Замана зұлматы. Қуғын-сүргін көрген қазақ жастары
31.05.2021 1757
1917 жылы қазан революциясынан кейін билікке келген большевиктер ұлттық мәселеге аса сақтықпен қарады. Ұлттың мүддесін көтеріп, оның тапталуына жол бермеуді ойлаған зиялы қауым өкілдерінің әрекеттеріне бірден тоқтау салынып отырды. Большевиктер ұлт қайраткерлерінің интернационалдық бауырмалдық ұғымына сай болуы үшін мүмкін болған шаралардың барлығын жүзеге асыруға тырысты. Әрине бұл шаралардың аса кең тараған түрі ол қудалау саясаты болды. 

Осы ретте қудалау саясаты толысқан ұлт қайраткерлері, қарапайым азаматтармен қатар, білім қуып ел асқан жастарды да қамтыды. жоғары білім алуға талпынған жастарға тағылған айыптар өзінің әртүрлілігімен ерекшеленеді. Кең тараған түрлерінің қатарында олардың әлеуметтік шығу тегіне байланыстылығы болған еді. Кәмпескеленген отбасының мүшесі болса, сөзсіз қудалауға ұшырап отырды. Бұл туралы Орталық мемлекеттік архив қорларында мәліметтер көптеп сақталған. 

Мысалы 81 қор 4 тізімдеме, 14-істің 7 парағында Тимирязев ауыл шаруашылық академиясында оқитын А.И. Жандеркиннің арызы сақталған. Арыздың мәтінінде, жас студент тәркілеуге ұшыраған әкесінің жағдайын айта келе, өзін оқудан шығармауын өтінеді. Сондай-ақ, өзін барынша әкесінен бөлек өмір сүретіндігін жеткізіп, өмірлік ұстанымдары жағынан да сай келмейтіндей етіп көрсетуге тырысады. Қудалауға ұшырап отырған студент-жастар арасында тіпті өз әкесінен бас тартып, кеңестік идеологияға шын берілгендігі туралы ант су ішкендері де жетерлік екендігі байқалады.

Сонымен қатар ұлт мүддесі үшін қызмет жасаған қайраткерлердің өзін қудалап, тәркілеп қана қоймай, олардың ұрпақтарын да қуадалау жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып отырған. Мысалы 1905 жылы басталған бірінші орыс революциясынан кейін Мемлекеттік Дума өз жұмысын бастағаны белгілі. Сол Думаның бірінші шақырылымының депутаты болған Алпысбай Қалменов еді. Орталық мемлекеттік архивтің 135 қорының 1 тізімдемесі, 9 ісінде Ақтөбе округы бойынша тәркілеу ісінің жетекшісінің мәлімдемесі сақталған. Аталған мәлімдемеде Алпысбай Қалменовтың Алматы қаласында оқитын ұлы Мырзаш Қалменовты дереу оқудан шығару туралы мәлімет сақталған. Аталған мәлімдемеде Алпысбай Қалменовтың өзге де балаларының оқып жатқандығы туралы мәліметтер берілген.

Дінді апиын деп таныған қызылдардың билікке келуі өз кезегінде молдалар мен олардың балаларын да қуғындау ісіне негіз болған еді. Оның бір дәлелі ретінде сол Орталық мемлекеттік архивтің 81 қорындағы 4 тізімдемесінің 14 ісінде Сырдария округіне қарасты Созақ ауданындағы Тілеу датқаның ұлы Кеңесбай молданың Смет деген ұлы Ленинградқа оқуға жіберілгендігі туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Молданың баласын оқудан қайтарып, оның орнына кедей, жалшылардың бірінің баласын жіберу туралы ұсыныс та айтылған. Алайда сол істе Смет Кеңесбайұлының да арызымен таныса келе, бұл тағылған айыптың жала екендігіне көз жеткізуге болады.

«Еңбекші қазақ» газетінің 1929 жылдың қаңтар айының 3 жұлдызында шыққан №2 санынада шыққан мақалада «Мәнсұр» деген автор қудалануы тиіс бірқатар байлар, молдалардың балаларының тізімін ерекше жек көрушілікпен көрсетеді. Автор берген тізімнің ішінен Алаш қайраткерлерімен байланысы бар деп тапқан адамдардың да балалары аталған. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхановтың туысы Р. Бөкейханұлын да кездестіруге болады. Аты аталған тізімдегілердің дені Ташкенттегі жоғары оқу орнымен қатар, Тимирязев ауыл шаруашылығы академиясының студенттері болып табылады. Сонымен қатар 1929 жылдың маусым айында Ағарту халық комиссарының орынбасары Ф. Оликовқа жолданған құпия хатта Мәскеуде оқып жатқан Бөкейханов Баязитті оқудан шығару туралы тапсырма келіп, ол бірден жүзеге асырылған.

