Еділ қалмақтары мен қазақтар қатынасы
29.08.2024 2979

XVІІ ғасырдың басында Ойрат хандығының ішкі тартысынан қажыған торғауыт тайпасының нояны Қо өрлік 1607 жылы өзіне қарасты 50 мың отбасы, 250 мың қарашасын бастап, батысты бетке алып, атажұрты Тарбағатайдан көшті. Бұл көш қазіргі қазақ жері Арқаның жайылымға жайлы солтүстік өңірінде (Баянауыл, Ерейментау, Зеренді өңірі) 25 жылдай тұрақты отырып, 1636 жылы Еділге жетіп жығылады. Артынан бұл көштің ізімен ойраттың қошуыт бұтағының басшысы Ұбашы тайшы өзіне бағынышты 3000 түтінді бастап, көшіп келіп қосылды.


Осылай Тарбағатайды тастап Еділ бойына қоныстанған ойраттар бұдан былай әлем тарихында жаңадан «Қалмақ» деген атпен белгілі болды (Баабар. Нүүдэл суудал. Ұлан-батыр, 2006 ж. 99-б).

Осы «қалмақ» деген термин орыс барлаушысы, капитан Николай Рычковтың 1771 жылы жарық көрген «Жорық жазбаларында» алғаш рет жазылуымен тұңғыш рет ғылыми айналымға енді.

 Бұл атаудың этимологиясына зер салсақ, қазақша: «асып кетті», «арнадан асып жайылды», «асып төгілді» деген мағынаға ие. Яғни, Еділ бойына қоныстанған ойраттар бұрынғы атажұртынан «асып кетті» немесе «ауа көшті» деген сөздік ұғым кейін ұлыстың атауына айналды (Б.Базылхан. Моңғолша – Қазақша сөздік. Ұланбатыр-Өлгей. 1984 ж. 560-б).

Сол сияқты, атақты «Брокгауз-Ефрон» энциклопедиясында әйгілі шығыстанушы Алексей Позднеев, қалмақ – ауып келген, ауа көшкен, асып-төгілген... сияқты ұғымды білдіретін моңғол сөзі. Негізінен бұлар моңғолдың батыс бөлігінен шыққан халық. Олар өз ішінде: торғауыт, қошуыт, дөрбет, цорос деп төртке бөлінеді. ХVІІ ғасырда олар солтүстікке қарай қозғалып, 1630 жылы Еділге келіп тірелді (Калмыки// «Брокгауз-Ефрон» т-27. СПб. 1895. С-57).

Еділ бойына қоныстанған қалмақтар Аюке ханның (1670-1724) тұсында 1655 жылы Ресей билеушісі І Петр патшамен шарттасып, патшалықтың түстік шекарасын Капқаз халықтары мен Түрік елінің шабуылынан  қорғауды міндеттеп алды. Ежелден жауынгер қалмақтар мойнына алған міндетін ойдағыдай атқарды. Атап айтқанда:

1681 жылы Башқұртияға шабуыл жасап, оларды орыстың қол астына қуып кіргізді;

1709 жылы шведтерге қарсы Полтава шайқасында орыстың сойылын соқты;

1710 жылы түріктерге қарсы майданға қатысты;

1728 жылы Персия жорығына атсалысты;

1786 жылы орыс солдаттарымен бірге Қапказды ойрандап, Қырым хандығының соңғы демін тауысты;

1814 жылы орыс-француз майданы өткен атақты Бородина шайқасында қалмақтар асқан ерлігімен көзге түсті. 

Француз патшасы Наполеон Бонапарт Ресей патшасы І Александрға жазған хатында: «Сіз бен біздің майдан адамзат тарихында өзінің көркем талғамын сақтап, әскери өнердің ерекше үлгісі ретінде есте қалуға тиіс еді. Бірақ сіздің армия сапында пайда болған жабайылар (қалмақ жасағын айтады) біздің мәнді-мағыналы соғыс өнерін көрсетуімізге мүмкіндік берер емес. Бұндай жабайыларды айдап салып, ұлы Русь армиясы олардың артына тығылып қалуы жараспайтын қылық. Мен бұндай жабайылармен емес, өзімізге сай орыс солдаттарымен соғысуды қалаймын» деуіне негіз болған дүние – осы бір жауынгер тайпаның әрекеті болатын. 

Ресей отарлаушылары осы күштік құрылымды өз ісіне пайдалануды көздеп, әуел баста Тарбағатайға құпия елші аттандырып, жауынгер ойрат тайпаларын Еділ бойына қоныстандыруды жоспарлаған. Өйтпегенде, шығыста өмір сүрген бұл моңғол текті этностың батыста ешқандай тумасы немесе діндес ағайындары болған емес.

 Сондықтан отарлаушылар буддизм дінін ұстанатын бұл жұртты ежелгі Алтын Орданың жұрнағы Еділ бойындағы мұсылмандарға қарсы қойып, олардың басын біріктірмеу үшін дәл ортасына қаққан сынадай Қалмақ хандығын орнатты. 

