Тарихтан сыр шерткен Атырау
24.07.2015 2093
Атырау облысы тарихи-өлкетану және Ш. Сариев атындағы қолданбалы сәндік өнер мұражайлары қорларынан «Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау» көрмесі басталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде бүгін 24 шілдеде «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану және Ш. Сариев атындағы қолданбалы сәндік өнер мұражайлары қорларынан «Ғасырлардан сыр шерткен – Атырау» атты көрме салтанатты түрде ашылды. 

Көрменің мақсаты – өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және мұражайлар ісін дәріптеуге негізделген жоба аясында Атырау облысы тарих-өлкетану мұражайының қорында жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің баға жетпес жәдігерлерін елорда тұрғындары мен қонақтарына таныстыру болатын. 

Көрмеге Атырау облысының мәдениет басшылары және Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысып, тамашалады. 

Атырау (Гурьев) қаласының құрылу тарихы, Атырау облысының табиғаты, табиғи қорлары және тарихы туралы деректер мен мұнай және балық өнімдерінің түрлерін көрсетілді. Ақкөгершін, Ақтолағай үстірттерінен табылған белемниттер, аммониттер, сәулелі маржандар, бауыр аяқты ұлулар да жұртшылықтың назарын өзіне аударды. 

Атырау тарихында ерекше орын алатын ұлы ескерткіш – Жылыой ауданының Аралтөбе қорғанынан табылған алтын киімді сармат көсемінің фотосуреттері және алтын әшекейлері, сармат дәуіріндегі құмыра, қыш ыдыстар. 

Ортағасырлық Сарайшық және, Ақтөбе (Лаэти) қалашықтарына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған тиындар, моншақтар, қола айналар, шырағдандар; Мысыр елін 17 жыл билеген атақты қолбасшы, тарихи тұлға Сұлтан Бейбарыс ескерткішінің макеті, Солтүстік Африкалық үлгідегі күміспен әшекейленіп жасалған мамлюктер тапаншалары ұлттық музейдің көрнекті жәдігерлеріне айналып отыр. 

Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты: Әбілхайыр хан (1693 -1748), Бөкей хандығының құрылу тарихы (1801), Бөкей ордасының негізін салушы Бөкей Нұралыханов және Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір (1801-1845), Бөкей ордасындағы Уақытша кеңесте тілмаш және 1852-1892 жылдары Каспий теңізі жағалауының 1-ші және 2-ші аймақтарының әкімі (правителі) Мақаш Бекмұхамедовтың (1830-1904) өмірдеректері мен фотосуреттері және мөрлері, Бөкей ордасында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қатысты бұйым түрлері де ыңғайлы етіп топтастырылыпты. 

Кіші Жүздегі халық батырлары Сырым Датұлы (1712-1802 жж.), ұлт-азаттық көтеріліс басшылары (1836-1838 жж.) Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына қатысты фотосуреттер және заттай бұйымдар 200 жылдық тарихы бар қайрақ тас, дауылпаз, ақынның домбырасының көшірмесі сақталған. 

Қазақ мұнайының тарихы және қазіргі мұнай компаниялары, Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, өнер және әдебиет, спорт салаларының даму тарихы және дамытуға үлес қосушылардың фотосуреттері мен құжаттары бойынша 17 дана тақырыптық планшеттерге орналастырылып, жергілікті қолөнер шеберлерінің этнографиялық туындылары, сүйекпен және күміспен әшекейленген ер үзеңгісімен, күмістелген қамшы (ХХ ғ.), ағаш ыдыстар, сүйек пластинкалы, күміспен өрнектелген домбыра (ХІХ ғ.), зергерлік әшекей бұйымдары түрлері, сонымен қатар Ш. Сариев атындағы қолданбалы және сәндік өнер мұражайы қорынан 60 дана картина қойылады.