат, баспасөздің барлығына негіз қалады. Қазақ тілінде 6-7 баспа құрылды. Бастауыштан 11-сыныпқа дейін қазақ тілінде мектеп ашылды. Университеттерде арнаулы қазақ тілді мамандықтар ашылды. 

Бір мысал айтайын. Алғаш қызметке араласып жүрген кезімізде бір ақындар айтысының жиынында бұрын оқу-ағарту меңгермесін басқарған Мансұр Әбілұлы деген ағамыз бір әсерлі әңгіме айтты. «Мен басшы болып тұрған кезде Жәкең ақсақал ЖОО-ға оқушылар емтиханын тапсырып, нәтижесі шыққаннан кейін мені және менің қол астымдағы оқу-ағартуға қатысы бар кадрларды шақырып алып бірге зерттеу жасайды. Маманы кем салалардың тізімі Жәкеңнің алдында жатады. Соған қарап отырып озат оқыған балаларды сол мамандықтар бойынша бағыттайтын және олар оқуын бітіріп келгеннен кейін сол жұмысқа орналасуына дейін қадағайтын», - деді Мансұр ағамыз. Қазіргі біздің қоғамның ұтылып отырған жері де осы деп ойлаймын. Біз бұйрықты, түзімді, жақсы саясатты шығарамыз. Бірақ тиянақтандыра алмаймыз. Соңына жете алмаймыз. Бұл тұрғыдан алып айтқан кезде Жанәбіл Смағұлұлы мемлекет үшін, ұлт үшін қызмет істеудің үлкен қыбыланамасы, мектебі деуімізге әбден болады. 

***

Осылайша бір нар тұлға құлады өмірден. «Алтайдың бір биігі құлады, Тарбағатай таулары теңселді, Іле өзені лайланды, Боғда шыңын қара бұлт басты» деп қабырғасы сөгілген Қытайдағы қандастарымыз әлеуметтік желіде бір-біріне көңіл айтысып жаты. Иә, бір алып тау құлады. Енді арғы бетте ондай ұл туа ма, тумай ма, ол болашақтың еншісінде... 

Қытай Халық Республикасы Қытай Коммунистік партиясының мүшесі, Қытайдағы қандастар арасынан шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ халқының ардагер азаматы Жанәбіл Смағұлұлының өмірбаяны: 

1934 жылы сәуір айында Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Алтай Қаба ауданындағы Теректі ауылының Шыбаршілік қыстауында өмір есігін ашқан;

1950-1951 жылдары Қытай Коммунистік партиясы Алтай аймақтық комитетінің кадрлар мектебінен оқыды;

1952-1953 жылдары Қытай Коммунистік партиясы Шыңжаң бюросы жанындағы кадрлар мектебінен білім асырды;

1960-1965 жылы мамырға дейін Орталық Комитеттің жанындағы партия мектебінен шыңжаңдық кадрларға арналған теориялық семинарынан бес жарым жыл білім алды;

Жанәбіл Смағұлұлы Қытай Коммунистік партиясы оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші шақырымдағы Орталық Комитеттердің мүшелігіне сайланған. Бұндай ұзақ уақыт, бұндай биік мәртебелі орын бұдан бұрын болмаған;

Алғашқы қызметін туған ауылында бастаған ол 1954-1955 жылдары Қаба аудандық комсомол комитетінің қызметкері, Қытай Коммунистік партиясы Шіңгіл аудандық комитеті хатшысының орынбасары;

1965 жылы қыркүйек айынан бастап Алтай аймағында Социалистік тәлім-тәрбие жөніндегі жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары, Алтай аймағының Уәлиі, партком секретарының орынбасары, Бейжіңдегі Орталық Ұлттар баспасының жанынан құрылған Мао Цзэдун шығармаларын қазақ тілінде баспадан шығару жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі;

1971-1972 жылдары Қытай Коммунистік партиясы Бурылтоғай аудандық комитеті хатшысының орынбасары, аудандық төңкерістің төрағасы;

1972-1974 жылдары Қытай Коммунистік партиясы Алтай аймақтық комитеті хатшысының орынбасары, аймақтық төңкерістік комитеттің төрағасы;

1974-1978 жылдары Қытай Коммунистік партиясы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық райондық комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі, хатшысының орынбасары, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы төңкерістік комитетінің төрағасының орынбасары, Қытай Коммунистік партиясы Іле Қазақ автономиялық облыстық комитетінің бірінші хатшысы, облыстық төңкерістік комитеттің төрағасы;

1978-1985 жылдары Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы төрағасының орынбасары, Қытай Коммунистік партиясы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі, хатшысы, хатшысының орынбасары

1985 жылдан кейін Қытай коммунистік партиясы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық райондық комитеті хатшысының орынбасары;

 1993-2004 жылдары Қытайдағы халықтық саяси кеңес Шыңжаң Ұйғыр автономиялық комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Бұл орынға да бірінші болып тұңғыш рет Жәкең орналасты.