«Қазақ әдебиетінің» алдыңғы сандарында зерттеушілер Ғарифолла Әнес және Сұлтан Хан Аққұлының «Түрік баласы» бүркеншік есімінің авторы туралы мақалаларына орын берген едік.
«Қазақ әдебиетінің» алдыңғы сандарында зерттеушілер
Ғарифолла Әнес және Сұлтан Хан Аққұлының «Түрік баласы» бүркеншік есімінің
авторы туралы мақалаларына орын берген едік. Тарихшы Қамбар Атабаевтың да осы
бүркеншік есімге қатысты алып-қосары бар екен. Қазақ баспасөзінің алдыңғы
шебіндегі ата басылым «Қазақ» газетінің жүз жылдығында осындай тартысты
бүркеншік есімдер өзінің нақты авторына қайтып оралатынына сенім білдіріп,
авторымыздың мақаласын көпшіліктің назарына ұсынып отырмыз.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 2013 жылғы 17 мамырдағы 20-шы санында Сұлтан Хан
Аққұлы өзінің «Прагадан келген хат» атты мақаласында, аталған газеттің 22-28
наурыздағы санында Ғарифолла Әнестің «Бір бүркеншік есім» деген айдармен
жарияланған мақаласында өзінің бір жазбасын сынағанын айта келе: «Ғарифолла
мырза «Қазақтың тарихын» жазған «Түрік баласын» үзілді-кесілді Ахмет
Байтұрсынұлына «жабады»... Тағы бір таңырқатқаны, Ғарекең менімен дауласып
жүргенде міржақыптанушылар «Түрік баласының» «Қазақ» бетіндегі бар мақаласын
үн-түнсіз Жақаңның 5 томдығына қосып жіберген» деп, «Түрік баласының»
Ғарифолла Әнес жазғандай Ахмет Байтұрсынұлының бүркеншік есімі емес, Әлихан
Бөкейханның бүркеншік есімі екенін дәлелдеуге әрекеттенген («Қазақ әдебиеті».
17 мамыр, 2013 ж.).
Авторын анықтауды қажет ететін жазба дерек көздерінің үлкен бір тобын ХХ ғасыр
басында пайда болған ұлттық мерзімді басылымдарымыз құрайды. Мерзімді
басылымдарда, әсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі және 20-30-шы жылдардағы
газет-журналдарда мәтіндер көбіне бүркеншік аттармен, яғни псевдонимдермен
берілген. Ол мақаланың (деректің) авторын анықтау проблемасын тудырады.
Псевдонимдерді шешу және шығармалардың белгісіз авторын анықтау деректану
ғылымында атрибуция проблемасы деп аталады. Бұл проблема, әсіресе, ұлттық басылымдарды
тарих дерегі ретінде зерттеушілер үшін арнайы айналысуды қажет етеді. Себебі,
объективті жағдайларға байланысты өткен ғасыр басындағы басылымдарда
авторлардың көбі өз аттарын көрсетпей, бүркеншік аттарды жиі пайдаланған.
Мысалы, 1907 жылы «Серкенің» таратылып үлгермей, тиым салынған екінші санында
басылған «Біздің мақсатымыз» деген, патшалық отаршылдыққа қарсы ашық наразылық
білдіріп, халықты тәуелсіздік үшін күреске шақырған мақаланы жазған «Арғынның»,
қай арғын екенін біле алмай патша жандармериясы әуре-сарсаңға түсті. Оны тек
1912 жылы Петербургтегі баспасөз комитетінің кеңесшісі В.Д.Смирнов
М.Дулатұлының тәркіленген кітаптарын қарап отырып, одан кезінде үлкен шу
болған «Біздің мақсатымыз» деген мақалаға тән тәсіл мен ұқсастықты аңғарып
қалып, мақала авторы М.Дулатұлы екенін анықтауы, олардың бүркеншік атты
бекер пайдаланбағанын көрсетеді.
Кезінде баспасөзде арғын руынан шыққан бірнеше автордың «Арғын» деген атты,
наймандардың «Найман», «Найманский», матайлардың «Матайлық» деген аттарды
пайдалануы мақаланың кімнің жазғанын анықтауды қиындатады. Жас авторлардың
танымал жазушылардың бүркеншік атын жамылып, өз еңбегін өткізіп жіберу әрекеттері
осындай қиындықтың қатарына жатады.