Сөйтіп Еділ бойына қоныстанған қалмақтар төңірегін қоршаған түркі тектес, мұсылман жұртымен жаулық жолын ұстанды. Ноғайларды өз жұртында тоздырды, башқұрттарды ежелгі қонысынан ығыстырды. Дағыстан мен Қабардыны шапты, Ресей патшасының айтақтауымен Қырым хандығына, Оспан империясына қарсы соғыстарға қатысты. Сөйтіп жыртқыш қалмақтар орыстардың жазалаушы отряды міндетін атқарды.

Қысқасы, орыстар отарлаушы күштік құрылым ретінде Қазақ даласына орыс-казак жасағын пайдаланса, Шығыс Еуропа түркілері үшін қалмақтарды пайдаланды. Қалмақтар барлық уақытта Ресейдің жазалаушы отряды қызметін атқарды. 

Осылайша XVII ғасырдың ортасында Қазақ Ордасының тылында тағы бір Қалмақ хандығы құрылды. Қалмақ хандығының шығыстағы көршісі –  Қазақ Ордасымен қарым-қатынасы барған сайын күрделене түсті. 

Сенат 1723 жылы 28 қыркүйекте Еділ қалмақтарын қазақтарға қарсы айдап салу жайында шешім қабылдап, Неплюев пен Татищевке былай деп тапсырма берген: «...егер қырғыз-қайсақтар қалың қолмен қалмақтар ұлысына келер болса, қалмақтар мен Астрахань мен Царицын белдеуіндегі тұрақты және тұрақты емес Жайық орыс-казактарының жасақтарын біріктіре отырып, оларға қатты шабуылдап соққы беру керек. Сондай аяусыз соққымен олардың Еділге келетін жолын жабу қажет.., – дей отырып, қалмақтардың қазақтарға күші жетпесе, қаруланған екі мың орыс-казак әскерін қосып беру жөнінде де нақты айтылған (Қадыржан Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. – Алматы, «Қазақстан». 1994 ж. 44-45).

Патшалық үкіметтің бағдарламалық құжаттарының бірінде: «Егер қалмақтар бізге қандай да бір қарсылық көрсететін болса, оларға қазақтарды айдап салу қажет, керісінше қазақтар жағымсыз қатынас байқатса,  ол жерге қалмақтар мен башқұрттарды бағыттаған дұрыс. Қалмақ, башқұрт және қазақтарды тек осылай, өзара қастықта ұстау керек», – делінген (Көшпенділердің ұлы шайқастары. Құрастырушылар: А. Ғалиев, Е. Жайнақов, А. Жұмаханов. – Алматы. Аруана, 2014. 180-б.).

Шаңды жорықтың басталуы

1761 жылы Ресей құрамындағы Қалмақ ұлысының басқару жүйесіндегі хандық билік Ресей тарапынан жойылды. Олардың жеріне қарашекпенділерді көптеп қоныстандыру басталды. Шоқындыру етек алды. Дәл осы шамада шығыстағы Ойрат хандығы қытайдың Мәнжу-Цинь империясының күшті шабуылына ұшырап, түгелге жуық қырылды да, шығыстағы атажұрты иен-тегін босап қалды. 

Елдің тізгінін ұстаған Серен тайшы елін бастап, байырғы атамекеніне қайта оралу жөнінде халқына үгіт жүргізеді. Сөйтіп, күллі қалмақ түп қопарылып Жоңғария жұртына көшуге бел байлайды. Бұл 1770 жыл болатын. 

Осылай Еділ бойында 143 жыл өмірін өткізген қалмақтар 1771 жылы Ұбаш ханның бастауымен ежелгі жеріне көшуге дайындық барысында, орыс ұлықтары күдіктенбес үшін: «біз қыстың аяғында қазақтарға қарсы аса қуатты шабуыл бастаймыз, оларды патшаға толық бағындырып береміз, сол үшін қыстай дайындық жасаймыз»,- деп алдайды. 

Көш қаңтар айының басына жоспарланады. Қалмақтардың басым көпшілігі торғауыттар Еділдің сол жағасы шығыс бетіне қоныстанса, дөрбет пен қошуыттар Еділдің батыс жағалауында болатын. Алайда, күллі қалмақ түп қопарылатын 5 қаңтар күні қатты аяздың салдарынан Еділдің мұзы қақ айырылып, сол қабақтағы 11 198 шаңырақ дариядан өте алмай, Ресей шебінде мәңгілікке қалып қойды. 

Ал, қаңтарда қопарылып шығысты бетке алып жолға шыққан көштің нақ саны – 30 909 шаңырақ, шамамен 180-200 мың адам. Көшті қорғауға тиіс қарулы қолдың өзі – 40 мың. Бұл салқар көш қалайда Қазақияны басып өтуге тиіс, басқа жол жоқ. Патша бұларды қайтарып келуге Жайық орыс-казак жасағын жұмсайды. Олар қалмақтармен шайқасудан бірден бас тартады. Ал, генерал Траубенберг басқарған үкімет әскерлері, ауыр қару-жарағын сүйретіп жолға шыққанымен, көшке жете алмай, арып-шаршап орта жолдан кері қайтады. Осы әскер сапында болған орыс саяхатшысы капитан Николай Рычковтың күнделік жазбасы академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақ қандай халық» атты кітабының 216-261 беттерінде Р. Шәймерденовтың аудармасымен берілген. 

