Басты бет Есімнама Шәкен Кенжетайұлы Айманов

Шәкен Кенжетайұлы Айманов

Қазақтың әйгілі актері, режиссер.1964ж КСРО-ның халық артісі.

Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы.

Айманов Шәкен (Шаһкерім) — актер, режиссер, КСРО халық артисі (1964). Болашақ актер 1914 ж. 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Ауыл мектебін бітіріп, (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 ж. Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады.

Айманов 1932 – 33 жылғы маусымнан театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында бірқатар рөлдерді ойнады. Көп ұзамай классикалық пьесалар бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді шебер орындауымен көпшілік көзіне түседі. Әсіресе оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды. Айманов актерлік өнерімен қатар режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, спектакльдер қояды.

1947 – 51 ж. қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. «Абай әндері» (1945), «Жамбыл» (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953 – 70 ж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968). Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970) фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды.

Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 – 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты.1970 ж. 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады; Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және «Қазақфильм» студиясы (1984) Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.

Қазақстанның халық әртісі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты(1968)

КСРО Халық әртісі(1964)

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952).

Түпнұсқа: wikipedia  
Шәкен Кенжетайұлы Айманов
  • Аты
  • Шәкен Кенжетайұлы Айманов
  • Қызмет саласы
  • Ақын-жыраулар, билер