Ағарту – үлкен миссия
29.08.2024 373

Қазақ тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі – ағарту ісі. Жалпы халқымыз ұрпақ тәрбиесі, сапалы білім беру мәселесіне ежелден мән бергені белгілі. Әр дәуірде қолында мүмкіндігі бар азаматтар өз ауылынан арнайы мектеп ашып, оған ең мықты деген мұғалімдерді алдырып отырған. Мәселен, Алаш зиялыларының бірі – Міржақып Дулатұлы Семей өңіріндегі азаматтардың шақыртуы бойынша елге келіп, қазақ балаларының көзін ашады. Сол секілді белгілі ақын, талантты ұстаз Сұлтанмахмұт Торайғыр да Катонқарағай, Зайсан мен Тарбағатай өңіріне барып бала тәрбиелеп, ағартушылықпен айналысқаны белгілі. Осындай елге деген жанышырлық пен асқан қажыр-қайраттың арқасында қазақ даласында оқыған азаматтар саны көбейіп жатты.


Бұдан бөлек осындай зиялы азаматтар тек мектеп, гимназия, медресе ашып қана қоймай, қажетті оқулық, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырды. Мұғалімдерге жеткілікті көлемде жалақы төлеп отырды. Бұл 1905-1906 жылдардың шамасы болатын. 

Әдетте қазақ даласындағы оқу ағарту ісі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кеін қолға алынғаны айтады. Бірақ бұл бұған дейін қазақ даласы мүлдем хат танымады дегенді білдірмесе керек. Көптеген дерек көздері 1914-1915 оқу жылында бүкіл Қазақстанда 2011 мектеп болғанын айтады. 

Шын мәніндегі жаппай ағарту жұмыстары 1917 жылғы Қазақ революциясынан кейін басталып, екінші дүниежүзілік соғысы (1941-45 жж.) қарсаңында өз мәресіне жетті. Нақты уақыт есебімен атар болсақ, ширек ғасырға жуық уақытты қамтыды. Бірақ осы уақыт аралығында төңкерістен кейінгі ішкі-сыртқы саяси тартыстар, 1921 жылғы аштық, 1922-1923 жылдарғы шаруашылықтағы күйзеліс, 1931-1933 жылдары қайта айналып соққан аштық зұлматы, 1937-1938 жылдар жүргізілген саяси репрессиялар болғанын атап өту керек Әрине бұлардың барлығы да жаппай ағарту ісіне үлкен кедергі болды. Бірақ соған қарамастан айналасы 15 жылдың ішінде (ширеке ғасырдың он жылы қуғын-сүргін, аштықпен кетті) 3 млн-ға жуық адам жазу-сызу меңгеріп шықты. 

Расын айту керек, Қазақ даласындағы оқу-ағарту ісіне Ресей онша мүдделі болмады. Нақты айтар болсақ, түпкі мақсаты отарлау болған орталық Қазақ даласындағы мәдени-рухани дамуын қамтамасыз етуге еш ынталы емес еді. Басты мақсаты қазақ даласының байлығын ғана игеру ғана болды.

Осыған байланысты 19 ғасырдың басында Қазақ даласында көзі ашық зиялылар көп болғанымен жалпыға бірдей сауат ашу мүмкіндігі болмады. Оның үстіне отаршыл Ресей империясы халықты рухани мешеулікте, қараңғылықта ұстауға тырысқаны тағы белгілі. 

Белгілі зерттеуші Х.Б Табылдиевтің деректеріне сенсек, 1897 жылғы бүкіл россиялық халық санағыАқмола губерниясында 9 жастан асқандардың 14%-і, Семей губерниясында 8 %-і, Торғай облысында 6%-і Жетісу облысында 5%-і, Сырдария облысында 5%-і, ғана оқи-жаза білетіндер екенін көсеткен. 