Архив құжаттарымен таныса келе, көптеген студенттердің жазықсыз қудаланғандығын байқаймыз. Рас тәркілеу барысында шолақ белсенділер тек байлар ғана емес, сондай-ақ орта шаруалармен қатар, тіпті кедейлердің өздерін тәркілеуге ұшыратқан. Осылайша әкелері тәркілеуге ұшыраған студенттер де оқудан шығарыла бастайды. Алайда олардың түсініктемелерімен таныса келе, әкелерінің кедей әрі өмірі жалшы болғандығын байқауға болады. Демек көп айыптар жалаға негізделді деп айта аламыз.

Сонымен қатар оқып, білім алу барысындағы қазақ студенттері арасында олардың саяси көзқарастары да терең сарапталып, билік тарапынан саяси ұстанымдардың ауытқуына жол бермеу әрекеттері орын алып отырған. Мысалы Ташкентте оқитын қазақ студенттері арасында «сәдуақасовщина» деген айып түріне сай келетіндерін анықтау жұмыстары жүргізілген. Смағұл Сәдуақасов Халық комиссары болған ірі мемлекет қайраткері еді. Ф.Голощекиннің ашық қарсыласына айналып, ұлт мүддесінің тапталуына жол бермеуге тырысқан болатын. Алайда бұл әрекеті теріс бағаға ие болып, «сәдуақасовщина» деп аталған ұлтшылдыққа айыптау пайда болды. Міне Ташкентте оқитын қазақ студенттері арасынан ұлтшылдық сипатта айыпталып, қазақ және орыс студенттері арасына жік түсіруге тырысушылар анықтала басталды. Әрине бұл жалған айып екендігі барлығына белгілі. Дегемен Ағарту халық комиссарының орынбасары болған Ф.Т. Оликов қазақ студенттерінің толық тізімін сұратып, олардың арасында сұрыптау жұмыстарын ерекше белсенділікпен жүргізген. Кейіннен ол 1934 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған.

Жалпы өскелең ұрпақ, білім алуға ұмтылған талабы зор студенттер арасында байлар мен молдалардың, Алаш зиялыларының туыстарын анықтау ісіне жергілікті басқармалар көп еңбек сіңірген. Мысалы 1931 жылы Қарқаралы жұмысшы-шаруа инспекциясының мәлімдемесіне сай бұрынғы Қазақ педагогикалық институты қабырғасында тәркіленген байдың балалары физика-математика факультетінде Орынбек Ахметбекұлы Жәутіков және Әлен Бөкейханов оқитын болып шығады. Бұл іс соңына дейін жеткізілу үшін түрлі шаралар да ұйымдастырылады. Мұндай сарындағы құжаттар, студент-жастардың тізімі туралы ақпараттар жетерлік. Тіпті ол тізімдер еліміздің әр аймағы бойынша да жүргізіліп, студент-жастарды қудалау ісінің жүйелі жүруіне жағдай жасап отырған.

Жастар – ел ертеңі болып табылады. Біздің пікірімізше студент-жастар арасында осындай қудалау саясатын белсенді жүргізу арқылы олардың арасында қорқыныш ұялату көзделген сыңайлы. Өйткені оның салдарынан қорыққан жастардың бірқатары өз тегінен бас тартып, өздерін кеңестік идеологияның сенімді серіктері ретінде орнықтыруға тырысқан. Осылайша большевиктер ұлттық мүддеден большевиктік ұстанымдарды жоғары қоятын жаңа буын өкілдерін қалыптастыруға тырысқан. Салыстырмалы түрде алғанда бұл міндет белгілі бір дәрежеде іске де асты деп айтуға болады. Ұрпақтар арасындағы тарихи сабақтастықты үзіп, өздерін құрдымға сүйреген идеологияға кәміл сенетін ұрпақ қалыптаса бастады. Мұндай болашақтағы нәтиже үшін атқарылған шаралардың ауыр салдары болды. Алайда аталған тақырыптың ауқымдылығы мен маңыздылығына қарамастан әлі де болса кешенді зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізудің қажеттілігі сезіледі. Сондықтан алдағы уақытты жаңа зерттеу бағытын айқындап, осы мәселеге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру біз үшін құндылықтық бағдарымызды анықтауға үлкен септігін тигізер еді деп санаймыз.

Айнагүл Қайыпбаева, 

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология

институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғк.

Арнайы "Қазақстан тарихы" порталы үшін