Ғасыр басындағы қазақ басылымдары авторларының бәрі дерлік бүркеншік аттарды
пайдаланған. Мысалы, Әлихан Бөкейхан – Ғ.Б., Ұ., Әлихан деп қол қойған. Дегенмен,
оның «Қазақ» газетінде пайдаланған негізгі псевдонимі «Қыр баласы». Ахмет
Байтұрсынұлы – А.Б., А.А.Б.; Міржақып Дулатұлы – М.Д., М., Арғын, Мадияр,
Азамат Алашұлы, Мирякуб, Таймінер; Мағжан Жұмабайұлы – М.Ж., Жәжеке, Мыж-мыж,
Балапан, Сахаразада – деп өздеріне ат қойған. Өз аттары мен фамилияларының бас
әріптерін қойғаны немесе өздерін «Қыр баласы», «Азамат Алашұлы» деп атағандары
түсінікті болса, «Таймінер», «Жәжеке», «Мыж-мыж» деген аттарды не себептен алғанын
білу, әрине, мүмкін емес. Жалпы, біздің қазақ зиялылары өздеріне бүркеншік
ат ойлап табуда үлкен тапқырлық танытқан сияқты. Мысалы, Бейімбет Майлин
өзіне 71 ат ойлап тапса, көбі оншақты атты пайдаланған.
Деректану ғылымы үшін мақала авторын анықтаудың деректі талдауда субъективті
факторларды ескеруге, сол арқылы деректің шынайылық дәрежесін анықтауға тигізер
көмегі мол. Авторды анықтау ісі негізінен мұрағат қорларындағы құжаттық
мәліметтерді іздестіруге негізделінеді. Сонымен қатар, текстерге стилистикалық
талдау жасау және оларды авторы белгілі басқа текстермен салыстыру арқылы да
жүргізіледі. Егер қолжазба сақталынған болса, онда қолтаңбалық талдау
жасалынады.
Бүркеншік аттарды анықтауға, не авторсыз мақалалардың авторын анықтауға кейде
мұрағаттарда сақталынған әскери-цензуралық комиссиялардың жазбалары да
көмектеседі. Олардың рұқсат берген, не тиым салған жазуларында қолжазбаны
кімнің әкелгені туралы мәлімет болуы мүмкін. Тағы бір мүмкіндік редакцияның
мұрағаты: онда мақала үшін қаламақыны кімге төлегендігі туралы мәлімет
сақталуы мүмкін.
Соңғы жылдары Алаш ардагерлерінің еңбектерін жеке жинақ етіп бастыруда, ұлттық
басылымдар материалдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарына көптеп тартылу
барысында дерек авторларын қате көрсету, бірінің еңбегін екіншісіне таңу
сияқты, осы бастан абай болатын фактілер де кездесіп жүр. Мұндай жағдайда,
ақиқатты анықтау мақсатында, егер мүмкін болса, күдік тудырған материалды
түпнұсқасымен салыстыру қажет болады. Мысалы, 1994 жылы Әлихан Бөкейханның «Қазақ»
газетінде жарияланған мақалаларынан тұратын «Шығармалары» жарық көрді. Сол
жинақтың 96-99 беттерінде, «Үшінші Дума һәм қазақ» деген мақала басылған, осы
мақала, 1997 жылы шыққан Міржақып Дулатұлының шығармаларының ІІ томының 64-67
беттерінде, соңына «М.Д.» деген белгі қойылып, М.Дулатұлының мақаласы ретінде
басылған. Қазақтың тағдырын қазақтың қатысуынсыз шешкен үшінші Дума туралы
айтылған мақаланың тарихи деректік маңызы үлкен. Сондықтан бұл жағдай
деректанушылық қызығушылық тудырары даусыз. Авторын анықтау мақсатында түпнұсқамен
салыстырып қарау, бұл мақаланың «Қазақ» газетінде, 1913 жылы 2 және 13
сәуірдегі, 9 және 10 сандарында жарияланғандығын және газеттің екі санында да
басылған мақаланың соңында «Қыр баласы» деп жазылғанын көрсетті. Ал, «Қыр баласы»
Ә.Бөкейханның баршаға белгілі бүркеншік есімі. Демек, «Үшінші Дума һәм
қазақтың» Ә.Бөкейхан туындысы екеніне еш күмән жоқ.
