«Қырымның қырық батыры» туралы эпосты әлемге танытқан Мұрын жырау
18.06.2020 4528

Кейін ақсақал сексен екі жасында осы эпостың отыз жеті жырын жатқа айтып, осы дастандар циклінің мәңгілік сақталуына тікелей үлес қосқан. Qazaqstan Tarihy порталы ХХ ғасырдағы Қазақстанның халық ауыз әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі туралы әңгімелейді

Мұрын Сеңгірбекұлы 1859 жылы қазіргі Маңғыстау облысының Бозашы түбегіндегі Қоңырорпа мекенінде дүниеге келген. Мұрынның әкесі Сеңгірбек ұсташылар әулетінен шыққандықтан, ол да бүкіл өмірін ұсташылыққа арнаған. Мұрын жыраудың анасының есімі Қалдықыз (кейбір дереккөздерде - Қалдыкөз) болған. Ерлі-зайыптылардың Төлеген деген ұлдары болған, осы баладан кейін Сеңгірбек пен Қалдықызда ұзақ уақытқа дейін бала болмаған екен. Тек он жылдан кейін ғана өмірге ұл бала келіп, көп аңсап, тілегеннен оған Тілеген деген есім беріпті. Бала әкесінің ұсынысы бойынша зергерлік кәсіп пен ұсташылыққа үйренеді, алайда ол көбінесе музыкаға құштар болады. Баласының бұл құштарлығын бірінші болып анасы Қалдықыз байқайды, ол өзі де керемет әңгімеші адам болатын. Тілегеннің алғашқы ұстазы да анасы болады, ол анасының айтқан аңыз-әпсаналарын тыңдап, ән-жырларды жаттап өседі.

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Ресей империясы өзінің шығыстағы иелігінде үлкен әкімшілік-басқарушылық реформаларды өрістетеді. 1868 жылғы 21 қазанда патшаның «Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының далалық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» туралы жарлығы шығады. Патшалықтың отарлау саясаты күшейген сайын, қарапайым халықтың иінін басқан салықтар да өсе түсті. Көп ұзамай бұған жауап ретінде Адай руының өкілдері көтеріліс бастайды, бұл көтеріліс 1870 жылғы Адай көтерілісі деген атпен отандық тарихқа енді. Көтерілістің алғашқы айлардағы жеңістері жергілікті орыс әкімшілігін көтерілісшілерді басу үшін көмек сұрауға мәжбүр етеді. Осылайша, көп уақыт өтпей өңірге Дағыстан мен Бакуден әскерлер келеді. Көтерілісті басысымен патша әскері ашықтан-ашық тонаушылықпен айналыса бастайды. Осы кезде өзінің руластарымен бірге Сеңгірбек Хиуа хандығының қарақалпақ, түркмен, өзбек, тәжік иеліктеріне көшуге шешім қабылдайды. Оның үстіне, патша үкіметі көтерілісшілерге қару-жарақ дайындаған ұсталарды да қуғындауға кіріскен болатын. Қуғын-сүргіннен қашып жаңа орынға келген халықтың жағдайы мәз емес еді. Бұл кезде болашақ жырау шамамен 12-13 жаста болатын. Ерте жасынан Мұрын әкесінің ұстаханасында жұмыс істеді, ал бос уақытын толығымен жыр-дастандарға арнады. 1875 жылы он алты жасында жырау Дәметкен деген қызға үйленеді. Бір жылдан кейін әкесі қайтыс болып, шаруашылық пен ұстаханадағы бар шаруа жап-жас Мұрынға жүктеледі. Алайда өлеңге деген құштарлығы жеңіп, әкесінен қалған бар жабдықты ағасына қалдырып, өзі бір топ ақындарға еріп, ел аралап кетеді.

1880 жылы ол өзінің туған ауылы Бозашыға оралады. Сол жерде Қашаған ақынмен танысып, келесі бес жыл бойы соған еріп жүреді.

