Кенесары хан және Тәуелсіздік
22.09.2021 3206

Биыл Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Осы қасиетті азаттық жолында хан-сұлтандардан бастап, батыр бабаларымыз бен Алаш арыстарына дейінгі мыңдаған азамат жан-алысып, жан берісіп, құрбан болды. Міне сондай бір айтулы тұлғаларымыздың бірі һәм бірегейі Кенесары хан болатын. Азаттық үшін арпалыста Хан Кененің патшалы Ресейге қарсы күресі, бұған дейін айтылып келгендей ұлт азаттық көтерілісі ғана емес, сонымен қатар қазақ-орыс соғысы еді. Өкінішке қарай жылдар бойы қалыптасқан ұғымды өзгертіп, тарихқа жаңаша баға беруде әлі де болса «әттеген-айымыз» көп.


Кенесары хан туралы көлемді еңбек жазған азамат туралы айтқанда ең бірінші еске Ермұхан Бекмаханов түседі. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған шақта Хан Кене туралы ғылыми еңбек жазу – өз өміріңді бәйгеге тігу болатын. Бірақ Ермұхан Бекмаханұлының тапсырмасы бойынша Елтоқ Ділмұхамедов «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Өкінішке қарай кейін аталған диссертацияның қорғалғаны жоққа шығарылып, оның даналары барлық қоймалардан алынып тасталды. Алайда ғажайыптың күшімен Ділмұхамедовтер әулетінде құнды еңбектің бір данасы сақталып қалған екен. Міне осы кітапты Болатхан Тайжан қоры 2012 жылы шығарып, сауатты іс жасаған екен. Біз аталған еңбекте жазылған деректерге шолу жасап, өз пайымымызды ортаға салсақ дейміз.

Аталған еңбектің алғысөзінде Мұхтар Тайжан «1986 жылдың дәл осы күні қазақтар көп жылдардан бері алғаш рет өз ұлттық қадір-қасиетін қорғап, алаңға шықты.  Бірақ, осы оқиғадан тура 40 жыл бұрын, 1946 жылдың 17 желтоқсан күні Ташкент қаласында «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация табысты қорғалған еді», –  деп жазған екен. 

Желтоқсан қасіретті һәм қасиетті ай

Ең маңызды қадамның бір айда, тіпті бір күнде жасалғаны кездейсоқтық па, жоқ әлде мұның бір тылсым күші бар ма? Мәселен желтоқсан қазақ халқы үшін қасіретті де, қасиетті ай. Қасыретті дейтіміз осы айда Желтоқсан ұлт азаттық және Жаңаөзен көтерілісі болды. Сондай-ақ тап осы желтоқсанда Қазақ елі өзінің Тәуелсіздігін жариялап, әлем картасынан ойып орын алғаны көпшілікке белгілі. Тізбелей берсек, Желтоқсан айында болған қызықты оқиғалар жетерлік. Мысалы түркі халықтарының бірлігі үшін күрескен Мұстафа Шоқай 1890 жылдың 25 желтоқсан күні дүниеге келіп, тап осы айда (27 желтоқсан, 1941 жыл) көз жұмды.


Тағы бір қызық жағдай, Кенесары хан өмірден өткен 1847 жылдан Әлихан Бөкейхан 1917 жылы құрған Алаш Орда үкіметі арасында тұп-тура 70 жыл бар екен. Сондай-ақ Алашорда үкіметі құлаған 1920 жылдан 1991 жылдың арасы 69-70 жыл болады. Кеңес үкіметінің шаңырағы 1990 жылдан бастап шайқала бастағанын ескерсек, Кенесары хан мен Алашорда және Тәуелсіз Қазақ елінің азаттыққа ұмтылғанының арасында 70 жылдық кезең шығады. Бұл өз алдына зертеуді қажет ететін тақырып.

