Басты бет Оқиғалар күнтізбесі 3 Қыркүйек

Оқиғалар күнтізбесі

3 Қыркүйек
1810 Шешен, би Жанқұтты Ботантайұлының туған күні
Жанқұттының өскен ортасы қасиетті Сарыарқаның өнегелі де, тәрбиелі елі болған.

3 Қыркүйек 1810

Шешен, би Жанқұтты Ботантайұлының туған күні

Жанқұттының өскен ортасы қасиетті Сарыарқаның өнегелі де, тәрбиелі елі болған. Талай өнерпаз, білімдар, парасатты, әруақты ата-бабалар ғұмыр кешкен сол бір аймақтан Қаз дауысты Қазыбек, Шортанбай жырау Қараменде, Сеңкібай, Шабанбай, Жидебай, Жалаңбас, Боранбай тәрізді ділмар шешен билер, не бір батырлар шыққан ғой. Міне, осындай өнегелі халық арасынан тәлім алған Жанқұтты да осал болмаған.

Атақты жырау Шортанбай Кенесары ханның ақылгөй ақыны болса, Жанқұтты оның батыр сарбазы оң жағында отыратын кеңесші бас биі екен. Сол бір ұлт-азаттық қозғалыстың жорық, шайқасына талай қатысып ел азаттығы үшін, үрім-бұтақ болашағы үшін күрескен азамат Жанқұтты бидің бұл саладағы атқарған қызметі, билік, кесім, шешендік сөздері кезінде хатқа түспеген. Ауызша айтылып жүрген нұсқалары ұмытыла бастаған.

Кезінде Шабанбай биден бата алған Жанқұтты шешен жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мынадай дерек жазып қалдырған "Құлжаннан Айдабол, Амантай, Дәріпсөлі, Маман, Шуаш. Шуаштан, Ботантай, Айбада, Ботантайдан Жанқұтты. Бұл Жанқұтты Мұса, Секербай заманында ауызға ілігіп, көзге түскен қазақ жақсыларының касқа маңдайы болған. Бірі ескі заң, бірі - жаңа заң, Бұл Жанқұтты жаңа заңды көрген жок, ескі заңды қажыға барып қалып, басына тас орнаттырып, тасына жаздырған: "Қазақ, Арғын, Сарым руынан Жанқұтты Ботантайұлы. Мекке мен Мединені көрмеген кісі анадан тудым, жалған дүниенің жүзіне келмедім десе де болар", депті. Онан бұрын әулиелерді зиярат қыла Алатау, Қаратауға барған. Үйсін Төле бидің қасында отырып, билік айтып, төре берген төбесін көремін деп барғанда, Алатау Қаратаудың пәлен қалай, түген қалай деп сұрағандарына айтқан: "Тобықты Құнанбай шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ, қыпшақ Ыбырай қажымас қара болат, Мұса қабыршағы колға тұрмас жылмағай қара балық, Шыңғыс төре мұсылманға суық, орысқа жуық". Бұл сөздерді Көктіңұлы Сапақтың бел баласы Иманберді датқаға сөйлеген. Тобықты Құнанбай, қыпшақ Ыбырай, Төртуыл Мұса осы үшеуі қазақтың маңдайына нағып сыйып жүргеніне айран-асырмын, деген Жанқұтты". Қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын тынымсыз жинап, артына ұлан-асыр мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіптен келтіріліп отырған бұл үзіндіден ең алдымен Жанқұтты бидің шыққан тегі, арғы ата-бабалары туралы мәлімет алсақ, екіншіден оның қасиетті Меккеге бір емес, екі рет барып Қажы аталғанын, Құнанбай, Ыбырай, Мұса және Шоқанның атасы Шыңғысқа берген жоғары батасын аңғарамыз.