1897-1899 жылдары қырық жастағы жырау Ходжеліге (Қарақалпақстан) келіп орналасады. Әйелі Дәметкен екеуінің екі үл, төрт қызы болған. Үш қызы қайтыс болады, ал Ходжеліге келгеннен кейін бірінен соң бірі екі ұлы да қайтады. Бұл жағдай Мұрынның көңіл күйіне қатты әсер етіп, бұдан былай ол ән айтып, ел аралауды қояды, көп уақытын отбасына бөліп, ұсталыққа қайта оралады. Маңғыстауға қайтып оралады.

1899 жылы ол Форт-Шевченко қаласына көшеді. Сол жерде ұлутастан үш бөлмелі шағын үй мен ұстахана салады, ал ән-жырды тек арнайы жиындарда ғана айтады. 1907 жылы жыраудың жары Дәметкен дүниеден өтеді. Мұрын аздаған уақыт қызы Тұрланмен тұрады да, кейін Жаншаға (Жансалқам) үйленеді.

1940 жылы жыраудың екінші әйелі де қайтыс болғаннан кейін, қызы Тұрлан мен күйеу баласы Дүйсенбай оның қолына көшіп келеді. Олар оған шаруашылықта көмектесіп, жанына медеу болады, тіпті ұлдары Дәуітбайды жырауға бала етіп береді.

Мұрын жырау белгілі ақын болған, алайда, 1941 жылы жыраудың айтуымен Айтбай Хангелдин «Қырымның қырық батыры» дастандар циклының отыз жеті жырын жазып алғаннан кейін ақын нағыз танымалдылыққа ие болды. 1942 ж. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы президенті Қаныш Сәтбаев пен Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Нығмет Сауранбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа Мұрын жырауды шақырту және оған арнайы жағдай жасау қажеттілігі туралы хат жолдайды.

1942 жылғы 11 шілдеде Мұрын Сеңгірбекұлы Алматыға келеді. Бұл кезде жырау сексен үште болатын. Осы жаста ол филармонияның сахнасында «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларын айтады. Сол күні көрермендер залында алпыс шақты адам болған, олардың ішінде қазақ кеңес әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов, академик Қаныш Сәтпаев, жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, ақындар Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов пен Қажым Жұмалиев, әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайылов, тілші-түркітанушы Нығмет Сауранбаев, музыкатанушы Ахмет Жұбанов, ғалым Әлкей Марғұлан және басқа да ұлттық зиялы қауым өкілдері болды. Сол жылы тұңғыш рет «Қырымның қырық батыры» дастандар циклі басылып шығады.

1947 жылы Мұрын жырау Ғылым академиясы қорына өзінің толық өмірбаянын және батырлар туралы тағы да төрт эпосты жолдайды. Сол жылы жылы жырауды Алматыдағы Республикалық халық шығармашылығы үйі шақырып, бірнеше күн бойы көпшілік алдында қисса-жырлар айтады.

1948 жылғы 28 сәуірде ҚазКСР Минисрлер Кеңесі Мұрын жыраудың шығармашылық мұрасын жазып алу, жинау және жүйелеу қажеттігі туралы жарлық шығарады. Алайда, бұл жарлық толық көлемде орындалды деп айтуға болмас. Жыраудың өз аузынан жазып алынған жырлар тізімінде: «Қырымның қырық батыры» туралы, түркмен батыры Көроғлы туралы жырлары мен әңгімелері, араб елінің билеушілері Рамуз және Ысырау туралы жырлар, бір кездері Маңғыстауды мекен еткен «Жеті жұрт» туралы жыр-әңгіме, Адайлардың Маңғыстауды мекен ету тарихы туралы, Бәймәмбеттің көшуі туралы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы және Қашаған Күржіманұлының өмірі туралы әңгімелері бар.

Мұрын жырау Сеңгірбекұлы ұзақ аурудан кейін 1954 жылы 29 тамызда Форт-Шевченко қаласында өмірден өтеді. Қала жанындағы Сисем ата зиратында жерленген. Өмірінің соңғы жылдарында жырау қолына домбырасын алып, ноғайлы батырларының ерліктерін дәріптеумен өткізген.