Елтоқ жазған ерекше кітап

Елтоқ Ділмұхамедовтың «Қазақтардың Кенесары Қасымовтың басшылығымен 1837-1847 жылдары болған көтерілісі» атты кітапта Хан Кененің күресіне қатысты құнды деректер жиі кездеседі. Аталған кітаптағы орыс генерал-губерторлары мен әскери қызметкер және өзге де тарихшылардың деректері 1837-1847 жылғы кезең көтерістен гөрі қазақ-орыс соғысына көбірек ұқсайды. Мәселен Орынбор әскери генерал-губернаторы Перовский 1839 жылдың 9 қаңтар күні әскери министрге «Мен жақын арада Кенесарыны жақтайтындардың жақсы дайындыққа кірісіп жатқандары туралы мәліметтер алдым: оған қазірдің өзінде орынборлық қайсақтардың ішіндегі аты шыққан «жыртқыш» Жоламан барып қосылған және олар қосылып алып, 8000 адамдай жинап, көктем келе орданың Шығыс бөлігіндегі сұлтан-басқарманың ауылына шабуыл жасауға кіріспекші...», – деп жазады. 

Перовский жыртқыш деп есептеген Жоламан батыр Кенесарыға қосылып «сұлтан-басқарманың ауылына шабуыл жасауға кіріспекші...» болса, оны қалайша жай ғана көтеріліс деп бағалауға болады? Бұл қазақ-орыс соғысы емес  пе? Сондай-ақ К.К.Абаза «10 мың атты әскердің басшысы бола отырып,  ол күніге бірнеше рет тұрған жерін ауыстырып: жатуға қонған жерінен аяқ астынан түннің ортасында көшіп, 10 шақырымдай алдыға немесе артқа кетіп қалатын. Біздің ең сенімді деген тыңшыларымыздың өздері Кенесарының қайда түнеп жатқандығын білмей қойды», – деп Хан Кененің қырағылығына назар аударады.


Абазаның жазуынан байқағанымыз Кенесары хан жайбырқат жатпай, аса қырағы болып отырған. Бұл соғыс жағдайында аса қажетті сақтықтың бірі болып саналады. Егер бейқам жатса, Кенесары ханның жорығы 1837 жылдан 1847 жылға дейін созылмай, ерте аяқталатын еді. Бір сөзбен айтқанда Хан Кене соғыс өнерін жоғары деңгейде меңгеріп, қарсыластарын қан қақсатып отырған. 

Біздің бұл сөзімізге Красовскийдің «Өзінің атасына ақылы жағанына жол беріп, бірақ өзінің әкесі Қасымды өжеттілігімен басып озып, Кенесары барлық Сібір даласына 1836 жылдан танымал бола бастады», – деген сөзі толық дәлел болады. Красовскийдің «Өзінің атасына» деп отырғаны Абылайхан екені көпшілікке белгілі болса керек. Хан Абылай Патшалы Ресей мен Қытайдың арасында тепе-теңдікті сақтап, сәтті дипломатиялық саясат жүргізгені белгілі. 

Кенесары ханның дипломатиялық қыры

Бірақ та Красовскийдің бұл пайымымен күрес тарихын зерттеуші А.Ф. Рязанов келіспейді. Ол Кенесары ханның дипломатиялық жеңісі туралы «...жақын арада болған оқиға бізге Кенесарының үкімет алдында бас иуге деген ойының да болмағанын және мойынұсынамын деген уәде өзінің ойларын жүзеге асыру үшін жаңа күресті бастауға апаратын бұлаң дипломатиялық әрекет болғандығын көрсетіп берді», – деп жазады. 
Рязановтың дипломатиялық жеңіс деп отырғаны Кенесары ханның Ресейге бағынған сыңай танытып, әкесі мен ағасын өлтірген Ташкент бегінен кек алу болатын. Сол үшін де Хан Кене:

«...Мен Кенесары Қасымов, Сібірде ешқандай әділдік таба алмай, сібір линиясында қаруландым, ал орынбор линиясына өзіме ұлы государь тарапынан қамқорлық, ықылас, пана іздеуге келіп және орынборлық басшыларға менің барлық көрген құқайларым туралы айтқым келді», – деп Патшалы Ресейді тынышталдырып қояды. 