«Түркі-татар тілдерінде сөйлейтін халықтардың әр мыңнан 96 еркек пен 50 әйел қара танитын дәрежеге көтеріліпті. Арада 10 жыл еткен соң Түркістан өлкесіндегі сауаттылық 0,4 процентке ғана артқаны анықталды. Егер ғасыр басындағы Россияда 89 губерния мен облыс болса, сауаттылык деңгейі жағынан осылардың арасында Жетісу облысы 86-шы орында, Орал облысы 76-шы орында, Ақмола облысы 75-ші орында тұрған еді», - деп көрсетілген зерттеушінің еңбектерінде. 

Амалсыз ұланғайыр алқапты алып жатқан даланы ағарту миссиясын Ахмет Байтұрсын, Құдайберген Жұбан, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауыт, Қошке Кемеңгер, Елдос Омар сияқты ұлт зиялылары өз мойындарына алды. Қазақ әліпбиін жасау, оқулықтар жазу, оны басып шығару,  қазақ тілін зерттеп қоғамға бейімдеу, ғылымның әр саласын дамыту сияқты келелі проблемаларды нақты іс жүзінде осы тұлғалар жүргізді. Осы істің денін арыстар жаппай қуғын-сүргін, айдауда жүріп жасады. 

Қазақ даласында кәсіби тұрғыда ағарту ісі Қазақ АССР-ы құрылған соң қолға алынды. Яғни 1917-1920 жылдары аралығындағы саяси оқиғалар (Алашорда үкіметінің құрылуы) Қазақ даласындағы ағарту ісіне  снақты айтар болсақ, сауатсыздықты жоюға үлкен серпін берді. Кейіннен Халық ағарту комиссары болып Ахмет Байтұрсынұлыының бекітілуі жаппай ағарту ісіне үлкен екпін әкелгендей болды. 

Аз уақыттың ішінде өлкеде 72 мыңнан астам адам хат танып шықты. 1914 жылмен салыстырғанда мектептер жүйесі 40, окушылар саны 36 пайызға ұлғайып, мұғалімдер қатары 3,4 мыңнан 4,8 мыңға өсті.

Белгілі зерттеуші Х.Б. Табылдиев өзінің зерттеу еңбектерінде Қазақ даласындағы ағарту жұмыстарын орталықтың шын мәнінде шектен тыс идеологияландырып жібергенін айтады. Ол аздай сол кезеңдегі қазақтың басынан өткен ауыр оқиғалар да үлкен кедергі болған. 

«1920 жылдың қысындағы жұт 1921 жылы ашаршылыққа ұласып, халық шаруашылығын тұралатып тастады. Бұл жылдары млн. адам аштықтан, әртүрлі эпидемиядан өлді немесе басқа республикаларға босып кетті. Сауатсыздыкты жою ісі маңдымады. Барлық губернияларда сауатсыздықты жоюға қабілетті мамандар жетіспей жатты. Бар деген оқытушылар, нұсқаушылар, әдістемешілер қиын материалдық жағдайға душар болды. Олар 3-4 ай бойы еңбек ақыларын, тиесілі азық-түліктерін ала алмайтын. Сауатсыздарға қағаз, қалам, кітап, қарындаш, т.б. жетіспейтін. Қажетті оқулықтар жетіспеді. Оқу орындарының жүйесі мейлінше тар, материалдық базасы төмен күйде қала берді. «Мектептерге отын табылмады. Оқығысы келген сауатсыздардың енді бір бөлігін әміршіл-әкімшіл жүйенің тиесілі мекемелері астық жинауға, оны бастыруға, темір жолдарды тазартуға, ат-арба айдауға міндеттеп, айлап-апталап соған жегіп қойды. Сауатсыздыққа байланысты қабылданған мемлекеттік қаулылар, олардағы талаптар орындала бермеді.