Біз көтеріп отырған «Түрік баласы» кімнің бүркеншік аты?» деген мәселе де
деректанулық талдау арқылы шешуді қажет етеді. «Қазақ» газетінің 2-ші
нөмірінен бастап бірнеше нөмірлерінде (№ 3,5,7,9) «Қазақтың тарихы» – деген
көлемді де қызықты, танымдық маңызы жоғары мақала жариялаған автор өзін «Түрік
баласы» деп атаған. Терең мазмұндылығымен, ұлттық мерзімді басылым беттерінде
көтерген мәселелерінің маңыздылығымен, өзіне еріксіз көңіл аудартқан мақала
жазған, жалпы, тарих туралы, қазақтың тарихы туралы сындарлы сөздер айтып,
тарихтың ұлт келешегі үшін қаншалықты қажетті екендігіне дәйекті дәлелдер
келтірген, өткеніміздің кейбір көмескі тұстарына ғылыми талдау жасауға әрекеттенген
мақаланың авторы «Түрік баласының», зерттеушілерге «Ол түріктің қай баласы
екен?» деген ой тудырары заңдылық. Осы бір күрделі мәселенің түйінін шешу
мақсатында, деректану ғылымының талаптарына сай «Түрік баласының» мақалаларына
талдау жасап, оны авторы белгілі басқа еңбектермен салыстырып байқайық.
Ең алдымен көңіл аударар нәрсе, ол апталықтың 2-ші нөмірінде жарияланған
«Қазақтың тарихының» «Сөз басында» «Түрік баласының» тарихтың маңызы, оның ұлт
үшін өмірлік қажеттілігі туралы айта келе: «Бұрынғының тарихы жазылмай қалушы
еді, ендігі тарих күн-күнімен жазылып тұрылады. Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі
тастап кетіп алғыс, рахмет алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп
қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих
– түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы.
Біз әзірге сөзді осымен қысқарта тұрамыз. Мұнан соң «Қазақ» газетасында
қазақтың анық шежіресін жазып тұрмақшымыз», – деген жолдар мен келесі
нөмірдегі: «Қазақтың тарихына тиісті сөздер, материалдар жазып басқармаға
жіберуші болса, қазақтың тарихын жазғанда пайдаланып тұрмақшымыз», – деген
жолдар. Бұл жолдардан «Түрік баласының» басқарма атынан жазып отырғанын байқау
қиын емес. Демек, мақала авторы не Ахмет Байтұрсынұлы, не Міржақып Дулатұлы
екендігі анық. Өйткені, басқарма атынан ол кезде сол екеуі ғана жазатын.
Осылай, мақала мәтінін дерек ретінде талдау, бізге «Қазақтың тарихының» авторын
қайдан іздеу керегін көрсетіп берді. Ал, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының
екеуінің қайсысының қазақ тарихы туралы еңбек жазып, тарихи мәселелермен арнайы
айналысқанын анықтаудың еш қиындығы жоқ. А.Байтұрсынұлы «Шежіре», «Заман
хаттардың» тарих дерегі ретінде маңызын айтып, ерекшеліктерін көрсеткенімен
«Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих» деп, тарихты жоғары бағалағанымен
және мәдениет тарихымен айналысқанымен оның қажетті материал жинап, «Түрік
баласының» еңбегіне ұқсас, қазақ тарихы туралы жүйелі жұмыс жазбағандығы
белгілі. Ондай еңбек жазып, оны баспасөз бетінде жариялаған Міржақып Дулатұлы.