Ханның бұл хабарламасына генерал-губернатор Перовский сеніп, патшаға Кенесарыға сену керек деп дәледейді. Бірақ Елтоқ Ділмұхамедов мұның уақыт ұттырып, күшейіп алу екенін жазған. 


«Осы жағдайдан кейін Кенесары еріксізден бұрынғы шабуыл жасау тактикасын өзгертуге мәжбүр болды, өйткені екі жауға қарсы шешуші күрес жүргізу мүмкін емес деп есептеді. Сондықтан да Хиуа хандығынан айтарлықтай қолдау болатынын көрмеген ол Перовскийге бейбіт қана көшіп жүруге уәде беруге, оларды жау көруді доғарып, патшалықпен бейбіт келісімге келуге келісетінін көрсетуге тырысты. Сонымен қатар Кенесары әскери старшина Лебедовке бейбіт келісімге келу туралы  хат та жазып жіберді. Генерал Перовский және Лебедов Кенесарының шын жүректен айтып отырғанына сенді. Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин оларды Кенесарының сөзіне сенбеңдер деп бақты, ол Кенесарының бұл әрекетінен уақытты ұтуға тырсып отырған қулығын көріп, өз күштерін қайта жинап алған соң әскерлерінің санын арттырып, тағы да соғысты бастайды деп құлақтарына құюмен болды. Батыс Сібір генерал губернаторы да Перовскийге жазған хаттарында  Кенесарының сөздеріне сенбеуді, өйткені ол өзін тым қатыгез етіп көрсеткен деген кеңес береді», – деп жазады тарихшы.  

Осы тұжырымға қарап отырып Патшалы Ресейдің Кенесары ханға сенбей, қарсыласа беруден де сақтанғанын байқауға болады. Оның үстіне орыс отаршылдары өзге хан-сұлтанды паралап алғаны секілді Кенесары Қасымұлын да сатып аламыз деп ойласа керек. Алайда Қазақтың соңғы ханы өзгелер секілді шен-шекпен мен ақшаға сатылмай, ұлт тәуелсіздігін бірінші орынға қойған болатын.

Ұзын сөздің қысқасы әскери министр князь Чернышевтың Кенесарыны кешіру туралы тапсырмасына байланысты екі губернаторда ханның барлық туған-туыстарын босатып жібереді. Тарихшы осы жағдайдан кейін қазақтар мен ортаазия хандықтарының арасында Кенесары Қасымұлының беделі мен ықпалы күшейе  түскенін жазады. Нақтырақ айтсақ, Хиуа және Бұқар хандығымен одақтаса отырып, олардан патшалы Ресей мен Қоқан хандығына қарсы күресу үшін қару-жарақ алады.

«...Кенесары, өзінің әкесін опасыздықпен өлтірген ташкенттік бектен кегін алуды ойластырып Бұқар әмірімен одақтасты, Қоқанға соғыс жариялап, әскери әрекетін Созақ пен Ташкентті бір мезгілде қоршауға алудан бастайды».

Сұлтан-правитель Ахмет Жантөрин мен Батыс Сібір генерал губернаторы айтқандай Кенесары Қоқан хандығынан кек алғаннан кейін 1840 жылдың екінші жартысында патшалы Ресейге қарсы шабуылды бастайды.

Бұл туралы  А.Г.Серебренников «Түркістан өлкесін жаулап алу тарихы материалдарының жинағында» «Көктем келісімен ол  (Кенесары-Д.Е.) 500 адамнан тұратын қарулы жасақтарды жинап алып, өзінің немере інісі Әлжан Саржановқа басқартып, оларды патшалыққа бодан болыстардан жылқы барымталап және біздің жасақтарды бақылап қайтуға жіберді», –  деп жазады. 

Елтоқ Ділмұхамедов өз еңбегінде Кенесары ханның бес бірдей дипломатиялық жетістікке қол жеткізгенін жазады.