Сауатсыздықты жою науқанының қожырағанын байқаған сауатсыздар да бұрынғы ынта-жігерінен айырылайын деді. Олардың көпшілігі азды-көпті хат танып, әліппені үйренген соң, 3-4 айға созылатын оқудың артын күтпестен, өз шаруаларымен кетіп отырды. Мәселен, 1921 жылғы он ай ішінде өлке бойынша 2362 сауатсыздықты жою мектептерінде 72 мың адам хат танып жүрген еді. Осылардың 3 мыңы ғана саужай мектебін толығымен аяқтап шықты. 1922 жыл да айтарлықтай нәтижеге кол жеткізбеді, өлкеде бар болғаны 4,1 мың ғана адам хат танып шықты», – деп жазады белгілі зерттеуші Х.Б Табылдиев өзінің зерттеу еңбегінде.

Сондай-ақ ол сол кездегі ағарту ісіне азамат соғысы мен шет ел интервенциясы орасан зор қиыншылық әкелгенін айтады. «Қолдан қолға өткен қалалар мен ауылдарда, облыстар мен уездерде, болыстар мен станцияларда мектеп үйлері, кітапханалар, ауруханалар, кітаптар мен оқулықтар талан-таражға түсіп, оқу ісінің материалдық базасы әлсіреген үстіне әлсірей берді. Онсыз да аз мұғалімдер қатары сиреп кетті. Соғыс жылдарында жалғыз гана Петропавл уезінде 13 мың қазақ құрбан болса, Атбасар уезінде 55 мың адам шығын болыпты. Бүкіл республика бойынша 260 мыңнан астам шаруашылық күйреп қалған еді. Ымырасыздық тап күресі, әлеуметтік идеологиялық жіктелу ақтар жағынан да, қызылдар жағынан да ауыр қылмыстарды туғызды. Кеңес өкіметінің тәртібіне наразылар Семей облысы Арқат ауылының азаматы, мұғалім Сауық Кемелбайұлы, әйелі Күлекен екеуін киізге орап, мектебімен бірге өртеп жіберген. Осы өңірде кеңестік мұғалім Рамазан Әбішевті 1918 жылы кескілеп өлтірді», – деп көрсетілген зерттеушінің «Қазақстандағы сауатсыздықты жою тарихы: (1917-41 жж.)» атты еңбегінде. 

Сондай-ақ ол өзінің зерттеуінде орталықтың оқу-ағарту саласына бөлген қаржысы өте мардымсыз болғанына тоқталады:

«Ол қалаға, облысқа, губернияға, т.б. территориялық әкімшілік бөліктерге бөлінген қаржының 2-5 процентінен аспай жататын. 1907 жылы, мәселен, Қазалы уезіндегі оқу-ағарту ісіне 1,8 мың сом ақша бөлініпті, бұл уезд бюджетінің 6 проценті ғана болатын, ал есесіне полицияның қажетіне бөлінген қаржы 11,9 мың сом – бүкіл ақшаның 38 процентін құрады. 1915 жылы Түркістан өлкесінің бюджеті 25 млн. сом болса, оның 575 мыңы ғана, яғни 2,3 проценті оқу-ағарту ісіне арналыпты. Бөлінген қаржы жан басына шаққанда 13-26 тиыннан ғана келетін. Кейбір қалалар бойынша әр адамға 2 тиыннан ғана тиетін еді. 29 Жалпы Қазақстан бойынша білімге жұмсалған қаржы 1913 жылы бір адамға шаққанда 40 тиыннан аспаған...

20-30-шы жылдары болған аштық репрессиялардың, демографиялық апаттың, білім беру саласын шектен тыс идеологияландыру мен саясаттандырудың халықты жаппай сауаттандыруға тигізген зиянын айту мүлде мүмкін емес еді», – дейді зерттеуші. 

Жалғасы бар... 

Деректер Х.Б. Табылдиевтің «Қазақстандағы сауатсыздықты жою тарихы: (1917-41жж) авторефератынан алынды