Мысалы, ол 1923 жылы ол: «Қазақстан Республикасының Халық ағарту комиссариаты
тапсыруы бойынша орта дәрежелі мектептерде оқытуға лайықтап қазақ-қырғыз
тарихын жазып жүрмін. Сол себепті, тарихқа керекті кейбір мағлұматтарды елдегі
кәріқұлақ қариялардан, білімді азаматтардан сұрауға тура келіп отыр. Маған
керегі – қазақтың, қырғыздың анық шежіресі», – деп, халқына өтініш хат жазып,
материал жинап, сол жылы «Шолпан» және «Қызыл Қазақстан» журналдарының
беттерінде «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» деген көлемді зерттеу жұмысын
жариялады. Сондықтан «Түрік баласының» мақаласын М.Дулатұлының «Қазақ»
газетінің беттерінде айтқан тарих туралы ойларымен және осы еңбегімен
салыстырып көрейік.
Егер «Түрік баласы»: «Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық
құрал болады.
Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда
тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн
туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің
тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», – деп
жазса, М.Дулатұлы өзінің 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына
байланысты жазған мақаласында: «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір
сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға
сіңісіп, жұтылып жоқ болады», – деп жазса, 1915 жылы Әбубәкір Ахметжанұлы
Диваев туралы мақаласында: «Бір жұрттың қайдан тарауы, өну-өсуі, ресмі,
мінезі, тілі, әдебиеті – осының бәрі әрқайсысы тарих мүшелері, барлығын
жиғанда – сол жұрттың тарихы. Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт», – деген.
Міне, осы әр түрлі мақалалардан алынған үш үзіндінің шығу тегінің бір екені,
үшеуінде де айтылған «тарихтың жоғалуының – халықтың жоғалуына» әкелетіні
туралы сөздер мен ойдың бір адамдікі екені анық. Ү.Субханбердина өзінің
жоғарыда аталған еңбегінде «Түрік баласының» «Қазақтың тарихы» деген мақаласы
туралы: «Автор мақалада жалпы тарих ғылымы туралы түсінік бере отырып,
қазақтың шежірелері туралы айтқан. Қазақ халқы мен қырғыз халықтарының
арасындағы айырмашылық жайында мәлімет берген. «Қазақ», «Алаш» талқылаған.
Қыпшақ, арғын, найман, қоңырат, жалайыр, керей рулары жайында деректер берген»,
– деп жазған. Дәл осы мәселелер Міржақып Дулатұлының 1923 жылы жариялаған,
жоғарыда аталған мақаласында да айтылған.
Мысалы, ол: «Тарих кітабы ғылым, білім арқасында ғана дұрыс, я орасан қатесіз
шығуы мүмкін», – деп, «жалпы тарих ғылымы туралы түсінік» берсе, «Ел-елдің
(һәм үйездің, һәм рудың) адамдары өз аталарын жазып бермесе, бүкіл
қазақ-қырғыздың шежіресін қанша дегенмен, бір кісі анық біле алмайды. Қатасы
бола береді», – деп, қазақтың шежірелері туралы айтады. Ал, Түрік баласының
мақаласында айтылған «қазақ халқы мен қырғыз халқының арасындағы айырмашылық»
туралы: «Тарих кітаптарындағы көп қатенің бірі – тарих жазушылардың ешбірі
қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ, Қырғыз өз алдына қырғыз. Түркімен
мен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа ел»,
– деп жазылса, одан тура он жылдан кейін жарық көрген М.Дулатұлының
мақаласында: «Қазақ өзін қашаннан «қазақ» деп, қырғыз өзін «қырғыз» деп
келеді. Қырғыз бен қазақ арғы тегі бір болғанымен, екі атаның баласы, біріне-бірі
туыс, жақын түркінің екі руы екені мәлім», – деп жазылған.
Мұндай екі мақаланың көтерген мәселесі, мазмұны, сөйлем құрылымы, жазу тәсілі
жағынан ұқсастығын көрсететін басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Әйткенмен,
осылардың өзі де бізге екі мақаланың авторы бір адам, ол – Міржақып Дулатұлы
деп қорытынды жасауға толық мүмкіндік береді. Демек, «Түрік баласы» Ахмет
Байтұрсынұлының да, Әлихан Бөкейханның да емес, Міржақып Дулатұлының бүркеншік
есімі.
Түпнұсқа: Қазақ әдебиеті