1) Көтерілісшілерге қарсы қазақ даласына сібір және орынбор корпусынан жазалушы әскерлерінің жіберілмеуіне.

2) Туысқандары: Ғабдулла Уәлихановты, Қанжан Көшековты, немере інісі Нұрханды және қазақ Бейсенбай Дөненбаевты қамаудан және айдаудан босатып алды.

3) Үзілісті сыртқы қанаушыларға қарсы шабуыл жасайтын соғыс үшін әскери күшін жинақтауға пайдаланды.

4) Өзінің жауларының арасында  қарама-қарсылық туғыза алды – (екі генерал-губернаторлар – Перовский мен Горчаковтың арасында болған ұзаққа созылған таластар мен айтқыстар).

5) Өзінің беделін арттырды, қазақ халқы мен көрші ортаазиялық хандықтарға ықпалын күшейтті. 

Елтоқ Ділмұхамедовтың пайымдауынша, осы табыстардың арқасында Кенесары 1842 жылы хандық атаққа сайланып алуға моральлдік алғышарттар жасаған. Бір сөзбен айтқанда ол Абылай ханнан кейін әлсіреп кеткен Қазақ хандығының керегесін кеңейтуге күш салды.

Кеңес көсемдерін мақтап, Кенесарыны көтерді

Тарихшының Кеңес үкіметінің қаһарынан қорықпай, Кенесары ханды Тәуелсіздік үшін күресті деп жазуы таңғалдырады. Себебі мұндай ойды ғылыми еңбекте жазбақ тұрмақ, ауызекі тілде айтудың өзі қауіпті болатын. 

«Абылай ханнан бастау алып Кенесары Қасымұлына дейін жалғасқан, тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық дәстүрлер Қазақстанның оңтүстігінде Кеенсары қозғалысының бұрынғы қатысушылары – Жанқожа Нұрмұхамедов пен Бұқарбай батыр басқарған, ал шығыста Саурық пен Сұраншы батырлар бастаған жаңа ұлт-азаттық қозғалыс толқынына күшті түрткі болды (1850-1870 жылдар), – деп жазады тарихшы.


Әрине 1947  жылы «Кенесары ханның басты мақсаты Тәуелсіздік болды» деп әрі Патшалы Ресейді айыптап диссертация жазу – ақылға сыймайтын нәрсе болатын. Алайда тарихшы «Марксизм-ленинизм халықтардың еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресіне үлкен мән беріп келеді» деп Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин мен Калинин секілді Кеңес иделогиясының көсемдері мен саясаткердің сөзін алға тартып, сүбелі еңбек қалдырды. 

Мәселен тарихшы «Бұқара көпшіліктің шын күресі, – дейді В.И.Ленин, – өзіндік саяси оның ішінде сол бұқараға халықтың революциялық күресінен ешқашан тысқары болуы мүмкін емес», «Орыс мемлекеті, – деп жазды Энгельс, – «Қара теңіз бен Каспий теңізі үшін және Орталық Азия үшін мәдениеттендіруші болды» деген ойды цитата ретінде пайдаланады. Сондай-ақ ол 1932 жылғы аштық пен 1937-1938 жылғы қанды қырғынды ұйымдастырған Сталиннің сөзінен мысал келтіріп, жазуға мәжбүр болады. Нақтырақ айтсам, ол «Сталин жолдас партияның Х съезіндегі баяндамасында көптеген мал бағушы халықтардың, оның ішінде қазақтардың артта қалушылығын атап көрсетті», – деп пайымдайды.

Бір сөзбен айтқанда Кеңес үкіметінің «көсемдерінің» сөзін пайдалана отырып Кенесары ханның күресі туралы құнды кітап жазу ерлікпен тең жүрекжұтқандық болатын. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» деген ұстанымды Ермұхан Бекмаханов өз шәкірті Елтоқ Ділмұрадовқа жақсылап түсіндірсе керек. Қос тарихшы Кеңес үкіметінің көсемдерін мақтап отырып, Кенесары ханды көтеріп кетті.