Өз әскерлерінен қайыр болмаған соң, Ресей үкіметі көшіп бара жатқан қарақұрым қалмақты «тонаңдар, қырып-жойыңдар» деп қазақтың хан-сұлтандарына тапсырады. Онсыз да жолындағы қазақ ауылдарын басып-жаншып, шығысты бетке алған қалмақ көшін тонап-талауға қазақтар да кетәрі емес еді. Өйткені атақты «Ақтабан шұбырындының» жарасы әлі жазыла қоймаған заман. 

Әуелі қалмақты шабуға Кіші жүз билеушісі Нұралы әскер жинап аттанды. Ырғызды кесіп өтіп, шығысқа тартқан қалмақ көші барған сайын қазақтардың соққысына жиі ұшырады. Қаншама қалмақ отбасылары көшке ілесе алмай аңдыған қазақтардың қолына тірідей түседі. Қалмақтар да беріспей алға жылжумен болды. Маусым айында қалмақ көшінің алды Балқашқа барып тіреледі. Дәл осы жерде Абылай бастаған, Нұралы, Әділ, Орыс сұлтандар қостаған қазақтың 50 мың сарбазы қалмақтарды қоршайды. 

Қалмақтар Абылайдан «жансауға» сұрайды, аса қомақты сый-сияпат ұсынады. Тарихшылар пікіріне жүгінсек, Абылай арнайы хан кеңесін шақырған, пікір екіге жарылған: «Біріншісі, көшкен елге тиіспейік, өз жолымен жүре берсін», – десе, екінші пікір: «Көнсе, бұқара қылып қосып алу, көнбесе қыру керек», – деген шешімде болды. 

Ал, Абылай саясаты қалмаққа тиіспеу болған дейді. Кейбір тарихшылар бұл істе хан дүниеге қызығып, осылай шешімге келді десе, жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин: «Жоңғарды жұтып, шығыстан зорайып келе жатқан Мәнжу-Цин айдаһармен қазақ шебін бетпе-бет қалдырмай, екі ортаға мына көшкен қалмақты қоныстандырып, қытай қаупін алыстату болды», – дейді. 

Алайда қазақ кеңесі бір шешімге келе алмай, өзара ырғасып жатқанда, манағы бітім сұраған қалмақтар өздері қарсы шабуылға шығады. Сөйтіп, бітім жайында қалып қазақ-қалмақ қырқысы басталады. Қазақтар әуелі Балқаштың жағасын иеленіп алып, қалмақтардың таңдайына су тигізбеді. Ұзақ жолдан қалжыраған қалмақ көші ыдырап, тоз-тозы шықты. Көбі қазақтардың қолына түсті. 

1773 жылғы 26 қаңтарда қазақ тұтқынына түскен Дерегар деген Еділ қалмағы мынадай мағлұмат қалдырған: «...Балқаш көліне жеткенімізде атымыздың аяғы сынып, қазақтардың қолына түстік. Мені сибан керей болысының қазағы Қожаназар Сәттібай иеленді. Жағдайым жаман болды. Қожаназар менен әйелін қызғанып, ұрып-соқты, қорлық көрсетті. Содан соң, еріксіз қашып шығып, орыс бекінісіне келдім. Мен бұрын Ресейдің азаматы болғанмын...»

1773 жылғы 26 ақпан. Қазақ тұтқынынан қашқан Еділ қалмағы Даразы Шарытовтың айтқандарынан: «1771 жылы мамыр айында… Балқаш көліне жеткенімізде қазақтардың қолына түстік. Мені керей болысының қазағы Сегізбай алып кетті» (Көшпенділердің ұлы шайқастары. Құрастырушылар: А. Ғалиев, Е. Жайнақов, А. Жұмаханов. – Алматы. Аруана, 2014. 183-б).

Осы тұста Абылай сұлтанға Қытай патшасы елші жіберіп, қолындағы қалмақтарды босатып, қытай жағына беруді сұрапты. Оған Абылай сұлтан: «Менің қолымда біраз Еділ қалмақтары бар екені рас. Олардың көбі кәрі, ауру, бала-шаға, әл-қуатсыз адамдар. Басқаларын қазақтар бөліп-бөліп алып кеткен. Және де бұрынғы кезде қалмақтар қазақтарға көп жаулық көрсетіп, қазақтарды қырған, талап-тонаған. Сондықтан қазақтар бұл қалмақтарды оңайлықпен бермейді», – деп жауап беріпті (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты 1-қор, 1-тізбе, 184-іс, 235-пар).

Қысқасы, Еділден көшкен 200 мың қалмақтан атажұрты Тарбағатайға 15-20 мың адам ғана тірі жетті. Тарихта қалмақ көшкен «Шаңды жорық» аталып кеткен ұзын-сонар қақтығыста арғын Жанатай, Олжабай батырлар қаза тапса, қалмақты шекара асырып тастап қайтқан жолда атақты уақ Баян батыр дүние салды.